06.02.2022
  198


Автор: Сарбас Ақтаев

БАЛДАҒЫ АЛТЫН АҚ БЕРЕН немесе АЛАШТЫҢ АҚЫРҒЫ ХАНЫ

Кенесары Қасымов туралы толғау


 


"Жазмыштан озмыш жоқ" дегенмен, жазмыштың да өз заңдылығы болатын тәрізді.   Оның   дәлелі    үшін   тым    алысқа    ұзамай,   орыстың   ұлы   ақыны А.С.Пушкинді-ақ алайықшы. Декабристер қозғалысының идеялық дем берушісі әрі ең ізгі тілек қоры болған ол көтеріліс күндері ұзақ сапарда жүріп, Петербургке жете алмай, ереуіл аяусыз басып-жаншылып, жетекшілері дарға тартылғанда ауыр жазадан аман қалды. Кейін одан "сол бір алмағайып күндері астанада болсаң қайтер едің?" деп сұрағанда: "Сөз жоқ, Сенат алаңынан бір-ақ шығатын едім" деп жауап берген екен. Егер ол сол жолы жиырма алты жасында асылып, атылып немесе жер аударылып кетсе, оның орыс көркем ойының іргетасын қалаушы ұлы ақын болар-болмасы неғайбыл еді ғой. Сол сияқты кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде қуғын-сүргінді көп көріп, талай мәрте түрмеге түсіп азап шеккен өзіміздің Мұхтар Әуезов отыз жетінің зұлматында опат болып кетсе, қазақ әдебиетін айдай әлемге кім танытып, ұлы Абайды бүгінгі биігіне кім көтерер еді?! Ташкенттің хан сарайына тұтқиылдан басып кірген қаскөй дұшпан Көркем Уәлидің тұқымын тұздай құртып, басы сұлтанның өзі қып, отбасын түгел қырғанда он екі жасар Әбілмансұрды Ораз төлеңгіт қырға алып қашпағанда, қазақ хандығының еңсесін қайта көтеріп, орыс аюы мен қытай аждаһасының арасында біріне де іш бермей, елін, жерін аман сақтаған Абылайдай ұлы хан, майталман мемлекет қайраткерінің болар-болмасы да белгісіз еді ғой. Оның немересі Кене- сарының пешенесіне де жазмыш осындай тағдырды жазған. Ол да аранын ашқан


ажалдың аузынан атасы сияқты ойда жоқта аман қалған.


Патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы кескілескен күресте Қоқан хандығының қолдауына үміт артып, Ұлы жүз жерінде жүрген Саржан сұлтан қол астындағы қазақтарды өзіне қаратып билеп кетеді деп қауіптенген Ташкент күшбегі, яғни беклербегі оны өзімен келіссөз жасауға жіберсін деп әкесі Қасым төреге жаушы жіберіп шақыртып алады. Әкесінің айтуымен інісі Есенгелдіні ертіп жанына жиырма жігіт алып келген сұлтанды беклербек Әулиеатада қонақ қылып сыйлап, төртінші күні түнде бәрін де қырып салады. Тірі тұрса, туысқандарының кегін қайтармай қоймайды деп Кенесарыны да Қарнақтағы мешітте ұстап, зынданға салып тастайды. Қамауда жатып әйтеуір Қоқан ханы Мәделіге жол тауып, кісі салып босатуын өтінеді ол. Мәделінің мейірімі түсіп, "хан тұқымы, ақсүйек нәсілін ханға айтпай тұтқындау теріс болған" деп оны табанда босаттырып туған-туыс, үйелмен-сүйелменімен қайда барып қоныстанамын десе де ырқы деп қоя береді. Ал Кенесары бір жыл зарығып, екі көзі төрт болып зынданда отырғанда жазым боп кетсе, әкесі Қасым, ағасы Саржан бастаған отаршылдыққа қарсы ұлы жорықты кім жалғастырар еді деп ойлайсың. Жазмыш оған ел тәуелсіздігі жолындағы Саржан мен Есенгелді- Исатай мен Махамбет көтерген көтеріліс туын құлатпай тік ұстап, одан әрі апаруды бұйыртқан ғой.


 


Бұның бәрі де бір бастан патша үкіметінің "Сібір қазақтарын басқару туралы Жарлығынан" басталды десе де болады. Кіші жүзді түгел дерлік бодандыққа бағындырып билеп-төстеп алған патша әкімшілігі өктемдігін енді Арқа қазақтарына жүргізіп, байырғы тұрғындарды ата-мекенінен ығыстырып, орнына қаптатып қазақ- орыстарды қоныстандыра бастады. Бекіністер желісін Орта жүз жеріне дендей тартып, қазақ қырын айқыш- ұйқыш шандып тастауға тырысты. Кейінгі кезде оған қарсылық жасауға қауқары болмаған Уәли ханның дүниеден өтуі отаршылардың көктен тілегенін жерден берді. Жергілікті халық ханның үлкен ұлы Ғұбайдолланы ақ киізге көтеріп таққа отырғызғанына қарамастан, қазақ даласындағы хандық билікті жалпы жоюға жанталасты олар. Қыр халқын ішкі округтер арқылы басқару үшін дуандар құруға кірісті. Алғашқы дуанды хан ордасы — Көкшетаудан ашып, ханның өзін алдаусыратып аға сұлтан етіп сайлап жібереді. Айналасы он-он бес жылдың ішінде мұндай дуандардың саны сегізге жетті.


Аяқ астынан патша шенеунігі болып шыға келген Ғұбайдолла бұған қарсы шыға алмай, қалың бұқараның наразылығын қарт сұлтан Қасым төре білдіріп, Сібір генерал-губернаторы Капцевичке хат жолдап, дуандар мен бекіністерді жойып, қазақ қырынан орыс әскерлерін алып кетуді талап етті. Талап орындалмаған жағдайда шарасынан асып-төгілгелі тұрған халықтың ашу-ызасы неге соқтыратынын ескертті. Ескертпеге кұлақ асудың орнына патша үкіметі қырға әскерлерін үсті- үстіне төгіп, Ақмола жүйесіндегі бекіністер желісін үш жүз шақырымға созып, Ақтау қорғанын сала бастады. Қонысынан қуылған, өрісінен айырылған елдің сөйтіп бас көтермеске лажы қалмады.


Көкшенің терістігіндегі Шабақты көліне таяу сілемі — Бүркітті тауының баурайында 1802 жылы дүниеге келген отыз бес жасар сұлтан бұл тұста өмірлік тәжірибесі толысқан, ақыл-парасаты кемел дер шағында еді. Аға алдын орап билікке көп килікпейтін салқынқанды сабырлы осынау орта бойлы, ашаң жүзді, таңқы мұрын, сары сұр жігіт жауынгерлік тапсырманы қашанда ойдағыдай тындырып, ұдайы жасағының алдында жүріп үрысқа өзі бастап кірісетіні, қиналған жерде қиуадан жол тауып кететіні үшін сарбаздары жанындай жақсы көріп, атақ-даңқы кең жайылған- ды. Орыс тарихшысы А.Ф.Рязановтың "Қасымнан тарайтын төрелердің төңірегінде азын-аулақ толеңгіттерінен басқа күші жоқ Алайда, Кенесары сұлтанның қазақтар арасындағы ықпалы орасан зор, сондықтан да жаңа тәртіпке ең бастысы — орыстардың қырға баса көктеп енуіне байланысты рулар соның төңірегіне топтасқан" деп жазуы тіпті де тегін емес.


Көтеріліс тізгінін қолына алғанмен, Кенесары бірден бұзып-жарар батыл қимылға бармай, патша ұлықтарымен келіссөз жүргізіп бәрін келісім арқылы шешуді ойлады. “Ата-бабамыз мұра етіп қалдырған Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Олкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып қайтадан бекіністер тұрғызылды, — деп жазды. Ол Батыс Сібір генерал-губернаторына — Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім — екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі".


 


Оның Николай 1 патшаның өзіне сол 1837 жылғы желтоқсанда жазған хаты да осы сарындас. "Сіздің бабаларыңыз патшалық құрған кезде бізде менің атам Абылай хан болып тұрған тұста халық мамыражай бейқұт өмір сүріп, ешкім шырыш бұзған жоқ еді. Екі ел де тыныштыққа көлеңке түсірмей өзара сауда- саттық жасап, адамдарымыз алым-салық дегеннің не екенін білмейтұғын. Кейінгі кезде бәрі де басқаша болып, жұрттан алым алынып қысым көрсетіле бастады. Бейбіт қағида бұзылып, бағынышты бастықсымақтарыңыз сізді бүкіл қазақ халқы бодан болды деп алдайды. Атам Абылай билеген жерде сегіз бірдей дуанның құрылуы халықтың ашу-ызасын туғызды. Күллі қазақ халқын қыспаққа салмай, оның рахат өмір сүруі үшін бұрынғы жағдайды қалпына келтіруді өтінер едім" — деп жазды. Ол осылай қазақ халқының біртұтастығын сақтап Ресей қоластында болса да егемен ел дәрежесінде отыруын тілейді.


Орынды тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып орыс әскерлерінің қырдағы ойраны үдеп бара жатқан соң ол да айбат шақырып, қайратқа мініп қауырт қимылға кірісті. Онысын және жасырмай, бір ұлыққа жазған хатында орыс жасақтары мен жандайшап сұлтандардың зорлық- зомбылығы мен талап-тонауын, қыздарды тартып әкетіп, жас балаларды сатқанын, қаншама қырдағы ауылдарды ойрандап, жазықсыз жандарды өлтіргенін тізіп, өз ойын ашық айтты. "Сөйтіп, аға сұлтан Жамантай Бөкеев секілділердің жасақтары, көптеген бастықгары жазықсыз ауылдарды іргесін түріп қойып талап шаңырағын ортасына түсіріп, күлін көкке ұшырды. 1835 жылдан бері он бес жылдың ішінде ең кемі басты-басты он бес ауылды шауып, түгін білдырмай талап-тонап кетті. Біздің қазақтар бұндай қысым мен қанды қасап қырғынға шыдамай беті ауған жаққа босты. Сонда да олар басқан ізімді аңдып, дамыл-тыныштық бермеді. Сондықтан мен, Кенесары Қасымұлы, қолыма қару алып, өзім бас болып елді ұлы көтеріліске көтеремін",— деп жазды.


Былайынша, бұл азуы алты қарыс әулеттің дүшпанға қарсы жарияланған ашық та батыл соғысы болатын. Кенесары болса қазақ халқының де өз туының астына жиналатынына күмәнданған жоқ. Айтты-айтпады, оның жасағының орта жүз арасына енуі қауға тиген (ірттей боп, қазақтар көтеріліс көсемінің төңірегіне тұс-тұстан ағыла бастады. 1838 жылы көтеріліске Ақмола, Баянауыл, Көкшетау, Қарқаралы дуандарының қазақтары келіп қосылды. Орыстың тағы бір тарихшысы Н.Н.Середа жазғандай, "Кенесары өз жасақтарының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылдарда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қарекет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады". Ал ағылшындық Томас Аткинсон: "Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады, — деп жазды. — Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін Кенесары жігіттері өзінен күші басым жаудан


 


қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән".


Шынында да оның халықтың қайнаған ортасынан батылдығымен де, батырлығымен де топ жарып шыкқан шұбыртпалы Ағыбай, сүйіндік Жанайдар, ұзынқыпшақ Иман, табын-тама Жоламан,әжіке Бұғыбай, шапырашты Сұраншы, жетірулық Бұқарбай, атығай Аңғал, қарауыл Баубек, қыпшақ Басықара сияқты сайыпқыран серіктерінің әрқайсысы бір қолға төтеп беріп, тұтас жасақты жайрататындай қаһармандар еді. Олардың арасында төске салса бас алған алмас қылыш Наурызбайдың орны өз алдына бір төбе. Бұл батырлардың ішінде Наурызбайдың әпкесі Бопай бастаған өжет қыз-келіншектер және бар. Оның үстіне Кенесары қолы көп ұлтты да болды. Онда орыстар, башқұрттар мен татарлар да бар- тын. Олардың біразы сарбаздар үшін қару-жарақ жасап, оқ-дәрі әзірлеп тұрды. Сондай-ақ көтерілісшілер санынан қарақалпақ, түрік, өзбек пен қырғыздар да табылатын. Солардың бірі Самарқан мен Бұқарда білім алған Сейдақ-қожа Оспанов Кенесарының ең сенімді кеңесшісі, көмекшісі болып, елшілік қызмет атқарып, ұдайы келіссөздерге қатысып жүрді.


Кенесарының өз басы тілі басқа, діні басқа деп ешкімді шеттетпеген сыңайлы. Орыс саудагерлерін жылы қабылдап, жақсылап сыйлап, қалағанын алып отырған. Тіпті тұтқынға түскен орыс солдаттарын да оспадарлық жасап қатты жазаламаған. Оған урядник Андрей Иванов дегеннің мына сөзі куә: "Тұтқында болған кезде бізге қатал қараған жоқ, тек отын дайындау мен құдық қазуға ғана жекті. Кенесарының бұйрығы бойынша тұтқындарды әртүрлі ауылдар мен жеке қожайындарға    таратып                     жіберді.        Бір-бірімізді    тек         ауыл      көшкен        кезде   ғана көретінбіз,   басқа    уақытта    біздерді   кездестірмеуге    тырысатын.    Кенесары қожайындарымыздан бізді дұрыстап тамақтандыруды талап етті және жәбірлеуге жол бермеді".


1838 жылдың көктеміне қарай көтерілісшілердің патша жасақтарымен қарулы қақтығысы ұзаққа созылған әскери қимылдарға ұласты. Әсіресе, Кенесарының сол жылғы 28 мамырда Ақмола бекінісін алардағы шабуылы айрықша болды. Дуанның бекініс қоршауы күшті еді. Айналасынан терең ор қазылып, кірер қақпалардың бәрі құлыптап тасталған-ды. Оны аға сұлтан Қоңырқұлжаның әскерлері күзетіп, горнизонды әскери старшина Карбышев басқаратын. Шабуыл күн шыға басталды. Ұшына тұтанғыш зат байланған жебелер зуылдап қорғанның ішіне түсіп жатты. Қамалдың тұсынан өрт лап етіп, горнизон соны сөндіруге ұмтылғанда Басықара батыр бастаған жасақ алаулаған оттан тайсалмай бекініске қойып кетті. Шабуыл кезінде батырдың өзі ерлікпен қаза тауып, Кенесары оның мүрдесін жау қолында қалдырмауға және алынған шептен сынық сүйем шегінбеуге бұйрық берді. Оның әмірінен рух алған Ағыбай, Иман және Наурызбай жігіттері дұшпанның қарсылығын тойтарып, қамалға басып кірді. Бекініс көшелерінде қоян-қолтық қолма-қол ұрыс басталды. Белдескенде дес беретін қазақтар ма, күн бата бәрін жайпап қамалды өз қолына алды. Аға сұлтан мен горнизон басшысы санаулы адамымен түн жамылып әрең қашып шықты. Ертеңіне бекініс жермен жексен болды.


 


Сол жылы жаз Кенесары жасағы патша өкіметіне итаршы болып, ел мүддесін сатып, жұртты зар жылатқан би-сұлтандардың басы Қоңырқұлжа етіп, талайын шапты. Қысқа қарай отаршыларға қарсы бірлескен қуатты қозғалыс жасақтау үшін күш жинай бастады. Патша ұлықтарымен жиырма жылдай кескілескен күрес жүргізіп келе жатқан кіші жүздің биі Жоламан Тіленшінің қолын да қосып алды. Кенесарының түп мақсаты бүкіл қазақтың басын құрап, біртұтас мемлекет жасау еді. Ол үшін тәуелсіз Қазақ хандығын қалпына қайта келтіру керек. Онсыз құдіретті орыс патшасы алдында қазақ халқының тәуелсіздігін сақтап қалу мүмкін емес. Сол үшін ол Қоқанға қарасты қазақтарды өзіне тарту ойымен 1840 жылы Қоқан хандығының шекарасына көшіп барды. Айтқанды екі етпейтін елгезек бағыныштым болар деп үміттенген Тәшкент әмірі оны алғаш жылы ұшырай қарсы алып, тіпті сұраған оқ-дәрісі мен қару-жарағын, мылтықтарын да берді. Ұзамай қарауындағы қазақтардың Кенесары ырқына құлап бара жатқанын көріп, оны ұстап өлтіруге астыртын бұйрық беріп, ірі жасақ аттандырды. Алдаумен сұлтанның әкесі Қасым төре қолға түсіп, Созақта опат болды. Бірнеше адам тұтқынға түсіп, қыруар дүние-мүлік тоналды.


Осынау зұлымдығы үшін Тәшкент әмірінен Кенесары өшін аңдап тұрып алды. Өзін Қоқанның боданы деп иландырып, Ташкенттің Созақтағы жүзбасын Шу бойына қонаққа шақырды. Жүзбасы құрған торға қалай түскенін сезбей де қалды. Бұл жайында Ахмет төре Кенесарин былай жазады: "Шудың Бесқұлан өткелінің аузына он бес үйді үлкен бір ауыл етіп тіктіреді. Өзі екі жүз жігітімен өзеннің Созақ жақ бетіне шығып, бірін — өзіне екіншісін қонақтарға деп тағы да екі үй тіктіріп, ішіне қалың кілемдер, бұқары жібек көрпелер төсетіп, көпшіктер қойғызады. Қасында жігіттердің оншақтысын ғана қалдырып, қалғандарын ну қамысқа жасырады. Жүзбасы Шуға жеткен соң ақшаңқан ауылды, айнала тігілген ақбоз үйлерді, төңірегіндегі жайылып жатқан малды көріп, көңілі жай тауып, арнайы тігілген үйге еніп, қару-жарағын тастап қаннен қаперсіз тынығуға кіріседі. Олар жайғасқан тұста Кенесары жасырынып жатқан жігіттеріне белгі береді де, ашынып жүрген азаматтар сарттың жуз жауынгерін тырп етуге шамасын келтірмей қырып салады.


Опасыз дұшпанынан кегін осылай алып Ұлытау қайдасың деп тартқан Кенесары өз жұртын алып Торғай өзенінің бойына келіп, әкесі мен ағаларына ас береді. Сол асқа жиналған Орта және Кіші жүздің игі жақсылары қазақ дәстүрімен ақ киізге салып оны хан көтерді. Дарынды ғалым, ғұлама тарихшы Ермұқан Бекмаханов жазгандай, патша өкіметі мен Қоқан хандығының Қазақстанға ауыз салуынан туған қайғы-қасіретті басқалардан гөрі басымырақ сезіп, тереңірек ұққан Кенесарының саяси көзқарасы қалыптасуына тәуелсіз қазақ хандығын қайта өрлетуге құлшынган өз отбасы мен айналасының әсері күшті болды. Оның үстіне өзі де билік тізгінін бір қолда ұстамайынша, ойға алған мақсатты орындауға болмайтынын бек білді.


Бүкіл қазақтың ханы болып сайлануы оның атақ-даңқын шартарапқа жайып, абырой-беделін аспандата түсті. Алғыр да айлакер қолбасшы алыстан ойлайтын ақылман мемлекет қайраткері де болып шықты. Ол қазақтың әдеттегі құқығына


 


бірқатар өзгерістер енгізіп, рулық билер қазылығын таратып, хан тағайындайтын кісілерден құралған жалпы қазақ сотын жасақтады. Зекет жинау мен әрлі-берлі өткен сауда керуенінен баж салығын алуға тәртіп орнатты. Одан түскен алым енді қазынаға құйылып, мемлекет мұқтажына жұмсалатын болды. Тұрғындардан өз бетімен зекет жинаушылар ханның қаһарына ұшырап, қатты жазаланды. Келелі мәселелерді шешетін хан кеңесі құрылып оған әр рудың белді де беделді кісілері шақырылды.


Хандықты күшейтіп, қуатын арттыру үшін барша қазақтың басын құрау қажет еді. Бұл міндетті орындау үшін Қоқанның қол астындағы қазақтарды тарту керек. Сондықтан ол Қоқан хандығымен соғысқа сайланды.


Алайда, екі майданда бірдей ұрыс жүргізуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан патша әкімшілігімен уақытша болса да келісім жасап, бейбіт бітімге келген абзал. Сол себепті ол "өзіне биік мәртебелінің мейірімі түсіп, кешірім жасауын өтініп" ең әуелі әскери старшина Лебедевпен хат жазысты. Өз тарапынан бұл тілекті Лебедев Орынбор әскери-губернаторы Перовскийге жеткізді. Сонымен бір мезгілде хан Кене шекара комиссиясының төрағасы Генспен келіссөз жүргізіп, кешірім сұрап, өзін ашындырып, шамына тиген жоғары, төменгі ұлықтардың орынсыз өктемдігі, қисынсыз қыспағы, жазықсыз жазалауы екенін көзін жеткізе баяндап берді. Кенесарының сөзіне сенген Генс оған қол ұшын беріп, хатын әскери министр әрі вице-канцлер Несельродеге жеткізді. Оған жазған хатында Орынбор әскери губернаторы Сібір әкімдерінің тарапынан жасалып отырған орасан қыспақ қазақтардың ашу-ызасын өршітіп, көтеріліске желеу болып отырғанын және айтты. Соның арқасында Кенесарыға кешірім жасалып, тұтқындағы оның жегжат-жұраттары мен туысқандары қайтарылды.


Аз-кем тыныс пен Орынбор ұлықтарының қолдауын пайдаланып, Кенесары 1841 жылы Қоқанға соғыс жариялады. Бұл Қоқан мен Бұқар арасында келіспес күрес, бітіспес қырқыс жүріп жатқан кез еді. Соны пайдаланып, Кенесары Бұқар ханының бетін өзіне қаратып, оны Қоқанмен, түбі Ресеймен соғыса қалған жағдайда көмек қолын ұсынатындай етті. Төңірегіндегі батырлары мен төлеңгіттерінен тұратын төрт мыңдық қолына Төртқара Жанқожа батырдың жасағы қосылып, әлуеті артқан ол Созақ пен Ташкентке бірдей шабуыл жасап, екеуін де қоршауға алды. Бес мың сарбаз күзеткен Созақты ол он екі күн шайқасып тас-талқан қылды. Одан Сауран қорғанын алып, жекелеген жасақтары Әзіреті Сұлтанға /Түркістан/ жетті. Созақтан айырылып, салы суға кеткен Қоқан билеушілері Кенесарыны бітімге келуте шақырды. Қазақтарға тиесілі аумақты түгел қайтаруын талап етіп ол келісімге келмеді. Оның есесіне Хиуамен келіссөз жүргізіп оның Қоқанмен арадағы араздығына тамызық тастап өршіте түсті.


Кенесарының бүкіл қазақтьщ ханы болып сайланғанын және Қоқан хандығына шабуыл жасағанын ести сала Батыс Сібір генерал губернаторы Горчаков оны дереу Орынбор әскери губернаторына хабарлайды. Оған онша сеніңкіремеген Перовский істің анық-қанығын Кенесарының өз аузынан естуге асықты. Ол күмән-күдік туғызбас үшін айлаға барып, хан сайланғаным бекер, ал Ташкент пен Созаққа Орынбор қоластына қарайтын қазақтарды құтқару үшін шабуыл жасадым деп жауап берді. Сөйтіп генерал-губернатордың арызы аяқсыз


 


қалды. Орынбор ұлықтарының сеніміне енуі үшін ол уақытша қарулы қақтығысқа бармай аз- кем кідіріп, сосын әскери қимылын Батыс Сібір уәлаятына аударып, Сырдария мен Телікөл арасындағы алқапты жайлай жүріп орыс бекіністеріне әлденеше дүркін шабуыл жасады. Жазға салым оның жігіттері Көкшетау, Ақмола, Құсмүрын дуандарын дүрліктіріп Обаған өзеніне дейін барды. Келесі жылы көтерілісшілердің қимылы үдей түсіп, үкімет үрейін ұшырар қаһарлы күшке айналды.


Перовскийдің орнына келген генерал- лейтенант Обучевтің өтінішіне орай Николай патша қазақ қырына кең құлашты жорық жариялап, хан Кененің басына бәс тікті. Бақайшағына дейін қаруланып, мұздай қүрсанған бес мың адамдық қолды бастап аға сұлтандар Ахмет Жантөрин мен Баймағамбет Айшуақов, полковниктер Генс пен Бизянов тамыз айында Орынбордан шықты. Омбыдан Қызылжар мен Қарқаралыдан да қарулы жасақтар аттандырылды. 1843 жылдың қыркүйегінде Орынбор жасағымен кескілескен ұрыс басталып, ол бір жұмаға созылды. Бірақ екі жақ та бірін- бірі ала алмады. Орыс жасағының көтерілісшілерді күйретпек ойы жүзеге аспай қалды. Жер жағдайын жақсы білетін хан сарбаздары қырдағы құйындай ұйтқып, әредік тұтқиылдан тиісіп, ізінше ізім- қайым жоқ болып кетіп, патша әскерлерінің құтын қашырды. Соғыста сокқы жеп әрі күзгі суыққа ұрынған солдаттар кері шегінуге мәжбүр болды. 1844-1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі өзінің шырқау шегіне көтерілді. Оның ауқымы күллі қазақ даласын түгел дерлік қамтыды десе де болады.


Бұл кезде хан Кененің өзі де халық көсемі, дарынды ұйымдастырушы, даңқты қолбасшы, айлакер дипломат деңгейіне көтерілген еді. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап құрсауға алып, Қарақұмға шегінуіне жол бермеу жүктелген үш бірдей жасақты қолды жер қаптырып, ойсырата соққы бере отырып кұтылып кеткені және бар. Сол жолы бір жасақты теріс жолға салып жіберіп, патша үкіметіне тілеулес бір бидің ауылын талқандатып, басшысы Лебедев дегенді жазалатып, қызметінен де қуғызды. Жемчужников бастаған Сібір жасағына да соның аяғын кұштырып, Константинов қамалын шапты. Сол 1844 жылдың шілдесінде аға сұлтан Жантөрин мен полковик Дуниковский бастаған орыс әскеріне ұрыс сап, сұлтан жасағын тылдан тиісіп жойып жіберді. Ұрыста қырық төрт сұлтан қаза тапты. Мұны есіткен Орынбор мен Батыс Сібір билеушілері шашын жұлды. Жаз бойы шабуылын бір сәт толастатпаған Кенесары тамызда Екатерина қамалын алып, жүз солдатты тұтқындап, екі мың пұттай астық және басқа қыруар олжа түсірді.


Кенесарыны қарудың күшімен жуасыту қиын екеніне көзі жеткен патша үкіметі онымен енді келіссөз жүргізуге тырысты. Хан да орыс патшасымен уақытша жақындасуды жөн көрді. Келіссөз нәтижесінде оның тұтқындағы жақын- жұраты босатылып, қапияда қолға түскен сүйікті жары Күнімжан ханым қайтарылды. Қалған мәселелерді шешу үшін бас штабтың қызметкері Герн бастаған елшілік жіберілді. Ол кеткен соң араға біраз уақыт салып Долгов деген бастап қырға тағы бір елшілік келді. Бірақ ол бірімен де келісімге келмей, ежелгі қазақ жеріне орнатылған әскери бекіністер алынбай патшалы Ресеймен ешқандай


 


қарым-қатынас жасамайтынын ашық айтты. Елшілер кеткен соң сол 1845 жылғы жазда Торғай мен Ырғыз өзендері жағасында тағы да екі бекініс салынды. Патша өкіметінің басқан ізін аңдып, қазаққа енді дамыл- тыныштық бермейтініне көзі жеткен Кене хан көтеріліс ошағын елдің ен ортасына, Ұлы жүз жеріне көшіруге бел байлады. Оның елдігі мен ерлігінің бесігі болған Сарыарқадан көшуі исі қазаққа қатты соққы болды. Ата қоныстан ауар халық Досқожа бидің даусымен:


Алдияр сұлтан Кененім, Қайраты түпсіз тереңім!


Атаңыз жаулап өтіпті Қалмақтың Уса, Серенін. Бұл қоныстан кеткен соң Көреміз бе, дүние-ай, Мына жатқан Есілдің Көкорай тартқан өзенін?! Уа, дариға, дүние-ай,


Қайтейін жердің қылығын! Бұл қоныстан кеткен соң,


Іздесек халқым табар ма Бір қураған шыбығын, — деп зар төкті. Хан да: Ойда — Қоқан, қырда орыс,


Хакім болды қаласы.


Кімнен таяқ жегендей Біздің қазақ баласы.


Алдырып жүрген дұшпанға Өзді-өзінің аласы, —


деп халқын бірлікке үндеп, бір орталыққа бағындыратын мемлекет қүруды меңзеді.


Оған қол жеткізу үшін Қоқан қарауындағы қазақтарды құтқарып, дала халқын бір орталыққа ұйыстыру қажет. Сөйтіп, Қоқан хандығымен соғыс 1845 жылдың күзінде қайта басталды. Жаңақорған, Жөлек, Созақ қорғандарын алып, Кенесары сарбаздары Ташкент пен Түркістанға қарай бет алды. Ал әскердің негізгі күші Қоқанның Ақмешіт қамалын кеп қоршады. Алайда, әскер арасына індет тарап, қыруар жан өз-өзінен опат болып, шабуылды одан әрі жалғастырудың реті келмеді. Оның үстіне Қоқан мен Бұқар хандықтары озара одақ құрып, қазақтарға қарсы жорық әзірлеп жатты. Сол себепті Кенесары қолы әзірге қоршауды қоя тұрып Балқаш көлі мен Іле өзені өңіріне қарай ойысты. Оларды Жалайыр, Үйсін және Найман елі құшақ жая қарсы алды.


Бірақ түп ізіне түскен патша әскерлері бұл арада да маза бермей, генерал- майор Иишневский бастаған қол шабуылға шықты. Оның жергілікті сұлтандардың жасағымен қосылған қолы Кене ханды сонда да ала алмай, көтеріліс көсемі қоршауды бұзып, Іленің сол жағасына шықты. Оған келіп Ұлы жүздің батырлары Байсейіт, Сұраншы, Саурық, Тойшыбек пен Байзақтың жігіттері қосылды. Хан енді қытаймен де келісімге келіп, одан әрі Алатау қырғыздарына кісі салып, Қоқан хандығынан құтылып, аранын ашып келе жатқан орыс отаршылдарына қарсы білек біріктіріп күресуге шақырды. Қырғыздарды билеуші Жантай мен Орман манаптар Кенесарының ұсынысын қабылдамай, қайта халқын қарсы қойып, оның қатыгездігі жайында небір сұмдық өсектер таратты. Кенесарыға жақ елдің ауылдарын шауып, жанын байлап, малын айдап әкетті. Атақты Саурық батыр солардың қолынан мерт болды. Бұл қорлыққа шыдамаған Кенесары 1847 жылы қырғыз жеріне басып кірді.


 


Орыс ұлықтарымен астыртын байланыс жасаған қырғыз манаптарына қысылған кезде Орман бастаған жасақ көмекке келді. Соның арқасында қырғыздар хан жасағын құз қиялы, асуы қиын бір аңғарда қоршауға түсірді. Тоқмақ тұсында бірнеше салаға бөлінетін Шудың суын сол жақ арнаға бұрып, қазақтарды сусыз қалдырды. Кенесары жігіттері төрт күн бойы нәр татпай жарақты жаумен арыстандай айқасты. Тығырықтан шығудың жолын табу үшін хан әскери кеңес шақырғанда Наурызбай: "Маған соғысуға жарайтын екі жүз жігіт беріңізші. Солармен қырғыз шебіне шабуыл жасап, бұзып өтемін" деп ұсыныс жасайды. Кенесары: "Қоршауды бұзып шықсақ біз алды-артымызға қарамай қашамыз. Онда аты жүйріктер ғана құтылып, халықтың көбі қырылады. Әскерге басшы болып жүрген мен қашсам, кейін хан болуға хақым жоқ" деп оған көнбейді. Оның аттарды сойып жиырмасын ғана қалдырып, етін соларға артып жан-жағымызға мергендерді ұстап, қолға найза алып жаяу өтейік деген ұсынысына аттан айырылуды — қанаты қайырылу деп білетін қазақ жігіттері көнбей, таңға дейін көмек күтуге бекінеді. Ал көмекке ұмтылған Ұлы жүз жігіттерін патша жасақтары жолын бөгеп, адым аттатпайды. Оның үстіне Қырғыздармен астыртын сөзі бар Сыпатай батыр мен Рүстем төре аяқастынан түн ішінде өз қолын алып тайып тұрады. Ақыры, хан жасағы қоршауды өздігінен бұзып шығуға жан салады. Қоршау бұзу сәтсіздікке ұшырап, Наурызбай бастаған жігіттер опат болады да, Кенесарыны манаптар қолға түсіреді.


Ел аузындағы аңызға қарағанда Наурызбай сол қоршауда шепті бұзып, бір топ сайыпқыран жігіттерімен аман құтылған сияқты. Оған Тама болысының Ақмола дуанының басшылығына 1847 жылы 1 сәуірде жазған мына хаты да ойландырғандай. "Наурыздың басында Кенесары Қвсымов өз жасағымен қырғыздарға шабуыл жасап, бір болыс елін талқандады. Алайда, ұрыста өзі, інісі Наурызбай, ағасының балалары Құдайменді мен Ержан қолға түсті" деп жазады. ІМ48 жылғы 16 наурызда жазылған тағы бір хатта "Бұзақы сұлтан Кенесары Қасымов тау қырғыздарымен соғыста тас-талқаны шыға жеңіліп, бір інісі, екі баласымен тұтқынға түсті. Олардың бәрі де азаптап өлтірілді" деген жолдар бар.


Ал ел аңызы Кенесарының қолға түсіп тұтқында жатқанын естіген Науан батыр сыңарынан айрылған арлан қасқырдай алас-ұрып басын тауға да тасқа да ұрып біраз жүреді де, "Кенекемнен жаным артық па?!" деп өзі барып қолға түседі. Інісін көрген хан: "Айналайын-ай, бекер келдің-ау, сен бәрібір құтқарып алмай қоймайды деп, енді болмаса босатқалы отыр еді" деп жылап жіберіпті. Наурызбай өздігінен келіп торға түскен соң қырғыздар жазалауды жеделдетіп, алдымен соны найзаға шаншады. Найзамен шаншып төбеге көтеріп: "Наурызбай енді қалайсың?" деп келекелегенде: "Сенен әлі де найза бойы жоғары тұрған жоқпын ба, сақау қырғыз!" деген екен ол. Тұқым алып қаламыз деп қасына күнде бір қыз салса да, асылымды беріп, дұшпанымды өзімнен асырып жібермеймін деп қырғыз аруларының ешқайсына қарамаған Кене хан жазалайтын жерге әкелгенде алқа- қотан жиналған жұртқа, шуақ шашқан заңғар аспанға, айнала мұнартып тұрған тауларға қарап алып ән бастапты. Ән тыңдаушыларының бойын баурап, жүрегін жаулап жиналғандарды қатты толқытып, айбалта жарқ еткенде бір-ақ үзіліпті.


 


Сөйтіп, айбынды қолбасшы, қайырымды қайраткер, айлалы мәмілегер елінің азат, жерінің абат болуы үшін қасық қаны қалғанша күресіп ештеңеден тайлықпаған, ештеңеден қаймықпаған "балдағы алтын ақ берен" батыр Кенесары ажалды да ән салып тұрып қарсы алыпты.


Отаршыларға қарсы он жылға созылған күресте ата жұртында азулы жауынан ойсырап бір жеңіліп көрмеген Алаштың ақырғы ханы осылайша діні бір, тілі ұқсас өз бауырларының қолынан опат болады.


Жазмыштың жазуы солай дегенмен, ерлікке толы өмірдің өкініші де осы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу