Өлеңдер ✍️
Жай табу
Санамдағы жанартау – жарылыстан,
Қауызымды мен кеше жарып ұшқам.
Мәңгі жасыл көктемді артық қоям
Сары тапты сүрлеуі кәрі қыстан.
Жасыл шырша бейнесін ән ғып өткен,
Керек боп тұр бір көктем, мәңгі көктем.
Бозторғайлар үн теріп бергі жақтан,
Шымшық үні шырылдап арғы беттен.
Құйттай жүрек құс болып сөз тереді,
Жайқалады жамырап жаз терегі.
Қорғандарын асықпай соғып жатыр
Бұлбұлдарын қорғаған әскер елі.
Көгілдір таң мүлгиді тыныш қарда,
Таңдар көкшіл тартады ұлы іс барда.
Дабыл қағып дауылдар шақырып тұр
Қанат жайған қаланы жұмыстарға.
Қар мен көктем. Мәңгілік егіз бе едің,
Теңеуіңді таппадым, тек іздедім.
Қалқып-қалқып сарғайған құс жолымен
Көкжиекке сіңеді көне іздерім.
Баяу ғана тербеліп таудың басы,
Теңіздерде толқыды жалдың қасы.
Шың басында қалқыған сап-сары күн,
Қоштасуға қол бұлғап қалдың ба шын?...
Сап, сап, көңіл, сабырға келсең еді,
Сары тауда сабырым теңселеді.
Өмірінің аумағын жатыр өлшеп
Отыз ауыз оймақтай өлшем елі.
Өз жүрегін орынсыз азаптаған
Бойын керді балбырап ғажап далам.
Құлағыма сыбырлап ізде дейді,
Бастауыңды тап дейді қазақ бабам.
Қайда менің бастауым? Тастарда ма?
Шыңға шынар өрлеткен асқарда ма?
Ұлы рухты ойлаймын ұйқыға еніп,
Туған жердің төскейін жастарда да.
Мен сапарда келемін арып-ашып,
Жарық ашып жолдарға, жарық ашып.
Көктемді аңсап жүргенде, Алатаудың
Шыршаларды қалады қары басып.
Жақтауынан жанымның ән құралып,
Әйнегімнен келеді жаңбыр ағып.
Ирегімен иірімнің биге билеп,
Ағысымды барады тағдыр алып.
Махаббатпен жырладым байтақ елді,
Сүйемін деп жүрегім айта берді.
Кемерінен атылған толқындарым
Өз орнына біртіндеп қайта келді.
Түс, толқыным, қайтадан баяу күйге,
Мен өзіңді іздеймін ояу күйде.
Сағынғанда аспанды мұңға батып,
Отырамын ойланып аяулы үйде.
Бірде күліп, ал бірде мұңға батып,
Ағыстарын арманның жырла, бақыт.
Сабасына түседі кері оралып,
Көбіктері толқынның тұрған атып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter