07.02.2022
  514


Автор: Мұхтар Шерім

КІТАП ТІЛІМЕН СӨЙЛЕСЕМ…

Терлеп-тепшiп Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолымен» жаяулатып келе жатқанмын. Алдымнан Сәбит Мұқановтың «Ботагөзi» кездесiп қалды. Бұтында джинси, аузында темекi. Кiндiгi көрiнiп тұр. Бiртүрлi жақтырмадым, жанынан жым-жырт өте бердiм де, Әзiлхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын» бастағым келiп кеттi. Әлде Сәкен Жүнiсовтiң «Ақан серiсi» болайын ба? Темекiсiн тастаса, жақсы қыз болар деген оймен:


–Сайын Мұратбековтiң   «Менiң   қарындасымы»,   қайдан   келесiз?   –   деп   сұрадым.



  • Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетiнен», – дедi қыз темекiсiн лақтырып жiберiп.

  • Қазақтың қарагөзi темекi шексе, қазаққа Тахауи Ахтановтың «ҚаҺарлы күндерi» келген екен де…

  • Жақтырмасаңыз, Әбдiжәмiл Нүрпейiсовтiң «Қан мен терiндей» болып неғып тұрсыз, кете берiңiз.


Қыз бұрылып кете берiп едi, Мұқағали Мақатаевша: «Отыздан асып барамын…» – дедiм. Ол маған Бейiмбет Майлиннiң «Сексен сомын» беретiндей жымың етiп, Чеховтың «Шие бағында» жүргендей жайраң қақты. Маған да Зейнолла Қабдоловтың «Ұшқыны» тиiп, ол


«Жалынға» айналып, жүрегiм алып-ұшып, Тұтқабай Иманбековтiң «Тұт ағашының көлеңкесiнде» қалғандай күй кештiм. Өзi Жаяу Мұсаның «Сұрша қызындай» сұлу екен. Iлияс Жансүгiровтiң «Құлагерiндей» осқырынып алып, қыздың қолынан ұстадым. Ол кет әрi емес екен. Содан Мархабат Байғұттың « Машаттағы махаббаты» басталды да кеттi… Е, ТОЙ ҒОЙ ...


 


«Той дегенде, қу бастар домалайды» деген сөзді кішкентай кезімде түсінбей, тілімді тістеп, өңкей әр түрлі пошымдағы бастардың сай- саламен тойға қарай домалап бара жатқанын елестетуші едім. Сөйтсем, қазекемдер бүгінде өлімді де тойға айналдырып алыпты. Әкеңіз жетпіске жетіп жығылып, немесе шешеңіз сексенге секіріп шығып алып, шыбын жандарын қиып кетсе, дос-жарандарыңыз құшақтап, арқаңыздан қағатын болды:


«Қаншаға келіп кетті? Жетпіс. Е, той екен ғой, Той ғой. Тойың құтты болсын!» Жетпіс түгілі жүзге келіп өлсе де, әкенің аты-- әке, шешенің аты-- шеше... Қайғының аты-- қайғы...


Бір күні мектептес досым, облыстық қаржы полициясы бастығы Қаржыбектің   әкесі қолы бос уақытында, жасы сексен сегізге келіп қайтыс болды. Қаланың қақ ортасындағы тойханада ас берілді. Шіренгендер шырттай киініп отыр. Жан-жағыма қарасам, бәрі көңілді.Тойға келген сияқтымын ба?   Қабағым түсіп, «Біз де сіздердей болғанбыз, сіздер де біздей боласыздар...» деген астары алты қабат сөзді салмақтап отырғанмын, бір танысым басыма салып қалды.


--Неменеге тұнжырап отырсың? Ыржисай. Той ғой бүгін. Сексен сегізге жеткен де бар, жете алмай қиналы-ы-ып кеткен де бар. Сол кісінің жасына жете берейік...


Мен тісімді ақситтым. Ыржиған түрім осы. Бір кезде бар ғой, сөз жарыс басталды да кетті!


--Тасжалаған атамыз екі жыл шыдап барып өлгенде ғой, тоқсанға келер еді... Қаржыбек бауырым, нешауа. Әкеңіздің өлгені—той. Анаңыз тірі ме? А? Тірі екен ғой. Егер екеуі бірге өлгенде, «во-овще» қатып кетер еді! Тойдың тойы болар еді... Нешауа ол кісі де жетпіс жетіде желігіп отыр екен. Құдай қаласа, ол «тойға» да жетіп қалармыз... Сол кісілердің жасын берсін...—деді бір шіренген шенеунік.


--Әкеңіздің өлген «тойы» құтты болсын! Ешкім әке-шешесін арқандап, жоңышқаға жайып бақпайды, ешкім мәңгі өлмейтін шайтан емес. Қаржыбай інім, әкеңіз сексен сегіз жыл өмір сүріпті, өзің де сол «тойға» жетіп жығыл. Әдемі қартайып, әдемі өлу деген, міне осындай болса керек... Міне өзің бір Облыстың финполының бастығысың. Қаншама жемқорларды түрмеде шірітіп жатырсың. Өзің де білдірмей алып жатырсың. Бұл сенің көрегенділігің, іскерлігің... Сенен бәрі қорқады. Өзіңнен өзің де қорқасың... Сол үшін молда жігіт бір ән шырқап жіберсе...—деп барып тоқтады тағы бір шіренген шенеунік...


Молда орнынан тұрып, жөткірінді, тісін шимен шұқыды.


--Мен негізі құран оқушы едім, Қаржекеңнің құрметіне, әкесінің бақилық болуы той ғой, қазір жастар айтып жүрген қырғыздың әні «Қызыл өрікті» айтып берейін...


Молда микрофонға бір түкіріп қойып, ән шырқай бастағанда, шыдай алмадым, жүгіріп барып, қолынан микрофонды жұлып алдым.


--Ой, кешіріңіз, молдеке, тойда отырған жоқсыз ғой... Қаржекеңнің қайғысына ортақтасуға келдік емеспіз бе?


Молда жым болды. Жұрттан кешірім сұрап, орныма отыра бергенім сол, асаба:


--Құрметті мырзалар мен ханымдар! Тасжалаған атамыздың рухына арналған «Балалық шаққа саяхат немесе ләңгі тебу» атты театрландырылған көріністі тамашалаңыздар!— деді. Ортаға Тасжалаған ақсақалдың жеті-сегіз жасындағы кейпін сомдамақ болған бала жүгіріп шықты да, ләңгі тебе бастады.


--Бір люр, екі люр, үш люр...—деп ешкі жүнінен ойылып, ортасына қорғасын байланған ләңгіні әуелетіп тепкені сол, аузын ашып, аңқиып отырған қала әкімінің аузына кіріп кеткені... Адамның аузынан жүн шығып тұрғаны бір түрлі екен. Ауызы—қолтығы


 


сияқты... Байғұс қақалып қала жаздады. Шыдамым шырт айырылып, ортаға жүгіріп бардым да, баланы жетелеп, есіктен шығарып жібердім.


--Кешіріңіздер, театрда отырған жоқпыз ғой...—дедім жиналғандарға қарап. Шіренгендер мән бермеді. Арақ ішіп отырғандары да белгілі болды. «Той ғой...» деп... Содан бір қарасам, төрт- бес әйел мен төрт- бес еркек ортаға шығып алып, билеп жатыр. Асаба


«Қайғылы би» деп хабарлады. Бейшаралар билеп жүріп: «О-ох...»- деп күрсінісіп қояды. Жұлқынып билеп келеді де, бір-бірін құшақтап көріседі... Мұндай масқараны көрмеген байғұс басым, бір қарасам, өзім де солардың арасында билеп жүр екенмін. Мен де қайғырып: «У-ух...»- деп айқайлап қоямын... Есімді тез жиып алдым да, билеп жүргендерді қуалап жүріп, орындарына отырғызып болып, микрофонды қолыма алдым:


--Құрметті мырзалар мен ханымдар! Біз бүгін Қаржекеңнің әкесі Тасжалаған ақсақалдың


«ас-тойына» жиналып отырмыз. Не дейміз, Тасекең о дүниеде бақытты болсын... Ой, кешіріңіздер, тойда отырғандай сөйлеп кетіппін ау... Айтайын дегенім--өлімді де тойға айналдыра бастадық. Өлімді де байлар жарысына, бәсекесіне жеткізе бастадық. Мұны тез тоқтатуымыз керек! Бақилық адамға керегі—құран бағыштау ғана сауап!


Бір кезде мектептес досым, Қаржекең түнеріп келді де, құлағыма сыбырлады:


--Сен не, «тойдың» шырқын бұзуға келдің бе? Әкем сексен сегізге келіп қайтыс болды, той ғой, той! Шашылмаймыз ба? Көрсетпейміз бе өзімізді? Кім екенімізді!


Көмекейіме құм төгілгендей, қабырғаларым біртіндеп сөгілгендей, күрсініп салдым да, тойханадан шыға жөнелдім. Досым жүгіріп шығып, «Әкемнен теберік болсын!»-деп иығыма шапан жапты. Жыным келіп, шапанды көшеде қайыр сұрап отырған мүгедек шалдың иығына жаба салдым, басына қалпақ кигіздім.  Сосын:


--Ой, кешіріңіз... Осылай отырған сізге жарасады...—деппін. Ол да қарап тұрмай, су жаңа қалпақты төңкерді де:


--Ақыры берген екенсің, ішіне бірдеңе тастамайсың ба?—деп қалды. Мен тойхана ішіндегі шенеуніктерге, сосын қайыршыға қарадым... Ол да маған бір түрлі қарады...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу