Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  237


Автор: Жарасбай Нұрқанов

Құрдас

Есікте жанға жайсыз сықыр бардай,
Қабағын Доскен соған шытынғандай.
Ентігіп,
есі шығып келген Əлкен
Мезгілден сезінді өзін ұтылғандай.
Жігітті елге бірден сүйікті еткен
Өңі жоқ,
өңі неге күйіп кеткен?..
Диванда жатыр селсоқ,
сұлық күйі,
Қос жастық басын біраз биіктеткен.
Ақырын қайран құрдас көзін ашты,
Жеткенін диқан достың сезіп ашты.
Ұмтылып Əлкен оның алды қолын:
– Мұның не,
бұл немене?
Көтер басты.
Достармен құлын-тайдай дүбірлесе,
Ойнақтап жүрген жігіт күні кеше.
Əйнегін қыз бар үйдің тықылдатып:
«Əлкенмін» дейтін құрдас,
«Бұ кім?» десе.
 Ауылда той-думанның гүлі болған,
Ағайын түсірмейтін мұны қолдан.
Өткізген сан құдалық дүрілдетіп,
Көрдің бе қозғалуын бүгін зордан.
Білген ел күміс көмей əнші екенін
Дейтұғын:
– «Сұржекейге» салшы керім.
Əлкенге күйеу қосшы болып барып,
Əкелген сəукелелі Балшекерін.
Сол күннен мұның нілдей бұзылғаны,
Көңілі тыным таппай дызылдады.
Беймəлім əлдекімге
Əлденендей,
Сезілді кеудесінде қыжыл бары.
Өзегін ащы судай өртеңкіреп,
Бір күйік алқымынан тұрды тіреп.
Тартынып алғаш рет əн салудан,
Есінде би билеуі жер тепкілеп.
Сол кезден бойда қаны тасығаны,
Тасуы жуырмаңда басылмады.
Сырт көзге сырқат дерлік дəнеңе жоқ,
Болмаса іштей жұрттан жасырғаны.
Жігітің содан бері көп емделді,
Түгесті дəрі-дəрмек дегендерді.
Қараша-қауыс туа құс қайтқанын
Көрмекке, күйі мынау,
келгендегі.
– Ауырып жата беру жараса ма,
Қиналсам, сендер барсың арашаға.
Тыныштық қоңыр күзден іздеп келсем,
Кез боппын қара дауыл қарашаға...
 Айтады Доскен созып əрбір сөзін,
Алмайды құрдасынан Əлкен көзін.
Ып-ыстық алақанын ұстап отыр,
Күтімге бейімдеген əбден өзін.
– Балшекер, бар, көмектес шешеңе, – деп,
Жұмсады:
– Шай əкелші кесемен, – деп.
Доскен де достың сөзін құптағандай:
– Жұтқаным – шипалы су кешеден тек.
– Көп ішпеу керек еді əуел бастан... –
Айтуын айтып қалып,
Əлкен сасқан.
Кеудесі сыздап жатқан сырқат жанның
Түрткендей ауру жерін аңдамастан.
Бір сəтке үйдің іші тына қалды,
Тұр əлі жел азынап сыртта зарлы.
Қабағын түйіңкіреп Доскен сол кез,
Астынан жастығының дəптер алды:
– Көп еді көрген-білген екеуара,
Мынау жыр – құпия сыр жеке дара.
Ешкімге бермегейсің,
бір тілегім, –
Өтінем,
оқығайсың өзің ғана...
Əлкенге сұқ саусағы шошайды анық,
Дірілдеп,
буыны сəл босай қалып.
Азырақ қозғалғанға жатты шаршап,
Көз алды қарауытып,
бас айналып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу