Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  117


Автор: Шәмшия Жұбатова

Татьянаның әні

Нұрланып махаббаттан шіркін әлем,
Ырғалды ынтызарлық ырқыменен.
Пушкинннің тарантасы барады өтіп,
Қырдағы жатақ ауыл сыртыменен.
Күймемен Татьяна әні келді,
Өмірдің мағыналы сәні келді.
Сұңғыла сұлу сырлы сезімімен
Есті қыз тәнті қылды қалың елді.
Жұлдыздар жалықпады тізілуден,
Таң атты... әуен болып сызылумен.
Дариға жүрегінің арманы көп
Ел қалды қыз сырына қызығумен.
Шабыттың шалқарына құлшынды ма,
Ару қыз үлбіреген гүл сынды ма?
Ұлы Абай қыр басында қала барды,
Соңынан тарантастың ұмсынды да.
Қолыңа ал домбыраңды, жырла, бауыр,
Жайнасын сұлу ойдың сырмағы ауыр.
Тіліне шешендіктің елтіп қалды,
Татьяна әнін тыңдап тұрған ауыл.
Осылай ән тербелді қыр басында,
Сұлудың ай ойнады сырғасында.
Еліктей ерке қызды балаң десек,
Осынша мұң бар екен бір басында.
Нұрланып махаббаттан шіркін әлем,
Ырғалды ынтызарлық ырқыменен.
Пушкиннің тарантасы барады өтіп,
Қырдағы жатақ ауыл сыртыменен.
 
* * *
Қалқыды қайран өлке қазыналы,
Жазықта ән қанаты жазылады.
Ал маған мынау байтақ ғаламдағы
Бәрінен бозторғайдың сазы ұнады.
Күндерім неге менің қайта ақпаған,
Күрсінді жылдар басын шайқап маған.
Күмістен теңге тақты бұрымына,
Мұңдарын маусым айы байқатпаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу