Өлеңдер ✍️
Қысқы қамығу
Жел жылап, үріп құрғақ қар,
Аяздың тісі шықырлап —
Кілең бір зәрлі ырғақтар
Барады менің құтымды ап.
Құлпытастары қабірдің
Ықтап тұр тығылып тас тамға.
Сабау кірпікті шағыр күн
Қан жағып кетті аспанға.
Шытынап сына бастады
Аспанның шеті әйнек боп.
Запыран болды шашқаны —
Шатынай туған ай көкбет.
Дегбірсіз, делі күйге ендім,
Жанымда жатыр ұлып мұң.
Шамдары жанды үйлердің
Көзіндей соқыр үміттің.
Байқамай кеппін жай кезде,
Қыраулы неткен қыс көзі!..
Батқан Күн,
Туған Ай — көзде,
Санамда — суық қыз сөзі.
Көрсетті бөтен сондай түр,
Айналып алып ай— мұзға.
Ататын оғым болмай тұр
Қайғыма күлген байғызға.
Сырымды сезбес суыт көз,
Түсе алмай тұрмын сабама.
Тәнді — аяз, жанды суық сөз
Шыжғырып жатыр табаға.
Кірер-ау талай түске осы,
Ішімде тәтті мұң өлді.
Кеудеме мәңгі қыс кеші
Таңбасын қарып жіберді.
Сезімге салды тағдыр дақ,
Көңілде — нала, шер, қаяу.
...Қыңсылайды әлсіз қар құрғақ
Жылайды және жел баяу.
"Сүймеймін" дейді қараңғы үн,
Жандағы өрт дем боп бу атып...
Терезесін Суық Ғаламның
Келемін таптап уатып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter