Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  171


Автор: Шәмшия Жұбатова

Өмір көші

Қауға тартып тарихтың тереңінен,
Маржан салған су тауып беремін мен.
Өмір көші көшеді көкірегімнен,
Замананың тапжылмас дерегінен.
Өмір көші барады қай жаққа алып,
Қалмаса етті бір жерде ғайбатталып.
Қақпасынан шыққалы бір шаһардың
Елді танып келемін, аймақ танып.
Ұлыс күйін тартады ұлы дала,
Күй дегенің-қазақтың мұңы ғана.
Әнсіз-күйсіз өмір жоқ қазағыңда,
Көкірегіңе түйіп қой мұны, бала.
Өмір көші, не сыр бар тізбегіңде,
Құм үстімен аққудай жүзгеніңде?
Ұшып жатқан тырналар қош демеді,
Қауырсынын біртіндеп үзгенінде.
Қиқулаған бір үн бар құм далада,
Қиқулаған дыбыстар бұл ғана ма?
Мың шам жақты аймаққа Өмір көші,
Жарық тасып барады ол мың қалаға.
 
Толқынымен құмдардың жүзіп келген,
Тартайықшы бір сырды үзіп бермен.
Керегеден керіліп күн қарады,
Тырна даусы жеткенде үзіктермен.
Бұрқанады толқыны бұла кештің,
Бұрылмады толқынға бір-ақ ешкім.
Мен осынау айқара аспанымнан
Көштің сырын бір тынбай сұрап өстім.
Саванна шөл шалқыды сахарада,
Сахара шөл мақсатқа апара ма?
Шырақ жанып толқыған құм үстінде
Жолаушының дәмі көп татар алда.
Саванна шөл шалқыды, тыншымады,
Аққу құсы кеудеде сыңсығалы.
Өмір көші керуен жолында тұр,
Әлденені айтуға ол ұмсынады.
* * *
Көп қабаттың құм басқан бір беткейін,
Басылады көзге оттай суреттейін.
Ақын қылған Фариза, Төлегенді
Топырағын әулиенің құрметтейін.
Басқышында сол үйдің
Жоғарыға адамы өрмелеген,
Төменіне қанатын сермелеген.
Сырттай қарап тұратын ақын жанға
Кеткені өлең солардың, келгені өлең,
Дайын тұрған осы ма көрме деген?
Орғыл-орғыл орғыған қыраттарым,
Лыпып тұрған көңілім-құр аттарым.
Маңғыстауым жөнінде ұзақ дастан
Жазылады ішінде бір аптаның.
 
Маңғыстауым, маң өлкем, маңмаңгерім,
Менің қанат қағысым, алған демім.
Алау қылып көтерген жүрегіме
Саған отты сағыныш салған лебін.
Көп қабатты үйлердің басқышында,
Отты арманым лап етіп асты шыңға.
Өзің барсың атқан таң шуағында,
Ұшып жеткен наурыздың жас құсында.
Іздеп шығып ауылдан көктем елін,
Ұшып келдім ішінде от кеменің.
Тұрмасам да осында, жүрмесем де
Менің елім Маңғыстау деп келемін.
Шақырады қонаққа жанұясы,
Жыр сүйеді сәбиі, қариясы.
Ауа жұтсам көшеде, кең даланың
Өмір жайлы әндетті ариясы.
Құсы сайрап оятқан ала таңмен,
Таңда салған құс әнін жаратам мен,
Маңғыстауым, бетіңде тұрған шаңды
Сүртіп кеткім келеді алақанмен.
* * *
Қайда барсам-алдымда бояу қанық,
Жұмбақ сырын ашады ол баяуланып.
Қалқытпайын қалайша қанатымды,
Арманыма тұрғанда таяу қалып?!
Үстірт жазық, үміті үстеулеген,
Үміт деген келмейді күштеуменен.
Құс боп ұшып, титімдей тұмсығыммен,
Арманымды барамын тістеуменен.
 
Сен не дейсің, Үстірттің күн шуағы,
Маған мәлім бұл күннің шым-шым әні.
Жұмбақ көп қой Бейнеудің бедерінде,
Оны шешпей, көңілім тыншымады.
Еркіндігі Адайдың құлаш керген,
Теңіздегі толқынға ұлас бермен.
Қанатына көтерген періштелер,
Тұрақ-жайым қайда деп сұрасты елден.
Қанатына көтерген періштелер,
Кеңейетін саған да өріс келер.
Оңтүстіктің толқыны ауытқыды,
Ақпай қалып қапталдан өріс – кемер.
Оңтүстіктің толқыны ауытқыды,
Аруана боп боздады қауіпті үні.
Түн қойнында самала шырақ жанды,
Сам құмында жадырап сауық тілі.
* * *
Сәлем жолдап көктемнің кептерінен,
Жыр жазамын Бейнеудің беттерінен.
Алатаудың басынан алып келген
Аппақ қары көңілдің кетті еріген.
Жұпар гүлі жүректің үсімеген,
Тарта берді әдемі түсіменен.
Бейнеу жаққа тағы да барсам деймін
Қалықтаған қанаттың ұшыменен.
Қауырсыны қатайған қанат барда,
Ғашық болдым тау, дала, танаптарға.
Менің асау арманым ақ желкен боп,
Жүзіп бара жатады алаптарда.
 
Бейнеу, Бейнеу бозарған бозыменен,
Желбірейді жейдесі, созып өлең.
Түн келгенде өзің боп оятады
Бір сағыныш қап-қара көзіменен.
* * *
Жалғыздықтан қамығып шаршауменен,
Үміт күтіп жүрем мен бар сәуледен.
Айдың нұрын жүздіріп келбетіңе
Ақ дидарлы, жеттің бе, аңсаулы әлем?!
Қанаттарын сұраумен тұмса көктің,
Бойға бітер демегем мұншама екпін.
Арманымнан көз жазып қала жаздап,
Арасында адастым мың сан оттың.
Қоңыраулар соғылып қорғандарда,
Өрт шығатын секілді ормандарда.
Менен көмек күткендей шыр-шыр етті
Қанаттары күйген құс сол маңдарда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу