Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  135


Автор: Шәмшия Жұбатова

Жоғалмаған желКен

(дастан)
Тағы да бір тірліктің күресі артып,
Жеңілістен Жеңіс кеп іле шалқып,
Әлжуаздар мүсіркеп аяғаннан
Қызғаныштан күйгенің мың есе артық.
Ақ теңіздің ақиық айдынында,
Әскерлердің әдемі айбынында,
Менің аққу жүрегім ән сап тұрды,
Үлпілдетіп қанатын жайды мұңға.
Аққу ұшты көлдерден сыңсып тағы,
Сағынышы жүрегін тыншытпады.
Әуеніне әуезбен демеу берді
Шартараптың шырылдап шымшықтары.
Сәби біткен оянып құрсақтағы,
Жарық күнге тап-таза сыр сақтады.
Бидайлы әлем тербеліп би биледі,
Заулап ұшты бадана бұршақтары.
Қалтылдама, желкенім, қалтылдама,
Жарқын сәуле болады жалтылда да.
Тұңғиыққа қалайша батып кеткен
Ай астында көрінбей алтын қала?
Тұңғиықтың таланты таңғаларлық,
Мәтін керек әлемге ән қаларлық.
Жоғалмаған желкенім айдындағы,
Келе жатыр тағы да арман алып.

Балға малғым келсе де бармағымды,
Тотықұстай құбылттым тармағымды.
Жоғалмаған желкенім желбіреп тұр,
Айдын қылып кетем деп арманымды.
Әлдилеген дүние, әлпештеген,
Келесің де, кетесің ән-кешпенен.
Самғап ұшты саздары сандуғаштың,
Ол әлі де қалқиды сан көшпенен.
Жоғалмаған желкенім айдындағы,
Ұзай бердің қанатың жайдың-дағы.
Белдеу қалды әндетіп бесік жырын,
Анам болып тербетті ай құндағы.
Самсыраған сәуірдің самаласы,
Шардараның шалқыған шағаласы.
Мұңды ойлардың мүлгіген мұнарасы,
Мына басы немесе ана басы.
Таңның нұры тамаша тамылжыған,
Тамылжумен айтады әнін жылдам.
Сызылтатын сырнайын сандуғашым
Сағынышын жолдады сағым жылдан.
Жұпар шашты рауғаш гүл бақта маған,
Алқымдарын ағытты ақтамақ ән.
Қайтарады қайтадан қақпақылдап,
Қарымтасын қайсарлық қақпалардан.
Күнбағысым мойынын сенде бұрған,
Емізігін емеді ембе-қырдан.
Шашу шашты нұр-шуақ шашағынан,
Теріп жеді несібін теңге-нұрдан.
Желіп-желіп желмая желкілдеді,
Көмейінен көбігі көлкілдеді.

Төгілді де тегештеп жұпар жаңбыр,
Ақ маржаны көңілдің көлкілдеді.
Алынбаған асқардың қақпалары,
Жаушы болып отырды атқа бәрі.
Жоғалмаған желкеннің желпінісі
Анық боп тұр жүректе сақталары.
Алтын таяқ керек-ау сүрінгенде,
Тал қымсынды етегі түрілгенде.
Жартас жаққа бардым да, жаңғырдым мен,
Мұндай жағдай болмаған бұрын менде.
Мен мәңгілік қалатын жаңғырықпын,
Қылымсыған қызбын да, жар қылықпын.
Жолығыңдар, жоқ іздеп шыққан жандар,
Жоқтың өзін байқамай бар қылыппын.
Айналса ғой, шіркін-ай, аспан кері,
Мамық еді-ау ақша бұлт тастан гөрі.
Асыдым да тасыдым, кеуде кердім,
Мүмкін емес біреудің астам дері.
Кім ұғады патшадай көңілімді,
Тарылуды білгенмін, төгілуді.
Жоғалмаған желкенім қайта келсе,
Ариясын ағыстың айта келсе,
Жаңғырықтан табамын көп үнімді.
Өтпей қойды жәрмеңке Қояндыда,
Бақыт құсы қонады баяндыға.
Жасанды көл жалғанда жасымайды,
Көріңдерші, Қапшағай оянды ма?
Шынар болып шаншылған әр шыңдарда,
Бала күнгі достарым, барсыңдар ма?!
Алғы күнге адымдап барасыңдар,
Қызғалдақтар төселіп аршындарға.

Арман күндер әдемі ақ тағалы,
Мамырлайды мамығы қаптағалы.
Төніп келді қара бұлт қабақ түйіп,
Табанымен бірақ та таптамады.
Есінеген жалқаулық жақ кереді,
Білініп тұр мәңгілік бап керегі.
Бабын жасап жүрер ем, алып кетті
Сағындырған ауылдың ақ терегі.
Мен көнемін бәріне, сағынғасын,
Теңеуімнің білгесін табылмасын.
Асықпасқа айдынға шарам бар ма,
Ағын сулар асығып ағылғасын.
Асықпасқа айдынға шарам бар ма,
Қара таппай қалғанда қараңдарға.
Жауқазындар көз ашты, жұпар шашты
Жарылқа деп жалынып жарандарға.
Кең дүниенің қақпасы ашылмаған,
Тұтқалары көрсетті басын маған.
Жол бойында ән тосып ұзақ тұрды
Желбіретіп желдерге шашын ғалам.
Мың күндік боп қалмайды бір күнгі әнім,
Үн тыңдағым келеді, үн тыңдағым.
Көре қалса, сүйгенін айтатұғын
Мен ұнатам жүректің бұлқынғанын.
Бал бұлағым бұлттардан бастау ішті,
Ән әдемі, болғанда қос дауысты.
Бұраңдайды бұрымдар бұлаң қағып,
Сыңғырлайды теңгеден шашбау үсті.
Ау ішінде тыраңдап тыран балық,
Ұмыт болды санада бір ән қалып.
Қыр үстінде қаршыға қомданады,
Қанаттарын аспанда қыран қағып.
Кісілігін адамның хаттан таныр,
Ал немесе отырған тақтан таныр.
Адамдардың кеудесі ештеңе емес,
Айтпай келген апаттан сақта, тәңір.
Жаңбыр суын бұл ғалам тағы ішуде,
Жапырақтар тірілді бақ ішінде.
Жаңбыр менен жапырақ қауышқанын
Табиғатпен теңдессіз табысу де.
Самаурындар қайнасын, сарқылдасын,
Қонақтарың күлкіден жарқылдасын.
Самауырлы әйелден көремін мен
Азаматтық ожданның ар-тұлғасын.
Самаурындар қайнасын, сарқылдасын,
Шәй ішкеннің дидары жарқылдасын.
Самауырлы әйелден көремін мен
Аппақ ана жүрегін, жар тұлғасын.
Дауылдардың жеткенде дыбыстары,
Шағылысты қаңтардың күміс бағы.
Аппақ боран жеткенде есікке шын,
Кешікпесін тәңірдің тыныш таңы.
Бұршақтар-ай, бұршақтар, тоқтаңдаршы,
Дидарымды жұпармен соқпаңдаршы.
Тұзы жеңіл адаммын, тез күйетін,
Судан да аршы сен мені, оттан да аршы.
Бидайлы әлем қып-қызыл тербетіліп,
Сабақтары сүйріктей жерде тұнып.
Адамзаттың бақыты кеңістікте,
Бидайлардың бақыты – жер бетілік.
Мен бидайдың қызығам бақытына,
Қауыздары толғанда жақұтына.
Жүрексінген шоқ жұлдыз уылжиды,
Асығады өзінің уақытына.
Жарып шықты жауқазын-жан талабы,
Аңтарылған алқа-жұрт анталады.
Сұлу бейнем шыққанда мүсінделіп,
Қызғаныштың қабағы қанталады.
Күні тұрды сүйріктей сүмбіленің,
Жайып тастап жыладым мұң кілемін.
Жасыл түсті бұрымы шайыр аңқып,
Жүрегіме жаз айы тұнды менің.
Қайран теңіз толқыды тулап қалып,
Шұғылалы жүрегі шумақталып.
Бойлауында белдеулі бульварлардың
Көкшіл сирень бұрқыды будақталып.
Қара көздер қиылып қарсы беттен,
Маған жетер жолдарды аршып өткен.
Тоғайыңның ішінде толғанайын,
Аялдашы сәл ғана, жаршы-көктем.
Таңғажайып ғаламның танымдары,
Мамыр айы келді де, мамырлады.
Көл бойында көгілдір гүл құшақтап,
Көлбеңдеді мырзаның ханымдары.
Адымдары әрқашан арпалысты,
Жазық жолдар білмейді қалтарысты.
Мен өзімнің бауырым деп ұғамын
Жол бойында кездескен бар танысты.
Жоғалмаған желкенім, қалтылдама,
Жылдамдық бар жүзудің салтында да.
Тұңғиықтан толқынға жүзіп шығар,
Алтындығын дәлелдеп алтын ғана.
Тұңғиықтан толқынға жүзіп шығар,
Менің әнім толғаудан үзік шығар.
Тұтқындағы торыққан мен ғанамын,
Қызғаныштың қамалын бұзып шығар.
Қайнайды өмір қазанның қақпағында,
Ағыс іздеп сарсылды ақпа құм да.
Менің бала күндерім қол бұлғады
Тақылдаған таңдайдың тақпағында.
Мұхиттарым желкенін желбіреткен,
Мұздақтарым төсінен сең күреткен.
Арналардың бойымен ақтарылған
Ағыс көрем, ағайын, мен бір өктем.
Алауыртқан алтын таң төскейдегі,
Қарауытып бататын кеш кейдегі,
Жоғалмаған желкенім жол іздеді,
Алға жүзді, таппады еш бейнені.
Тұңғиықта жылтырап алтын қалам,
Жыраулықтың жолдады салтын маған.
Жауқазынды сыйлағым кеп тұрады
Жанарларды көргенде жалтылдаған.
Өмірім-ай, тізгіні дес бермеген,
Тілдеріңді таппадым еш пернеден.
Көгілдір кеш кешікті есіктерден,
Керуенін тізілтіп көштерменен.
Ақ бұрқақтар көзіңді аштырмаған,
Толағайлы күндерім, тасты ұрлаған.
Сағынышқа тірелген алтын сарай,
Сығалаумен жүр әлі бастырмадан.
Жоғалмаған желкенім, қалқып ұш та,
Толқындарды жетеле талпынысқа.
Желкендердің ерлігі-желбіреуде,
Ұйықтардың ерлігі-тартылыста.
Айналып өт, желкенім, ұйықтардан,
Жел боп сені тербетсін сүйікті арман.
Алтын салған тегешке батып кетпе,
Құйылыстар келгенде қиықтардан.
Жер бетінің керемет мықтылары,
Мықтылығын айтуға шықты бәрі.
Мамығына теректің ұқсайды екен,
Қаңтар айдың қопсыған құтты қары.
Үлпегі боп теректің тұрған әлем,
Ақ мамыққа шомылам бір ғана мен.
Жырлауық күн ешқашан біткен емес,
Жырын айтып қаншама жырғағанмен.
Сайран салған күндердің артындағы,
Жастығымның қайда екен алтын бағы?
Жарқырайды күн болып жүрегімде
Аяулы бір шақтардың жалтылдары.
Жапырағы жайылған мен бір емен,
Жүрегім бар шын сүйген, елбіреген.
Тұңғиықтың түбінен аман шыққан
Жоғалмаған желкенмін желбіреген.
Арман, қайда барасың аспандаған,
Аспанды да ұмытар қашқан ғалам.
Шолпыларын тағады шашыратқы,
Шашыратып шуағын шашқанда алаң.
Шашырады шуағы шаттығымның,
Басылмады арыны аптығымның.
Елестері тереңде тебіренді,
Татулығы тарқамас тәтті күннің.
Анам барда мен қандай бақытты едім,
Басқашалау алатын Уақыт демін.
Жолым тосып жүргенде сағынышпен,
Жұтып жүрді жастығым жақұт лебін.
Гүлді аралап көп жүрдім алаңдарда,
Аққуларым қанатын таранғанда.
Алма ағашы гүлдесе, ән жолдадым,
Арманды әнге орадым анам барда.
Жоғалмаған желкенім жол іздеді,
Толқындармен алысып теңіздегі.
Махаббаттың мәңгілік әнін айтты,
Қос жүректің қосылып егіз демі.
Құрақтары көлдердің көлкігелі,
Ақпа құмдар шөл қысып елтігелі,
Жоғалмаған желкенді іздеп таптым,
Сахараның самалы желпігелі.
Құстар сыңсып бақтарда тұра алады,
Қызыл-жасыл күндер-ай құрамалы.
Жүрегінен жып-жылы мейір төккен
Барлығы да аңсайды бір ананы.
Қайық біткен қалтылдап қара суда,
Иірім іздеп тұрады бар асуда.
Өмір ағып барады өзен болып,
Өң мен түстің асығып арасында.
Домбыраның қағысы қапталдағы,
Соқпақ жолдар табанда тапталғаны.
Жапан түзде жабыққан жалғыздықтан
Жаңғырық қой жадымда жатталғаны.
Кеңістікте ашылып тылсым анық,
Қауыздары қаулады гүл шығарып.
Күміс таулар күн жақта таңырқады,
Көмейінен тұрғанда үн сұранып.
Күміс таудың ән қалды көмейінде,
Ұқсамайтын сияқты ол өгей үнге.
Аппақ гүлдер бульварьда будақтады,
Көк түтіні көктемнің көбеюде.
Ақ жаңбыры аспанның асығуда
Қара жерге маржан боп шашылуға.
Дауыл керген ақ желкен жолға шықты,
Күміс толқын тербетіп қасығында.
Қадамдары кеменің тарсылдады,
Ашылғасын адымдап аршындары.
Біраз болды, сарғайып сарғалдақтар,
Сағыныштың елінде сарсылғалы.
Жоғалмаған кемесі порталдарым,
Тартылыстың күтеді тарта алғанын.
Ақбас жалдар атылып мұхиттарда,
Ақ жарылып айтады қарт арманын.
Ақжал толқын, асықпа, аптықпа да,
Салтанаттың салты бар сақтықта да.
Толқындарды толқыннан алып кетті,
Тақылдатып таңдайын тақ-тұқ қана.
Тербетіліп толқынның толқындары,
Анық болып тұр енді солқылдары.
Толқын екеш толқын да іздеп өткен
Өрен шағы өміршең өр тұлғаны.
Менің мұңды мұздағым, мұңды ұнатқан,
Жапырағын таба алмай күзгі бақтан.
Самғай ұшып құс жолы төбемізде,
Қарлы жолын барады із қып ақпан.
Ақ жаңбырым мезгілсіз тырсылдады,
Тырсыл қақты, үһілеп күрсінді, әні.
Айналды да тырнаға, тыраулады
Жер бетінің тынбайтын жыршылдары.
Көкшіл мұхит, кеңейіп тұр аумағы,
Төсінде оның, өйткені, күн аунады.
Сол кездегі достарым еске ала ма,
Бала күнгі ойнаған бір ауланы?
Айдың нұры астында таңғажайып,
Арманым тұр қанатын талға жайып.
Қара теңіз лықсыды кері қарай,
Асығумен ағады алға Жайық.
Өзен мен көл не деген толқымалы,
Толқып біткен жоқ па еді ол күн әлі?
Көл іздеді қайтадан көлбеуменен,
Алматының айықпай сол тұманы.
Қайран дүние қалқыды ән атында,
Жетісудың жазира жәнатында.
Махаббатым тағы да жолға шықты
Жоғалмаған желкеннің қанатында.
Көктемдегі елдердің көк түнегі,
Байқамай-ақ бақытты етті мені.
Түнгі аспанның көгінен жұлдыз ақты,
Қара түннің қойнына от түнеді.
Сарыарқаның самалы самсыраған,
Шардарада шайқалтты шамшырақ-ән.
Біреулер бар көргенде хал сұраған,
Біреулер бар күлгенде ән сұраған.
Ақ қанатын алысқа алып ұшты,
Аққуларым айдында қансыраған.
Тұрған кезде бұлт болып көңіл көшіп,
Сені сүйгім келеді өліп-өшіп.
Мақта қыздар майысып гүл еккенде,
Білегімен жүреді темір есіп.
Майысады мақта қыз, майысады,
Бұлт көшеді, абыржып ай ұшады.
Жан орманы тағы да жаңғырады,
Еске түсіп ақ балтыр қайың шағы.
Емен қайда еңкеймей дара тұрған,
Менің жаным еменнен жаратылған.
Қызыл жалау көтерді қызыл гүлдер,
Қаптап ұшты қарағай қара тудан.
Жан дауысы құйылып домбырадан,
Ақ жаңбырға шайынды мөлдір алаң.
Сағыныштың сазды әнін сырнайлатып,
Іздеп тауып келеді сол бір адам.
Қауызынан гүлдерім аршылған күн,
Сағынышқа айналды сарсылған мұң.
Мен өлмейтін шығармын, жер-ананың
Кеудесінде жүрек боп тарсылдармын.
Алтын күлше тістеген күннің әні,
Көлеңкесі кеппеді мұңның әлі.
Берекесі жоғалған тіршіліктің
Оралғанын тілеймін үлгі-мәні.
Мұңды айтатын май шамда мұрша бар ма,
Шамшырақтар жанғанда шыршаларда?
Өмір үні дыбыстап айтылғанда,
Жолды күреу мүмкін бе мұнша қарда?
Қарлығаштың бүлкілдеп ақ тамағы,
Сауысқандар сұқ көзден сақтанады.
Көкте сұңқар сұңқылдап қоймағасын,
Жабылмады есіктер жақтамалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу