Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  189


Автор: Жарасбай Нұрқанов

БІЗДІҢ БЕЛЬГЕР

(Карл Фридриховичке)
Соғыс кезі,
Тап болған соң дауылға,
Ауып келген бір үй біздің ауылға.
Не көрсе де, бірге көрді елменен,
Бірге көніп, бірдей төзіп ауырға.
Ұзынтұра, үлкен неміс, əбігер,
Он ауылға – жалғыз ғана дəрігер.
Жұрттың оған үйренгені соншалық,
Бельгер деуші ед дəрігердің бəрін ел.
Есім көрші, Бекім көрші өбектеп,
Айран-сүтін берді көптеп, көмектеп.
Біздің жақтың кісілері əйтеуір
Бельгер үйін көрген емес бөлектеп.
Сол кісінің Гера деген баласы,
Үлкендерге үйірсегін қарашы!
Өңі жирен, өзі жиен секілді,
Ешкім оған болмаса да нағашы.
Омар-Қоспан құдай қосқан екі жан,
Екеуінің жалғыз ұлы Ібіжан.
Ібіжанның досы болған Гераның
Қазақ бола бастауы да осыдан.
Əркімнің де итшанасы бар үйде,
Шаңғы біте бермейтұғын əр үйге.
Елден бұрын дөңге шыққан екі дос
Өзгелерге жеткізбейтін, əрине.
Көбік қарда көсілдіріп шаңғымен,
Шоқ қайыңды шыр айналмақ алдымен.
 Сарыбелге, Саздыағашқа тартады
Бірін бірі қуалаған қалпымен.
Тасөткелге, Тереңсайға барыпты,
Күнұзаққа сансыз шимай салыпты.
Сары аязды сезбей қалған Гераңыз
Тобық майын тоңазытып алыпты.
Содан екен сырғанаққа келмеуі,
Ібіжанға, Темешке де ермеуі.
Үйден қыстай шығармады Гераны
Əкесінің күндіз-түні емдеуі.
Көпке дейін көшені бұл сағынып,
Кітап оқып отыратын сарылып.
Жастайынан бойға біткен жақсы əдет,
Көп оқудан көрген емес жалығып.
Сол оқудың жететіндей түбіне,
Бас алмастан жүрді шəкірт күнінде.
«Əр бейнеттің бір зейнеті бар» десек,
Одан өткен олжалы жоқ бүгінде.
Абай жырын, Мұхтар сөзін жаттаған,
Тілімізге аса жүйрік ақтабан.
Əкесінің үміті мен сенімін
Біздің Герольд толығымен ақтаған.
Тынымы жоқ өмір шіркін-желмая,
Егде тартты Гера менен Рая.
Екеуіне ғұмыр бер, деп тілейміз,
О, жасаған, о, тəңірім, құдая!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу