Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  97


Автор: Шәмшия Жұбатова

* * *

Жұпар жаңбыр маусымда бұрқыраған,
Сұңқыл дауыс тереңде шырқыраған.
Өлеңдетіп ұлы өмір тұрған кезде
Өлмейтұғын болса-шы шіркін адам!
Адамзаттың ғұмыры қысқа неге,
Тербеледі тіршілік тыста неге?
Топыраққа көміліп қалғанымен,
Айналмайды алтындар мысқа неге?
Қызғалдақтар толғанда қанжығада,
Сарғайғанда сарғалдақ сан жұмада,
Тіршіліктің шәрбатын сіміргенмен,
Бақ қона ма, ерніңе бал жұға ма?
Қаққан кезде қара түн қақпаларды,
Тербеткенде дүние аппақ арды,
Неге тірлік махаббат сөзін жазған
Қадау қылып қақпайды тақталарды?
Қара сулар қақпадан қаптағанда,
Қызыл гүлдер құлпырса жатқан анда,
Тағы келген жаңа таң ақ бу атып,
Адамдардың үмітін ақтаған ба?
Ғаламатты жазамын ғұмырдағы,
Шамырқанды, шымқай көк шымырланды.
Жайқалғанын терек боп талай көрдім
Топыраққа төгілген жұмыр дәнді.
Кеудесінде болғасын тұрақты әні,
Жылытады бір үміт жырақтағы.
Ертеңіме қояды ұмтылдырып
Мынау мәнді өмірдің мұраттары.
 Құшағында ымырттың мүлгиді әлем,
Қою іңір жетеді ылдименен.
Шықпайды ылғи түсімнен жасыл дала,
Баурайында бұралып гүл билеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу