Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  157


Автор: Жарасбай Нұрқанов

Доскен жыры

«Кеудемді кернеп бітті мұң-арманым,
Мен енді бұл сырымды бүге алмадым.
Құпиям аян болсын ақ қағазға:
Өзіңе өліп-өшіп құмарландым.
Басқа жан,
бар дүние былай қалып,
Көңілім, құрбым, саған құлайды анық.
Өзіңді ойлап қана өмір кешем,
Барады бақандай бір жылға айналып...
...Көркіңе күншығыстай арайланған
Мен алғаш тамашалап қарай қалғам.
Нұрланған,
қуанышты дидарыңда
Тұр екен талайғы үміт,
талай арман.
Ойымды менің осы қостағандай,
Жанарың жаудырады тостағандай.
Жүрегін бейқам жүрген өрекшітіп,
Наздана қарағаның досқа қандай?!
Мəрмəрдай маңдайыңның əрлі аппағы,
Тəңірдің таңдантуға жаратқаны.
Көңілде сызат болып қалды содан
Қастарың – қарлығаштың қанаттары.
Сұлулық нүктесіндей қоңыр меңің,
Көргенім сор болды ғой соны менің.
Жанымды шөліркетіп əлі күнге,
Тамсантты қызыл шие – сенің ернің...
...Əйтеуір аңсарымды іркіп, тартпай,
Қарағам ауыз ашып,
кірпік қақпай.
 Кенеттен күлдің ғажап,
мүмкін, мазақ? –
Көрініп тісің аппақ,
тілің нарттай.
Көмейден күміс күлкің –
аққан бұлақ...
Ақ мойын.
Қара бұрым жатқан құлап.
Кісіні қымсынтқандай сұлу жүзің,
Еріксіз ұмсынтады...
Əттең...
Бірақ...
Тұрғанда көзімізге көз қадалып,
Алқындым жүрегімді қозғап алып.
Махаббат! – осы екен ғой.
Бос екен ғой
Бұрынғы балдыр-батпақ бозбалалық.
Бұл – менің сезінгенім көптен кейін,
Кісідей есін жиған өрттен кейін.
Осы күн ойға батып жатқанымда:
«Өртенбей, оттан қалай өткем?» деймін.
Дертімнің сол күн екен басталғаны,
Еркімнің тұсауланып тасталғаны.
Алғашқы жалаң қабат,
жалын сезім
Сан қабат ауыр оймен астарланды.
Жай таппай,
ойға-қырға сенделемін,
Жаныма жалғыз ғана сен – керегім.
 Түнде – түс,
күндіз елес боп барасың,
Еркем-ау,
енді қалай емделемін?!
Өтті ғой ұйқысыз түн жылдай болған;
Өтті ғой күлкісіз күн мұңдай болған.
Махаббат мазаны алып,
жазаланып,
Мен бір жан тыныштықтан жұрдай болған.
Сені ойлап,
дариядай тасып қалам,
Сені ойлап,
өз-өзімнен жасып қалам,
Сен – алыс жарығысың түнгі ауылдың,
Жолаушы жақындаса,
қашықтаған.
Сен – менің көкте күнім,
аспанда айым;
Сен – менің көңілде мұң,
баста – қайғым.
Құлағың күнде шулап жүрген шығар,
Атыңды аузымнан бір тастамаймын.
Басқа жан,
бар дүние былай қалып,
Көңілім, құрбым,
саған құлайды анық.
Жасанды серігіңдей шыр айналып,
Жүргелі –
бара жатыр жылға айналып.
 Өзіңе өлердей мен құмарландым:
Кеудемді кернеп бітті бұл арманым.
Ай, сəулем,
баян болды,
аян болды, –
«Кім сөздің сенен артық ұғар мəнін».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу