06.02.2022
  218


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

БАЛАПАНДАР

Күн арқан бойы көтеріліп қалған шақ. Әсем табиғаттың аялы құшағында жасыл кілемдей түлеген кең төсті беткейдің шөп мамығын жастанып, қиялға ерік беріп, шалқамнан жатқам. Көктегі қалбаңдап ұшқан қарғаға көзім түсті. Кәдімгі өлексеге түсетін құзғын қарға. Бұл қайдан жүр деген оймен басымды көтеріп


 


алдым. Менен сескенбестен алдымдағы беткейге барып қонды да, бір-екі аттап, қалың қаудасын шөпке таянды. Ашқарақтана шөп арасынан бір нәрсені тұмсығына қысады да басын көтеріп, сәл тұрып, қайта тастайды. Солай бірнеше қайталады. Таяғымды бұлғап, айқайлап, тұра жүгірдім. Жақындап келгенімде ғана қарға зорға ұшып, «қарқ» деп сес көрсетіп кетті.


Бұл не деді екен деп әлгі жерге үңілсем, кекіліктің ұясын тауып, жұмыртқасын жалмапты. Басын жоғарғы көтергені – мәйекті тұмсығымен шұқып шағады екен де, маңызын өңешіне құйып, қабығын тастайтын көрінеді. Құзғынның айласына таң қалдым.


Жапырынды боздың астында әлі он екі тарғыл жұмыртқа жатыр. Өзге алтауының қабығы шашылып, сыртта қалған. Ұяға жақындасаң немесе жұмыртқасын ұстасаң, қай құс болса да жеритіні белгілі. Сондықтан тиген жоқпың тек сол маңдағы ерекшеліктерді жадыма сақтап, белгілеп кеттім.


Үш-төрт күнді араға тастап, ұяны қайта көруге бардым. Жұмыртқа он төртке жетіпті. Қуанып қалдым. Кекілік мекенін тастамапты.


Апта өткен соң тағы келдім. Жанамалай өтіп бара жатып, кекіліктің ұяда жатқанын байқадым. Мазалағаным жоқ, өтіп кеттім. Екі аптадан соң көруге және құмартып, еркім солай жетеледі. Бұрынғы әдетіме салып, қиялай өтіп, көз қиығын салсам, таудың тарғыл тасындай шұп-шұбар балапандар ұя маңында қыбырлап жүр екен. Мені көре жерге жата-жата қалысты. Алғашқыда байқамаппын, анасы да алдымдағы қалың шөпке бұққан екен. Сол жағымнан пыр етіп көтерілді де, қайта жерге топ етіп құлап түсті. Оң қанатын сабалап, сол қанатын сүйрете қашады. Менің қумағанымды сезіп, қанатын салбыратып, ақсаңдап ауыр жараның жанына батқанын танытып тұр. Шынымен-ақ, жыртқыш құс тепкен екен деген оймен оған қарай жүрдім. Кекілік те әрекет жасап, менен қаша бастады. Бұрынғыша бір жанына қарай шоңқиып, ақсаңдап барады. Қалмастан соңынан ердім. Біршама ұзағаннан соң, жорғалай барып көтеріліп, тұмсықтан айналып кетті.


Айналасына сүйсініп, «Балапаныңа деген аналық қамқорлығың шексіз-ау» деп тұрып қалдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу