Өлеңдер ✍️

  06.02.2022
  146


Автор: Светқали Нұржан

Ініге

Дүниенің доғарып дөңгелегін,
Шабытымның қаңтарып кер дөненін.
Сезім - салғырт, ой - мимырт, сана - күңгірт,
Тартқан шақта демді үзіп, мен де өлемін.
Мен де өлемін, мен бірақ түнде өлемін.
Жылар бұлтты қымтанып жыр - желегім.
Орынымды сипалап қалады інім,
Сұм Ажалдың біле алмай бір дерегін.
Улағанда тіршілік - түрме шіріп,
Жату үшін арқайын бір көсіліп,
Бір жұлдыздың соңынан еремін де,
Түннен шығып, кетемін түнге сіңіп.
Ал таңертең зәрдектен біраз алған,
Сүйекшілер жүреді ұра қазған.
Інім келіп солардан жөн сұрайды,
Білмек болып бір дерек сұм ажалдан.
Кәсібіне тұрса да болмай құштар,
Бойларында кім ұққан қандай күш бар?
Көр қазу мен көмуді меңгергенмен,
Ажал жайлы не білсін, ол байғұстар?! 
Содан кейін кезіккен елден сұрар,
Айдан, күннен, тау мен көл, желден сұрар.
Сұрай жүріп, үмітін сынай жүріп,
Аға отырған өзі де төрден шығар.
Жабыспаса бір пәле көлденеңнен,
Қоштасамын аһ ұрып мен де өлеңмен.
Жұртты қойшы, ізіңді баса-тұғын,
Өлгеніңді інің кеп көрмеген жөн.
Көрмегенсін сенбейді өлгеніңе,
Алласының тәубе етер бергеніне.
Інімді ажал ізінен адастырып,
Мен жатамын оранып жөргегіме.
Інім, сөйтіп, өлімнен құр қалады,
Жар жалалы болмайды, жыр налалы.
Ол - ажалды таба алмай, ажал- оны,
Мәңгі өмірдің қауызы бүр жарады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу