Өлеңдер ✍️
Қадыр түнгі талпыну
Қыс кезіп жүр даланы күміс табан,
Тазарды әлем өкпесін түн ыстаған.
Тереземнің түтеді ақ түбітін,
Тентек аяз тісі өтпей жыны ұстаған.
Қыс кезіп жүр даланы әппақ етік,
Топас түнді барады таптап өтіп.
Осқырады Боз бедеу ай тағалы,
Қалсам ба екен аңсатқан жаққа кетіп.
Күміс шашу шашып тұр тылсым шыған,
Мұз мұртынан күлгенде, су сыңсыған.
Боз бедеумен өтіп ап басқа әлемге,
Түннің қарап тұрсам ба ту сыртынан.
Басқа әлемнің көпірі далам қарлы,
Сиқырлап тұр сазымен санамды арғы.
Бүгін өтсем өткенім! Өте алмасам,
Мынау бәңгі қапаста қалам мәңгі.
Алмай тұрып санамды жын жадылап,
Жолға шығып кетейін жылдамырақ.
Қиыр кезген Қызырға ілесейін,
Қар жамырап жатқанда, қыр маңырап.
Күміс қасық нұр шашып тынысты ашып,
Сансыз сәуле жөнелді қылыштасып.
Үзеңгіге салайын аяғымды,
Бөгеп қалмай тұрған да түн ұстасып.
Шақырып тұр абат кент, асқақ ғалам,
Маған енді жарамас бас сақтаған.
Маңдайына моламның мөр ғып басар,
Боз бедеудің тағасын тастап барам.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter