06.02.2022
  371


Автор: Сарбас Ақтаев

ХАНЗАДАНЫҢ ҚАСЫРЕТІ ҒҰБАЙДОЛЛА ҚАЛАЙ ХАН БОЛМАЙ ҚАЛДЫ?

Қасиетті орынның құр тұрмасы хақ. Оның үстіне ол құрметті хан тағы болса қайдан бос қалсын. Одан үміт етіп бәс тігетін, бас тігетін дәмегөйлер әлмисақтан



  • ақ жыртылып айырылған ғой. Сонан да болар, арғы – бергі тарихта шырқырап жан шықпай, бұрқырап қан ақпай тақталас, бақталас дегендер әсте тынған емес. Басқаларды былай қойып, өзімізге ішіктің ішкі бауындай етене Шыңғыс хан мен Ақсақ Темір ұрпақтарының өзара қырқысы осының айғағы. Ондай індеттен тек Абылай әулеті ғана аман. Даланың дарабоз данышпаны артында іріңкезек тудырмас үшін көзі тірісінде – ақ Уәлиді халқына хан көтертіп, тақтың иесі етіп тағайындап кеткен. Әке жолынан аумай, оның осы өнегесін ұстанған хан Уәли де үлкен ұлы Ғұбайдолланы жанына ертіп жүріп, ел басқаруға ерте баулыған еді. Кезінде тақтан үміткер болып, ел талқысына бірге түскен, бірақ халқы қаламай, қалып қойған інісі Қасым төре: «Өзіңнен кейін күні ертең әкеміздің киелі орнына кім ие болуға лайық деп ойлайсың?» - деп сұрағанда: «Кім лайық дегені несі, хан иемнің көзін ашып көрген, аузын ашып сүйген немерелерінің тұңғышы Ғұбайдолла тұрғанда, тақтан басқалардың дәмесі болмасқа керек», - деп хан Уәли бір – ақ кесіп айтқан. Сржан мен Кенесарыдай кілең көкжал, шетінен сен тұр мен атайын сайып – қыран жеті ұлының бірі де жілік тістей алмайтыны көкірегіне шемен боп қатқанымен, ағаның бетіне көп сөз қайырмайтын ата салтымен Қасым қайтып үндемеген.


Ақыры, тағдыр жетіп Уәли дүние салған соң қырқын берер – берместе Атығай – Қарауылдың игі жақсылары жиылып, атасы Абылайдың өз ордасы – Көкше баурайындағы ханның Қызылағашында ақ кигізге көтеріп, Ғұбайдолланы хан сайлап та жіберді. Ол тұста Уәлидің ордасы ақылы асқан ару тоқал Айғанымның тұрағы Сырымбетте болатын. Арасы жүз елу шақырымдай жерден әлде хабар жетпеді ме, әлде хандықты бәйбіше баласына қимады ма, Айғанымның араға жыл салып көңіл айтуға келген арғынның атақты биі Байдалы шешенге:


«Ақыл алтау, ой жетеу болып тұр. Хансыз қаңырап тақ қалды, қалың дәулет бақ қалды. Ханды қарытып, биді арытқан қария едіңіз, айтар ақылыңыз бар ма?» - деп зарлануы мен жалбарынуында бір мән бар тәрізді.


Әрине, патша әкімшілігіне салса, қазақ даласына ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын, әрі ханның орнын жоқтатпай ордасында отырған ақылды да ажарлы, өзі жас Айғанымнан артық әмірші жоқ. Оның үстіне Уәлидің өз болмаса да көзі отыр дегендей Омбыдан, Орынбордан, тіпті Петербордан келетін жырық етек өкілдерінің дені алдымен Сырымбетке соғып, қырдың хал – жағдайынан ақпар жинап, мағлұмат алып қайтады. Бұл арада оларға бірнеше тілді жетік білетін сөзге жүйрік, елді арғы – бергі әдет – ғұрпына, тарихына зерек зерделі Айғаным басқалардан әлдеқайда пайдалы. Солардың арнасында қазақтарды билеудің жаңа жобасы жасақталып жатқан кез еді бұл. Сондықтан


 


патша әкімшілігі Айғанымға неше жерден іш тартып, хан орнында ұстағанымен, не ата жолымен, не заң жолымен ресми таққа отырғызуды ойлаған жоқ. Ал халқы қалап хан көтерген Ғұбайдолланың өкілдігін танудың тіпті ойға да алмай, ұзын арқан, кең тұсауға салуында орыс өкіметінің, сөз жоқ, өз есебі бар еді. Алдымен, жаңа ханның анау мынаудың жұмсаған жағына жығыла кетпейтін бірбет шәлкес мінезі барын олар білген сияқты. Шынында да, Уәли қайтыс болған 1819 жылдан бастап Батыс Сібірдің үш жыл бас губернаторы болған белгілі мемлекет қайраткері Михаил Сперанскийдің Орта жүзде хандықты жойып, орнына аға сұлтандар билейтін дуандар құруды ұсынған «Сібір қазақтары туралы жарғысына» бірінші болып қарсы шыққан осы Ғұбайдолла. Әлкей Марғұланның:


«Әкенің мұрасы оның үлкен ұлы Ғұбайдолланың қолына көшуі керек еді, алайда саяси жағдайлар сұлтанның өз құқығын пайдалануына мүмкіндік бермеді», - дейтіні де содан. Орыс өкіметінің хандық билікті жоюына басынан – ақ үзілді – кесілді қарсы болған ол одан патша әкімшілігі қазақ жерінен алғашқы екі дуанды ашуға жер сұрағанда өз ойын ірікпей: «Ақ патша мен Абылай ханның арасындағы келісім бойынша бұл өлкеде қала салуға ешкімнің хақысы жоқ, егер осы ойларыңызды күшпен іске асырсаңыздар, оның салдарына мені кінәламассыздар...» деп зіл тастайды. Оның бүгежектемей тоқ етерін бір – ақ айтар бұл мінезі Ахмет Кенесарыұлының «Кенесары және Сыздық сұлтандар» атты өткен ғасырдың аяғында орысша басылып шыққан естелігінде өте – мөте жақсы ашылған.


«Абылай хан уафат болғаннан кейін, - дейді онда, - орнына Обайдолла (Ғұбайдолла, орысша деректердің денінде Абайдолла деп те айтылады – авт.) деген баласы хан болыпты. Шекарада орыс әкімдері, яғни хан жеріне шектес Ақмола облысының ұлықтары қала салу үшін Көкшетау жерін сұрапты, Обайдолла ханға адам жібереді. Хан оларға: «Қала салуларыңа қарсымын. Абылай хан мен Ақ патша екеуінің жасасқан шарты бойынша әрқайсымыз өз жерімізде тыныш отыра берейік. Ал егер жерді күшпен тартып алып, қала саламын десеңіздер онда бұған өздеріңіз жауапты болсыздар», - деп жауап қайтарады. Бұл жауапты алғаннан кейін орыс әкімдері ханды шақыртып алып, кері қайтармай қояды» («Кенесары және Сыздық сұлтандар». Алматы. Жалын баспасы. 1991 жыл)


Ол тұс дерек біткеннің бәрі орысша қабылданып, орыс тіліндегі дүниелер ғана дұрыс деп табылған заман ғой. Бәлкім аударғанда кетті ме екен, бұл жерде елеулі екі қате бар. Біріншіден, Ақмола ол кезде облыс болмаған, Көкшетау дуаны одан бұрын құрылған. Екіншіден, Ғұбайдолла Абылайдың баласы емес, немересі. Кінә аудармашыдан болмаса, оқыған – тоқығаны мол, төрелер әулетінің шежіресін, кімнің кімнен тарайтынын жақсы білетін Ахмет сұлтан Ғұбайдолланы Уәлидің баласы емес, ағасы деп жібермеген болар еді. Дегенмен де, ата тағына мөлтеңдеп, отаршы озбырлардың айтқанына көніп, айдауында жүрмеген қайсар мінезі осы жолдардан мен мұндалап тұр.


Ал: «...орыс әкімдері ханды шақыртып алып, кері қайтармай қояды», - деген соңғы сөйлемдегі пікірді де жоққа шығаруға болмайды. Бұнда болған оқиға қолмен қойғандай айна – қатесіз көрінбегенімен, жалпы жағдайдың ауанын


 


мегзер сұңғыла болжам бар. Өзінің хандық билігін атасы мен әкесінің тұсындағыдай әне – міне ресми бекітіп қалар деген орыс үкіметінен жоғарыдағыдай жағдайдан кейін күдерін үзген Ғұбайдолла енді үмітін Қытай жаққа артады. Өйткені олар Абылай қайтыс болғанда жылына арнайы келіп ас беріп, Уәлиді ресми хан көтеріп, сенім хатын тапсырып кеткен. Бірақ не себебі бары белгісіз, бұл жолы ол рәсімін созыңқырап жіберді. Төзімі таусылуға айналған ханзада інісі Аббас пен Жантөреге бастатып Бежінге елшілік жіберуге мәжбүр болады. Бірақ олар Еженханның (Бөгдіханның) өзіне жете алмай, бұйымтайын жарым – жартылай ғана бітіріп, Құлжадан кері қайтты. Құр қол да оралған жоқ, Шыңжаң жанжүнінің ханзадаға арналған сәлем хатын ала келді. Онда қулығына құрың бойламайтын әккі әкім Ғұбайдолланың басына бар жақсылықты үйіп – төгіп, егер еженхан қол астына алса, Қытайдағы мәртебелі атақ – дәрежелердің ешқайсысынан құр қалмайтынын, бұл жақтан баратын нұсқау



  • өкімдерді мүлтіксіз орындап отырса, бұдан да биік сый – құрметке ие болатынын айтып, шала байытып тастады.


Шынтуайтына келгенде, қытай жағы қазақ ханының қайтыс болғанын естіп, оның мұрагері жайында сұрау салып жатыр еді. Олардың ойынша ендігі тақ иесі Аббас сұлтан. Өйткені Қытай императорының Уәлидің көзі тірісінде – ақ оның өзі мен ұлы Аббасқа берген шүршітше, қалмақша және түрік тілінің Кіші Бұқар мәнерінде жазылған сенімхаты болатын. Сонда Қытай үкіметі Аббасты Уәлидің мұрагері деп мойындап, ғұн атаған – ды. Кезінде Шоқан ол сенім хатты өз әулетінде көненің көзіндей мирас боп қалған қымбат қазына деп жазғаны бар (Ш.Уәлиханов. Шығармалар жинағы, 4 том, 300- бет). Енді міне, елінің Ғұбайдолланы хан көтеруі оларға алғаш таң көрінді. Оның өкілеттігін бекітудің сөзбұйдаға салынуы да содан болса керек. Елшілік келіп кеткеннен кейін қытай жағы да қаракет – қимылға кірісіп, Ғұбайдоллаға да: «Аспан әмірімен император...», - деп басталатын сенімхатын әзірлеп қойды.


Қазақ даласының төсіне құлағын төсеп қыбыр еткен қимылды, сыбыр еткен дыбысты қалт жібермейтін орыс ұлықтары бұны да бірден біліп дереу іске кірісті. Сібір қазақтарын басқару жөніндегі Сперанский жарлығын жүзеге асыруға шұғыл кірісіп, Орта жүздегі хан билігін жойып, оның орнына орыстың өз әкімшілік құрылымына бір табан жақын тәртіп орнатты. Арқа өңірі дуан, болыс және ауылға бөлініп, саты – сатымен басқаруға көшірілді. Олардың бәрі енді орыс патшалығының иелігі болып саналды. Дуанға аға сұлтан сайланып, оның патша әкімшілігі бекітетін төрт мәжіліскері болатын болды. Екеуі, әрине, орыс.


Алдымен хан орнында отырған Ғұбайдолланың тағдырын шешу үшін қазақ даласындағы тұңғыш дуанды Көкшетау құрды. Сөйтіп Батыс Сібір генерал – губернаторының Сібір комитетіне жазған хатындағыдай: «Омбы облысы ашылған жағдайда қайсақ даласындағы бірінші дуанды Уәли ханның үлкен ұлы Ғұбайдолланың жанынан ол қоныс қып отырған өңірге жақын жерден құру керек», - деген тілегі орындалды. Ұзамай Көкше баурайында 1824 жылғы сәуірдің 29 жұлдызында Көкшетау дуанының ашылу құрметіне ұлан – асыр салтанат өтті. Оған сол өңір сұлтандары мен билері, ру басылар қатысты, қарапайым халық өкілдері де аз жиналған жоқ. Салтанат кезінде артиллериядан салют беріліп, әскер


 


шеруі өткізілді. Омбыдан облыстық басқарманың төрағасы подполковник Антон Григоровский бастап келген ұлықтардың ұсынысымен алқалы жиында Ғұбайдолла Уәлиханов аға сұлтан боп сайланып, мәжіліскерлері боп қазақтардан Зілғара Байтокин мен Мүсет Жәнібеков белгіленді. Бәрі де құранға маңдайын тигізіп патша ағзамға әркез адал қызмет етуге ант берді. Сайлау ұлы дүбірлі үлкен тойға ұласты. Сонымен, ата жолын ұстанып, әке салтынан аумай билік құруға енді кіріскен киелі тақтың заңды мұрагері Абылайдың немересі Ғұбайдолла Уәлиұлы аяқ астынан патша әкімшілігінің қырдағы бір шен – шекпенді шенеунігі боп шыға келді.


Басқалары қанша қуанып мәз болғанымен бұған Ғұбайдолланың бүйрегі бүлк, сирағы сылқ еткен жоқ. Анау айтқандай қуанарлық не бар, бұл енді көп дуанның басшысы боп қана қалып отыр. Оның үстіне жоғары жақсыз жақ та ашпайсың, қадам да баспайсың. Ал ханның аты қашанда хан. Енді ол атақты Ресей патшасының қайтарып бермейтіні айдан анық. Кіші жүз сұлтаны Арынғазының хан тағының заңды мұрагері екенін дәлелдеймін деп барып «мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылған» сияқт табанда тұтқынға алынып, орталық орыс облыстарының біріне жер аударылғаны және белгілі. Ендеше қалған үміт тек Қытай жақтан.


Орыс патшалығының қазақ даласына дендеп кіріп, бар билікті уысына ала бастағанын білген Қытай үкіметі қолын мезгілінен кеш сермегенін сезді. XVIII ғасырдың орта шенінен Орта және Ұлы жүзбен арада орнай бастаған оң қарым – қатынасты анық өз пайдасына шешіп, қырдың бір бөлегіне өз өкімін жүргізгісі келетіні белгілі болатын. Сол үшін қазақ билеушілерін өзі тағайындап, атақ – дәреже беруді салтқа сіңіріп келе жатқан. Абылайды да бір уәлаятының әмірі деп ұғынып, сенімхат тапсырып жүргені содан еді. Енді Ғұбайдолланы солай тұғырына қондырып алса, қазақ даласының бір пұшпағынан мүше тістеуі сөзсіз. Сондықтан жатпай – тұрмай жедел іске кірісіп, елшілік жасақтады. Ұлы жүздің бір төресі арқылы Ғұбайдоллаға қай жерде, қай мерзімде кездесетінін айтып хат жолдады. Қауыршар тұс – бұдан қырық жылдай бұрын Абылайды аза тұтып ас беріп, Уәлиді хан көтеріп кететін Баянауыл. Ханзаданың өлеусіреген үміт оты қайта тұтанды.


Ғұбайдолланың аға сұлтан боп сайланғанына үш айдан сәл асқан кезде шілденің ортасына таман әмбан бастаған құрамында он шенеунігі бар елшілік үш жүз жауынгерден тұратын жасағын ертіп айтулы Баянауылға сарт ете қалды. Осыны әдейі аңдып отырғандай казактардан тұратын орыстың әскери жасағы кес



  • кестеп олардың қандай мақсатпен келгенін сұрағанда қытай тоқсабасы түктен де тайсалмай, сапарының мән – жайын түгел баяндап берді. Ең басты мақсат – Ғұбайдолланың өтінішіне орай оған хан атағы берілгенін жария етіп, императордың сенімхатын тапсыру екен. Екінші міндет – азиялықтардың ежелгі әдет – ғұрпы бойынша марқұмның әруағына тәу етіп, үкімет атынан берілетін астағыдай «ақтық» деп аталатын сый – құрмет көрсету. Осы рәсімдерді атқару үшін Ғұбайдоллаға өз өкілдерін жіберіп Баянауылға жедел алдырту екен.


Бұл тұста ханзада Есіл бойындағы жайлауында өз үйіне өзі пенде болып, тұтқында отыр еді. Омбыдан арнайы келген жасақ қия бастырмай ұстап отырған.


 


Жергілікті патша ұлықтарының өтінішімен қырға әскер шығарлып Ғұбайдолла сұлтанды қамауда ұстап, шақырылмаған қытай қонақтарды Баянауылдан әрмен асырып қуып тастау жүктеледі. Алайда қытай елшісі орыс офицерлерінің қазақ жерінен тайып тұр деген талабына көнбей, өзіне Ғұбайдоллаға хан атағы берілгенін айтып, таққа көтеру рәсімі жүктелгенін, өз үкіметінің рұқсатынсыз бұл тапсырманы орындамай қайтуға тиіс емес екенін айтып, табандап тұрып алды.


Ал бұл жақта Батыс Сібір генерал – губернаторының айрықша тапсырмалар жөніндегі шенеунігі Путинцев Ғұбайдолланы Қытай елшілерімен кездесуден бас тартуға үгіттеумен болды. Оның айтуынша, орыс патшасына адал қызмет етемін деп ант беріп, шенді шекпенін жамылған адамның өзге елдің әміршісінен хан тұрсын, жалпы лауазымды атақ алуына болмайды. Бұл қағиданы аяққа басып, өзінше әрекет жасау сатқындық боп саналып, басың сотты болады. Алайда бұндай қоқан – лоққыдан абдыраған да, айылын жиған да ханзада жоқ. Атасы Абылай мен әкесі Уәлидің хан атағы Цин сарайы арқылы бекітілуі олардың Ресейге бодан болуына бөгет жасамағанын тілге тиек етіп иілмей қойды. Осылай тәжікелесіп отырғанда Айдаболдың атақты биі Торайғыр қырық жігітпен келіп, күзеттегі шағын жасаққа айбат көрсетіп, Ғұбайдолланы Баянауылға қарай алды да тартты.


Төре тұқымына тізгін бермей Төртұлы деген рулар одағын құрып, шимандай елді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бір өзі билеп тұрған ағасы Шоң бидің «қазаққа хан керек жоқ» дегеніне бақпай, Торайғырдың Ғұбайдолланы хан көтеруге талпынуында мән бар. «Хан елдің елдігін, жердің тұтастығын сақтауға керек, - дейді ол ағасына. – Өзің Уәли ханның бет жүзін көрмей өттің. Бөкейді сайлатпаймын деп сайыс салдың. Қыр аяғында ана хан да, мына хан да жоқ. Олардың орнына орыс жандаралы келді. Ол көп қарғаның ішінде жалғыз сауысқан болып жүрмес, ертең – ақ басқаларын көбейтер. Сондай елің не болады, жерің не болады? Мәселенің осы жағы қазаққа хан керек екенін айтып тұрған жоқ па?! «Міне, ол сондықтан да Ғұбайдолланы Қытай елшілерімен қайткен күнде кездестіріп хандық дәрежесін бекіттіріп алуға барын салды. Бұл оқиға белгілі жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Шоң би» романында жан – жақты баяндалған.


Баянауылға енді бір кезең қалғанда қоналқыға қосын тоқтатып, Ғұбайдолла Қытай елшісіне өкілін жіберді. Тап осы тұста түп ізіне түсіп, қуып келе жатқан орыс – қазақ әскері түн жамылып келіп өзі мен досы Торайғырды қолға түсіреді. Бұл жағдай құлағына жеткен Қытай елшісі Ғұбайдолламен жүзбе – жүз кездесуді сұрап өтініш айтады. Сондықтан кездесу орыс офицерлерінің көз алдында, әкімшілік адамдарының тікелей қатысуымен өтуге тиіс болды.


Алдын ала ант беріп қойған орыс жағының мысы басты ма, әлде қырда тағы да бірдеңе бүрк ете қап, бейбіт ел зобалаңға түсіп, обалына қалармын деп ойлады ма, оқиға басталғаннан бері ертелі – кеш тынбай толғанған Ғұбайдолла Қытай елшісіне келгенде өз елі Ресейдің боданы болғандықтан, басқа мемлекеттің қолынан хан атағын ала алмайтынын, ал Бейжінге өкіл жіберіп, өтініш жасағанда орыс заңын білмегендігін айтып, бәрінен де бас тартты. Осы пікірін ол ауызша да айтып, жазбаша да берді. Лажы таусылған Қытай елшілері өзіне жүктелген тапсырмасын орындай алмай отанына қайтты. Ал Ғұбайдолла мен Торайғырды


 


патша әкімшілігінің ұлықтары қарулы күзетпен Омбыға жеткізіп, түрмеге қамап тастады.


Өз елінде ханды қамауға алып, абақтыға жабудан асқан сұмдық бар ма. Ел ішін дүрлігіп жан – жаққа жаушы шапты, жоғары жаққа арыз айтылып, хат жазылды. Батыс Сібір генерал – губернаторына жазған хатында кәдімгі Абылай ханның ұлы Қасым төре: «Менің әкем Абылай мен ағам Уәлидің мұрагері болып хандық таққа Ғұбайдолла бекітілген» деп, оның қазақ даласының заңды билеушісі екенін айта келіп, тұтқыннан дереу босатуды талап етеді, әйтпесе ел арасы бүлініп кететінін ескертеді. Ханзаданы тұтқындауын тұтқындағанымен ел іші дүрлігіп, ереуіл атқа ер сала ма деп қауіптенген орыс ұлықтары қатты састы. Омбының облыстық бастығы, гвардия полковнигі С.Броневский мен Батыс Сібір генерал – губернаторы П.Капцевич әрі ақылдасып, бері ақылдасып, мәселені өздері шешіп жіберуге жүректері дауаламай, ақыры Сыртқы істер министрі К.Несельродеге жүгініп, ұсыныстарын хатпен хабарлауға мәжбүр болды. «Ұлы мәртебелі сізден Ғұбайдоллаға байланысты қайырымдылық көрсетуді өтініп, оны соншалықты торықтырмайық дейміз», – деп жазды. Министр Қытаймен арадағы қарым – қатынасты сақтап, істі насырға шаптырмас үшін Ғұбайдоллаға патшаның өз атынан кешірім жасатып, аға сұлтандық қызметіне қайта оралуына рұқсат етеді. Ал Торайғырды орыс өкіметінің алдында беделі бар Шоң бидің өзі шығарып алады.


Амалсыздың күнінен болған аға сұлтанның қия басқан қадамын қалт жібермей қадағалаумен қатар, патша әкімшілігі оны өзіне тартып, қалтқысыз қызмет еткізуге тырысып – ақ бақты. Николай I – нің орыс тағына отыру салтанатына қазақ даласынан арнайы шақырылып барғандардың арасында осы Ғұбайдолла мен оның немере туысы Сартай Шыңғысовтың болуы соның айғағы. Сол сапарда ол Александр лентасына тағылған алтын медальмен марапатталып, орыс әскерінің подколковнигі дәрежесін алып қайтты. Қазақ даласындағы қоныстандыру саясатын алдымен ақсүйектерден бастамақ болған патша үкіметі оған сәулетті үй де салып береді. Бірақ бұның бірі де ханзада көңілін көншіте алған жоқ. Хандығы сол кезге дейін сақталып келген Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің абырой – даңқымен өз беделі бірдей емес екеніне оның патшаның таққа отыру рәсімінде көзі тағы да жетті. Келе сала ол Санк – Петербургке баласы Болат бастаған елшілер жіберіп, патша ағзамнан халық билікті қайтарып, қазақ даласына енгізілген жаңа тәртіпті тоқтатып, ашылған дуандарды жабуды өтінді. Бірақ патша өкіметі қыр қазақтарының бұл тілектерін ілтипатқа алған жоқ. Оларды алдап – сулап Омбы әкімшілігі арқылы тарту – таралғы беріп кері қайтарды.


Осыдан соң аға сұлтан өз қызметіне бұрыңғыдан да салқын қарап, орыс әкімшілігіне көмектесудің орнына оның далаға ендеп енуіне кедергі келтіріп отаршылдық саясатын әшкерелеуге тырысты. Өзіне қарасты болыстар мен ауылдардың басшыларын жинап алып, жаңа тәртіпке қарсы шығуға шақырды. Аға сұлтанның осынау іс – әрекеті онсыз да отаршылдық тәртіпке қарсы болып, толқи бастаған бұқара халықтың қозғалысына май құйғандай болып шықты. Бұл қозғалыс әуелі сұлтан Саржан Қасымұлының басшылығымен өрбіді. Жайлауға


 


көшуді желеу етіп, дуандағы қызметін тастап, ханзада сол жиналған жұрттың ортасында жүрді. Алайда атасындай қолбасшылық қабілеті жоқ, саясаткерлік сұңғылалығы терең емес, мәмілегерлік мінезі және шамалы ол қол бастап кете алмай, тек тілекші болып дүрмек ішінде жүрді. Кейін Саржан Түркістанға қарай сырғып, көтеріліс көрігін Кенесары қыздырған тұста «бүлікшілер көсемімен байланысы бар» деп патша өкіметі Ғұбайдолланы қайта тұтқындап, баласы майор Болатпен бірге 1838 жылы Сібірге жер аударып айдап жіберді. Осыған орай Кенесарының өзі 1841 жылы ақпанның 22 жұлдызында Орынбор губернаторы В.Перовскийге хат жазып: «Атығай – Қарауыл еліндегі Ғұбайдолла хан Уәлиұлын ұстап алып кетудің» заңсыздығын айтып, «оны Көкшетау дуанының мекеме басшылары өсек қылып, жала жауып, каторгаға жіберткенін» баяндап, көтеріліске қатыспағанын, өзімен ақыл қоспағанын айғақтап тұтқыннан босатуын талап еткен.


Алайда патша өкіметі Ғұбайдолланы босатуға онша асыққан жоқ. Тек Кенесары қырғыз Алатауында опат болып, көтеріліс әбден басылып жаншылған соң он жылға кесілген жазасын түгел өтегеннен кейін ғана 1848 жылы ол еліне қайтарылды. Ел жиылып, оның аман – есен оралуын тойлады. Сол той үстінде атақты Орынбай ақынның:


Хан өтті – ау Абылайдай кеше жүрген, Үш жүздің бір тағдырын шеше білген. Он жылдай Итжеккеннен әрмен кетіп, Ханымыз Ғұбайдолла елге келген.


Оралды Ғұбайдолла он жыл жатып, Бұйырған риздығын келді татып.


Бас иіп дұшпанына жалынған жоқ, Жалпақтап кебіреудей елді сатып. Биылғы қатты болды қыстың жұты. Орта жүз ырысың бар ел екенсің, Хан келді Ғұбайдолла елдің құты, –


деген құттықтауы ел аузында әлі бар. Ғұбайдолланың сонау Сібір түкпіріне іздеп барып, айдау мерзімі аяқталғанша бірге болып, бірге оралған Ұлбөбек бәйбішені көріп ақын:


Жар үшін жанын қиып құл боп өткен, Әйелді айт отқа – суға бірге кеткен.


Арқадан Итжеккенге іздеп барған, Кім асар ел анасы Ұлбөбектен, – деп жырлайды.


Қорлық пен зорлықтың, рухани кемсітудің неше түрін көріп, жаны жаншылып, тәні тозып оралған Ғұбайдолла елге келген соң көп ұзамай бірер жылдың ішінде қайтыс болады. Патша әкімшілігінің күллі азабы мен мазағы үшін, тәлкекке түскен тағдыры үшін Айғаным балаларын жазықты санап, тірлігінде жуықтамаған оның бар жабдығының басы – қасында Шоқанның әкесі Шыңғыс болып, жылын арнайы атап, ұлан – асыр ас береді. Сөйтіп, жаттың


 


көрсеткен құрметінен жұртының тартқызған бейнетін артық көріп, халқының қасиетін танытамын деп қасірет шеккен ұлтжанды бір ірі тұлға өмірден өтті.


Ал осы Ғұбайдолла қазақтың ханы бола ма? – деген сұрақ төңірегінде бір толғанайықшы. Біздіңше Уәли дүние салғаннан бастап өзі қашан аға сұлтан боп сайланғанша ол Орта жүздің соңғы ханы атанып, билік құрған деуге әбден болатын сияқты. Халқы қалап, ақ киізге көтеріп, хан сайласа, оны орыс үкіметі мен қытай әміршісінің бекітуінің қазақ үшін қажеті бар ма? Хан олардікі емес, қазақтікі ғой. Бірақ ол хан боп ғұмыр бойы тұрса да, орыс аюы мен қытай аждаһасының арасына түсіп қалса да екеуіне де алдырмаған, ешқайсысының тырнағын даласына салдырмаған қазақ көкжалы Абылайдай бола алмас еді. Өйткені оның кезінде заман да, заң да өзгеріп кетті. Орыс үкіметі отаршылдық шеңгелін далаға дендей салып, бар жерде бекініс орнатып, қазақты тырп ете алмайтын халге жеткізді. Ғұбайдолланың торға түскен тағыдай аласұруы да содан. Хандық қалпында қалып, билік дербес болса, жұртты отаршылар табанына таптатпауға болады деп ойлады ол. Әйтпесе қарақан басының қамын көздер болса, аға сұлтан қызметінде жүргенде – ақ патшалықтың барлық сый – сияпатын көріп, құрметке бөленіп, отыра берер еді ғой. Бұл болса, халқының еркіндігі үшін басын бәйгеге тігіп, отаршылдық саясатына қарсы шықты. Оның осы қарекет – қимылы кейін өрши жөнелген ұлт – азаттық көтерілісіне тамыздық тастады деуге кәміл болады. Ендеше ханзада тағдырына әлі де тереңірек үңіле түскен жөн тәрізді.


Ғұбайдолланың есімі энциклопедиямызда әлі жоқ, тарихи шығармаларда да сирек ұшырасады. Ол туралы кезінде «Ақиқат» журналында жарияланған тарих ғылымының докторы В.Моисеевтің мақаласы мен Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылары Кәдіржан Әбуов пен Ақбота Бексейітованың шағын жазбасынан басқа ауызға алар әзір ештеңе жоқ. Оның қалтарыс– бұрылысы көп өмір жолы, жалтарыс– іркілісі көп тұрмыс –талайы туралы жалпы не білеміз? Өзімен бірге жер аударылып кеткен баласы Болаттың жағдайы не болды? Кезінде аманатқа алынып, одан Петербургтің Паж корпуснда оқыған ұлы Сұлтанғазы қайда? Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Сібір кадет корпусын бітіріп, Жетісу генерал – губернаторы В.Г.Колпаковскийдің қол астында қызмет еткен, кейін полковник болған Сұлтанғазы Болат Уәлиханов (зайыры, Болаттың баласы болуы керек) туралы не дерек бар? Бақсыз ханзаданың, тақсыз ханның қатпар–қатпар қыртысты, қайшылығы қат–қабат ғұмырнамасы зерттеушісі табылса, таусылмас тақырып. Жалпы, оның егемендігін алып, бар–жоғын жаңа түгендей бастаған еліміздің тарихына әр берер тұлға екенінде талас жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу