Әңгімелер ✍️
Володяның басы
Барлық балаларға тән қасиетпен ол да тезірек есеюге асығатын. Бірақ бұл сапар есеюге емес, Құдайға апаратынын білмейтін. Есеюдің ешбір қызығы жоқ екенін кейін білді.
Қызыл галстук байлаған пионерлердің ән айтып тізіліп бара жатқанын көргенде, тіпті қызығып кетті. Қақпа алдынан жүгірген бойы шешесіне келді де,
- Мама, мен қашан пионер болам?- деді ентігін баса алмай. Шешесі күлді де,
-Пионер болу үшін алдымен октябрят болуың керек. Құдай қаласа, деп барып, шешесі аузын алақанымен жаба қойды. Анасының әр сөзін тыңдап тұрған кішкентай қыз:
-Құдай деген кім?-деді, жұлып алғандай.
- Ақырын ойбай, ешкім емес. Ендігі әрі бұл сөзді айтсаң -деп барып, үнсіз қалған шешесі қызын қолынан жетектеп, төргі үйдегі сандықтың қасына алып келді. Сандықтан кішкентай ақ матаға оралған нәрсенің орауын жазғанда, ішіндегі төсбелгіні көрген көрген қызы -Мынау Ленин атам ғой- деп, қуанып кетті. Ленин атасын жақсы көретін. Төсбелгіні қолына ұстап отырған шешесі қызына қарап күлімсіреді де, -Міне, осы төс белгіні сен октябрятқа өткен кезде кеудеңе тағасың. Бірақ сен жаңағы құдай деген сөзді ұмыт. Әйтпесе көршінің баласына бере салам. Жарай ма? Лениннің бас суреті бейнеленген төсбелгіге қызыға қарап тұрған қыз: - Жарайды мама,- деп, басын изеді. Шешесінің «О, Алла» деп күрсінгенін сыртқа қарай жүгіре жөнелген қызы естіген жоқ.
Өзінен бір клас жоғары оқыған көршінің баласы октябрятқа өткенде қатты қызықты. Тіпті, «ұйқтап таңертең тұрғанда көктем болып тұрса ғой» деп те армандады. Әлгі көрші бала бұрын мектептен бірге қайтып, бірге ойнайтын. Қазір бөлектенген. Октябрятқа өткен өз кластастарымен ғана ойнайтын болды. Октябряттарға Володяның басы белгіленген төс белгі беретінін естіген. Бірақ төс белгіні көрмеген еді. Әдемі екен. Бірде, бір топ бала ойнап жүргенде көрші бала келіп өз төсбелгісін көрсетіп, Володя туралы мұғалімнің қандай әңгіме айтқанын, өзінің октябрятқа өткенде ант бергенін айтып мақтанды. Қызығып, қызғанып кеткен бұл, - Көктемде мен де октябрят болам. Менің төсбелгім мынадан әдемі. Ол мамамда-деп еді. Октябрят көрші
- Сендер өтпейсіңдер. Енді октябрятқа қабылдамайды -дегені сол екен кішкене қыз жылап жіберді. -Мамама айтам - деп, үйіне қарай жүгіре жөнелді.
Ол кезде бәрі басқаша еді. Адамдардың бәрі арманшыл болатын. Құдай деу де арманға айналған кез еді. Мен алғаш Құдай бәрімізді жаратқанын естігенде ата-анама біртүрлі сенімсіздеу қарағаным есімде. Ол шақта бәрі бар, тек, бостандық жоқ еді. Бірақ, біздің ауылдың адамдары бостандыққа зәру емес еді. Қарапайым адамға керектің бәрі болды. Армандардың орындалуы да партияға адалдықтан басталатын. Ал қазір бостандық бар да, ештеңе жоқ. Иә, Құдайға ештеңе егіз емес екенін кейін білдік. Арман да, бостандық та бос әуре екен. Қолға түскен соң құны жоғалады.
Сонымен, біздің кейіпкеріміз күткен көктем де келіп жетті-ау. Бұл қайта құрудың дәуірлеп тұрған тұсы еді. Ел іші, тағы бір керемет болардай алаңдаулы -тын. Тегінде Бостандық дегеннің өзі адамның өз ішіндегі шын бейнесімен бетпе-бет келуі. Адамның шын бейнесіне жасырылған шындықтар, Құдай ақиқатына не жақын, не алыс болуы мүмкін. Себебі, Құдай мен Адам арасындағы кедергінің өзі адам ғой. Қалай болғанда да, еркіндік деген сөз ел ішін кезіп жүрген еді.
Көктемнің әр күні октябрятқа өтуге жақындатып келе жатқанда бәрі нілдей бұзылды. Бұдан былай октябрятқа өту тоқтатылыпты. Мұғалім мұны аса бір қынжылыспен, жыларман болып жеткізді. «Неге, неге бізге келгенде тоқтайды, сонда бізді Ленин жақсы көрмей ме?». Балалар шуылдап кетті. Өзі енді ғана партияға өтемін деп, дайындалып жүрген жас мұғалім өзін кінәлай қараған кішкентай көздерге қарай алмай сырт айналып кетті. Бір класс арманның тас-талқаны шықты. Мұғалімдерінің теріс қарап жылап жібергенін байқаған оқушылар тым-тырыс бола қалды. Сол сәтте ол кластан лып етіп шықты да, үйіне қарай безектеді-ай келіп. Жылап келеді. Жүгіріп келеді. Келе сала сандықтағы төсбелгіні іздеді. Төсбелгіні көрді де, өксіп-өксіп жіберді. Кішкентай қыз арманның орындалуы да біреулердің саяси шешіміне байланысты болатынын сезген жоқ.
Үйге келген шешесі, Лениннің басы бейнеленген төсбелгіні ұстап жылап отырған қызын қалай жұбатарын білмеді. Сол күні октябрятқа өтпей қалған балалардың ешбірі ойынға шықпады.
Іле-шала Тәуелсіздік деген сөз бұл ауылға да жетті. Ешкім қуанған жоқ.
Бәріне кінәлі тәуелсіздік секілді көрінді. Жұрт жақсы өмір сыйлаған тәуелділіктен айырылғысы жоқ еді. Ол да октябрятқа өтпей қалғанын тәуелсіздіктен көрді. Төсбелгі сандықта алты жыл жатты. Бұл - бәлкім бәрі қайта қалпына келер деген шешесі екеуінің үміті еді. Тәуелсіздіктің алтыншы жылында ауылдағы Лениннің ескерткішін құлатқанда үміттері біржола өшті. Содан бері ол армандаудан қорқатын. Тек анда-санда төсбелгіні кеудесіне тағып, октябрятқа өтіп жатқан өзін түсінде көретін. Кейін бәрі ұмыт болды. Өмірдің негізгі мәні де бәрінің ұмыт болуын да екенін бағамдаған. Тіпті кейде Құдай да.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter