Әңгімелер ✍️
Түс
Бұл сонау Аңырақай шайқасынан кейін үш жыл өткен шақтағы қалмақ елінің басшысы Сыбан-Раптанның ойда-жоқта қазақ жеріне өтіп, тұмсығы тасқа тимей, алға ұмтылған кезі еді. Қалың қазақтың қаны соның мойнында. Енді, міне, әбден басынған түрі ғой. «Ертең соғысты жекпе-жекпен шешейік. Ортаға ең айтулы деген екі ба- тыр шықсын. Қай жақтың батыры жеңсе, қарсылас жақ мал мен жаннан қол үзіп, жеңілісті мойындап, не істесе де жеңген жақтың айтқанына көнейік» деп Сыбан-Раптан шарт қойыпты. Бұл бір намысты қайшылайтын қауіпті де, қатерлі жағдай. Елден естуінше, қалмақ жағында Жайсаң деген алып батыр бар. Қалай дегенде де елі бар жерде ба- тыры да болатыны белгілі ғой. Әлгі алып жолбарыстың өзін құйрығынан ұстап жерге бір соғып өлтіреді екен. Сы-
бан-Раптан осы үстемдігін алға тартып отыр.
Осы ойлармен көзі ілініп кеткен Жәнібек түс көріп, шошып оянды. Бәрінен де түсіне сол Жайсаңның кіргенін айтсашы.
Жәнібек Абылай сұлтанмен соғыс туралы жиі пікір алысып, ақылды інісін өзіне жақын тартатын. Сондықтан да ол түсін айтпаққа Абылайға жетті. Абылай Сұлтан де- ген атшысына мініс атын алдырды да, Жәнібекке қарап:
- Батыр аға, жай қолыңды, – деді. – Жақсы түске де, жаман түске де садақа. А, құдай, мен түсті неге жорысам, соны қабыл ет.
Абылай сол жерде жылқыны шалдырып жіберіп, етін елге тараттырды. Содан кейін барып өзіне бұрылып:
- Ал, батыр аға, түсіңді айт, – деп ишара білдірді.
- Айтсам, – деді Жәнібек көрген түсін есіне түсіріп.
- Иә, Жайсаңмен шайқасқа түстіңіз. Солай ма, батыр?
- деді Абылай түсті құдды өзі көргендей сөйлеп.
Абылайдың түс жори алатын қасиеті барына Жәнібек осы жолы сенді, басын изеді. Текті адам тектілігін жа- сайды.
- А деп қалмақ екеуміз жекпе-жекке шығып, айқаса кеткен сәтте ол мені найзамен шаншып түсірді. Кеуде- ме қонып, қолына өткір қанжарын алып бауыздауға айналғанда қарасам, кеудемдегі оң жақтағы емшегімді бір айдаһар, сол жағымдағыны бір айдаһар еміп жатыр екен. Шыңғырып жіберіп шошып ояндым.
Абылай батырға күлімсірей қарады.
- Түсіңіз түс-ақ екен. Мұнан артық қандай жақсы түс болсын. Ол сізді түсіңізде шаншып түсірсе, сіз оны өңіңізде атынан аунатасыз. Ол түсіңізде кеудеңізге мінген екен, сіз өңіңізде оның кеудесіне қонақтайсыз. Қанжарды сіз ұстайсыз. Ал оң емшегіңізді емген айдаһар
- ұлыңыз, сол емшегіңіздегі – қызыңыз. Қыздан туған жиеніңіз өзіңізге тартқан айбынды ұл болады екен. Өсіп- өнесіз, батыр. Ұрпақтарыңыз ту ұстап туады. Осы жекпе- жек даңқыңызға даңқ, абыройыңызға абырой қосады,
- деді Абылай.
Жекпе-жек туралы сұлтанның түс жоруы айнымай келді. Жәнібек Жайсаңның үстіне атша мініп, тамағына қанжарын кезеген сәтте қалмақ батыры дат сұрап:
- Сен жеңдің. Өмірімді сақта. Жанымды қи. Бала- шағам бар, – деп өтінді қалмақ батыры.
Шындығын айтып жалынған соң Жәнібек Жайсаң- ның басын кесуге қимай, қолынан жетектеп Абылайдың алдына алып келді.
- Кешірейін бе? – деді Жәнібек. Сұлтан оған басын изеп келісетінін білдірді.
Өкінішке орай, Сыбан-Раптан уәдеден тайып кетті. Жеңілісті мойындағанның орнына жаулығын істеп, әскерін ұрысқа бастады. Жаудың ісі деген осы.
Мына оқиға да сол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңіндегі Бұланты өзенінің маңайында болған еді. Осы жерде ұлы шайқас өтіп, қалмақты қазақ жеңіп, мерейі тасып, біраз күн демалды. Бірақ жау түпкілікті жеңілмеген болатын. Батырлардың кеңесі көпке со- зылып, жаралылар ауылға қайтарылып, шайқаста қаза тапқандар топыраққа беріліп, сарбаздар тыным таппады. Ертеден қара кешке дейінгі осындай тірлік- тен шаршап қайтқан Жәнібек батыр шатырдың ішінде тәтті ұйқының құшағында жатқан. Бір кезде денесін жыбырлатқан әлденеден секем алып көзін ашса, ұзын қарашұбар жылан кеудесімен басына қарай жылжып келе жатыр екен. Шошынып, әлдебір қимыл жасаса, айбарлы шұбар шағып алары анық. Қолма-қол шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр болды. Ол – шұбар өтіп кет- кенше қимылсыз, өлген адамның кейпіне еніп сұлқ жа- ту. Қауіпті қайдан күтсең, содан келеді демекші, шұбар жылан жайлап ирелеңдеп келіп, Жәнібектің аузына басын сұға берсін. Осы кезде батыр жыланның басын қапыл қыршып алып, түкіріп тастайды. Бұдан кейін де біраз күн бойы сол жылан қанының дәмі аузынан кетпей қойған көрінеді.
Араға біраз уақыт салып Жәнібекті шешек* көп ай- налдырады. Тұла бойына тұтасқан жара шығып, қатты азап көреді. Бірақ ол алты ай қыс бойы бірде-бір рет жараға қол тигізбейді. Төзімділіктің адамға пайдасы көп. Соның арқасында артынша құлан таза жазылып кетеді.
*шешек – адам денесіне бөртіп, күлдіреп ұйыса шығатын жұқпалы ауру.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter