Әпке туған күнін құтты болсын
Қайырлы күн! Қалайсыздар? Демалыс күндеріңіз қалай өтуде? Жақсы бір жаңалығыммен бөлісетін сəттің орайы келіп тұр. Интернет желісі арқылы жұмыс істеу тек табыс табуға емес, жақсы, жаны жайсаң жандармен танысуға да мүмкіндік береді. Көптен хабарсыз кеткен таныс, туыстарымды да табуға зор ықпалын тигізуде.
Ақмарал əпкемді көрмегеніме 22-23 жылдың жүзі болған. Жақында истаграмда:"Гауһар, екеуіміз туыспыз ғой" деген смс келді. Фаберлик компаниясына шақырып, смс жіберген екенмін.Парақшасын ашып қарап, бірден таныдым. Тек жылдар есейткені болмаса, өзгермеген. Бала күнінде мінезі ашық, домбырамен тамылжыта əн айтатын Ақмарал əпкем келді көз алдыма. Қал-жағдай сұрасып, нөмірімізбен алмастық. Көп күн өтпей, үйіне қонаққа шақырды. Бала-шағамызбен улап-шулап барып, осы күнде 3 баланың анасы болып отырған əпкеммен қайта көрісіп, табысып қайттық. Берекелі дастарханымен, кең пейілімен құшақ жая қарсы алды. Бізбен таныстыруға бауырларын, жеңгесін, келіндерін, ең жақын құрбысын да шақырыпты. Керемет отырыс болды. Құдай қосқан жары - жездеміз де дəл əпкеміздей ашық-жарқын, аңқылдап қалған адам екен. Жалпы татулықтарына, ауызбіршіліктеріне қарап, қатты қызықтық. Алла тіл-көзден сақтасын!
Бүгін ақжарқын Ақмарал əпкемнің туған күні, төл мерекесі. Жүректен шыққан тілектерімді жыр жолдарымен жеткізуді жөн көрдім:
Шабыттанып, қанатымды қомдайын,
Бүгін - мейрам, сөзге сараң болмайын.
Жылы лебіз, ыстық ықыласымды
Əпке, сізге жыр жолымен жолдайын.
Ауырмаңыз, аман-есен жүріңіз,
Мағыналы, мəнді ғұмыр сүріңіз.
Ала келсін қуаныш пен шаттығын
Келіп жеткен бүгін туған күніңіз.
Несібеге толсын астау, шараңыз,
Сарқылмасын əл-ауқат пен шамаңыз.
Рухы қолдап, жебеп жүрсін әрдайым
Жарық күнді сыйға тартқан анаңыз.
Сөз асылы жырдан алқа тағайын,
Аман болсын əке, бауыр, ағайын.
Қол ұстасып бір жүріңіз жездеммен
Ақсақал боп, ақ басқанша самайын.
Таусылмайды тірі адамда арман мың,
Тоймаңыздар қызығына жалғанның.
Жетелесін қыздарыңыз, ұлыңыз
Биігіне "бақыт" атты заңғардың.
Жақын жандар жаныңыздан табылсын,
Ақ тілектер ағын судай ағылсын.
Қабыл етіп дұғамызды бір Алла,
Періштенің құлағына шалынсын!
Ізгі тілекпен: сіңіліңіз ГАУҺАР КӨПЖАСАРҚЫЗЫ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter