06.02.2022
  232


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

ҚЫРАН ҚҰС НЕ АЛМАЙДЫ САЛСА БАПТАП

Қасқасу сілеміндегі «Бүркіт ұяны» Жұмалы қарттың бақылағанына бірнеше күн. Колхоз малы жайлауға келгелі қашан. Малшылар қауымы күнделікті тірліктерін атқарып, жайлаудың көз тартар көк майсалы беткейлерінде ақтылы қой, жылқыларын жайып, мәре-сәре. Ал Жұмалы атаның жылқыдан қолы босай қалса, істейтін тірлігі құсбегілік.


Арманы – қарабар қын, кең топшылы тау бүркітінің балапанын алу.


«Бүркіт ұяға» балапан салған қос қыранды бір күн де назарынан тыс қалдырған емес. Олар алғашқыда ұясына ұсақ аңдарды тасып жүрді. Құсбегінің күткені бұл


 


емес, басқа болатын. Бүркіт ұяға ірі аңдар шығарса, балапандарының жетілгені, алуға болатыны да осы кез.


Күн сәскелікке көтерілген Жұмалы қарт «шаңқ» еткен қыран даусын есіткенде, өз құлағына өзі сенбеді. Бүркіттер тек ірі аң алғанда ғана бір-біріне осылай дыбыс беретіні оған мәлім. Айналаға көз салған қарт қос қыранның тамашасын көрді.


«Қорғантас» тауының күн шығыс беткейінен «Борлы» асуына қарай екеуі айнала ұшып көтеріліп келеді. Бірі – төменде, екіншісі – жоғарыда. Екеуінің ара қашықтығы арқан бойы. Алдыңғысы аяғындағы қомақты аңын бүре түсіп, екпіндей шырқап барады. Жоғары бүркіт «шаңқ» етіп хабар береді де, ілген аңын кенет тастап жіберді.Сол мезгілде астындағы айнала ұшқан бүркіт көз ілеспес жылдамдықпен аңды қағып алды да, жоғары көтеріле берді. Осылай алма-кезек алған аңын «Үшқарасай» биігіне сатылай көтерген бүркіттер деңгейлі биігіне шығып алған соң, құзарлы Қасқасу шатқалының жылтыр шың тасына қарай төтесінен самғай салды.


Биікте тұрған қарт аңшы «Бүркіт ұяға» қарай кеткен қос қыранға сүйсіне қарап өзінің саятшылық жоспарын жасады.


Жылқыдан оралған бетінде көптен өзі баулап, аңшылық кәсіптің қиын да, қызық әдістеріне қанықтырған немере інісі Батажанға көргендерін түгел асыға түсіндіріп жатыр:



  • Ертең таң саз бере атыңды ерттеп, маған кел! Ұзындығы екі құлаш сырғаулы кесіп ал! Сырғауылды «Жерігентал» тоғайынан кес! Көк тал сынбайды, тарамыс келеді. Күн шықпай аттанамыз. «Бүркіт ұядағы» балапандар жетілген көрінеді. Бүгін қос қыран тоғайдан борсық көтеріп шығып ұясына алып кетті. Демек, балапандары үлкейген.


Шығыс жақ бозамықтанғаннан тұрған Жұмалы қарт Торы төбеліне ер салды. Әрбір керекті заттарын мұқияттап алып, қоржынына тоғытып жатыр.


Ертелеп атқа қонған екеу шағыл қия мен жықпыл тастардың арасымен өте сақтықпен жүріп отырып, «Бүркіт ұя» маңына келіп жетті.


 



  • Жетер, атты қинамайық, - деп, қария аттан түсіп, шалбарын тобылғыға байлады.


Қарт шешімін Батажанға дәл осы жерде айтты:



  • Сонау тұрған жалтыр құздағы үңгірді көресің бе? Балапандар сонда. Бүркіттер аңшылап кеткен болуы керек. Балапан жас болса, алдындағы үйінді ағаштың үстінде отырар еді, есейген соң сақтық жасап, ұя түбін мекендейді. Әнебір үстіндегі аршаға байлап, екінші ұшын сенің беліңе байлаймын. Ал мына сырықты беліңдегі арқаннан көлденең өткіз, даршылар сияқты, сол жерде пайдалану әдісін үйретемін. Арқанды саумалап жіберіп тұрмын. Арқанда тас кеспеу үшін сырықты қабырғаға тіреп, өзіңді көтеріп отырасың. Ұяға жеткен соң, сырықтың ұшын сол жағындағы жақпар тасқа тіреп, ұяның алдына жайлап түсесің. Онсыз үңгір алдына, қуыс жерге жетуің қиын. Өзіңді-өзің итеріп апарасың. Болжамды жерге жеткен соң, асықпай мына орамалды алып, үңгірдің тегіс жеріне жаз. Балапан болса да оңайлықпен беріле қоймас, пешпетіңді шеш те, бас сап Қанатының қауырсындарын сындырып алма. Астына сол жерден майда ағаштың бұтағын салып, кәдімгі бала бөлегендей бөле. Қанаттарын орындарына жатқызып, қауырсынын сынбайтындай етіп бөле. Орар кезде екі аяғын құйрығына қарай жатқыза байла. Барлығы дайын болған соң, баяғы жазған орамалға жатқызып, орамалдың төрт ұшын бекітіп, арқанның ұшына жалға, сөйтіп арқанды жай сілкі. Істейтін тірлігің осы.


Жұмалы қарттың айтқандарын бұлжытпай орындаған Батажан қос бүркітті қолтықтап қайтты.


Тау ішіне ызғарлы сұр бұлтын қаптата, ұсқынсыз, суық күз де келіп жетті. Қос балапанның сары жүні түсіп, ересек бүркіт тұлғасына келіп қалған кез. ІІІырға тартып, бүркіттерді аң аулауға үйретумен Батажан уақыттың қалай өткенін сезбей қалды.


Екі құста екі түрлі мінез. Әсіресе Қаражанның мінезі өзгеше: Саны тұтам төрт елі, қысқалау, шоқпарсанды. Орамының ауқымы кең. Жіліншігі сіңірлі, саусақтары алшақ. Сыртқы түрі қарабарқын, жауырыны сыртқа шығыңқы, мықты, кесек тұлғалы болып өсті. Ал екіншісі – Жезтырнақ болса, ақ иық,


 


құйрығының қарасынан ағы көп, ақ балақ болып жетілді. Қаражан өте ашушаң, көзі қанталап, алақ-жұлақ етіп, дөң ашудың белгісін айтпай танытқандай. Жұмалы ата осы бүркітке аса ден қойған. Тап басып, қоя тастауынан сүйсінеді.


Бірде өзі топшылай келіп, Батажанға былай деді:



  • Балам өмірімде құс салып жүріп, мұндай ашушаң құсты кездестірген емеспін, бір шықса, осыдан шығады. Жезтырнақ-қанатты ұсақ аңдардың құсы. Құс атасы – Қаражан, - деген масаттанып...


Алғашқы күздің қарадауыл жаңбырында Дәубабадан құс көремін деп келген жиен Кемербек «Құсыңды қондырып көрейін» деп болмаған соң Жезтырнақты шешіп берген. Ауыл маңында, мақтанып саламын деп, қашырып алған. Жел көтерген бүркітті жақын маңайдан таба алмаған. Жұмалы қарт жалғыз жиені Кемербекке ештеңе дей қоймады.


Биыл Қаражан үш түлек, үш жылғы еңбектің нәтижесін көрсетер жыл – дәл осы жыл Қаражан ірі аңдарға түспесе де, жыл сайын қояң түлкінің қырғыны болып, әбден төселіп алды. Қаражанның кемел шағы да келіп жетті. Осы күз ірі аңдарға салуға үлкен дайындықтан өтіп жатты. Жумалы қарттың күткені қансонар. Сұр бұлттанып тұрған ауа райы кілт өзгеріп, қыбыжықтап қар жауа бастады. Қыбыжық қардың арты жапалақ қарға айналып, төпеп кеп берсін. Сол жауған қар түс қайта басталып, таң қараңғысында ашылған. ІІІың еткен дыбыс жоқ, мүлгіген табиғат. Ақ сәукелесін жамылған ағаштардың басы тымық ауа тыныштығына бой ұрғандай. Аппақ қарды есілте басқан ат тұяғының дыбысы қарсы бетке жаңғырып, тау қойнауына сіңіп, мүлгіген табиғатты оятқандай. Қар бетіндегі моншақтар жылтырап, көз ұялтады. Армандары болған алғашқы қансонар Жұмалы мен Батажанды өрге сүйреп асықтырып барады.


«Тоғызқұмалақ» төбесіне шыққан Жұмалы ата атын тоқтатып, ерге бір жамбастай отырып, сөз бастады.



  • Мен сонау «Темірқорытқанның» төбесінде тұрамын. Сай-сала түгел көрінетін жер сол жер. Ал сен мына Қапшағайдың аузынан кіріп, күнбатысқа қараған бетін сүзіп шық. Дабылды қалың жыныс тұсында қаттырақ қақ. Сонан соң «Итөлген» саймен айналып маған шық. «Жамантас» беткейін де сүзіп


 


шығамыз, - деп байлауын айтты да, еріне түзеліп отырып, мезгеген жеріне қарай жортып кетті.


Жұмалы қарт айтқан орнына жеткенде, Батажан да Қапшағай беткейінің сусымалы қорым тасын ат тұяғымен шықырлата басып, отқа-текте қамшысының сабымен етігінің қонышын ұрғылай отырып, барлық қалтарысты жіті тінтіп келеді. Алғашқы кезде із шала алмай келе жатқан Батажан «Итөлген» сайға кірген шошқа ізін көрді. Қалың бұтаға кірді деп шамалаған ол жанамалап барып дабылды қағып-қағып жіберді. Дабыл даусынан үрке шыққан бір топ шошқа биікке қарай жөңкіле салды. Түрлі дыбысты айыра білетін Қаражан тоят тілеп, қара сұр көзі қанталап, тағатсыз талпынып, кеңістікке босауын күтіп, шыдамсыздық түр танытуда.


Тау басындағы адамды көріп, шошқалар қиялай салды. Аңды сезген Қаражан қатты талпынып, аңшының қолынан сып етіп шығып, самғай барып көтерілді. Бүркітті қалай шығарып алғанын Жұмалы ата сезбей қалды. Сәтсіз ісіне өкінген қарт бүркіт соңынан шаба жөнелді. Қыранның түсер жерін шамалап, Батажан да атына қамшы басты.


Аспанға тік көтерілген Қаражан жерге жіті көз тастап, айналып ұшып, тоңқаңдай шапқан аңдардың ағашсыз ашық жерге шығуын бағып, көтеріле берді. Айналасы ағаш, ат шаптырым алаңқайға іліккен шошқаға қанатын тас түйін қылып қомдап алып, сақпаннан атылған тастай зырқырап, биіктен сорғалай құлаған Қаражан соңғы қара-ала шошқаға болат тұяғын қадай түсті. Діттеген жеріне тиген төрт найза шошқа сауырын кірш-кірш түйреді. Сол аяғымен сауырдан бүре ұстап, оң аяғын шошқаның басына жеткізе алмай келеді. Түлкіге түскенде сол аяқпен сауырдан ұстап, оң аяқпен басты бүре қысқанда бел омыртқа күрт сынар еді. Бұл жолы олай болмады. Қанша әрекет жасағанымен оң тұяқ басқа жетпеді. Ызалы бүркіт шошқадан айырылар емес. Өліспей беріспес өжеттік оты ұшқындап, салалы саусақтарын жемтігіне құшырлана қадап келеді. Екі қанаты жалпылдап, жөңкіле шапқан шошқаның аяқ тастасынан қалысар емес. Үстіндегі ажал төндірген бәледен құтылу қамына кіріскен хайуан қарсы тұрған бұтақты, үстін шымқай бүр басқан үйдей арашаға сүңгіп кетті. Бұтақ


 


қаққан Қаражан арша бүрінің үстінде жайылып қалды. Ашулы бүркіт бір-екі рет шаңқылдап, қанатын қомдап, жер бауырлай барып, іле тік көтеріліп, түзеліп алды да, мөлдір аспан биігіне көтеріле берді, көтеріле берді.


Қаражаннан секем алған Жұмалы ата Батажанды қасына шақырып алды.



  • Балам, сақ бол! Қаражан тым ашулы. Шошқаға бекер жібердім. Қате болды. Тез аттан түсіп, атыңның бауырына кір. Бұл найсап өзімізге түсетін болды, - деп домалай аттан түсіп, ат бауырына кіріп, түз жыртқышын сенімсіздікпен бақылай бастады. Әбден аспандап алған бүркіт көз ілеспес жылдамдықпен қанатын қағып-қағып жіберіп, лезде тастай түйіліп, адамға қарай ұрды. Сүйірлей ұстаған денесі ауаны ысқыра тіліп, жақындай бере он екі қарыс қос қанатты жаза түсіп, Торытөбелдің басына сегіз найзаны қадай бүріп отырып қалды. Қанды көзі от шашып, жан-жағына жіті қарап; ат көзін енді шоқи бермекші еді, Жұмалы қарттың «Қаражан-Қаражан», - деген дауыс бір сәт ашу тасқынын басқандай болды. Қолдан тоят жеп үйренген құстың ашудан гөрі тамаққа тәбеті ауғандай.


Ат бауырынан шыққан ата қолына қызыл ет ұстап, тып алды. Қасарысқан қос шеңгелден құтылған Торытөбел оқырынып салды. Көпке дейін ат бойындағы діріл басылмады. Шеңгел батқан басын шұлғылаумен сол күні Торытөбелдің жүрісі өнбеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу