29.01.2022
  221


Автор: Қалихан Ысқақ

Отыкен


Қаратай бабамның рухына…



ОТЫКЕН


Алтайдың етегінен аспанға қарасаң, көк тұңғиық көзіңді суырады. Алтайдың асуынан етекке қарасаң, боз мұнарт көз жамыратады. Боз кіреуке желпініп, Қаратай елі боз жібектен жыртық көрпе жамылып жатқандай: жыртық көрпенің әр тұсын ырситып тебен инедей тесіп шыққан көкшағыр шыңдар қаншама биікпін дегенмен көк күмбезін түрте алмай қалыпты. Саңлаулардан жылт ете қалған Бұқтырма үзік-үзік шуда жіптей, көкжиекке барып тірелген сеңгір таулардың қатпарынан шыға алмай, қойнауларда сұлық түсіп өліп жатыр. Алтайдың шалғайы енді болмаса жер шетінен асып төгілетіндей. Жер шеті... Ар жағында жер де жоқ, ел де жоқ секілді. Төбеде тек қожыр-қожыр ала таздың жамау басын әлемнен жасырған меңсіз көкшағыр күмбез. Бүгінде жеті руға жеткен үркердей Қаратай қазаншұңқырда отыр. Бұл менің Отаным. Қатынқарағай. Берісін айтсам Төр Алтай. Арысын айтсам Отыкен. Ежелгі Отыкен. Біздің дәуірге дейін де, біздің дәуірден кейін де бүкіл түркінің қараорманы болған Отыкен. Оты Кен — таусылмайтын шексіз байлық, бүгінгіше айтсақ — Кен байлық деген мағнада. Батыстан шығысқа емініп қатар жатқан үш «қарағай»: Бел Қарағай, Қу қарағай, Қатын Қарағай. Заман сан өзгеріп, осыдан 1500 жыл бұрын тарихта аты қалған Белқарағай — Өрнек, Қуқарағай —Топқайың, Қатынқарағай — Катонкарагай болып ұлы империяның «шапағатымен» тонын теріс жамылғанда бүгінгі Рахман Қайнары біздің дәуірге дейінгі тарихтың «азан шақырып» қойған ентаңбасы — Тәңірсуы еді. Әлдебір аңшы бұғы атқан екен, мертіккен тағы қайнарда жатып жарасын жазыпты дейтұғын аңызды Отыкенді терістен бөксеріп кірген «ұлы жұрағаттың» өкілдері Тәңір деген атты өшіру үшін болса да «Рахмановские ключи» деп өзгертіпті. Жыл санауға дейінгі 731-жылы, жыл санаудан кейінгі тағы да 731- жылы жер мен суға таласа берген ұйғырларды Найман мемлекеті Тибетке қуып тастап, бұлар да жарасын осы Тәңірсуында жазған.


Бұқтырманың егізіндей іргедегі Қатын өзені Биді асытып-тасытып жатыр. Одан ары жылжысақ — Енесу. Енесу Ұлы-Енені (Лена) итеріп мұхитқа апарып құяды. Осы атаудың бәрі АНА дейтұғын қасиетті ұғымнан сабақталған. Осы атаудың бәрі ҚАТЫН дейтұғын қадірлі титулдың құдіретін аспандатып, Тәңірге теңгермесе де әулиедей пір тұтқан. Артығымызды жонып тастап, ардақтымызды шауып тастап, мәдениетімізді, жерімізді, тарихымызды бабасының мұрасындай еншілеп кететін отаршылар озбырлықпен Қатынқарағайды Катонкарагай, Қатынсуды Катунь, Енесуды Енисей, Ұлы Енені (Великая мать) «Ұ» қарпін ұялмастан жұта салып Лена деп теріс айналдыра қойды. Бүгінде «қатын» десе қағынып кететіндей қадірлі сөзден ат-тонын ала қашатын ұрғашы атаулы, қатын қазақта тек хандар мен сұлтандардың отбасында ғана болғанын, «қатын» деген титулды ілде-біреудің ғана маңдайына жазғанын білер ме екен?.. Көне түркілер әйел жұрағаты қайтыс болса, үш күн бойы табытпен асып қойып, еті ағып кеткен соң үлде мен бүлдеге бөлеп, алтын, күміс, қымбат заттармен қымтап жерлейтін де әлдебір ашкөз көрін қазып жүрмесін деп үстінен жылқы айдап тегістеп жіберетін болған. Ер адам өлсе құрбандық деп көме салған. Осының өзінен-ақ ұрпақ өсіміне жауапкер жандарды қаншалық қадірлегенімізді аңғартса керек. «Қатын» деген титулға бірінші ие болған Аттиланың бәйбішесі Креуке (шымылдық деген мағнада, жалпы әйелдердің бет-жүзін бөтен жұртқа тоса бермей көмескіде ұстағанбыз) деседі. Аттиланың шын аты Еділ ме, Әділ ме, дәлелдеген ешкім жоқ. Тек ол туралы алғаш жазып, мағлұмат берген швед тарихшылары, түбі оның есімі Еуропаға аттарымен қоса үзеңгілі ер-тұрман апарған түркілерден, «аттылы» (всадник) деген сөзден шыққан деп болжам айтады. Француз тарихшыларының жазуынша, Аттила жорықта жүргенде терліктің астына жапсырған жылқы етінен басқа тамақ жемейді екен, жорықтан қайтқанда арғындардың әлі төсек көрмеген бөде қыздары шақырымдық жерден тостағанмен камус (қымыз болса керек) алып алдынан шығатын көрінеді, Аттила солардың әрқайсысынан бір ұрттап, ордаға келгенде табақ ұстап қарсы алған Креукенің қолынан дәм татып, аттан содан кейін бірақ түседі дейді. Елшілерді қабылдайтын да Креуке екен. Үш күн бойы оларды күтіп, үш күннен соң: мынау — жансыз, басын шауып таста, мынаның түкке пайдасы жоқ, қоя бер, ал мына біреумен сөйлесуге болады деп есеп бергеннен кейін ғана Аттила ат үстінде отырып сұхбаттасқан. «Мен дүниенің төрт бұрышын бағындыруға келе жатырмын, сый-сияпатын алып алдымнан шықсын, болмаса тұратын жерін айтсын» дегені үшін Рұм елшісі шамырқанып, шағыстырып барған. Ұлы қырғынның басы осыдан шыққан деседі.


Демек, кезінде қатындар ішкі тәртіп пен дипломатияға жауап берсе керек. Қазақта күні бүгінге дейін тайпа, ру, жер, су аттары, ұран, ананың — қатындардың атында жүр: Абақ керей, Жеті Момын, Қарқабат т.б., Қатынсу, Енесу, Ұлыене, Қатынқарағай... Кейбір азаматтар «Қатын» сөзін «қотан, қора» дегеннен септесіп жүр, бір кезде сауда-саттық үшін осында мал қоралапты-мыс, содан қотанқарағай атаныпты мыс. Қатынқарағай алдымен елді мекен емес, жердің аты, кәзіргі Катон әуелде Сарымсақты атанған. Қарағай ағаш емес, орман деген мағнада, түптеп айтсақ — қараорман, атажұрт, атамекен, отан деген ұғымды береді. Әзірбайжандар орманды бақ дейді, Қарабақ үшін армяндармен еріккеннен соғысты деймісің. Қысқасы, Қатынқарағай — қараорманым, Атамекенмен пара-пар Анажұртым, Отаным. Төр Алтай Отыкеннің кіндігі (қытай шежіресінде Үтікен деп те атайды). Жыл санауымыздың 91-жылы түркі тайпалары Ергенектіге жиналып түбегейлі қоныс тепкен. Қанат жайған жері — Төр Алтай, Өр Алтай: бүгінгі Алтай өлкесі түгелімен, Моңғол жері тұтасымен (Найман мемлекетінің кіндігі Наймансүмбе қаласының қорымы Орталық Монғолияда жатқанын ұмытпалық), батысы Бұқтырма мен Ертістің құйғанына дейін. Алтайдың ішкі қыраттарын қақ төбесінен тілгілеп аранның көне сұлбасы жатыр, кәзіргі әскери тілде траншея. Сонау Монғолия шекарасынан Бұқтырма мен Ертістің құйғанына дейін созылады: кезінде ені жеті-сегіз , тереңдігі үш-төрт кез болса керек, ішкі қабырғасына қарағай сырғауылдарды ұштап сида қадаған, бүгінде шіріп таусылған соң ізі қалмаған, мұның аран аталуы да осыдан. Бір сөзбен — қорғаныс араны, әскери тілмен айтсақ — оборонительные сооружения. Бір ғажабы, сан ғасыр өтсе де қабырғасында да, табанында да альпаның жапырақты тықыр шөбінен басқа дым өспеген, соған қарағанда астында күл жатыр ма, кім білсін. Әрбір жиырма бес шақырым сайын тау төбесінен тік түскен жалпақ сүрлеу (ход сообщения), мұнда да өсімдік атаулыдан ырым жоқ, әр жерге тас үйген, бопсалап айтсақ бұл да жау шаба қалса от қойып дабыл қағатын белгі болса керек. Мұндай жолақтар әсіресе Өрел тұсында айқын көрініп тұрады.


Түркілер Отыкенде 500 жыл тырп етпей жатып, 551- жылы Тұран империясы — Ұлы Түрік қағанатын жариялап, батысқа қарай содан соң ғана жылжыған. Парсылардан талқаны шығып оңбай таяқ жеген Аттила Отыкенде жарасын жазып, күш жинаған соң Рұмға осы Алтайдан аттанған. Араға үш жүз жылдан астам уақыт салып, атышулы дулат Көтенханның екі ұлы Ашбөріхан мен Ботпай да Балқанға осы Алтайдан атойлап шыққан еді. Ботпай бүкіл Еділ бойын билеп тұрды да, Ашбөріхан ыдырап бара жатқан Батыс Түрік Қағанатын қалпына келтіріп, артына: «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің барған тау» деген нақыл қалдырды. Болғарлықтарға рахмет, ұлы ханның рухын сыйлап екі сериялы «Хан Аспарух» атты фильм жасап шығарды. Бабамыздың атындағы әйдік кемелер күні бүгінге дейін мұхиттарды шиырлап жүр. Мұның да жөні бар еді. Он мың түтінмен Балқанға жеткен Ашбөрі он мыңдық қолмен елу мың әскері бар Византия императорын түбектен лақтырып тастап, елу жыл бойы дань төлетіп, түркі-славян мемлекетін құрды. Көне тәртіптен қалған әдет шығар, шіркеу бар жерде мешіт қатар тұрады. Кезінде славяндардан келін түсірген дулаттар славяндарға қызын бермеген екен, заман өзгерді, менталитетінен айрылған дулаттардың кәзіргі күні қалай екенін кім білсін? Жетпісінші жылдардың басында келіншектеу аспирант қызды ертіп кемпірлеу бір профессор Болғариядан келіп кетті. Мақсатым — ежелгі атамекенімді көрсем деп едім деді. Әскери обьектлер бар, быт болды, шыт болды деп Алматыда тырп еткізбей бір апта ұстады да визит мерзімі таусылған соң самолетке салып қайқайтып жіберді. Атамекен тұрмақ Алматының шетіне шығарған жоқ. Әкім екеуіміз шай-суанға шақырып, ептеп шуйіркелескен болдық. Дулатпын деді. Арғы тегін ұмытпапты, бірақ табиғатынан қазақтың ен-таңбасын таба алмадық, дегенмен бабасының түп-тамыры жайында сайрап отыр. Аспара тауын бір көріп, Аспара өзеніне бет жусам деген арманына ақыры жете алмады. Дулат екені есіне түсті ме, Әкім екі туып бір қалғанын көргендей болған.


Әлемді дүр сілкіндірген ұлы түркі Шыңғыс қағанның жорығы да осы Алтайдан басталған. Кейбір зерттеушілер қиятты бөржегеннен таратып жүр. Қазақта қият-қыпшақ бір туған деген ұғым бар. Соған қарағанда Қият тайпа болса керек. Санап көрелік: Темірші — (Темірше) — Есугей — Қабылхан — Амбағай — Хайдухан — Түменхан —Байсұңқар — Бөржеген (Бөріжеген); шешелері бөрінің бауырына жерік болыпты деген аңыз бар. Аңыз аңыз ғой, бөрі түркілердің символы емес пе еді. Оның үстіне жетінші баба —ата, сегізінші баба ру атанып, қыз алысып, қыз берісетін салт бар. Демек, Бөріжеген ру да Қият тайпаның аты болса керек деп ойлаймын. Шыңғыс қағанның аталары Алтайдан барған екен. Төртінші атасы Хайдухан Байкөл (Байкал) өңіріндегі түркі тайпаларына билік жасаған. Түр-тұрпаты жағынан да сахарадағы монғолайттарға ұқсамаған, жирен шашты, өңі сары, шегір көз ірі жандар болған. Шыңғыс — Шың+Құз -қол жетпес биік деген мағнаны берсе керек. Шыңғыс ешқашан билікті зорлықпен тартып алмаған: ол екі дүркін хан сайланып, үшінші рет түркілердің 16 тайпасының өкілі оны ақ киізге көтеріп қаған сайлаған, соның бірі — Майқы би («Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дегенді тегін айтып жүргеміз жоқ. Бұл бергі Майқы емес, арғы Майқы). Бүгінгі тілге көшірсек, қағанат — империя, қаған — император деп түсінуге болады. Хан бір тайпа елді басқарса, қаған бірнеше тайпаларды біріктіріп империялық мемлекет құрған. Шыңғыс қағанды кезінде ат үстіндегі император деп атаған. Теміршіні Шыңғысхан дәрежесіне жеткізген керей тайпасының ханы Тұғырыл. Шыңғыс соның тәрбиесінде өсіп, соның жанашырлығымен қайраткер санатына қосылды. Билікке таласқан ру басылары оған жау болып тиісті де түбі түркі тайпаларының басын біріктірмей ел бола алмайтынын түсінген Шыңғысхан қылыш суыруға мәжбүр болды. Бұл кезде Иран империясының күшейуімен Тұран империясының күні өше бастаған еді. Кәзіргі қала деп жүрген Отырар, Сығанақ, Сауран, тағы басқа да қорымдар ол кезде бекініс болатын, солардың бәрінде ирандықтар мен солардың итаршылары отырды да халықты теспей сорып, тай тұяқ, қой тұяқ алтын мен күміс жинады, жыл сайын екі мезгіл салық салып тұрды.(Солардың ішіндегі ең озбыры да, қатыгезі де Мұхамед-шах еді). Шыңғыс қағанның «екі мұхиттың арасын түркілерге толтырсам» дейтұғын арманы түптеп келгенде Тұран империясын қалпына келтіру мақсатынан туған-ды. Түркілердің басын қосамын деп арпалысып жүргенде Шыңғысхан 20 жыл уақытын жоғалтып алды. Әсіресе Найман мемлекеті көп кедергі жасады. Бұл мемлекеттің құрамында жалайыр мен шөмекей де болды. Жалайырлар Шыңғысхан жағына шығып кеткен соң ғана наймандар тізе бүгіп Сыр бойына дейін шегінді, Күшлік ханның зираты кәзіргі Тәжікстанда жатыр. Егер ішкі қайшылықтар болмағанда ХІІІ- ғасырдың өзінде-ақ жағдай басқадай шешілетін бе еді, кім білсін. Оның бекіністерге ересен қатты тиісіп, зиялы қауым мен дін басыларынан, еркімен тізе бүккендерден басқасынан тұтқын алмай жойып жіберуінің себебі де осыдан еді. Шыңғыс қағанды қанішер, жауыз, басқыншы деп даттау екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өртше лаулады. Оны өршіткен Ресей, әмбеде тарихшылар емес, саясатшылар оны Гитлердің қасына апарып қойды да «аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан» жарапазаншылар ұлы қағанның аруағын балағаттамаса басы ауыратын болды. Соғыстың аты соғыс, қырылған ылғида сарбаздар, қолбасшы қанша адамның басын шаптырса да соның бәрі өзінің бейбіт саудагерлері мен елшілерінің құнынан асқан жоқ. Совет дәуіріндегі саясаттың салқыны күні бүгінге дейін санамыздан сарқылған жоқ. Ұлы орыстық шовинизм мен еуропалық көзқарасты былай қойғанда, өзіміздің ақын бауырымыз Мұхтар Шаханов өзегі талғанша өтірік ғайбаттап Шыңғыс қағанның рухының алдында өзін өзі ақтай алмайтын күнаға батты. Қалайда кәзірдің өзінде дүниежүзілік жалпы көзқарастың беті өзгеріп, қағанды «мың жылдық ересен тұлға»деп жатқанда дилетант, жадағай тарихшылармен қосарлана шабудың қаншалықты қажет болғанын біз де түсіне алмадық. Әлде Батыстың алдында жарамсақтану ма, әлде «атың шықпаса жер өртенің» кері ме? Бүгінде асылыңды боқтап берсең, масылыңды мақтап берсең Батысқа жағасың. Бес ғасыр бойы Шығысты түк қоймай тонаған Батыс оның даму процесін қаншама ғасырға тоқтатып тастады. Көнеде біз апарған, беріде бізден алған өркениеттікті ата-бабасының аманатындай иемденгенін айтпай-ақ қоялық. Гректер ғылыми-философиялық кітаптарды біздің эраға дейінгі екінші ғасырда өмір сүрген Бағдат академиясының еңбектерінен көшірген. Сол қасиетті қазнаны ХХІ-ғасырда АҚШ тас-талқан етіп қиратып, рухани байлықты тағы да тонап кетті. Еуропа тарихшыларының бопсалауында: «түркі зорлығының үш кезеңі» дейтұғын ағат топшылау бар. («Три периода тюркского насилия») Біріншісі — Аттила, екіншісі Көтен хан мен Ашбөрі хан, үшіншісі — Шыңғысхан жорықтарын мегзейтін болса керек. Аттила Румның құлдық империясын құлатып, Еуропаға революцияға бергісіз прогресс алып барды. Бодаулық пен вассалдықтан құтылған әр ел аз уақыттың ішінде гүлденіп сала берді. Ашбөрі хан жоқ жерден Балқанда болғарлардың мемлекетін орнатып тарихта қалдырды. Русь — мемлекеттік құрылым мен әкімшілік жүйені түгелімен Шыңғысханнан көшірді. Басқасын айтпағанда түркілерге геосаяси картадан орын алып берген Шыңғысхан екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол атқа қонғаннан бастап үнемі қорғаныста жүрді. Қорғаныстың стратегиясы мен тактикасын жасады. («Дүние жүзінің әскери академиялары күні бүгінге дейін оның стратегиясы мен тактикалық құпиясын аша алмай келеді.» «Тайна Шингисхана» деректі фильмнен.). Шыңғыс қағанның ғұмырнамасы «Алтын түйін» түркі тілінде жазылып, Құбылайдың қолында сақталған. Қытай тіліне аударылған соң гвардияның әскери академиясында арнайы құрал ретінде зерттеліп, «Құпия кітап» аталды. Монғолдар оны қытай тілінен аударып отыр. Нәтижесінде жер, су, тайпа, адам аттары көптеген өзгерістерге түсіп, бүгінгі зерттеушілер мен тарихшыларды, қарапайым жұртты бірнеше ғасыр адастырды. Сол жұмбақтардың астарын ашу үшін ғалымдар бастап әлі күнге тер төгуде. Қашанда жұмбақ нәрсеге жұрт әуес, көркем әдебиетте, ғылыми еңбектерде, деректі және көркем фильмдерде Шыңғыс қаған мен оның заманы жаппай обьектіге айналуы осыдан болса керек. Соның бәрінде дерлік, әйтеуір оны түркіге жақындатпауға тырысады. Сөйте тұра оған «түркі зорлығының» үшінші кезеңін бастаған тажал ретінде қиянаттың шапанын кигізе қояды. Әрине, бұлардың ішінде қазақ тарихшылары жоқ, өйткені олар әуелде оны мақтауға қорықты да кәзір даттауға қимай қипақтауда. Кезінде «сырт көздің» қақырығына түкірік қосқандар да болған. Кәзір де езуі көпіршіп жүргендер жоқ емес.


Шыңғыс қаған қалалармен, бекіністермен соғыспауға тырысқан, оларды қоршауға алып, азық-түлік, сусынмен қинап, еркімен тізе бүккендерге тиіспей, қарсылық көрсеткендерді аямаған. Жеті ай бойы Отырарды қамап, көп шығынға ұшырағаны үшін Жошыға қатаң сөгіс беріп, қолбасылыққа оның орнына Угедейді тағайындау себебі де осыдан. Түркі тайпаларының атажауы деп есептеген «алтын елінің» (Қытай) провинцияларын бағындыруда, Орталық астанасын басып алғанда, одан соңғы Хорезмге жасаған жорығы кезінде Шыңғыс қағанның өзінше түйгені: қала соғыс жағдайында қорған емес, халықты қойша қамап қойып қыру деген. Басып алуға міндетті болды, орынсыз қантөгістен қашты, бейкүна халықты қыруға аяған. Осыдан келіп: «Қалалар адамзаттың көрін әзірлеп жатыр» («Города готовят могилу для человечества») деген көреген сөзін айтып кетті. Мыңдаған жылдар бойы қаншама қалалар қирап қайта тұрды, қаншама халық қырылып қайта туды. Осыдан 1400 жылдан астам бұрын қасиетті «Құран» кітабында заманақыр болады, бірақ оны адамзатқа Алла жібермейді, адамзаттың өзі тілеп алады деп жазылған еді. Ғарышқа адам ұшады, ол бәсекенің жемісі. Әуе кеңістігі бұзылады да адамзат өз қоқысына өзі тұншығып құриды делінген. Кім біледі, бүгінгі экологиялық кесапатқа қарағанда алдымен қырылатын қала халқы шығар? Әйтеуір ұлы қағанның аузынан тегін сөз шықпаған сияқты ғой. Ол жарық дүниеден көз жұмар шағында: «Мен тарихта түк бітірмегеннің өзінде түркі халқының қауыпсыздігін 300 жылға қамтамасыз етіп кеттім» деген екен. Айтқанындай дәл сол мерзімде түркілерге, әсіресе қазақ халқына зауал төнді. Түркі тарихындағы ең бір қаралы беттер — Ақсақ Темірдің заманы. Сүйек түберкулезіне шалдыққан жарымжан параноик әрі таққұмар Әмір-Темір Мәскеу түбінде тұрған Тоқтамысты, Константинопольдегі Баязит хандарды тұтқиылдан шауып түркі дүниесінің әлемтапырығын шығарды да кешегі әлемге белгілі бір империяны түбегейлі құртып тынды. Мұнда да Ақсақтың қолтығына дем бүріккен Еуропа мен таяу шығыстың дипломатиясы, жансыздық саясаты жай жатқан жоқ. Ақсақ арқылы «түркі зорлығы» дейтұғын лақаптан біржола құтылғылары келді. «Ақтабан-Шұбырындыны» ұйымдастырған да Ресей мен Қытайдың жымысқы саясаты болатұғын.


Бүгінгі Монғолия кезінде Тибет жақтан ауып келген жалдамалы көшпенділер еді. Қырық темірдің қылауынан жиналған, ортақ тілі жоқ, бірін-бірі түсінбейтін әртүрлі тайпалардың жұрнағынан тұратын құрама болатын. ХІІІ- ғасырда монғолдардың жазу-сызуы тұрмақ ортақ тілі де болған жоқ. 600- жылы Түрік қағанатына Бумын (Би-мен) қаған билік құрып тұрған кезде, ру, тайпаға бөліне бермейік деген мақсатпен сақтарды саумалдай сапырып, кімде-кім түркіше сөйлемесе тілі кесілсін деген жарлық шығарған. Егер сол кездегі Хас, Сақ, Саха, Хахас, Сары, Бай, Сан тайпаларынан сабақтасақ, бүгінгі ел, мемлекет болып отырған туысқандарымыздың төркінін танып аламыз. Хас+сақ — қазақ, Хара+хас —қырғыз, Саха —якуттер, Хахас, Хас+Сары+Бай+Сан — әзірбайжан (Х әрпі айтылуда естіліп, жазбашада түсіп қала береді). Бимен жүргізген ассимиляцияның ізін бүгінгі қазақ руларынан табуға да болады. Дулат ішінде Сары жаныс, Сан жаныс, Бай жаныс деген аталар бар (Жаман жаныс дегені де бар еді, түбі Әкім Таразидың ата-бабасы болып шыға ма деп қорыққанымнан қоспай отырмын), онекі ата Байұлы, Сары - найман ішінде де, керей ішінде де, үйсіндерде де бықып жүр, «Алпамыс» жырындағы «Жиделібайсын жерінде» дегенді қоңыраттарға теліп қойғанымызбен бұл да Бай+Сан жері деп бопсалауға болатын сияқты. Қағанат тайпалары сапырылысып батысқа жылжығанда тибеттіктер сұйылып қалған өлкеде қалып кетті де түркі тілін толық қабылдаған жоқ. Дегенмен кәзіргі монғолдардың сөздік қорының 50 пайызы түркі сөздері. Бір кезде қазақ тіліндегі монғолдан сіңген түбір сөздер деген кітапша (Оңдасынов) да жарық көрген, бірақ бұл ғылымға да, болжамға да жанаспайтын жаңсақ пікір, керісінше ол түбірліктер түркі тілінен монғолдарға сіңген деп қарауымыз керек. Жалпы тарихи, генетикалық жағынан да әуелде монғол атаулы тұтас халық болмаған. Монғол деген атау Шыңғыс қағаннан басталды. Ұлы қаған ұлы даланың басын біріктіріп, бір уыста ұстап тұру үшін мемлекет құрылымының бір жүйесін табуы керек болды. Қытайға шабуыл жасағанда оның жүз мыңдық әскері бар еді, Хорезмге шыққанда үш жүз мың болды да келе-келе одан да асып кетті. Осыншама қолды азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақпен, қаражатпен қамтамасыз ету оңайға түскен жоқ. Әуелде бағындырған елдің есебінен, қолға түскен олжамен ұстап тұрды да кейін халықтың наразылығын тудырмас үшін тонауға тиым салды. Әскердің құрылымдық тәртібін он қол, жүз қол, мың қолға бөлген қаған енді қоластындағы елді де мың қолдық әскери-әкімшілікке бағындырды. Оның саны жүзге жуық еді (Тоқсанбес). Әрбір мың қолдық ұлыс, аймақ соғыс жағдайында мың сарбаз дайындап, оны қаражатпен қамтамасыз етуге міндетті болды. Бұл қанау-тонаудан көрі тиімді еді де ел ішіндегі әлеуметтік, территориялық, саяси жағдайды тұрақтандырды. Мыңқол сөзінің шығу тегі осы. Оның рулық, тайпалық құрамға ешқандай қатысы жоқ ұлыстар. Шыңғыс қағанның өзі, бүкіл қият тайпасы алтай диалектісінде (тюркский язык алтайской группы) сөйлеген. Оның өмірбаяндық деректері мен жортуыл-шабуылдарын хатқа түсірген найман оқымыстысы Тататұнға, «Алтын түйінге» негіз болған да соның жазбалары. Кейбір тарихшылар Шыңғысханның шығу тегін моғол деп жазады. Ал моғолдардың кім екенін әріпті таяқ деп білмейтін жұрт та біледі. Меніңше осы шындыққа жақын.


Ежелгі Отыкенді негізгі тірегім деп есептеген Шыңғыс қаған Хорезмге аттанбай тұрып әскерінің бір бөлігін (мың қолды) Алтайға жіберген. Соғыссыз, қырғынсыз жеткен мыңқол жартылай шаруашылықпен айналысып, соңынан шыққан әскерді керек-жарақпен жан-жақты қамтамасыз етті: темір мен қорғасынның отаны Алтай болғандықтан қару-жарақ та осында жасалды (семсер, қылыш, жебенің оғы, найзаның ұшы, ер-тұрманның әбзелдері, қытай қарулы күштерінен үйренген жарылғыш заттардың добы). Осы тұста бір айта кететін нәрсе, көне мен өткенді жазғанда біздің тарихшылар тым әсірелеп жібереді деп Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихшыларымызға сын таққан еді. Кіналі біздің тарихшылар емес, Л.Гумилев шығар. (Әңгіме садаққа байланысты). Оның ғылыми-тарихи очерктерінде: («Древние тюрки», «Древняя Русь и Великая степь», «Гунны»). Темір сауыт киіп, шойын қалқан ұстаған Еуропаның мақтаулы атты әскері маневр жасап үлгергенше түркілердің құйындай шапшаң жеңіл әскері қарсыластың алдыңғы сапын ұйқы-тұйқысын шығарып қақ жарып кететін, олардың көн тері мен киізді қабаттап көктеген кеудешелерінен садақ оғы өтпейтін әрі қимылға жеңіл; еуропа садақты бітеу ағаштан жасаса, түркілер ырғайды пышақ жүзіндей жұқалап жарып, оны малдың бүйенімен қабат-қабат қылып желімдеп тастайтын, сондықтан оның серпіні өте күшті — жебе 750 метрге ұшады да 350 метр жерден кісі өлтіреді, оның үстіне түркілер садақшыны алты жастан бастап тәрбиелейді де баланың білек пен кеуде бұлшық еті ерте шынығады; еуропа жебесі бетпе-бет келіп атпаса адам денесіне дарымайды. Қыпшақ тегін жасырмайтын Лев Гумилевтің түркілерге іші бұрып тұратынын білеміз, дегенмен ол тарихи шындықтан алшақ кеткен емес. Біз туралы жазған оның әрбір еңбегін көркем шығарма деп қабылдауға да болады. Марқұм дүниеден өтерден екі жыл бұрын радиодан берген сұхбатында: мен бүкіл өмірімді сіздердің тарихтарыңызды қозғауға, соны қорғауға арнап едім, шовинистер мені арадай талап жатқанда сіздер бір ауыз ілтифат білдіруге жарамадыңыздар деп өкпе білдірген. Алматыдан ең болмағанда бір көшенің атын беру жөнінде газетке де жазғаным бар. Президент Еуразия университетін Гумилевтің есімімен атағанда дән разы болдық. Гумилевтің кім екенін білмейтін кейбір жұрт осы күнге дейін күңкілдесіп жүр.


Тарихшылар, археологтар, антропологтар болып Шыңғыс қағанның зиратын іздегендеріне жетіжүз жылдан асып барады.. Солардың ішінде алтын, күмістен дәмелі ашкөздер де бар. Бүкіл Тұраннан жиған дәулетін ұлы қолбасшы көріне ала кетті деп ойлайды. Тірісінде «тойып тамақ ішпеген» қағанның қасында қару-жарағы мен мөрінен басқа ешнәрсе болмауы да мүмкін. Құпия көмілсе, қымбаттысын қызғанып емес, алпыс жыл артынан қалмаған қас-дұшпандары моласын тепкілеп қорламасын деген мақсатта болса керек. Көрі табылғанда Орта Азияны, әсіресе қазақ жерін түк қоймай ақтарып шыққан Ресей «бугорщиктері» ендігі тақыр-таза тонап та кететін еді. Іздеушілер Моңғол, Қытайды бекерге тінткілеп жүр. Табылған күнде антропологтар емес, оны кейінгілер мөрінен ғана тануы мүмкін. Ол бала емес, дана кезінде дүние салған адам. Сондықтан сүйегі туған жері Бұрхан тауынан көрі соңғы рет қаған сайланған өлкеде жатқан да шығар. Шыңғыс қағанның атағы Бұрхан тауынан биік екені хақ. Жошыдан бастап оның біраз ұрпағы, белгілі қолбасшыларының зираты Ұлытау мен Талас бойында кездейсоқ жатыр деймісің? Хан тұқымы тек қазақ ішінде ғана сақталып, кезінде қазақ елі үшін қызмет атқарғаны да бекер емес болар. Зират демекші, «Қазақ әдебиеті» газетінде Б.Балғабекқызының Бұрылдай атауы жөнінде мақаласы басылды. Қарындасымыздың айтуынша, шапыраштының белгісіз бір батыры жекпе-жекте қалмақтың ноянын өлтіріпті де жер аты соның моласына таңылып кете беріпті-мыс. Шындыққа жүгінсек бұл мүлде жаңсақ. «Бұрылдай» кейінгі кезде бізге өзгеріп жеткен атауы. Дұрысы Борантай. Боран — ашулы, тай — биік деген мағнада. Борантай Шыңғыс қағанның белгілі нояны. Русь жеріне басып кірген Сүбітай мен Жебе әскерінің құрамында Псковты барып алған. Сол жерде сүзек ауруынан қайтыс болған, өгіздің шикі терісіне тігіп, Жетісуға әкеліп жерлеген екен, арғы тегі Жалайыр. Жалпы, тәуелсіздік алғаннан бері тарихты бұрмалау, тарихи адамдарды белгілі оқиғаға апарып өтірік телу көбейіп кетті. Соның бірі, Бұхармен соғысқан Райымбек батырды қалмақтармен шайқасты деп қиуасыздан шындыққа қиянат жасалды.


Сонымен, Отыкен бүкіл түркі тайпасын біріктірген, Тұран империясының бүкіл тіршілігі мен әлемді дүр сілкіндірген жорықтарының кіндік көмбесі (стартовая площадь). Соның ішінде қазақ жұрты бірден-бір эпикалық халық. Біз «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» лирикалық эпосының 1500 жылдығын атап өттік. Бұл сан саусақтан сорып алынған жоқ. Ұлы Түрік қағанатының жария болған жылына дәлме-дәл дөп түсіп отыр. Қазақтың эпикалық халық болатыны, содан бергі қағанаттың тарихы қазаққа байланысты жаңғырып, мәдениеті мен әдеби мұралары қаз-қалпында біздің рухани қорымызда сақталып келеді. Ал эпикалық халық ешуахытта тарих бетінен жоғалмақ емес, заман сан құбылар, соған ілессе өркендеп, өсіп, өзгеруі мүмкін, бірақ ол өзінің табиғи өзегін құрыдымға жібере алмайды. Отыкен түріктердің қараорманы, оның кіндігі қасиетті қарт Алтай, Ергенектінің от жаққан ошағы. Төр Алтайдағы Қаратай Ергенектінің бір бұтағы, қонысы Қатынқарағай, менің Отаным. Алтай қаншалықты қарт болса, қаратайлықтардың төркінін де арыдан іздей бер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу