Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  140


Автор: Шәмшия Жұбатова

Серпіліс

От ал менен, замандас, ой ал менен,
Аңыз болып қалсыншы аяулы әлем.
Ана дауыс жанымның аруанасы
Боздап жатыр бозаң түс бояуменен.
Көлбеп ұшып барады көктемгі әлем,
Нұқ пайғамбар жайғассын, тоқта, кемем.
Босана алмай бұлқынып жылап жатыр
Көгендерге тізіліп ноқталы өлең.
Қақ, қарлығаш, қанатты, әріпке ауыс,
Ал, немеcе түн бол да, жарыққа ауыс.
Аврора кемесін тілген шамдай
Жүрегімді барады жарып дауыс.
Ойсыздықтың, қалқам-ау, қақ түнегін,
Серпілуі түнектің – ақ тілегім.
Жастық гүлі жайнаған жүрегімде
Қоңырауым сылдырап жатты менің.
Күндер қайда барады? Ағыстарға.
Әупілдегім қайда екен? Қамыстарда.
Текше таудың үңілем төбесінен,
Бақыт құсы қайда екен? Алыстарда.
Аққан жұлдыз секілді асығыстау
Мен жол тартып барамын ғарыштарға.
Күннің көзі қайда екен? Төбелерде.
Ақ шағала ... ол да жоқ. Кемелерде.
Көп сауалдың жауабын таба алмадым,
Неге дерге бола ма, неге дерге.
Мен мұндамын. Жандамын. Жүректемін.
Жапырақтар үзілсе – дір еткенім.
Бір ақ сәуле қанаты желбіреген
Кірпігімді барады тіреп менің.
Далада бір дауыс бар дабыл қаққан,
Бір көрініп, жоқ болып сағым жақтан.
Қара түннің қойнынан қол бұлғайды
Шамшырақты күндерім шамын жаққан.
Көмейдегі толқын боп тербетілем,
Көбік болып атылам өрге кілең.
Жүрегімнің жалыны таусылғанда,
Ұшамын да кетемін жер бетінен.
Бұлақтарым көз ашып бұла таңда,
Жаны жетім жаһанды жұбатам ба?
Жақсылық деп жар салған жүрегімді
Жылатам да жүремін, жылатам да.
Теректей боп көктеген бұла тамыр,
Кімдер іздеп келді екен, сұрата жүр.
Жапырағы жайқалған ескілікті
Қопарғым да келеді құлата бір.
Күреседі күн мен түн айқасып ап,
Қауырсыны жұлынған шайқасы қап.
Шана жеккен аттармен зуылдадым
Ағып кеткен ақпанды қайта сұрап.
Шегірткелі шілде айы жүріп кеткен,
Баса алмайды орынын қырық көктем.
Талықсыған шақтарда, мына тірлік
Ес жиғызып алады ұрып беттен.
Ес жиямын, қайтадан күресемін,
Іздеуменен жауабын, бір есебін.
Талайым боп тағдырым талқыда тұр,
Қалт-қалт етіп қалтқыға ілесемін.
Жарқыратып жаюда көктем әріп,
Әріптерін оқимын көкке барып.
Жанартауы көмілген жүрегімді
Жалғыз ауыз сөзбенен кетпе жарып.
Жиналсыншы құмыра, көзелері,
Ескіліктің көзі өлсе, өзі өледі.
Алтын кірпіш қалаған сыңғырлатып,
Құдіретіңнен айналдым, Сөз өнері!
Жарқырайды бір бұлақ қанаты аппақ,
Жақындайтын секілді маған аттап.
Жердің бетін бір сәуле сызып өтсе,
Жүрегімді кетеді жарақаттап.
Көздерім-ай, жабырқап жас тілеген,
Дымқыл тартқан кірпігін ашты немен?
Сарқырама даусымен сарнайды ылғи
Домалаған тастары тасқын-әлем.
Сарқырама даусымен сарнай берем,
Бір үмітін үмітке жалғайды әлем.
Жапырағы сауылдап жерге құлап,
Тербетілген сезімін толғайды емен.
Жұлдыздарым, жарқылда, көкте құла,
Бір қызғылт нұр тарасын бетке мына.
Жұбанышын іздеп жүр жан жүрегім,
Кербез әуен, сылқылда, шекте жыла.
Ертегі күн езуден бал ағызған,
Нәрін жинап алады бар аңыздан.
Атыла алмай, құсадан қыстығады
Жанартаудың қолтығы шала қызған.
Атыла алмай құсаға қыстығады,
Басыла алмай қойды ма ыстығы әлі.
Сахара шөл үстінде шырыл қағып,
Қанат сермеп барады құстың әні.
Шырыл қағып үстінде сахараның,
Алғы күнге әнімді апарамын.
Бозторғай боп боз таңда кетем ұшып,
Сендер аман болыңдар, жоталарым.
Айы жүзіп, саз шалқып, қызған бақта,
Сізге сәлем жолдаймын сызған хатта.
Жаралы күн жиекте қансырайды,
Қанның ізі қалады қызғалдақта.
Ортасына ұрыстың қаштым кіріп,
Тасқындарға қайтадан тасқынды ұрып.
Маған ғашық жүректі айта көрме,
Ауруымды аламын асқындырып.
Кешігеді жыл бойы күткен көктем,
Тосуменен үмітім біткен... біткен...
Жер бетінің түйісіп нүктелері,
Мұзды мұхит сапарын күтті ендіктен.
Күн қалды ма аһ ұрып күрсінбеген,
Жүрек іздеп жүремін дүрсілдеген.
Мен осынау ғажайып дүниенің
Қақпалары шалқайып тұрсын дегем.
Күнгей жақтың әдемі күркелері,
Күркелерге жетеді жыр кенері.
Көзін аша алмаған мына дүние
Шашыраған шатырын бүркенеді.
Қайран менің алаңсыз бала шағым,
Балбыратар бойымды ән аңсадым.
Мен өзіңді мәңгілік жырлап өтем,
Қолдан түсіп кетпесе қаламсабым.
Жан азабын ышқынып тартты кеуде,
Шындықтарды бола ма шартты деуге?!
Найзағайлы көңілдің жасыны бар
Шартылдаған аспаны март тілеуде.
Найзағайлы көңілім жасыны бар,
Жасықтарын қайтесің, асылын ал.
Мендік құйттай жүректің соғысында
Жер бетінің жиырма бір ғасыры бар.
Ғасырлар бар жүректің соғысында,
Жанып кетті шыдамай көбі сынға.
Жалғыздықтан жалау боп желбіредім
Тебіренген теңіздің тоғысында.
Жауқазындай жырларым, қапта қырда,
Жөңкіл, ұза, қосыл да қатты ағынға.
Жалау байлап жібердім жырларыма,
Жеткізсін деп Жамбыл мен Тоқтағұлға.
Құшағымда тербетіп балбалдарды,
Көтеріп ап арқама қарлы аңғарды.
Мен бақытқа қолымды созып келем,
Жалпағынан басумен жалғандарды.
Қашатындай құлдырап түнек менен,
Түнектерді түрем деп жүдеп келем.
Алтын сарай салдырған сөз елінде
Мен Гүләйім қыз болып гүл еккен ем.
Алтын сарай салдырған сөз елінде,
Алтындардың тұрамын кезегінде.
Тыныш таппай қойғасын, гүлзар бақты
Кеземін де жүремін, кеземін де.
Мен өлердей ғашықпын нұрға, жаным,
Айта алмадым және оны – бір ғажабым.
Дәмі қышқыл мұңдардан шарап ішіп,
Сырнайларға қосамын Сыр ғазалын.
Жапырақтар қол созып жарықтарға,
Көмек сұрап жүреді зарыққанда.
Жүрегімнің қанымен жыр жазамын
Қанаттары жаралы ғаріп таңда.
Көкірегімде бір жарық заулап ұшып,
Жанарымда мөлдіреп аунады шық.
Ақ жейдесін арманның бұлттар киді,
Жаңбырлардың көз жасын таулар ішіп.
Жер бесігім, төсіңде тұрақтадым,
Айта алмаймын жеткізіп бірақ бәрін.
Жеті түсті сарылған сағынышым
Жеті күн боп ішінде тұр аптаның.
Жеті түсті сарылған сағыныш боп,
Әрі-бері ағылды ағылыс көп.
Шілде айының шырылын тыңдап қалшы,
Жаудырмасын аппақ қар тағы қыс кеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу