07.02.2022
  348


Автор: Шәкен Күмісбайұлы

Жайлауға барар жолда.

ҰРПАҚ ҮНІ


 


"Ел ебелек емес, ер кебенек емес"


(Қаз дауысты Қазыбек)


Жайлауға барар жолда.


 


"– Әй, балам, тағдыр деген шөл. Өмір – айызың қанбайтын дария. Көрерің көп. Бейнетің де мол. Міне, мына Ақжалдан жығыларсың. Ауырсынба. Ағаштан құлап аяғың сынар, оны да бір күні ұмытарсың. Қиядан домаларсың. Жараң жазылар. Соның бәрі сенің биікке ұмтылғаның. Әкеңе сол қуаныш".


(Әкемнің сөзінен) Маусымның өліарасына таяу әкем жазғы демалысқа шыққан мені жайлауға алып қайтты. Ақжалға қазақи ерді ерттепті. Атлас ат көрпе. Елік сапты қамшы. Тал түсте Суықтың биігіне көтеріліп, шырқау басы- на шыққан сәтте тізгін тарттық. Жайлаудың шека- расы осы тұстан басталады. Өркештерін ақ мамық шалған алып Жоңғарды ұйқыға ден қойған данышпан дерсің. Төменде "данышпанға" арқасын сүйеп, біздің Қабырғалы ауылы көлбейді. Көрпесі көгілдір бау мен шырша, қайың. Әлгінде ғана көкжиектен оймақтай ғана бұлт шыға кеп, балағы сұйылып, мөлдір тамшысын Суықтың кеудесіне төгіп-төгіп жіберіп, күні күркіреп, найзағайы жарқылдап, тау асып жөнелген. Артынша қиырдан сан түске боялып, кемпірқосақ көрінді. Үріккен еліктің лағыңдай бұлақтар жылға-жылғамен қашып


әлек. Таудың қоңыр самалы желпіді.



  • Әу, құлыным, – деген үнге жалт қарадым.

  • Қанжығадағы торсықты әкелші.


 


Әкем әлгінде жауыннан қорғалаған сулықты күнге қаратып жайып тастапты. Көк шалғынға молынан төселген аткөрпенің үстінде малдасын құрып отыр.


–Әп, бәрекелді, – деді ол мен алып келген торсықтың аузын шешіп жатып.


–Жарты жолға жеттік-ау.


Төменде ғажайып әлем жатыр. Сарбалақ егін, айдаһардай ирелеңдеген өзендер, жаһұттай жарқыраған ғажайып мекендер, көмкерілген көкжиек...



  • Шыңғысжан! Жан-жағыңа көз салшы, – деді әкем бал қымызды сіміріп боп, жантая кетіп.

  • Қазекемнің жері-ай. Неткен ғажап! Телегей теңізі де, байтақ даласы да, асқаралы биік тауы да – еншісі. Даласына қарап мінезі. Қонағы келсе құшағы ашық. Дастарқаны мол. Әнші, домбырашы, ақын халық. Өйтпеуге қақысы жоқ. Кең даласында бәйгеге ат қосып, көкпар тартып, додаға түспесе қабағы ашылмай- ды. Тақым қысып, барымтаға бармаса, оның несі қазақ? Онысы ұрлық емес, ерлік қой, жаным...


Әкеме аң-таңмын. Құдды бір әйгілі ғүлама сияқты. Есіліп отыр. Сонау бірде тоқсандағы Есқали қарттың:



  • Әй, бәрің осы Байболаттай-ақ болшы, түге. Мына таудың әр тасын, әр шоқысын ол сияқты тани да алмайсың. Қарағымның жылқы киесі бар. Бал татыған қымызын іш те, өзін сына. Нағыз қазақтың өзі. Баяғының жігіті табиғатында мұрт бастырып, сақал қоятын. Жарасып тұр, несі айып, – деп ел ортасында әкемді айды аспаннан шығара мақтағаны бар. Дәл қазір ол Есқали қарттың өзіне ұқсап қалғандай ма? Тек кейінгі кезде жүдеп бара жатқан сияқты-ақ, осы? Түнеріп алған түрін көрсең. "Жаушы" киносындағы басты кейіпкерден бір аумайды. Әкесін мақтап отыр демегін. Дәл солай.


 


Күдеріден бау тағып, Кіреуке киер ме екенбіз. Жағасы алтын, жеңі жез, Шығыршығы торғай көз, Сауыт киер ме екенбіз.


Қоңыраулы найза қолға алып, Қоңыр салқын төске алып.


Жау қашырар ма екенбіз...


Ойпыр-ау, әкем менің әлгінде ғана ойлағанымды қалай біліп қойды деймін күбірлеп. Шынында осы әкемнің бір қасиеті бар-ay. Сөйткенше ойыма әкемнің "Батырлар жырын" құшақтап алып жүретіні есіме түсті.



  • Әке, әке. Мәлике апайға дәл осылай етіп тақпақ оқысаңыз бес қояды, – дедім қуанып.

  • Солай ма?


– Иә...


Сәлден соң ол қабағын қайта түйді.


–Әй, балам-ай. Бұл дүниені қатігез адамдар бүлді- реді. Бар пәле "мен адам емеспін, құдаймын" дегендер- ден шығады, – деді әкем.


Ішім сезе қойды. Осыдан екі күн бұрын біздің клубта "Жаушы" кинофильмі қойылған. Қызықты қараңыз. Атам заманнан бері киноны "шайтанның ісі" деп жоламайтын осы ауылдың иегінде шоқ сақалы бардың бәрі таяғын ұстап клубтың алдына топырласа қалыпты. Бүкіл бала аң-таңбыз. Сондағы әңгімелерін естісең. – Қазағымның бағынан соры мол екен. Қара таудың басынан бұлт кетпей "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" деген қасіретті бастан өткізген, – деді Есқали қарт білгішсініп. Сол-ақ екен ауылдың шалдары дүрілдесіп кеткен.



  • Елді Абылай билегенін білеміз, – десті енді бірі.


 



  • Е, оған дейін ұлықтар бірікпей, қалмақтарға жем боп, ел қашып, қаншасы қырылды десеңші, – деді Әбішбек қарт.

  • Елі бардың ері бар. Қабанбай, Бөгенбай тумаса қайтер едің. Арыстандай жүректі, жолбарыстай білекті, қайран бабалар-ай. Соларды да Жер-Ана құшағына алыпты, – деді Есқали қарт.

  • О дүниеге де батыр керек болған шығар, – деген Әбішбекке Есқали ақырып қалды.


Артынша кино басталып, әңгіме тұйықталып қалған. Ой, сондағы қарттардың делебесі қозғанын айтсаңшы. Әуелі дауыстары да шығып кеткен. Таң-тамаша боп біз отырдық.


Әкемнің ойына да осы бір сәт елестеп кеткен шығар.


Әуелі тақпақ жаттап алыпты.


Кенет осы бір сәтке күркіреп отырған "батыр әкем":



  • Ойбүй-уу, бала-май. Мал не болды, жан не күйде,



  • деп орнынан атып тұрғанда күліп жібере жаздадым.


Суықтан түсіп, саймен өрлей шай қайнатым уақыт өткенде, Аман биігі басталды. Одан ары біздің қоныс.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу