Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  115


Автор: Шәмшия Жұбатова

* * *

Аспан түгел айналып, жер құлады,
Ағытылып, лықсыды шер бұлағы.
Шер бұлағын тоқтатсам көзін тауып,
Ерттеп мінсем қайтадан Керқұланы.
Бақыт құсы су болған қанаттары,
Жер бетінен мені іздер қарап тағы.
Ақ орамал бұлғадым құстар жаққа,
Жанған кезде жапырлап жан оттары.
Тасасында қалқыдым көп оттардың,
Қалқасында шалқыдым тараптардың.
Сайрап белгі бере алсам, естір ме екен,
Үнім бітті, көк жаққа қарап қалдым.
Жақын келіп, кездеспей арманыммен,
Мұң еліне жырымды арнадым мен.
 
Есіктерім шалқайған тарс жабылды,
Енді қарсы алмайды ол барғаныммен.
Кешігіппін сағаттың тілдерінен,
Кешігіппін мезгілдің түндерінен.
Бақыт құсы ішінен жылап жатыр,
Мен төменде үндемей жүргеніммен.
Мынау шулы тірлікке құштарлықпен,
Қауырсынын ұшырды құстар біткен.
Мамыр айы мамырлап жанымда жүр,
Жасыл жазды жамырап тұстар күткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу