Өлеңдер ✍️
Ішінде орта жүздің жүрмін шалқып
Құлагер, дөненіңде алдым сатып,
Қызыққа ойнап-күліп жүрмін балқып.
Бас қосса неше жиын, қандай топта,
Келесің Құлагерім таңырқатып.
Бағаңа құн жетпейтін Құлагерім,
Келуші ең қараңды үзіп шаңырқатып.
Бір сиыр, жүз теңгеге түскен тұлпар,
Алып ем нағашыма бағалатып.
Елторыдай нағашым бергеннен соң,
Сайрандап заманымда жүрмін шалқып.
Болған соң сен қолымда, Құлагерім,
Ішінде орта жүздің жүздім қалқып.
Мінгенім, Құлагерім, өзің тұлпар,
Қолыма ұстағаным тағы сұңқар.
Жастықтың арқасында қылдым сайран,
Өзім сал, өзім ақын, емеспін зар.
Алып ем жиырма бесте дөненіңде
Көруге қызығыңды болып іңкәр.
Бәйгеден үш жүз аттан озып келдің,
Артыңнан жете алмаған талай тұлпар.
Астынан сен жалаудың өтпеген соң
Ат қойған Үркеккер деп сонда жұрттар.
Зілқараның Әлібегі бірге барып,
Бір бедеу сыйға берді және сұңқар.
Үш жүзге аты шыққан Құлагерім,
Жалғанда бұдан артық не қызық бар?!
Аттанып соныменен кейін қайттық,
Ән салып, сырнай тартып қызыққа іңкәр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter