Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  160


Автор: Шәмшия Жұбатова

* * *

Менің сорлы жүрегім мәңгі ғашық,
Күз боп шалқып, кетеді ол әнге ұласып.
Алма ағашы жұпарын бұрқыратып,
Аппақ гүлі төгіліп, талды басып.
Ғашық болып қаламын жазға, жаным,
Ғашық болып қаламын сазға жалын,
Мен сүйемін өмірдің маздағанын,
Сия тамған ұшынан қауырсынды,
Мәңгі ғашық жүректің жаз ғазалын.
Жап-жасыл боп кенеттен кеткенде әлем,
Аһ ұрам да, қараймын көктемге мен.
Түкпірінен көңілдің жайлау көрем,
Көгілдір түн ендікке жеткенде кең,
Құйылады жерден де, көктен де өлең.
Ұласқанда аспан көк алқарамен,
Жарқырайды барынша гаухар-әлем.
Сексен көлім айна боп шағылысып,
Шабыт буып теңселген ортада өлең.
Сырнайлатып сары күз келгенінде,
Сағынышым шайқалды шөлмегінде.
Жатыр менің Сенімім кестеленіп,
Өлмес күннің жасампаз өрнегінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу