Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  157


Автор: Шәмшия Жұбатова

Қолтаңба

Тірлікке кімдер келіп, кім кетпеген,
Жанбысың жүрегіңді күн кептеген?
Кеудеңді жейде қылып желге жай да,
Түймеле алтындаған ілгекпенен.
Келер күн, атқан таңда тілегің бар,
Өзіңнің үмітіңді білемін бе әр?
Тұрғанда ару көктем әз ниетті
Баспасын адамзаттың жүрегін қар.
Мен саған жыр тілейін, нұр тілейін,
Ренжімес ертеңгінің жұрты кейін.
Қауым жұрт қалам беріп, қол созғанда,
Қалайша тоқталайын, іркілейін?
Қолтаңба бекітеді босағаны,
Шаңырақ өз шаттығын тоса ма әлі?
Бір дауыс естуге ылғи ұмтылады
Шамдары жыпырлаған көш алаңы.
Тербелсін балдай сәби бесігіңде,
Береке-ырзық болсын несібіңде.
Данагөй қарттар бекер айтқан емес
Тамаша бақыт бар деп осы күнде.
Жөн болмас қымтырылып, қысылғаның,
Жақсы еді көп ішінде ысылғаның.
Мазасыз жүрегімнің дүрсілі ғой,
Сізге деп қолтаңбамды ұсынғаным.
Қолтаңбам жүрегімнің дүрсілі еді,
Күледі ол, қуанады, күрсінеді.
Сайрауық сандуғашын есіне алып,
Сағынып бір кездері жүрсін елі.
 
* * *
Мен өмірді сүйемін, сені сүйем,
(Сүйе білген адамның өрісі кең),
Мағыналы мына өмір жеңісімен.
Дидарынан көктемнің көз алмаймын
Аппақ бауыр қарлығаш келісімен.
Көктем демі дегенім – сенің демің,
Жұпар жаңбыр жауғаны – төгілгенім.
Жүрегімнің жаңбыры құйылғанда,
Елітумен жатады елім менің.
Мен дауысыма аламын бұлақ қосып,
Жатқан кезде дүние құлақ тосып.
Шөлейттерге себемін шөлдеп жатқан
Алақанмен мұхитты бір-ақ көсіп.
Даңғазалы тірлігім ұрып аспап,
Бірі тастап барады, бірі бастап.
Сен ешкімді көрмейсің мен тұрғанда,
Өмірі асқақ, мұңы асқақ, ғұмыры асқақ.
Ауыстырып алғанда жыл дерегін,
Күлімдеумен келеді іргеме күн.
Қамығуды білмеген қайран уақыт,
Қадірімді сен менің біл дер едім.
Ақ шағала жазады ақ қанатын,
Қалғып тұрған келеді қақпама түн.
Жапалақтап ақша қар, жел ұйтқыды,
Мен ұмытып қалғанда Ақпан атын.
 
* * *
Жылдарды жүйрік тұра алмай қойдым мен бөгеп,
Сүйеп кел мені, келетін болсаң, кел, демеп.
Ішінен бұлттың лайнердің даусын естісем,
Қараймын көкке, жете алмай қалған сен бе деп.
Аппақ гүл шашып, жұпарын төкті бақта өрік,
Жайнасын дүние, жаныма шырақ жақ келіп.
Жете алмай жатсаң, артынан өзің келерсің,
Жүректің маған жартысын жібер қақ бөліп.
Жартысын жібер жүректің, бөлмес не қалды,
Бөлеміз сосын аспанды, айды, көгалды.
Сағынтқан сонау жылдармен бірге ілесіп,
Жадырай күліп жастығым қайда жоғалды?
Қалмады дүние өзінің неге түсінде,
Әніміз біздің айналып кетті құс үнге.
Өзімді көрдім жете алмай қойған ұмсынып,
Қол созып тұрған мен сені көрдім түсімде.
Аққулар ұшты мамығы жібек бұрқырап,
Іздедім сені жанымның даусы шырқырап.
Жүректің нәзік жарақат алған тұсы көп,
Таңып кет оны, жейдеңнің жеңін жыртып ап.
Айта да берсең, армандар сонша көп, тегі,
Ел ұққан даусым өзіңе ғана жетпеді.
Басқаны қойшы, жанымда тұрып өзің-ақ,
Жаралап кеттің, басқа бір амал жоқ па еді?
Жаралап кеттің, ем іздеп қалдым талықсып,
Алып шық мені, осынау күйден алып шық.
Жәутеңдеп бізге нәресте көзбен қарайды,
Гүл біткен тегіс қауыздан мөлдір тамып шық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу