Өлеңдер ✍️
Қыран ескерткіші
(Құлжа жолында)
Атағы шыққан ұранға,
Тағының белін сындырған —
Ескерткіш жасап қыранға
Мүсінші бір іс тындырған.
Зар шындық деген осы да,
Күрсінсең іштей — ол да Зар. —
Ескерткіш-қыран басына
Қонып жүр, бірақ, қарғалар.
Осыны көріп бас қатты,
Тағдырдың сыйы қатал-ақ.
Қыранның басын тастапты
Саңғырығымен саталап.
Қайтемін батпай мұң-зарға? —
Қарғалар ие — көгіме.
Тірлікте, сірә, мың қарға—
Жолап па еді оның шеніне!
Жоғалар еді-ау көп құсың,
Бұтадан іздеп деңгелін—
Қозғап бір қалса топшысын,
Жазып бір қалса шеңгелін...
Сондағы менің қайғым не? —
Жоқ, әлде,.. әлде, о, тірлік! —
Қыранды танытпай жүр ме
Қарғаға біткен — соқырлық?..
Аспанды жермен жалғаған,
Сырласқан еркін ғаламмен—
Қыранды таныта алмаған
Шеберге кінә тағам мен...
Сын айту саған не теңім? —
Мынаны ұқ, бірақ,
Мүсіншім:
Өлсе де қыран екенін,
Қарға да болса түсінсін!
Көргендер оны қалмасын
Таңқайқата боп тамсанбай.
Балға алу қолға —
арға сын,
Қара тастарға жан салмай!
...Жазылар Құлпытасымда,
Аманат етер Тұмар бұл:
Ескерткіш болып
Басымда
Шаңқылдап тұрсын Қыран-жыр!..
09.11.1981ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter