Әңгімелер ✍️
Дума комитетіндегі қазақ қызы
Бұдан бес-алты жыл бұрын Мәскеуде шығатын «Жизнь национальностей» журналының түскені бар. Баяғыда Кеңестер Одағының шаңырағы астында бас құраған саналуан ұлттардың тыныс-тіршілігін кеңірек көрсету үшін Максим Горькийдің бастауымен дүниеге келген журнал дәл осылай аталған еді. Бертін жабылып қалған сол басылымды жаңғыртып, тоқсаныншы жылдардың басында Ресей Федерациясының Ұлт істері мен федеральдық қатынастар жөніндегі министрлігі жаңа жағдайға орайластырып, жарыққа қайта шығарды. Оған түрткі салып, ұйытқы болған Мемлекеттік думаның Ұлт істері жөніндегі комитеті еді.
Журналды аудара қарап ақтарғанда, көзіме алдымен түскені «Тұтас ғасырға созылған дау-талас» атты мақала болды. он тоғызыншы ғасырдың аяғынан бастап, өткен жүзжылдықтың ұзына бойында ұлттық-мәдени автономия мәселесі айтыс- тартыс пен дау-таластың бұрқаған дауылын ауық-ауық туғызып келгені белгілі. Сондықтан да Ресей думасының «Азаматтардың ұлттық-мәдени бірлестігі туралы» қабылдаған заңы аталмыш мәселеге қойылған соңғы нүкте сияқты еді. Оның үстіне қоғамдағы қауырыт экономикалық һәм саяси реформалардың кең құлаш жаюы мәдени-ұлттық қатынастардың мәнін айшықтай түсіп, ерекше екпін туғазғанын айта келіп, автор Ресейдің ұлтаралық қақтығыстардан әлі де ада-күде арыла алмай отырғанын атап көрсетіп, себеп-салдарын тарих қойнауынан іздеп, өткен кезеңдерге ой көзін жібереді. Осы орайда автордың ел тарихын терең біліп,
ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдай алатын шеберлігі, тың пікірлер түюі тәнті етеді.
«Азаматтық қоғамның ашықтығы ұлттық азшылықтың құқығын шектей алмақ емес, - деп жазады ол. –Ресей Федерациясы аз ұлттардың құқығын қорғау жөнінен Еуропалық кеңестің алдында жауап береді. Бәлкім, ол жауап жеке заң немесе декларация тұрінде болар. Әрине, оны уақыт көрсетеді. Ал мұның маңыздысы басқада: тарихи жағдайларды, ең бастысы, бүгінгі таңда қалыптасып отырған шынайы ахуалды есептей келгенде, азаматтардың қоғамдық бірлестіктердің ең бірегей түрі-ұлттық – мәдени автономия болып табылады. Ол әншейінде айта беретін ұлттық даму дегеннен азаматтық қоғамға тән мәдени құндылықтардың мәнді мәселелеріне біртіндеп көшуге жәрдемдеседі. Ұлтты- мәдени автономия дегеніміз, адамның ұлттық мәдени қажеттерін айқындауына тең құқық беретін қоғамдық бірлестіктің бір түрі. Сондықтан оған дәстүрлі қөзқарас шеңберінен шығып, жаңаша қарау қажет». Мақала авторы тарих ғаламаның кандидаты, Мемлкеттік думаның ұлт істері жөніндегі комитенінің кеңесшісі Раушан Қанапиянова екен.
Өз басым, Раушанның атына да, затына да көптеген қанық болатынмын. Кезінде ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жауапты қызметте болып, кейін Ақмола облаткомы төрағасының орынбасары қызметіне жіберілген. Одан КСРО Жоғарғы кеңесінің аппаратына жауапты қызметке шақырылып, Одақ тарағаннан кейін оны Ресей думасының Ұлт істері жөніндегі комитетіне алып қалады. Онда алғаш кеңесші болып істеген ол қазір комитеттің аппарат жетекшісі. Ұлт істері жөніндегі көптеген келелі мәселелерге ұйытқы болып жүрген ол бұдан төрт жыл бұрын Түркі тілдес халықтардың салт-дәстүрін сақтауға ықпал ету жөнінде әйелдредің аймақаралық қоғамдық ұйымын құрды. Оның ұйым президенті ретінде атқарып жүрген жұмысы ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай.
1999 жылы осы ұйымның мұрындық болуымен Мәскеуде Еуразия әйелдерінің Бүкілресейлік жиналысы өткізілді. Оның тақырыбы да елең етерліктей: «Аумалы-төкпелі әлемдегі әйел: жанұя және мәдениет һәм ұлттық дәстүрлер». Оған орыс елінің әр өңірінен: сонау Сахадан бастап Қалмақ,( Татар, Башқұрт Республикаларынан, Орынбор мен Камчатка облыстарынан, Қырымнан өкілдер қатысты. Әзірбайжан, Қазақстан және Украинадан меймандар келді. Жиналыста қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөлі мен орны, олардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуы, мәдениет пен отбасындағы салт-дәстүрдің сақталуы мәселелері талқыланды. Еуразия әйелдерінің үкіметтік емес ұйымдарының ассамблеясы туралы ереже бекітілді.
Аталмыш аймақ аралық ұйым Ресейдегі қазақ ұлысының ғана емес, күллі түркі тектес халықтар арасында қыруар ағартушылық жұмыс жүргізеді. Түркі әйелдері кездесу кештеріне өз қандасын көбірек тартуға тырысады. Қазір Мәскеуде қазақ тілін оқыту жөнінде жексенбілік сынып жұмыс істеп, онда жетіден он төрт жасқа дейінгі балалар оқиды. Қазақ қыздарының хореографиялық ансамблі «Россия» концерт залының сахнасында жиі-жиі өнер көрсетіп, көрермендерін дән разы етіп жүр. Кейде мұндай концерттерге Қазақстан облыстарынан да өнерпаз шақырылады.
Бұрынағы жылы осы ұйымның бастауымен Алматыда «Қазіргі ұлттық киімнің асқақ сәні»атты халықаралық бірінші конкурс сәтті өтті. Оған достастық елдерінде тұратын көптеген түркі халықтарының өкілдері қатысты.
Ал былтыр күз ұлттық киім үлгісінің осындай халықаралық екінші байқауы Мәскеу қаласының өзінде өткізілді.
-Бұндай байқауларды өткізу – ұлттық қоғамдық ұйымдардың суретшілер мен сәнгерлер және дизайнерлердің шығармашылық одақтармен ынтымақтаса жұмыс істеуінің бір тиімді түрі, - деген еді Раушан Мұсаханқызы газет тілшісімен сұхбатында. – Мәселе мынада: қазіргі сән үлгісінің классикалық ежелгі киім түрлеріне зер салып, назар аударуы біздің байқауларымыздың кәсіби ғана емес, қоғамдық саяси маңызын да күшейте түседі. Ұлттық киім үлгісін алға тарту жәй ғана сән-салтанаттың ауқымынан асып, ұлттық-мәдени автономия бірлестігінің шығармашылық арнадағы маңызды туындысына айналғалы тұр. Сайып келгенде, бұл байқау әйел затының өз қарым-қабілетін танытуына мүмкіндік туғызатын ұтымды шара.
Аймақаралық әйелдер ұйымы өз жұмысына Ресейде тұратын танымал қазақ қыз-келіншектерін де кеңінен тартып отыр. Олардың арасында Санкт- Петербургтағы Мемлекеттік поляр академиясының ректоры, профессор А.Шаукенбаева, Әлемдік экономика институтының ғылыми қызметкері Д.Өтегенова, Омбыдан А.Жақыпова, Орынбордан Р.Ахметова, Алтай өлкесінен Т.Мұхтасырова, Мирный қаласынан Г.Бейсенбаева сияқты әкімшілік қызметкерлері және О.Жанайдарова, Г.Жексенбина, А.Адамова секілді мәскеуліктер бар. Солардың ынта-жігері арқасында орыс астанасында наурыз мейрамын атап өту қолға алынып, қайта қалпына келтірілді. Бір жылдары бұл мейрам Одақтар үйінің Бағанды залында да өтті.
Әрине, әйелдердің қабілет-қарымы той-томалақ, ойын-сауық өткізумен не жоғарыдағыдай ісмерлігімен, он саусағынан өнер тамған шеберлігімен ғана шектелмесе керек. Олардың ел билеу ісіне де белсене қатысып, мемлекеттік қызметті де дөңгелетіп әкететінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бұған Ресейдің Дума комитетіндегі қарындасымыз, қандасымыз һәм жерлесіміз Раушан Қанапиянованың күллі еңбек жолы айғақ. Ол өзін қызмет тегершігінің көп тетігінің бірі санаудан әсте аулақ. Қашан, қайда қызмет атқарса да өз ісіне асқан жауакершілікпен қарап, жаңалық іздеп дамыл-тыным таппайды.
Ұдайы үйреніп, ізденіс үстінде жүретін жерлесіміздің қаламынан мағынасы терең, мазмұны кемел бірнеше кітаптың тууы да содан. Осылардың ішінен
«Мемлекеттік қызметтегі әйел: қазіргі саясат және келешек » пен «Әкімшілік басқару элитасы құрылымындағы гендерлік ара қатынастың философиясы» атты екі еңбекті айырықша атап өткен абзал. Бұл екеуі де тарихи, танымдық, деректік материалдарға мейлінше бай еңбектер. Олардан орта ғасыр ойшылы Корнелий Агриппаның тәпсірлерінен баста, орыс патшайымы Екатерина II мен ағылшынның «темір ледиі» Маргарет Тэтчердің қарекет-қимылдары туралы тың деректер мен дәйектер табасың. Осыларды алға тарта отырып, ол бүгінгі таңда ел басқару ісінде әйелдердің әлі де аз екенін айтып, одан арылудың жолдарын нұсқайды. Отандық және шетелдік тәжірибелерді талдау ғана басқаруы XX
ғасырдың аяғына таман өз мүмкіндігін түгел сарықты, егер адамзат енді әйелдердің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірге қосар үлесін мемлекет басқарудағы еңбегімен теңестірмесе, ондай мемлекет өркениет жолымен өрлей алмайды, деген батыл тұжырым жасайды ол.
«...Қоғамда қазір әйелдердің саясаттағы рөлі туралы көбірек айта бастады, - деп өз ойын нығарлай түседі автор. – Шынында да, халықтың әйелдер құрамының саясатқа ден қоюы әдеттегі әйелдер қозғалысынан тыс албаты өрістеп барады. Мұның себебі не дейсіз ғой. Ең алдымен, елде бір тұтас әйелдер қозғалысы қалыптаспаған. Әйелдердің саясатқа ден қоюы әкімшілік-басқару құрылымындағы ерлердің қасталық қарсылығына тап келді. Әзірше әйелдер бізде іс жүзінде мемлекеттік басқарудан шеттетілген. Ал бүкіл әлем бүгінде әйел – бүкіл әлемге қатер» деген қағидасын сілкіп тастап, олардың мемлекеттік мәселелер шешуіне мүмкіндік туғызып отыр. Соңғы жылдары Ресейде әйелдердің болмашы билік құрылымына қатысуының өзі ұлғаюдың орнына азайып кетті. Қыз-келіншектердің, барлық деңгейдегі биліктен бойын аулақ салу үрдісі үдеп барады.Шын мәнінде қазір Ресейде билік басында әйел заты жоқтың қасы. Сонау кеңес кезеңіндегі Екатерина Фурцеваның көзіндей болып үкімет құрамында Валентина Матвиенко жүр еді, оның өзі де жақында біо өңірге президенттің өкілетті өкілі болып кетті. Оған қарағанда үкімет құрамында үш бірдей әйел министр бар Қазақстанның жағдайын иман-таразы екен. Үлкен бір ұлы елдің кемшіліктерін осылайша тайсалмай ашып айтып, қаймықпай бетке басып отырған қарындасымыздың батылдығына тәнті боласың. Оның еңбектері бүгін туып, ертең ескерусіз қалатындай емес, қоғамның көкейкесті мәселелерін көтерген ұсынарлығы, ұғынарлығы көп дүниелер. Қазіргі қыз-келіншектер өмірдегі қиындықтарды қалай жеңбек, оларға көмектесетін кім бар, табиғи дарын-қабілеті мен мүмкіндіктерін кәдеге қалай асыруы керек, әлде отбасы, ошақ қасы болып жанұя аясынан шықпай отырса бергені жөн бе, болмаса бәріне қолды бір-ақ сілтеп, мәдени, саяси және кәсіби жайсаңдардың ортасынан өз орнын ойып алуға белді бекем буғаны абзал ма? – деген сияты сан алуан сауалдар самсап алдан шыға келеді. Біздіңше, оның жауабын ең алдымен әйелдердің өзі біледі, тек оларға бөгет болмай, қол ұшын бері қажет. Қарындасымыз Раушан Қанапиянованың кітаптары тоқсан тару сол мәселелердің түйінін табуға көмектесерінде күмән жоқ.
Есіміне ертеден қанық, еңбегімен көптен таныс сол қарындасымызбен былтыр Көкшетауда хан Кененің 200 жылдық мерейтойы күндері кездесуге тура келді. Ол да төре тұқымының бір тұяғы көренеді. Түбі Абылай ханның немере ағасы Сұлтанбет төреден тарайды. Өзі қырқыншы жылдардың аяқ шенінде Көкшетау қаласында мұғалімдер отбасында дүниеге келіпті. Әкесі сол өңірге әйгілі ұстаз Мұсахан Қанапиянов он бес жылдай облыстық оқу бөлімін басқарып, партиялық қатаң тәртіпке бас имегені үшін қудаланып, ақыры ауыр науқастан Ертіс бойында дүние салған. Одан қалған үш ұл, үш қыздың бәрі де бүгінде еліміздің бетке ұстар санаткер азаматтары. Солардың бірі – Раушан Мұсаханқызы қазір Ресей Мемлекеттік думасының Ұлт істері жөніндегі комитетінің аппаратын басқарып отыр. Ол ежелден көрші екі елдің арасына ғана дәнекер болып қоймай,
бүкіл достастық мемлекеттерін мекен еткен түркі тілдес бауырларымызды байланыстырып отырған алтын көпірдей көрінеді маған. Мерейі үстем қарындасымыздың мәртебесі дәйім өсе бергей!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter