Өлеңдер ✍️

  29.01.2022
  251


Автор: НҰРЛЫБАЕВА ГАУҺАР

 ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫ

Жаз мезгілі, жасыл желек айнала,
Ағаш түбін саяладым жайлана.
Қос жанарым сырға тұнды, сиқырлы,
Көз тоймайтын сұлулыққа байлана.

Алдым қолға қағаз бенен қаламды,
Суреттейін байтақ, әсем даламды.
Табиғатқа жан бітіріп көрейін,
Тәтті қиял селт еткізсе санамды.

Ашық аспан, тұнық, тымық түрге енген,
Көктен жылу, нұр-шуағын күн берген.
Жер-Ана да көк көйлегін киіпті
Көмкерілген түрлі-түсті гүлдермен.

Пай-пай, шіркін, неткен жұпар аңқыған!
Танауымды жарып, бойым балқыған.
Көз алдымда көбелектер көлбеңдеп,
Тамылжыта құс сайрайды, шалқып ән.

Самал желмен ырғалады қыр гүлі,
Сыбдырлайды табиғаттың сырлы үні.
Сыңғырлаған күлкісіндей арудың
Сайдан аққан күміс судың сылдыры.

Еңсерген ол төрт мезгілдің талайын,
Дана қарттай ақ шаш басқан самайын,
Бой көрсетіп, "мен мұндалап", биік тау
Маңғаздана бақылайды маңайын.

Дарытатын жанға шипа, сый - емін,
Тылсымына ой жетпейтін киелім,
Мезгілімен түрленетін тіршілік,
Табиғатты жүрегіммен сүйемін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу