Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  106


Автор: Шәмшия Жұбатова

Қара Өлең

М. Қабанбаевқа
Қара арғымақ жалын құшты,
Қамығады қалың ел.
Сағыныштың суын жұтып,
Сарғаяды сары бел.
 
Қара жұлдыз көкте ағады,
Қара жасы тамшылап.
Қарлығаштың ақ тамағы
Бүлкіл қақты ән сұрап.
Қара нарым желіп өтті,
Даусы желге шашылып.
Тал теңселіп, шашын жұлды,
Әлденеге асығып.
Сауытымның тор көздері
Бытыр-бытыр сөгілді.
Атқылайтын қауыздағы
Аппақ бұлақ көмілді.
Қап-қара жел аңырап тұр,
Қара аспанның бетінде.
Қара бұлттар жамырап кіл
Шөл даланың өтінде.
Қара тұлпар арындап кеп,
Кірді көшкен керуенге.
Сері көңіл шалқып, тасып,
Шықпай қалды серуенге.
Қайран мұңым, жайраң күнім
Ажал жетті, мерт болдың.
Шөлдеп едің күн астында,
Тұтандың да өрт болдың.
Бебеуледі қара қобыз,
Ол да мұңмен сарындас.
Шын жүйрігін іздеп жатыр
Қамығып ел, қарындас...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу