Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
04.02.2022
200
ДƏУЛЕТІН ЕЛІМІЗДІҢ ЕСЕЛЕГЕН
Өткерген аптап-аяз, жауын-желді,
Көп көргем аса берік ауылда ерді.
Баурайды қарапайым қалпыменен
Береке, бейбіт істің жауынгері.
Бақташым таң атқызып, мал өргізген,
Даланың шұрайына дəл өргізген.
Желіні жерді сызып Айғабақтың,
Тайшаның тайраңдауы нəн семізден.
Ақ желең айдын көлдің борығындай,
Ажары күреңітіп тобылғыдай.
Шелегі Шекер дейтін сауыншының
Келеді ернеуінен толып ұдай.
Шопаным шоқтай күнді елеместен,
Отарын асырып жүр бел-белестен.
Егізден алатұғын əр саулыққа
Неміз кем Сейіттен бұл деп егескен.
Жылқышым мыңды иірсе құрығымен,
Жұлқыншы мама бие құлынымен.
Күбінің күмпілдеген даусын естіп,
Сан талай қара қосқа бұрылып ем.
Қойымен көрікті екен атамекен.
Арқаның бал бағланын атап өтем.
Дəулетін еліміздің еселеген
Əулетін малшылардың мақтан етем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter