06.02.2022
  217


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

ҚОСКӨЛДЕГІ ҚОС ҚОРЫҚШЫ

«Гурс» еткен мылтық дауысы тау сілімдерін қуалай жаңғырып, жер дүниені күңіренте сіңіп жоғалды. Селк ете қалған су жағасында отырған орманшының баласы тау шатқалының түкпір-түкпіріне жіті көз тікті.


Әке-шешесі елден әлі оралған жоқ. Азық-түлік қамдауға кеткендеріне екінші күн. Кластас досы Саша екеуінің иесіз тауда жатқандарына да екінші күн. Сәкен мен Саша екеуі егіз қозыдай бірге өсті. Сәкен ағасы Байтаспен қалаға көшіп келгенде, небәрі жетіге жаңа толған болатын. Әкесі Құлтай балаларын шығарып салып тұрып: – Балам, Сәкенді орыс мектебіне бер, адам болсын, ұлы халықтың өнерін білсін, тапсырма сол! - деген болатын.


Сәкен қалада, ағасының қолында жүріп көршісі Сашамен бір класта оқыды. Күнде мектепке бірге барып, бірге қайтады. Екеуі бір үйдің баласындай. Саша мен Сәкен атасының қолында жаз қызығын бірге өткізеді. Қолдары босай қалса, осында Қоскөлге Николай мен Мария Ивановтар да келіп кетуге құмар. Көбіне балаларға қамқоршы Мария апамыз.


Ал Николай болса, Құлтай атамен тіл табысып, ақыл-кеңестерін айтып жүргені.


Сашаның үйге шай қоюға қалдырып, өзі қой алдына кеткен болатын. Енді міне... Сәкеннің басына неше ойлар келіп, нешеуі кетті.



  • Мына сұғанақтар кім болды екен. Өзім барып білсем бе екен. Әлде Сашаға хабарлайын ба?


 


Уақыттан ұтылғысы келмеген Сәкен қойдың бетін бері қарай қайырып, екі өкпесін қолына ала үйге қарай ұшты. Көкбелестен асып түскен Сәкен сол жүгірісінен танбай Сашаның жанына жетіп, бірақ тоқтады.



  • Саша шайды қоя тұр. Түнде біз ұйықтап жатқанда, браконьерлер өтіп кетіпті. Тау арасын күркіретіп мылтық атып жатыр. Сазаната шатқалына кеткен жеңіл машинаның ізі бар. Қалайда әкем келгенше оларға жол бермеу керек.


Екеулеп қойды қораға қамады да, шатқалға қабырға жолмен тіке тартты. Биік тастар мен шоқы құздарға шығып, тау аңғарларына дүрбі салып келеді. Әзірше сезікті ешнәрсе білінбейді.


Егекке түсіп, машинаның ізімен жүрейік, жолға дөңгелек бедері анық түспесе де, ізді байқауға болады, - деп кеңес берген болды Саша.



  • Браконьерлермен ашық шайқасқа шығуға болмайды,-деді Сәкен тұнжыраған ойлы үнмен. – Біріншіден бұлар әкемнің жоқ екенін біледі. Жуық арада оралмайтынын тағы біледі. Екіншіден машинасын айдалаға иесіз тастап кетпейді. Түн қараңғылығын пайдаланып, кері өтіп кетуді жоспарлаған болуы керек.

  • Саша, сен кейін қайт та, жаңағы өзіміз шыққан саймен төмен түс. Машинаның ізін тап, сол жолмен осы тұсқа дейін кел. Мен сыртыңнан бақылап отырамын. Қорықпа. Сонау түбектен маған көрінбей қалуың мүмкін. Сақ бол бауырым! Біреу-міреу кездессе, ат қарап жүрмін де. «Құлтай атаммен жаңа келіп түстік, маған атты тауып кел деп жіберді. Соны іздеп жүрмін», -дегейсің. Бар, жолың болсын.


Жүрексініп тұрса да онысын сездіргісі келмей. Саша кейін қарай жүре берді. Сәкен тағы да дүрбіге үңілді.


Өткен оқу жылының апрель айы. Биология пәнінің мұғалімі Александр Андреевичтің басшылығымен оқушылар «Біздің кең байтақ Отанымызда» атты көрме ұйымдастырды. Сол көрмедегі Саша екеуі жасаған «Табиғат және біз» стендісі жоғары баға алған йоді-ау. Александр Андреевичтің туған өлке табиғатына жасаған көп жылғы бақылаулары жайлы пікірі көпшілік көңілінен шығып, оқушылардың табиғатқа құштарлығы арта түскен. Әсіресе «Табиғаттың


 


ұлы тепе-теңдігі» туралы көп дәлелдемелері әрбір оқушының қиялына қанат бітіріп, ой салған болатын.



  • Мынау ересек адамдардың бұл не қылығы? Жоқ, бұлай еткізе қоймаспын деп ойша бекінген Сәкен алдындағы шоқының қылтасынан асып, келесі шоқыға иек артты.


Міне, қызық, екі сұр киімді адам еліктің аяғын сереңдетіп, мүйізінен ұстап, сүйретіп келеді. Жан-жанына өте сақ, қорқаулана қарайды.


Кенет төменгі жақтан, су жағасынан ысқырық естілді. Сұр киімділер тобылғы мен үшқат аралас өскен қалың бұта арасына жасырынып, бойын көрсетпей баспалап, ылдиға көз тастайды. Сәкенге бәрі алақандағыдай көрініп тұр. Сәкен бұларды бақылап отырғанда Саша да жолмен өкпе тұсқа жетіп үлгіріпті, алаңдап, жан-жағына қаранып, сақ адымдайды. Шамасы елсіз тауда елегізіп келеді. Сол кезде су жағасындағы қайыңның арасынан Сашаға қарсы сұр киімді үшінші адам шығып, қарсы жүрді.Саша жүрісін бәсеңдетті. Сыр білдіріп қоймаса етті.


Сұр киімді, көкжал жүзді, ұзын бойлы адамнан жүрегі шайлықты. Қорыққанынан қаша жөнелгісі де келді. Бірақ намысы жібермеді. Әлгі адам қүлімдеп келеді. Жөн сұрасты.


–Сәлем. Жас бала, не іздеп жүрсің?



  • Атаматқа жіберіп еді.

  • Атам? Бөтен адам біраз тоқталып қалды, – Сен орыс емессің бе?

  • Болса ше? - деп кекесін жауап берді Саша.

  • Ә, онда жақсы атың мұнда жоқ. Күн шашырап шыққанда сонау беткейде бір-екі жылқы көрінген, - деп күн батыс жақтағы Қапжайлауды нұсқады.


Бұл тауда ат түгілі сайтан да жоқ екенін іші сезіп тұр. Алдауының түрін...


–Сіз бұл жерде не жұмыспен жүрсіз?


–Бала біле білсең, бізде жұмыс көп. Сонау Сайрам шыңын көрдің бе? Сол шыңға жылда шығамыз. Спорттың бір түрі ғой. Әрине, рұқсатымыз бар. Ертең немесе бүрсікүні қайтамыз. Палаткамыз да сонда. Отынымыз таусылып, төменге түсіп едім. Шың түбі мен шың беткейінен бір түйір ағаш таппайсың. Сені көрген


 


соң білейін деп..., ал қош, мен асығыс едім,-деп жолға түсіп, өрге қарай жүре берді.


Енді не істеу керек деген ойға қалып, аңтарылып тұрғанында, сұр киімді алдағы қырқадан асты. Әлгі қайда кетті деген оймен ілгері жүрді. Шөпті жапырып, ағаштарды сындырып, бөтелкелерді қиратып, қағазды шашып, дәм қалдықтарын жасырмай кеткендерінің куәсі болды. Таңданып тұрғанында тұла бойын тер басқан Сәкен де келіп жетті.


Ол асығыс сөйлей бастады. «Сені сыртыңнан бақылап отырдым. Браконьерлер елікті арқалап, «Суағарға» кіріп кетті. Тез кетуіміз керек. Сен жолыққан адам достарына жайсыз хабарды жеткізді білем, бәрі өте асығыс. Анау қайың арасында машиналары жасырулы тұр. Сен осында қалып бақылау жаса, көріне қалса, маған қарай тас лақтыр. Қашып құтыламыз. Мен машинаны істен шығаруға кеттім, - деді де Сәкен жүгіріп кетті.


Ол әп-сәтте дөңгелектердің желін түгел шығарып жіберді.



  • Жүр, кеттік. Ұсталсақ, аямайды.


Екеуі жарыса төмен қарай зырлап келеді, арт жағына қарай-қарай зымырайды. Сәкенді ауылға кеткен қорықшы әкесіне жіберіп, иесіз тауда Саша жалғыз өзі қалды. Ат құлағында ойнайтын Сәкенге ауыл екі сағаттық екенін білетін Саша оны қуана шығарып салып, көңілін бір демдеді.


Түннің бір уағына дейін бал арасының бос жәшігіне тығылып отырғанда келе жатқан машинаны көрді.


Машина жарығы алдымен тау беткейлерін тілгілеп, бірте-бірте жақындап келеді. Сашаның жүрегін қуаныш кернеді. Көп ұзамай алаяқтар да қолға түсті.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу