Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.01.2022
180
Екі торы ат
Пар жектім екі торы сүмендетіп,
Жеріңе уағда еткен келдім жетіп.
Уағда өткен айдың басында еді,
Кетіпті содан бері күндер өтіп.
Алайын әсем әнге басып-басып,
Есілдей ұзын аққан жүрмін тасып.
Көңілім қалқатаймен көптен тату,
Іс қылар қандай жігіт менен асып?!
Ұшады бозша торғай аспанменен,
Бұйрықсыз жан шыға ма сасқанменен?!
Кісіге кісі жары жар бола ма,
Баурына тартып қанша басқанменен.
Су аспас биік жардан тасқандағы,
Жігіттің жары Құдай сасқандағы.
Бағаңа жан жетпейтін асыл еркем,
Дәрежең жұлдызбен тең аспандағы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter