08.02.2022
  174


Автор: Ыбырай Алтынсарин

Үшінші, зекет турасында

Зекет парыз болады: әуелі, балиғлыққа жетіскен құл емес, азат, есі бүтін һәм мұсылман адамнан; екінші, өзінің, қатынының, балаларының, қызметкерлерінің бір жылдық қыс - жаз киетін киімдерінен, мінетін көлік, жейтін тамағына керекті және үй ішінің тұтымына керекті аяқ-табақ, төсек-орын рәуіштілерден артылатын малы бар адамға. Зекеттің берілетін орындары : әуелі, хисабка, яғни, әлгі бір жылдық қаражаттан артылатын шамаға малы жетпеген пақырларға; екінші, міскінге, үшінші, патшаның жіберген зекетшілеріне; төртінші, басын құлдықтан сатып алуға пұл керек болған адамдарға; бесінші, малы хасабқа толмайтын қарыздарларға, яғни қарызын өтеуге малға мұқтаж болып тұрған адамдарға; алтыншы, Құдай разылығы үшін ғизатқа шыққан яғни дұшпаны болып жаугершілік етіп тұрған кафирлерге дін үшін аттанысқа шыққан, адамдарға, не болмаса


«қажылыққа барамын» деп талап еткен бейшараларға; жетінші, ұзақ жолда жүріп, мүсәпірліктен пұлға мұқтаж болып тұрған адамдарға. Осы жеті түрлі адамдардың қайсысына берілсе де зекет дұрыс. Бірақ зекетті берген yaқытта, ең әуелі әркім өз ағайыны һәм көршілері арасындағы пақыр, міскін, қарыздарларына бермек артығырақ. Оның үшін жақып, көрші адамдарға қарасу дәулетті кісілерге уажиб болса керек. Зекеттің берілетін шамасы осы қалыпша: түйе малдың бестен кеміне зекет жоқ, бес түйеден тоғыз түйеге шейін — бір қой, он түйеден он төртке шейін — екі қой, он бестен жиырмаға шейін — үш қой, жиырмадан жиырма беске шейін— төрт қой, жиырма бестен отыз алтыға шейін — тайлақ, яки бір тайлақтың басын төлемек, отыз алтыдан қырық алтыға шейін— құнажын інген, қырық алтыдан алпыс беске шейін — бір беске шығар атан, алпыс бестен жетпіс алтыға дейін — бесті түйе, жетпіс алтыдан тоқсан бірге дейін — екі құнажын інген, тоқсан бірден жүз жиырмаға шейін — екі дөнежін інген, жүз жиырмадан асқан соң, әр бес түйеге бір қой қосыла береді. Сиырдың отызынан кеміне зекет парыз емес. Отыздан қырыққа шейін сиыры бар кісіден бір жасқа толған бір сиыр, яғни тайынша тиісті болады, ұрғашы еркегі болса да. Қырық сиырдан — бір құнан өгіз, қырықтан алпысқа шейін — арасындағы сиыр алпысқа жеткенше — ақшаға хисаб етіліп, қырық сиырға берген бір сиырдың бағасына зекет неше сомнан келсе, сонша сом зекет беріледі. Сиыр алпысқа толса, бір жасардан екі өгізше бермек керек. Мұнан соң әр отыз сиырға бір жасар бір сиыр қосыла береді. Қой мен ешкі қырыққа толса, жүз жиырмаға шейін екі жасар бір қой, я ешкі бермек керек. Жүз жиырма бір болғанда екі жүзге шейін екі қой, екі жүз бір қойға үш қой, екі жүз бірден төрт жүзге шейін төрт қой, мұнан соң әр жүз қойға бір қой беріле береді.


Жылқының мінуден артығының араб жұртындағы қымбат аттардың әрқайсысына бір динар, яғни бір алтын. Бірақ ондай қымбат бағалы жылқысы жоқ жерлерде аслия қажетінен артық жылқыларын ақшаға кесіп, екі жүз дирһәмдік жылғыдан бес дирһәм немесе қырық теңгелік жылқыдан бір теңге беріледі, яки сол бағаға кесіп жылқы берілсе де дұрыс болар.


Алтынның жиырма мысқалдан кеміне зекет парыз емес, жиырма мысқал алтынға жарым мысқал алтын беру керек. Күмістің екі жүз дирһәмінен кеміне зекет парыз емес. Екі жүз дирһәмге бес дирһәм зекет беру керек. Бұлайынша болғанда алтын-күмістің қырық теңгесінен бір теңге тиісті болады. Мұнан ғейри асыл тас, меруерт, лағыл, маржандай нәрселер, егер өз тұтымына керек деп сақтамай сауда ниетімен сақталынса, мұнан да зекет тиіс. Бағалысына қарай, яғни, ол асыл нәрселердің, бағасы екі жүз дирхамға толса, бес


 


дирһәм зекет беру керек (алтын, күміс реуішті). Астық, яғни, егіннің зекеті, егер далаға егіліп құр қар мен жаңбыр суларымен тұрса, зекетті оннан бір, яғни, он пұттан бір пұт, егер қауғамен, шелекпен су құйып шығарылған егін болса, оннан бірдің жартысы беріледі, яғни он пұттан жарты пұт, жиырмадан бір пұт берілсе керек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу