Өлеңдер ✍️

  05.02.2022
  128


Автор: Светқали Нұржан

Қосбасар

немесе теңізге тамған тамшылар

І
Айбергенов жазып еді: Күй - ару
Домбырадан ұшады деп таранып. —
Арал — шанақ, екі шегі — Сыр, Әму,
Дала - Ақынның шабытынан нәр алып ...
Далам — ауру қазір дерті құзырлы. —
Әр шаттықтың ақырында бар қайғы.
"Менің егіз шектерімді кім үзді?.." –
Жетім шанақ осыны айтып сарнайды ...

II
Жұмекен де жазып еді: Шайыр шал
Шүкіровтің домбырасы хақында. —
Дертті жанды күйлерінен айырсаң,
Нағыз Зауал сол болад, — деп, — ақынға.
Зейнолла жоқ жырдан тапқан мұратын,
Күмбезі тұр.
Жел аталар бар мұңдас.
Ғұмырымен дәлелдеді ол:
Шын ақын
Туған жермен болатынын тағдырлас ...

III
Айдыны жоқ далам менің қайғылы,
Қала жатыр — ақыны жоқ әйгілі.
Өз әлінше жұлқысып жүр жылқысып,
Тай - тобырлар бөліп алып бәйгіні.
Кетті ақындар,
қалдырды да көп аңыз,
Жұтып алып тұр мелшиіп молаңыз.
Төлеген жоқ, Зейнолла жоқ ...
Соңында
Біздер де енді бірдеңе айтқан боламыз ...

IV
Барып едім Әлімдердің қорымына,
Кетті маңды зариғапқан күй кеулеп.
Бет сипап ем өлген теңіз орнына,
Ескі арнамен жылан қашты иреңдеп.
Бозаңдағы бозторғай құс азаннан
Бебеу қағып шырлайды - ай кеп мазамды ап.
... Мендей шерлі болды ма екен о, жалған,
Құсы кетіп, "Жұртта қалған" Қазанғап?!..

V
"Барсакелмес" ада бопты құланнан,
Теңіз жайы баршамызға болды айқын.
Әбдіжәміл ағам қайда? — жыланнан
Бозаңдағы торғайымды қорғайтын!..
Бір кітапты — салмағы ауыр Құраннан
Жазшы, ағатай, басыр басын алмайтын. —
Көмек сұрап арна жатыр жыланған,
Қан мен Терді тағы төкпей толмайтын ...

VI
Көшеді қашан көр — бейнет,
Көндей бет бізге таңсық па?! —
Көзге ілмеуші едік: көл ғой деп,
Кез болдық сор мен шалшыққа.
Қасірет жұтқан бір мен бе?! —
Назырқап атты таң мынау.
Есікті жоқтап жүргенде,
Аралға зар боп қалдық-ау...

VI
Бізден, Арал, безіндің,
Сыймай кеттің маңдайға.
Жырлаймын деп өзіңді
Әжім түсті таңдайға. -
Әлем жайлы жырлаған
Жер-Ақын да қажулы.
Жердің сен де құрғаған
Таңдайысың әжімді ...

VIII
Көз - өрмекші бетке әжіммен тор құрып,
Тән болдырып, келем әзір жол жүріп.
Әжім деген торы екенін Ажалдың
Көре тұрып елемейді сорлы жұрт.
Әжім түспей қайтсін бетке? —
Көрге үріп
Тұрғанда иттік кесапатын төндіріп.
... Дала көзі —
Арал да енді өрмекші,
Жатыр жерге әжім - құммен тор құрып ...

IX
... аяқтан іліп,
басынан ұрып құлатты,
Кеудеге мініп,
алқымнан буып жылатты.
Жүректі сығып,
бүйректі бүріп
Ұлы Дерт —
Бауырды тіліп,
сүйекті үгіп сұлатты.
Дерт жеңген теңіз шығарады әлсіз өлесі үн,
Уақыт - емші бітер ме Ажал өңешін?
... Көзіме менің үңілші! —
Шыт - шыт жарылған
Тұзды сор ұшқан теңіздің орнын көресің ...

Х
Бұл маңайға жеткендей ме тағы жұт? —
Дала деген дала емес-ау! —
Тамызық.
... Қасиды аспан бұлт - қолымен Аралға
Күн-Жараның қанды іріңін ағызып.
Бір қысастық келгенімен қайғы алып,
Табиғаттың тілі қалмас байланып. —
Улы зәрін шашады Әлем бетіне:
Ұяң Самал долы Дауылға айналып ...

XI
Күн артынан күндер өтті — ізі қан,
Тамырыма қанды құйып алдым дем.
Теңіз жайын бірде Аралдың қызынан
Сұраймын деп, хас бәлеге қалдым мен.
Жай білем деп жайым кетті. Не шықты? —
Зар боп қатдым бағзы қамсыз күніме.
Жапырағымды шұрқ - шұрқ тесік қып,
Құрт түсірді тамырыма, діңіме...

XII
Арал қызы қарап еді қадалып,
Түнегіме жұлдыздардан гүл екті.
Кірпігі — шатыр, екен көзі қара құрт,
Сол қара құрт шағып алды жүректі.
Шағып алды, тұрғанымда ұялып. —
Тәнді меңдеп барады індет құтымды ап.
Тылсым жанның жұлдыз - гүлі жиі ағып,
Қан орнына у шығады шыпылдап ...

XIII
Сор — қалың да, неге сонша қысқа — бақ?
Аққан жұлдыз жатыр әлі түнді іреп.
Абайламай саусақтарын ұстап ап,
Жүрек тағы күйіп қалды күлбіреп.
Өлмеші боп — тоным тозып, ат арып,
Күйік — дертім қайтпаған соң дәріден —
Жүрегімді көрсетіп ем апарып:
Көкбет теңіз жуды улы зәрімен.

XIV
Улы Зәрі күйігімді қуырып
Жібергенде,
Жан ұшыра сезгенім:
Әлде бір күш өзегімді суырып,
Жас орнына ағып түсті көздерім.
Ай астында айдалаға босқан шу
Басылмады-ау. —
Неге керек астамсу?! —
Арал, саған менен бүгін қосқан су:
Бар болғаны екі көзім —
қос тамшы у... 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу