Өлеңдер ✍️
БІР АУЫЗ СӨЗ
Халықпыз ғой сөз қадірін түсінер,
Қате айтсаң, сөгер соның үшін ел.
Бір ауыз сөз мерейіңді өсіріп,
Бір ауыз сөз беделіңді түсірер.
Салмақты сөз асқақтар атыңды,
Таразылап сөйлер сөзін ақылды.
Бір ауыз сөз жат адамды жақын қып,
Бір ауыз сөз араз қылар жақынды.
Сөздің де бар естісі мен есері,
"Басқа пəле қызыл тілден,"-деседі.
Орынсыз сөз орға жықса абайсыз,
Орынды сөз көп түйінді шешеді.
Талассыз ғой сөз сиқырлы екені,
Бір ауыз сөз жұп қылады жекені.
"Сүйем" деген сөздің ғана күшімен
Ғашық жандар қол ұстасып кетеді.
Сеніміне қанат бітіп ең берік,
Жан жарасы кетпесе де емделіп.
Қиын сәтте бір-ақ ауыз жылы сөз
Жылағанды жұбатады дем беріп.
Ойлап сөйле, сөзің оң ба, теріс пе?
Бір ауыз сөз бастар ұрыс-керіске.
Бір ауыз сөз атойлаған "Алға!"-деп,
Әр адамды жетелейді жеңіске.
Заманда да жауға қару оқтаған
Сөзден асып, аттап кеткен жоқ бабам.
Әділдігін сұрап әзиз данадан,
Бір-ақ ауыз сөзге ғана тоқтаған.
Сүйексіз тіл - сөздік қордың жүйесі,
Сөз - құдірет, үстем оның киесі.
Айтылмаған сөзге өзің - қожасың,
Айтылған сөз - тағдырыңның иесі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter