Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  124


Автор: Шәмшия Жұбатова

Ертегі

Бәрі ертеңде, болашағым ертеңде,
Үмітіңе үкі тағып, көркемде.
Талықсыған тамырына су барсын,
Су құямыз жасыл шыбық өркенге.
Ертең бәрі, бәрі де ертең болады,
Жаз келеді, бақбақ басы толады.
Топыраққа енеді ертең тозаң боп
Жер бетінің таусылмайтын қонағы.
Ертеңде тұр байлығың да, бақыт та,
Қырық түрлі қыр салатын жақұтқа.
Тынысын сәл баяулатып тыңдар ма
Не десек те тұрлауы жоқ уақытқа?
Күн астында көлбең қағып көркем бел,
Ертеңге ылғи асығады өркенді ел.
Самырсынды орман қолын бұлғайды:
«Бүгін келме, ертең, ертең, ертең кел!»
 
Ертең барда ештеңеден түңілмен,
Ертең үшін ғұмыр кешем бүгін мен.
Ертегі өмір келеріне сенеді
Болашақтың жанарына үңілген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу