Өлеңдер ✍️
***
Жанарыммен астасқанда
тұнық түн,
Түнге сіңіп
өзімді-өзім ұмыттым...
Қоштасар сәт...
Жылады алғаш жүрегің,
...Мен өтірік күліппін.
Көмейімнен
дүр еткенде есіл дем,
Ләйліп кеттім
сол адасқақ ғасырмен.
Үнсіз ойлар тілсіз өлді ішімде,
Бәрін, бәрін кешіремін,
Кешіргем.
Жүректе –мұң,
өзегімде өрт бар-ды
Ұмытармын,
ұмытылмас дертті әлгі.
Өкініш боп мәңгілікке қалды Сөз –
Сағыныш боп
орындалмас Серт қалды.
Қоштасар сәт...
Күнбатыста өлді күн,
Бұлыңғыр ой,
бұлдыр мезет, жол бұлың...
Көк тұманға
жылдар сіңіп жоғалар,
Сағымдармен араласып
сор-мұңым...
Ғайып құсы –
мендік үміт сенімім,
Сенімімнен ботам,
тағы жерідім.
«Сүйемін!»
деп айқайлап ем ішімнен,
«Сүймеймін!»
деп күбірледі ерінім.
Толқын-жылдар
толқып ақты осымен,
Қоштастық біз...
Жазмыштың сесімен.
Сезім, сенім...
Ұмыт қалды барлығы,
Бәрін үнсіз кешіргенмін,
кешірем...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter