Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  150


Автор: Жарасбай Нұрқанов

Самал желдей

(«Лениншіл жасқа» арнау)
Атың асыл, сөзің қымбат газетсің,
Санамызға самал желдей қажетсің.
Жаңалықтың уызымен шүпілдеп,
Шұғыл келіп қалғаныңа не жетсін.
Атам сені үйден-үйге тасыған,
Əкем сені қалдырмайтын қасынан.
Саған менің аға-жеңгем тілші боп,
Сенде менің тұңғыш жырым басылған.
Шежірені шерте білген өміршең,
Талай сыр бар тарихыңа үңілсем.
Мезгілге тəн ұшқырлықпен сөйлейсің,
Жаңа міндет биігінде бүгін сен.
Лебің ыстық, лебізің бал мен үшін,
Сендей кім бар еркін кезген ел ішін.
Ердің даңқын шығарасың аспанға
Маңдай тердің мадақ етіп жемісін.
 Сенің сөзің көптің көңлін шарлады,
Сенің сөзің жастар жанын барлады.
Сенің əрбір айдарыңнан атойлар
Еліміздің абзал мұрат, арманы.
Атың асыл, сөзің қымбат газетсің,
Санамызға самал желдей қажетсің.
Номер сайын жарқыраған беттерің
Өмір бойы оқушысын мəз етсін!
1979 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу