Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  87


Автор: Шәмшия Жұбатова

Сіз кеткенін айта алмастан ешкімге....

Сіз кеткенін айта алмастан ешкімге,
Өксік үні араласып кешкі үнге...
Сәуір, мамыр... естен танған кескінде,
Ақша бұлттың ауылына көштің бе?
Желкеніңді желге түзеп ақтың ба,
Қапылыста қанатыңды қақтың ба?
Аспан жақтан тағы бір ән жолдадым,
Ақ бұлттарға шалқалап бір жаттым да.
Ағады өмір ұйықтап жатқан тамырмен,
Сәуір ме едің, бітпей қалған мамыр ма ең?
Сізге Алланың аппақ жолын тіледім
Қолдарымды жайып тұрып тәңірден.
Жылағам жоқ, жүрек қана жылады,
Кең даланың тұншыққандай бұлағы.
Сол жағымда мөлдір бұлақ тұнады,
Оң жағымда қар тасқыны құлады.
Кетті сәуір, қалды мамыр, балқыды,
Толған айдың талықсыды бал түні.
Өмір тағы жалғасады деп айтты
Құрдымдағы құралайдың салқыны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу