Әңгімелер ✍️
Ақ және күлгін гүлдер
Шөкен қарт ұйқыға жайғасар алдында дауысын көтере сөйледі.
— Қалай, бидай көжеге тойдыңдар ма? — деді ол ұзын қара сақалын сипап отырып.
— Тойдық, тойдық, — дедік Секен екеміз қабаттаса сөйлеп.
— Ендеше жатыңдар. Таңертең баққа ертіп апарып, қызық көрсетем. Ал, менен қалсаңдар, онда қалғандарың. Ақтөс сендерді үйден шығармайды.Екеуміз елең ете қалдық. Әлдеқандай түсініксіз секем жүзбен Секен маған жалтақтайды. Мен оған қараймын. «Ана жылғыдай аюдың баласын ұстап алып, ағашқа байлап қойған шығар...»
Шөкен — Секеннің атасы. Ұзын бойлы, қара сақалды кісі. Тамырлары адырайған қолдарын артына ұстап, үнемі тік жүреді. Мен әсіресе оның күштілігіне таң қалам. Үйдің мәткесі сияқты үлкен бөренелер оған бұйым емес. Ақырын көтеріп иығына салады да кете береді. Содан үйге дейін түк дем алмай, өзі жасаған жалғыз аяқ ирең-ирең жолмен жайлап жүріп отырады. Терең жардың үстінен салған жалғыз аяқ көпірден де қиналмай өтіп кетеді. Көпірді де Шөкен атаның өзі жасаған. Түк селкілдемейді, мықты.
Жаңағы сөзден кейін Секен екеуміз екі жаққа теріс қарап жата кеткенбіз. Мен көзімді жұмып жатырмын. Бірақ көңілім сергек, ұйқының ізі де білінбейді. Ұйқының орнына Жоңғардың селебе биік шыңдары жапан шатқалдағы мына жалғыз үйдің елесі келе береді. Біресе күжірейген Ақтөс, біресе байлауда тұрған аюдың баласы елестейді.
Әлденеден шошып ояндым. Қарасам Шөкен ата өзінің қырық бесінші размерлі керзі етігінің ұшымен башпайларымды басып тұр екен.
—Әу, батыр, күн шығып кетті ғой. Тұрмайсың ба? — деп қасында тұрған Секенге көз қысты. Секен әлдеқашан киініп алыпты. Мені мазақтағандай жылмиып күледі. Ұшып түрегелдім...
Атай алда, біз артта — ирелең жолмен келе жатырмыз. Бір ылдиға еңкейе бергенде қарт артына бұрылды да:
— Ананы қараңдаршы, ненің суреті, ә?! — деді бақ жақты нұсқап.
Секен әр нәрсені барлауға ебі бар, қағілез болатын. Мүдірмей жауап айтты:
— Желкенін көтеріп, жай жылжып келе жатқан дәу кеме секілді.
Секеннің тапқырлығына риза болып, мен әдемі көрініске таңырқай қарадым. Сан жетпейтін ақ және күлгін гүлдер тұтаса нұрланып, құдды кемелердің желкеніне ұқсап кетіпті.
—Бұл аз әлі. Қызықтың көкесін қазір көрсетем, — деді Шөкен ата бізге қулана жымиып.
Бақтың көлеңке жағынан шыға келгенде, жаңағы тұтасқан ақсайы түс ертеңгі нәзік сәулемен жеке-жеке қиылып, аспандағы жұлдыздарша жарқырай жамырап қоя берді. Гүлдердің қызыл ұлпа жапырақшалары жерде шашылып жатыр. Қурап та үлгеріпті, аяқ бассаң бытыр-бытыр үгіледі.
— Ал енді құлақ тосып тыңдаңдаршы.
Бақ ішінен құстардың мың түрлі әуен сазы шүпірлеп қоя берді.
Фи-тчуррр, тю-лить...
Клю-клю...
Фю-ить...чотрррц...
Құстар бет-бетімен шүлдірлесіп сайрап жатыр. Жаратылыста мұндай үлкен тойдың болатынын қазір ғана білген Секен екеуміз состиған күйі елітіп ұзақ тұрып қалыппыз.
— Бұл да біздің колхоздың байлығы ғой. Әй келте танаулар-ай, сендер не білуші едіңдер, — деп Шөкен ата қасымызға келгенде ғана барып, есімізді жиғандай болдық.
Шөкен қарт жапырақ жарғалы тұрған әр бүршікке, гүл көтерген әр бұтаға үңіліп, ымырт үйірілгенше өз-өзімен масайрап жүріп алды. Бақтағы әр бұта, әр гүл Шөкен қарттың қуанышы секілді. Бізді осыған көрсін деп ертіп әкелген екен ғой.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter