Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  104


Автор: Шәмшия Жұбатова

* * *

Балам, саған айтамын, тыңда мені,
Сыйға тартам өзіңе күнді әдемі.
Ана менен бала үшін жаратылған
Жер бетінің тербелген күллі әлемі.
Ауыр тартқан жүктерім білектегі,
Қиын жылдар кетті өтіп түнектегі.
Бауыр еттен жаралған өзің барда,
Мені қиын жылдар да жүдетпеді.
Менсіз қарсы аларсың жылдарды есен,
Саған сыйға қалдырам мұңдарды әсем.
Анаңды естен шығарып ала көрме,
Ғажап әлем тамылжып тұрғанда сен.
Өмір деген тірліктің қыспағында,
Қонғаныңда есіңе ал, ұшқаныңда.
Хан да сәлем берген ғой анасына
Жатқанында тып-тыныш қыстағында.
Өзің едің түнекте жарық берген,
Сосын қайта Тірлікке алып келген.
Саған мұра қалдырам сыңғырлаған
Алтындарды құйылған әріптерден.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу