Өлеңдер ✍️

  31.01.2022
  175


Автор: Ақан Сері

Ей, қалқатай

Нұсқамен өлең жаздым, ей, қалқатай,
Көргенде дидарыңды көңілім жай.
Алмайсың бір сөзімді ілтипатқа,
Қыз жоқ па елде сендей әкесі бай?!
Хат жазып, өлең айтып қылдым айла.
Бірдей ғой екеумізге залал, пайда.
Басында мәңгі-бақи дүние тұрмас,
Көзкөрген апаларың кетті қайда?
Ат жүйрік, көңіл жүйрік деседағы,
Барғанда өкінерсің басқа жайға.
Қыз тумас елде сендей дінге мықты,
Дәмдісі жауабыңның жаңа шықты.
Кісідей өкпелеген мойның бұрмай,
Білдің бе кемшілікдеп ғашықтықты?..
Жүрегім зәру етті-ау шырайыңа,
Барайын ұнатпасаң өз жайыма.
Обалың өкпелесең маған емес,
Жаратқан жақсы қылып Құдайыңа.
Ақмарал мекенің бар биік жерде,
Мен жүрмін қолым жетпей тілдесуге.
Ылайык жанарыңа жарасуға,
Ылдидан аяғымды бастым өрге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу