Әңгімелер ✍️
Хан Уәли
... Осы жылдың маусым айында жасы алпыс тоғызға толған шағында әкем Абылай хан дүние салды. Сіздің қанатыңыз астында елу жыл қалтықсыз қызмет еткенде өзіне де, өзгеге де нұқсан келтірген жоқ еді. Әкемнің артында отыз ұл қалды. Бәрі де осы ордада сұлтан болып, ел билеп, патша ағзамға адал қызмет қылды... Қарапайым халық жиналып жұртшылық кеңесінде әкемнен кейін мені хан көтеріп, ел билігін қолыма бергенімен, соған өзіңіздің мархабатыңыз бен сенімхатыңыз керек болып отыр.
(Уәли ханның 1781 жылғы тамызда Екатерина //-ге жазған хатынан)
Тірлік тасқынында сағат сайын топырлап туып жатқан оқиғалардың бәрін
«жаңалық» деп, құдайдың құтты күні қайталап, жап– жақсы сөздің аузын жалақ, арқасын жауыр етіп жүрген сияқтымыз. Әйтпесе, ашылуы дүйім елді дүр еткізіп, тарихқа тетігін тауып кірпіш боп қаланар шын мәніндегі жаңалық табиғаттың сирек сыйындай ілуде бір кездессе керек-ті. Сондай сирек сыйға былтыр белгілі журналист Сүлеймен Ақтаевқа туған ауылындағы өзі оқыған мектептің аты беріліп, шағын мұражай ашылған салтанатқа тап болдық. Жиында сөз алған Қадыр деген қария:
- Бауырында осы ауыл отырған анау төбені Қарақылпақ тауы деп атайды. Бұл бір қыдыр қонып құт дарыған жер, - деп бастап ойда жоқ жаналықтың шетін жылп еткізді. – Қырық жылдай хандық құрып, Орта жүзді билеген Уәли ханның мүрдесі осында жатыр. Бұрын « Хан бейіті » аталатын үлкен қорым болатын. Тың көтерген кезде апай-топайын шығарып жыртып жіберіп, күлпарша болған құлыптастардың жұрнағы ғана қалды. Ондағы жазуларды зерделеп оқыса. Ханның зиратын табуға да болар. Журналист ағаның осынау сөзге елең ете қалған қаламдас, қадамдас достары табан аузында атқа қонып көне қорымды ерсілі- қарсылы аралап, ханға қойылған құлпытастың сынығын тапты. Сәті түскенде ол құлпытастың жазу жазылған бөлігі екен. Жерде жатып күн мүжіп, су шайып, кейбір харіптер өше бастағанымен, ханның есімі мен дүниеге келген және өткен жылдарын тануға болатындай.
- Бұдан қырық-елу жыл бұрын ескерткіштің қаласы бүтін болатын, дейді қадірмен қарт Қадыр. – Айт күндері ақсақалдардың бейіт басына барып аят оқығаны болмаса басқа жұрт көп жуый қоймайтын. «Хан қорымен қастер тұтып, құлшылық етіп жүр деген сөз жабыса ма деп, зәре–құтымыз қалмайтын. Ондай атақ жабысса, ақыры қайдан апарып шығарары белгілі ғой о тұста. Ал тыңға келгендер басың бар, көзің бар деді ме, ай-түйге қарамай қырат– қырқаның бәрін
дар айырып, жыртып тастаған жоқ па. Әйтеуір, ауыл малына өріс қалсын деп Қарақалпақ тауын түгел жыртқызбай аман алып қалғанына да тәубе жұрттың.
Батыс жақ жұлығын Қылшақты өзені жалай ағып жатқан осынау жатаған жасыл таудың Қарақалпақ атануы әралуан ойға жетелейді. Өткен ғасырдың аяғында түсірілген бір картада тіпті Қылшақты өзенінің өзі «Қарақалпақ» деп жазылыпты. Арғы–бергі тарихымызда Көкше өңірін қарақалпақтар мекендеді деген деректер ұшыраспайды. Сонда бұл атау қайдан пайда болған? Біздіңше бұның мынадай бір сыры бар секілді. Уәлидің анасы, Абылай ханның он екі әйелінің бірі Сайман бәйбіше қарақалпақ қызы. Ханға ханымдыққа ұзатылған соң ол бері қойғанда бектің не белгілі бір байдың қызы екені айдан анық. Бұрынғы кезде белгілі адамның қызы ұзатылғанда күллі күтушілері, отыншы–сушы, сауыншы–малшылары қоса берілетіні белгілі. Бұл дегеннің өзі тұтас бір ауыл. Демек, Қарақалпақ бегі Сағындықтың қызы Сайман бәйбішенің ауылы қойнауы толы тобылғылы шұбар осы жасыл төбенің баурайына кеп түсіп, тұрақтап тұрып қалған да, тұрғындарының атына орай ол «Қарақалпақ ауылы» деп атанып кетуі әбден мүмкін.
Ендеше, Уәли ханның осы таудың етегіне жерленуінің таңданарлық ештеңесі жоқ. Өмірінің соңғы он бес жылын ақыл-парасатымен де, ажар– сымбатымен де баурап алған айдай ару ерке тоқалы Айғаныммен Сырымбет саласында өткізген оның ақтық сапарға аттанарда төрт әйелінен тараған ұрпақтарын таластырмас үшін сүйегін сүйікті анасы жақтан жерге қой деп өсиет айтуы да ықтимал ғой. Қайткенмен де отыз жылдан астам билік құрып, тақтан да, бақтан да әбден мезі болған хан кіндік қаны тамған туған топырағында мәңгі тыным тапқысы келген болуы керек.
Алтын алашты аузына қаратқан айбынды әкенің, қызмет қаракеті хатқа түсіп, аты алысқа кеткен баланың арасында, қала берді ғылым әлеміне жарық жұлдыз боп көтеріліп, даңқы жер жарған немеренің көлеңкесінде пәстеу көрініп, онша еленбегенімен Уәли де осал адам болмаған. Хандық атаққа аның қолы Абылайдың көзі тірі кезінде жетіп, данышпан әкенің батасын алғанға ұқсайды. Ол туралы ел аузында алуан түрлі аңыз–әңгіме де аз емес. Солардың бірі Көкшетау облысының бұрынғы имамы Момақан Әлиұлынан жеткен сөз.
Өз басым, Момақан молданы сырттай жақсы білемін. Бірер мәрте көруім де мүмкін, бірақ көңіл қойғаным жоқ–ау деймін. «Құдай жоқ» деп келтесінен бір–ақ қайыратын «қызыл коммунистік» ол кезде дін иесіне қандай иілтсін. Оның үстіне кешегі молшылық заманда өлік жөнелтудің ырым–жырымы көбейіп,ырың– жырың болып жатқан жұртқа тоқтау айтып, тиым салмады деп іштей өкпеміз де болатын оған.Дегенмен әкелеріміз білімді, білікті, ғұлама кісі деп аузынан тастамаушы еді. Сөздерінің жаны бар екен, ол артына «Түрік–қазақ тарихы» атты қолжазба кітап қалдырып кетіпті. Ол еңбегі Омбы арқылы Керекудегі белгілі бір ғалымның қолына түскен көрінеді.
Шежіренің талас туғызар тұстары көп болғанымен, тынымдық, тағылымдық мәні де аз емес.
Ал Момақан марқұмның өз аузынан естіген қариялардың айтуына қарағанда Уәлидің хан сайлануы біраз күшке түскен тәрізді. Аруағынан айналайын,
бұрынғы ел басқарған бабалар казіргідей жағы түскенше билікті уысынан шығармай, тақтан тістей қабысып айырылмай отырып алмаған ғой. Көзі тірісінде– ақ мұрагеріне орын беріп, өзі сырттай айғайшы, ақылшы боп отырған емес пе көбі. Абылай да шау тартып, жасы алпыс алтыға келгенде: «Мен болсам қартайдым, орныма Қасым деген баламды қойсам деген ойым бар. Халқым қабыл көрсе, оны хан көтерсін», - деп қарауындағы елге хабар салады. Хан жарлығын есіткен ел тарту–таралғысын алып орда қайдасың деп Көкшеге қарай ағылады.
Жұрттың аяғы қанша жиналып болады деп дегбірсізденіп Қасым төре жүр.
«Әлі келіп үлгермеген ел бар» деп, соларды тосқызып тапжылмай Абылай отыр. Расында да белді–белді екі тайпадан әлі ешкім келмеген еді. Олар көпке сөзі өтетін Қаракерей Соқыр Абыз бен Қанжығалының батыр– бағлан билері. Бақса, олардың батырлары жорықта жүріп қап, елі сол қадірлі кісілерін күтіп кешігіп жатыр екен. Ақыры, онша ұзамай олар да жетеді. Қаракерей мен Қанжығалы келген соң топ та түгенделеді.
Абыздың Әлдебек, Тәттімбек деген екі ұлының екеуі де батыр екен. Қанжығалы–бәсентиінді Айтбай деген батыр бастап келді. Бәрі де алдымен хан ордасына келіп сәлем береді. Ордада Абыздың Әлдебегі сөйлеп отырған үстіне Қасым келіп кіреді. Кешіккендеріне ренжіп қаңыратқып жүрген төре іш пікірін жасыра алмай:
- Мынау аттыға жол, ауыздыға сөз бермей сайрап отырған заржағың кім? – деп қойып қалады, ұнатпағанын ашық аңғартып.
Әлдебек айбарлы батырлығымен бірге айтқыр шешен жігіт екен, ешбір іркілмей:
Менің атым Әлдебек, Сөйлер сөзім әлі де көп. Жан – жағыңа қарашы,
Хан – жалғыз да қара – көп. Хан сайласақ, Қасым – ау, Орта жүздің ішінде
Сендей – сендей бала көп. Хан сайла деп Қасымды Атаң Абылай шақырды.
Сайламаймыз Қасымды, Болмай жатып басынды. Хан боп елді ұстай ма Тепсінген долы ашулы?! – деп суырып салады.
- Біле – білсең «Бай – бір жұрттық, батыр – бір оқтық». Мына сөзіңді қоймасаң саған садақтың бір оғы жалынсын! – деп мінезі шапшаң Қасым сес танытады. Айтарын айтқан Әлдебек әдеп сақтап одан әрі үндемейді. Орда ішінде осыншама адам жиналған жерде тентек төрені жерлей беруді жөн көрмейді. Адамның бәрі бірдей емес қой, Қасымның шалдуар шадырлығы шамына тиіп, шыдамай отырған Айтбай батыр кеп сөзге килігеді.
Әу, соқтығардай қотырға
Білмей сөйлеп отыр ма? Үндемей қалай тұрамыз Осындай жиын – топырда
Нағашың – қалмақ, әкең – сарт, Басыл Қасым, құтырма! –
деп тікесінен бір – ақ қояды.
Терісіне сыймай қатты ашуланған хан ұлы енді қаһарын қарсы тіл қатқан Айтбайға төгіп тиісе кетеді. Бес қаруын беліне байлаған батырды мұқатып:
- Басына темір киген бұл кім тағы да?! – деп ерекпиді. Сірә үстінде сауыты, басында дулығасы бар аруағы басым айбынды батыр бірден – ақ ұнамаса керек.
Жан баласына есесін жіберер Айтбай ма, табан аузында былай деп жауап береді:
Руым Ақжол болғанда, Тайкелтірдің баласы – Атым Айтбай батырмын. Өз бетіммен келген жоқ, Тамақ аңдып жүргем жоқ, Атаң Абылай шақырды, Хан сайла деп Қасымды. Сайлауға келіп жатырмын,
Талайды көрген батырмын, Келмей жатып ақырдың, Қамалын бұздым неше рет, Жылқысын алып бес рет.
Қалмаққа тізе батырдым, Кегін алмақ бар ма ойың Нағашың – қалмақ кәпірдің?!
Айтбайдың мынау айтқаны шымбайына батып кеткен Қасым сөздің уытын сөзбен қайтарудың орнына ашуға булығып: «Орданың ішінде отырып «қалмақ» деп бір емес, екі рет айттың – ау, сен!» - деп қылышын ала ұмтылады. Халық көпе
- көрнеу қан төгуге жібермейді. Дегенмен орда іші опыр – топыр болып қалды. Көпшілік сабасы түскен соң салмақты сөзге жол береді:
- Қасым, сен менімен шынымен – ақ бел шешіп айқасар болсаң жекпе – жекке сыртқа шық. Үйде отырып күңкілдесетің қатын емеспіз ғой, - деп Айтбай орнынан тұра келеді. Сауытын киіп сыртқа шығып кермедегі көк тұлпарына мінеді. Артынан іле – шала Абыздың кіші ұлы Тәттімбек те түрегеледі. Күміс сауытын киіп, қозы күрең тұлпарына ол да мінеді. Екі батыр жиналған жұрттың көзінше қылыштарын жарқылдатып қойдың қу құмалағын найзамен түйреп әртүрлі ат ойындарын көрсетеді. Айтбай батыр көк тұлпарымен матаулы тұрған аттардың үстінен қарғып арғы жағына түседі. Қайран қалған көпшілік қос батырға қошемет көрсетеді.
Ошаң етпей ордасында отырған Абылай сырттағы жұртты сабыр сақтап ішке кіріп сөйлеспекке шақырады. Батырлар да, басқалар да түгел келіп болған соң хан сөз бастайды.
- Уа, халқым, хабарым бәріңе де белгілі. Кеңескеннен ел кемдік көрмейді. Не айтсаныздар? Алдымен Айтбай батырды тыңдайын, - дейді.
Қанжығалының қалың батырларының арасынан келген бәсентиін Айтбай бұл жолы да іркілген жоқ.
Ей, ханием, ханием, Орта жүзге келген соң
Жұлдызың туды оңыңнан. Түйе баққан жаяулап Арылдың қалың сорыңнан. Көкбестіні тұлпар деп Таңдап міңдің астыңа
Жәнібек ханның тобынан. Сегіз құлаш қорғаннан Қарғып түстің аржаққа Қалмақтың жайған торынан. Жауыңды шауып бақ таптың Алғашқы барған жолыңнан. Көк найзаның ұшымен,
Көк тұлпардың күшімен Қақпада тұрған көп қалмақ Қырғын тауып қалыпты Қарулы қайрат қолыңнан. Риза болып ісіңе
Жәнібек хан атамыз
Хандықты берген қолынан. Сен қартайдың, біз жеттік, Ұрандасаң «Ақжол!» деп, Арғын, Найман, баласы – Бәрі ереді соңыңнан.
Бақытты туған адамсың Артықша туған таланды. Сайламаймыз хан қылып Қасым деген балаңды.
Хан болған соң айырмас Жақсы менен жаманды. Төрде төре бере алмас, Айырып адал – арамды, -
деп бұынғы ойын қайталап Айтбай пікірін нығырлай түсті. Қасымды хан қоюға қарсы екенін бүгежектеп бүгіп қалмай ашық айтты. Айтбайдың екі айтпайтынын, кері қайтпайтынын біліп күдер үзген Абылай енді Әлдебектен сөз күтті.
- «Хан соқыр болса халық көр болар, қара соқыр болса тәубәсі зор болар» деген , - деп мақалдай бастап Әлдебек сөзін тақпақтай аяқтады:
- Инабатты кішіпейілден хакім болса, халыққа әділеті мол болар; тәкәппар кесірден хакім болса, жұртына аждаһадай ақырып сор болар, ханием.
Абылай бәрінің пікірін мұқият тыңдап көп ойланады, көп толғанады. Елдің игі жақсылары мен батыр, билері Қасым туралы бір ауыз жылы сөз айтпайды. Халық қаламаған соң оны хан қоя алмайтынын білді. Сондықтан көпке қарата тағы бір сауал тастады.
- Сөздеріңнің түріне қарап пікірлеріңді түсініп отырмын. Олай болса Уәли деген балам бар, оған қалай қарайсыңдар?
- Балаңыз келсін, көрейік, - десті көпшілік.
Уәли босаға жақта отыр екен. Түрегеліп көпке иіліп тағзым етеді де, ілгері аттамай отыра кетеді.Көп сыншы емес пе, хан баласының бас – аяғына қарайды да: «Момын екен, мынау ел билей ала ма?» - деседі. Ондайларға қарсы уәж айтушылар да табылып жатыр. «Пысығын да көріп отырмыз, тентегін қойып алып желкемізде жұдырық, төбемізде таяқ ойнатып отырса не істейміз? Момын болса бекзаттығы шығар. Көп үндемесе іштілігі болар. Аз сөйлесе артын бағып, ақылға салады да. Халыққа қамқоршы да ақылдыдан шықпайды ма?!
Не керек, сөйтіп Уәли хан сайланған екен, дейді аңыз.
Иә, Уәлиді ақ кигізге салып хан көтереді. «Халқына қайырымды болсын, әлсізге қол жұмсамасаң» деп ырым бойынша екі жеңін кесіп алады. Уәлиді хан көтергендегі қазақтың осы ырымын Шоқан жайында кітап жазған ғалым Ирина Стрелькова да қаз – қалпында келтіреді (И. Стрелькова. Валиханов. Жизнь замечательных людей. Москва, 1983 ж.).
Әйткенмен, аңызда Қасым төрені тым тұқыртып, ақылын ашуына жеңгізетін ұстамсыз ұшқалақ жан етіп көрсетеді. Бәлкім, бұл көзқарас орыс отаршылдығына қарсы ұдайы күрес жүргізіп, патша әкімшілігінің тынышын алып, елді де дүрбелеңге салып, беймаза еткенінен қалыптасқан да болар. Кеңес кезеңінде қуғынды көп көрген Момақан молданың өзі де қалыптасқан саясаттан бұра баса алмай, Қасым туралы аңыздың көлеңкелі жақтарын ғана жадында ұстап қалуы ықтимал – ау. Қалай болғанымен де, қазақ халқының азаттығы жолында үрім – бұтағы бір ғасырдай қан төккен Қасым төре ұрпақтан әділ бағасын алуы керек – ақ.
Асылы, білікті билігімен бүкіл алашты уысында ұстаған Абылайдың Қасым мен Уәлидің қайсысына тағын беруге келгенде таңдауды қоластындағы халқына қалдыруында да мән бар. Аранын ашқан Ресей мен Қытай сияқты екі аждаһаның арбауына алдырмай, тізгінді тең ұстап, қазақ елінің егемендігін сақтап қалған көреген саясат ұстаған кемеңгер Абылайға орнын кім басатыны енжар қарайтын мәселе емес – тін. Сейіл қуып, серілік құрып ел билеуден оқшау жүрген, сырттай момын көрңнетін Уәлиді алтын тағына ие етерде ханның өз себебі болған қасиетті. Енді ғана бүр жарып, тамыр тарта бастаған егемендікті салқын ақылды, сарабдал басшы ғана тамтыратпай ұстап тұра алады. Мінезі ұстараның жүзіндей қылпып тұратын өзгеге құмартып кез келгенге килігетін Қасымға ол қиындау. Сондықтан да ол тақтың тағдырын халыққа қалдырып өз шешімін елдің аузымен айтқызған ғой. Оның үстіне Уәлиді орыс ұлықтары да жек көрген жоқ. Оған куә – құжаттар да баршылық. 1775 Сібір желісінің қолбасшысы генерал – поручик
Денологтың Орынбор губернаторына жазған баян – хаты. Генерал Абылай ханның баласы Уәли мен немере ағасы Сұлтанбеттің ұлы Орысқа және Әбілмәмбеттің Әбілпейзіне жылдық жалақы тағайындалуын талап етіп, бұл сұлтандардың өзі билеген елін уысынан шығармай, тәртіп орнатып, тыныш ұстап отырғанын жазады. Ал Орыс сұлтанның бұндағы бекіністерге түрлі бұйым жеткізіп тұратын Ташкент пен Бұқар саудагерлерін қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай әрі – бері аман өткізіп жүргенін айтады.
Шын мәнінде Уәлидің таққа отырып өз бетінше билік құруы 1781 жылы әкесі Абылай хан қайтыс болғаннан кейін басталды. Ал 1782 жылы қарашаның 1- жұлдызында оны патша әкімшілігі Қасиетті Петр бекінісінде (қазіргі Қызылжар қаласы) салтанатты жағдайда Орта жүз қазақтарының ханы деп жариялады. Мінберге көтеріліп генерал–поручик Якоби патшайым Екатерина II-нің жарлығын оқып, ол бойынша хан Уәлидің әмірі Орта жүздің күллі халқына, сұлтандары мен рубасыларына түгел жүретінін хабарландырды. Жарлық ахун әрі депутат Мырза Яуышев арқылы татарша да оқылып, соңынан Уәли тағзым етіп құранды сүйіп, ант беріп оның аяғына мөрін басады. Салтанат соңында ханға торқа тон жабылып, қолына қылыш ұсталды, басына бөрікті генерал өз қолымен кигізді. Рәсімге бекіністің әскери құрамы түгел дерлік қатысты. Дабыл қағылып, барабан соғылып, керней шалынып, ханның құрметіне зеңбіректен бірнеше дүркін оқ атылды.
Жалпы, Уәли елге жайсыз хан болған жоқ. Ол билік құрып тұрған тұста Орта жүзде өзге жүздерге қарағанда өзара қырқыс, қырғын, төбелес әлдеқайда аз болды. Арқа өңірі қалмақтардан тегіс тазартылды.
Аузын айға білеген айбынды да айдынды Абылайға бауыр басып үйреніп қалған ел үшін Уәлидің олқы соққаны да рас. Сонда да ол қой ауызынан шөп алмас аса момын да болмаған секілді. Ретті жерінде айтарын айтып, қарсыласының бетін қайтарып та тастап отырған. Мәселен, 1774 жылы Абылайға сенімхат әкеп Пугачевтен елшілер келгенде Уәли сұлтан: «Абылай өз атын өзі шақырған көкекті патша деп танымайды және қанішер жексұрынмен ешқандай қарым –қатынас жасамайды» деп әкесінің орнына жауап беріп, келгендердің бетін бірден қайтарып татайды.
«ХVIII ғасырдағы қазақ батырлары туралы тарихи аңыздар» жинаған Шоқан Уалиханов: «Уәли ханның жасында сайқымазақ әзілкеш, әрі шалдуар тентек мінезімен аты шықса керек. Ол кейінірек қырға кеп Абылайға бағынып қасында қалған қалмақтармен арада соғыстың бұрқ ете қалуына да себепші. Қалмақтың жас ноянымен бір жас қызға таласып Уәли биік өкше етіктің нән табанымен тепкілеп бейшараның қабырғасын сындырған екен. Намысқа шапқан қалмақтар шыдай алмай бас көтеріпті» деп жазады (Ш. Уалиханов. Шығармалар, 2–том. Алматы, 19858 ж.).
Ел билеуге келгенде Уәли хәл–қадерінше әкесі Абылай салған сара жолды ұстануға тырысады. Әсіресе, сыртқы саясат саласында оның бағытынан аумай, бір жағынан Ресеймен қарым–қатынас жасап, екінші жағынан Қытаймен байланысын үзбей, әрі өрістете береді. Патша үкіметі өз тарапынан оның Шығыстағы ұлы көршісімен байланыс жасауына тыйым салып–ақ бағады. Тіпті Уәли ханға арнайы
келе жатқан Бөгдіхан елшілерін қазақ әскерлері хан ордасына жібермей де қояды. Бірақ қайткенмен оның Қытай өкіметімен қарым–қатынасын тоқтата алмаған.
Патша үкіметі өз ықпалын күшейту мақсатымен Уәли ханның тұсында шекара шептерін Орта жүз жеріне қарай біртіндеп жылжыта бастайды. Хандық биліктің шарасыздығы. Қырдағы феодалдық батыраңқылық, рулар арасындағы алтыбақан алауыздық, көшпенді шаруашылықтың дәрменсіздігі солардың отарлау саясатын жүзеге асыруына қолайлы жағдай туғызды.
Оның үстіне Уәли ханның ішкі саясатына жергілікті жердің өзінен қарсылық күшейіп кетті. Ханның үстінен патша үкіметіне арыз–шағымдар топырлап түсіп жатты. Патша әкімдері де оның түп ізіне түсіп алып, көрген– баққанын, естіп–білгенін жоғары жаққа хабарлады да отырды. Ол ұдайы Орта жүз арқылы өткен сауда керуендерін тонайды деп те соқты. Ханның алым–салығына шыдамай кейбір рулар көше бастады. Оған Ресей тоқтау салудың орнына өкпелілердің қолтығына су бүркіп, өз ішіне қарай Тобыл және Том губернияларына шақырды. Орыс әкімшілігінен қолдау таппай ел ішіндегі арқа сүйер әлеуметтік күшінен айырылып қалған соң Уәли хан Қытай өкіметімен, Бұқар хандығымен байланысын күшейтуге мәжбүр болды.
Осыны аңдаған патша үкіметі Уәлидің билік ауқымын шағындау үшін Орта жүзге тағы да бір хан тағайындады. Ол атақты Барақтың ұрпағы Бөкей болды. Алайда ол онша көп билік құра алған жоқ. 1817 жылы дүние салды. Араға екі жыл салып 1819 жылы дүниеден Уәли де өтті. Сонан соң Орта жүзде хан сайлауы мүлдем тоқтатылды. Сөйтіп, қазақтың ең соңғы сайламыш ханы ұлы ғылым Шоқанның атасы Уәли болды.
Бұрынғы балаларындай бұзып–жарып керемет бірдеңе жасап тастамағанмен, жорыққа аттанып қазақ жерінің шекарасын ұлғайтпағанымен Уәлидің хандық құрған тұсын қазақ елі, әсіресе, Орта жүз бейбіт, бейқұт өмір сүріп, басына бас, малына мал қосып, тып–тыныш өмір сүрген мизаншуақ бір кезең болған еді. Ел билеуші үшін бұл да бір тағдырдың бөлекше сыйы болса керек. Оның тарихтағы орны да осымен айқындалады ғой.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter