Әңгімелер ✍️
Ойдауа
Ойсыз адам мұңсыз. Мұңсыз адам суреткер бола алмайды. Жазушы дейтұғын пақырдың екінші аты суреткер. Көрген, білген, естігенді ақ қағазға сурет қылып қайта сызу кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер. Өнердің түбі уайым. Уайым -пақырдың бір ғұмырлық жарық дүниедегі өлмейтін мәңгілік сыңары. Ал уайымның нақпа-нақ суреті бар ма?.. Адам баласының шыр етіп жерге түскенде алғашқы іздейтіні омырау — ананың ақ сүті. Емшектен айрылу — сәбидің алғашқы мұңы. Демек, өнерге еншілеспін дейтін пенденің көкейіне алғаш қонақтайтын нәрсе — ананың ақ сүтімен кіретін қасиет. Сабақтап айтсақ, әуелі сезім, одан соң ой. Сезім мен ой бір емшекке таласқан аты-жөні жоқ, суреті жоқ, зердеге жүк, миға қан жүгіртетін табиғаттың адамзатқа берген азабы болса керек.
«Ой+дауа» — жадағайлап айтқанда: миың бос жүрмесін, күл, жыла, қинал, қиналсаң өзіңді өзің шипала, тіпті болмаса өзіңді өзің алда. Осы құбылыстан айрылсаң — жарық дүниеде жоқсың деген сөз. Жақаудың екі ұғымнан бір мағна тауып отырғаны да осыдан болар. Бір біріне кереқар. Өйткені, ойға дауа жоқ. Дауасы болса оның несі ой? Қалай жықсаң да әйтеуір сұрақ. Өмірдің өзі сұрақ емес пе. Қысқасы, осындағы әр шумақ жазылмаған бір кітаптің замысылы. Ендеше Жақаудың сансыз сұрағына оқушы да жауап іздеп көрсін... Таптым десе де өтірік емес. Таппадым десе де айып жоқ. Түбі, қолына қалам ұстаған әр бейбақтың есінде жүретін тәжрибе екен. Әйтпесе сан ғасыр бұрын өмір кешкен ғұламалардың әр сөзін эпиграф қылып тоздырған жоқпыз ба...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter