Әңгімелер ✍️
Қажылық сапары
Алланың өзі де рас,
Сөзі де рас!Абай.
Бісміллаһір-Рахманір-Рахим...
Меккеге барамын-ау деп ойлаған жоқ едім. Жеті атамда қажы болған да ешкім жоқ екен. Иісі Қаратайдан Меккеге жол шеккен он мүсәпірдің тоғызының сүйегі сонда қалыпты. Төрімде әл-Харам мешітінің күнтізбе суреті ілулі тұрушы еді, содан ба, өңімде де, түсімде де сол сурет көзалдыма елестей беретін. Содан ба, күнде келіп, күнде көріп жүргендей әл-Харам мешітіне кіргенде де ешнәрсеге таңқалғаным жоқ...
...Әуелі Әлібек болмағанда, Нұржан болмағанда маған Меккені көру жоқ еді. Әлібек мені сапаршылардың тізіміне қосып, Нұржан алты сағаттың ішінде паспорт әпермегенде көпке ілесе алмай қалып қойғандай екенмін...
***
Акула секілді ақбоз лайнер боз сағымға келіп қонды. Қайнаған сүттің жел көбігіндей жыпырлаған шам астында мүлгіп жатқан портты қала Жиддадан алабел автобустар боз сағымға ала кеп жөнелді. Боз сағымның түбіне шөккен қаракер дала сумен шайқалған теңіздің табанындай теңселіп еді. Қожыр-қожыр қаракер қыраттар боз сағымда жүзген көне заманның динозаврларындай аңыраған тас жолдың қос қапталында өңкиіп-өңкиіп өрістеп жатыр. Боз көрпенің астындағы қаракер дала да, қаракер қыраттар да тым-тырыс мүлгіп жатыр. Күнде келіп, күнде көріп жүргендей бұған да таңқалғаным жоқ. Менің Семейімнің даласынан, менің Қаратауымның сілемдерінен көшіріп алғандай. Біздің келетінімізді біліп, менің Семейімнің кер даласы мен Қаратауымның кәртаміш қыраттары осында көшіп қонған сияқты...
Біз Меккеге келіп кіргенде батыста Ай, шығыстан Күн нұрының шапағы тепкен...
***
Меккеде бөтен адам жоқ. Меккені бөтенсіп жатқан адам жоқ. Бағы заманнан осында туып-өскендей. Бағы заманнан бері осында жүргендей. Құрбан Айттың кезінде Үлкен Қажылыққа келген Алланың құлы 2,5 миллион десті. Қағбаны жеті айналып тауаф еткенде де, Минада жамарат аль-акаабаға тас лақтырғанда да өзен тасқынындай қалың жұрттың ішінен ең болмағанда екіжарым пенденің шаңқ еткен дауысын, аларып қарағанын естіген де, көрген де емеспін. Екіжарым миллион өзімен өзі сөйлесіп, өзімен өзі күбірлескенде қасындағы қатар жүрген құлаққа үні де естілмеді. Әркімнің аузында бір Алла болған соң ба, үн біткенді аспан жұтып жатқандай. «Раббана аатина фи аддүния хасаната, ва фил аль-ахирати хасаната, ва кина ааба анар» (Ей Алла! Маған бұ дүниенің жақсылығын, о дүниенің рахатын беріп, тозақтың азабынан сақтай көр!).
Екіжарым миллионның екіжүзі қазақ елінен. Көбісі бесігінен бес намазға жығылып, дін жолын үнемі пір тұтпасада бара сала екіжарым миллионға сіңіп кеткенінен қазақтың мұсылман екенін сезіндім. Түгелдей дерлік зиялы қауымның өкілі болған соң ба, бір ғана сезімге жығыла бермей, күпірлікке ермей тектілік танытып, өзіне дейін Абайдың барын, Иссауидың болғанын бір сәтке де есінен шығарысқан жоқ.
Меккеде пенденің бәрі бірдей: кім бай, кім кедей, кім төре, кім қара — пошымына жазылмаған, тек текті мен тексіздің айырмасы бетінен белгілі. Тексіздің көзі адасқақ, өңінде нұр жоқ, тектінің шырайынан иман теуіп тұрғанын ажарынан-ақ танисың. Бізде имансыз есек мінсе де етектегінің сәлемін алса нағылсын. Меккеде бас-аяғыңа қарайтын ешкім жоқ, алтының мен долларыңа түкірмейді, «джип» мінген миллионердің көппен бірге көшеде қонып жатқанын көрдім: көлігі көлеңке, төсеніші кілем, бала-шаға, туған-туыстарымен бес намазға жығылып, жастықсыз, жамылғысыз асфальт үстінде түнеп, жатқан жеріне жетім қылшық қалдырмай ертеңгісін ниет-парызын өтеуге асығады. Мен негр жұртының сұлуын көрдім: сырықтай көркем жігіт күймесін қаңтарып қойып, аяғын әнтек басқан сәбиін балмұздақпен уатып отыр, бір өзінде үш қатын бар екен, үш қатын қатар тұрып батар күннің сағымында ақшам намазына жығылғанда меңсіз қара барқыт жүздерінен нұр төгіледі. Үріп ауызға салғандай үш аруға жер сызған қара жібек көйлек, қара жаулық меңсіз қара сәйгүлікке салған салтанаттың ер-тұрманындай жарасады екен. Мүмкін арулар Аллаға құлшылық етіп, адам баласына иман тілеген ниетінен соң маған сұлу көрінген шығар. Әйтеуір, Меккеде адам тұрпатының кем-кетігі көрінбейді. Пейіл кең, ниет солай!..
***
Қажылық кезінде жергілікті тұрғын көшеге шықпайды. Әсіресе әйел жұрағаты. Бала-шаға болса да қылт етіп басын көрсеткен жоқ. Екі түрлі себеп: әуелі келгендерге кедергі жасамау; 2,5 миллионды сиғызып көр, сиғызған екенсің, қызмет көрсетіп бақ. Қызмет — мақтарлық. Мұндай қызметті Пайғамбар елінен басқаның қолынан келмесе керек-ті. Жәнеде қандай қызмет! Мін тағу ұят. Осыған қарамастан тіршілік тоқтаусыз жүріп жатыр. Әсіресе Мединада. Қаптаған құрылыс. Салынып жатқанның бәрі де Қонақ үйі. Салып жатқан американың компаниялары, жұмыс қолы тек түріктер. Екі жылға контрактімен келеді. Екі жылдан соң шекарадан шығарып салады. Қоныс брмейді. Жер бемейді. Азаматтық бермейді. Көлде жүзген аққудың шоғрындай трассаның жиегінен жүмысшы қалашықтарын көрдік. Бір қабатты ақ шағаладай үйлердің әрқайсысының төбесінде күннен қуат алатын батареялар. Әрқайсысының есік көзінде жеңіл машиналардың түр-түрі байлаулы тұр. Полициядан бастап көше сыпырушыларға дейін келімсектер. Асхаадағы ыдыс-аяқ жинаушы бангладештік азамат айына мың доллар аламын деді. Соған қарағанда құрлысшының жалақысын біздегі министрлер болмаса, жұмысшы түсінде де көрмейтін шығар. Дүкен атаулының жаймасында да келімсектер. Дүкен атаулы шетелдіктерге жалға беріледі екен. Дүкен атаулы мұнда демалыс орны: төменгі қабатта фонтан, гүлзар, алқа-қотан орындықтар, шай ішемісің, кофе ішемісің, жеңіл тамақпен жүрек жалғайсың ба —тәбетің білсін, кондиционер — қырық градустың үстіндегі қапырықтан соң жаның жай табады, бірақ жағасы жайлауға кетіп шалқайып жатқан ешкім жоқ. Біздегі суатқа жүгірген қойша топырлап, жайманың үстінде тарбайып жатқан да ешкім жоқ, аяқтың тыпыры, сағаттың тықылы да естілмейді. Жаңа ғимараттың екінші қабатында құрылыс қызып жатса, бірінші қабатта сауда дүрілдеп, құрлыс шығынын қайтарып жатыр. Майда-шүйде саудагерлерді Меккенің кәкүр-шүкір бұрышынан ғана көрдік. Бірен-сараң қайыршыны Минаның шет көшесінен ғана көрдік — онда да қолы кесілгендер. Ұрлық қылсаң қолың шабылады. Ұрлық түбі — қорлық деген осы. Қор болғың келмесе — қолыңды тый!
Екінші себеп — жергілікті халықтың денсаулығын сақтау. Бір маусымда жеті миллионнан астам мүсәпір келеді екен. Бәрінің қолында етектей-етектей анықтама болса да сену қиын, біреудің аяғымен, біреудің таяғымен әртүрлі дерт келуі мүмкін. Алла сақтансаң ғана сақтайды. Келімді-кетімдінің бір дүркін ерін тигізген ыдыс-аяғына дейін табан астында сыпырып-сиырып қоқыс мөшегіне лақтырып жатыр, қоқыс мөшегін табан астында қағып алып қоқыс тиеген машиналар зырлап кетіп жатыр. Қала тіршілігі — конвейер. Бірақ сол көзге көрінбейді. Тыныштық. Жөңкіліп жатқан «өзеннің» сылдыры жоқ. Машина атаулыда түтін жоқ. Түтінде тыныс тұншықтырар иіс жоқ. Иінтірескен транспорттың арасына саусақ симайды, солар қуықтай жыртықтан өтсе де «сүзіссе» нағылсын. Көше полициясының бар қызметі - адамдарды жолға салу, адасқандарды іздеп табу. Ресейдің ОРТ-асы Қағбада халық шыбынша қырылып қалыпты деп езуін жыртқан екен, аяқ астында жатқан ешкімді көргеніміз жоқ. Меккеден топырақ бұйырсын деп жұмақтан дәметкен сексеннің ішіндегі екі шалды арулап жуып, жаназасын мешітте шығарып, құрметтеп көмді. Сүйекті еліне қайтармайды. Жер шалғай, күн ыстық, жеткенша ағып кетуі мүмкін. Негізгі қауып — марқұм нендей дерттен жан тәсілім етті, белгісіз болса, еліне әртүрлі инфекция апаруы мүмкін. Бұл да сақтық. Бұл да адамгершіліктің айқын бір көрінісі. «Адам баласы бір-біріне бауыр». Бұл Қасиетті Құран сөзі. Құран сөзі мұсылман мен басқа дін арасына ешуақытта от жақпаған. Сонансоң да Қасиетті Құран бүгінде 60 ұлттың тіліне аударылып, 2662 рет басылған екен. Әлемнің бүкіл өркениетті елдерінің зиялы қауымы, ғалымдары Құран сөзіне елтіп отыр. «Ғылым — Алланың бір сипаты, ол, хақиқат. Растың бір аты- хақ, хақтың бір аты — Алла. Әрбір ғалым — хакім емес, әрбір хакім-ғалым» Бұл Абай сөзі. Қазақтың маңдайына біткен жалғыз хакім!..Жалғыз әулие!..
«Не убий!» Бұл таурат сөзі. Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан кім?». Бұл Абай қойған сұрақтар. «Өлтірме!» деп отырып, қылышын сүйретіп келіп крест таққандардың Шығысты қанға бөктіргені несі? Кезінде өркендеп тұрған, гүлденіп тұрған ғылымның ордасы хакімдердің отанын отаршылардың бес ғасыр бойы аяусыз таптағанын немен түсіндіреміз?.. Күні кешеге дейін соның салдарынан ислам ауыздықтан босаған жоқ, мұсылманды екінші сорттың есебіне апарып теліді. Шығыс бостандық алысымен ислам ауыздықтан босанды, аузында Алласы бар жұрттар имандылыққа бет қойды. Мұның түбі: «Басың бірікпей бақытың жанбайды!». Әрине, бұл бүгінгі империяларға жақпай жатыр. Кезінде «пантюркизм» дегенді ойлап тапқан отаршы кәзіргі «аға жұртпын» деп көлгірситін көршілердің көрінген нәрсені септеуге әуес баспасөзі «ислам деген пәлекет келе жатыр» деп жаханды дүрліктіргісі келді. Осыдан соң кекесінмен болсын, кекшілдікпен болсын ОРТ езуін қисайтса, біз бұған да таңданбаймыз. Қызғаныштың қызыл иті арқанда жатса да арсылдайды. «Қызғаныш өзінің настығына тояттағанда ғана аранын тияды» деп Андре Моруа бекер айтты деймісің. Бірақ, бұл қызғаныш қана ма? Оның ар жағында не жатқанын да білеміз. Оған да таңданбаймыз. Тегі бір, тілі бір, діні бөлек бір халықтың қанша жыл қырқысқанын бір ғана Югославиядан көрген жоқпыз ба?
«Бауырластар майданы» деген бүгінде халықаралық терминге айналып кеткен де сияқты-ау. Бұл да бір елге қасірет, бір елдің қышыған жерін қасып беретін рахат. Қасіреттен рахат күтетін саясатшылардың түбі — садист. Діні бірдің тілі бөлек болғанмен тәубесі ойында, иманы бойында. Әрине мұны тәубешілден тәңірін ұмытқандар бұрынырақ сезеді, сонан соң да қарсы әрекетке бұрынырақ ұмтылады. Бұл да сан ғасырдан бері қанға сіңген отаршылдық психологияның қорқау ындыны. Алысқа бармай-ақ Алматының ішіне бір кіріп шығалықшы.
Әртүрлі діни қоғамдар мен секталарда есеп жоқ. Бетіне перде салып көрмеген қазақтың кейбір қыз-келіншектері басын бүркеніп мәйісе қалыпты. Ассалаумағаләйкүм тұрмақ аузына атасының аты түсіп көрмеген кейбір бозбалалар көрінгенге таурат пен кришнаны уағыздап, сол туралы әдебиеттерді ала жүгіреді. Әрине, тегін емес, саудалап жүр. Саудасын жоқ-жітікке көмек деп сандалады. Бетін қайтарсаң сілеусін көзденіп алдымен өзіңді тілдейді, сонан соң Пайғамбар мен Аллаға тіл тигізеді. Томаға тұйығы да бар. Сөйлесе келсең: бәріміз бірдей Сейфуллин даңғылына сиятын емеспіз, қылмыс жасайын десем, шынымды айтсам, икемім жоқ, сонан соң үш мезгіл тегін тамақ пен жатар орынға бола жат жұртқа қызмет етіп жүрмін дейді. Егер икемі болса қылмыс жасауға да бар сияқты. Қаракөлеңке бөлмеде қазақтың жеткіншектерін балауыз шырақтың түтініне қақалтып қойып, өздері түсінбейтін әлдебір жат тілде сайратып жатқандар аз ба? Кәрі-құртаң да емес, қазақтың болашағын қандай түтінмен улап жатыр? Еліміздегі экономикалық қиыншылықты пайдаланған миссионерлердің артында кім тұрғанын қайран қазақ біле ме екен? Миссионерлер тек Құдай жолын қуалап, дінсіздердің санасын ашуға ғана келіп пе? Жетпіс жыл бойы марксизмнің біздің құлағымызға құйғаны: «дін идеологияға айналған кезде ол әуелгі мақсатын ұмытады». Мейлі, марксистер айтса да осында бір шындық бар. Кезінде шіркеуге бір кіріп, мойнына крест тағынып, шоқынып шыққан қазаққа бір шаршы бомази, бір сөлкебай берген. Геноцид жылдары аштықтан қырылып жатқан қазақтар Алтай өлкесіне ауғанда: алдымен шіркеуге кіріп шоқынып шығыңдар, сонда жұмыс та, тамақ та тауып береміз деген талап қойған. Бұл отаршылдық саясаттың бірден-бір идеологиясы еді. Православие бізге Құдайдың атымен емес, идеология болып кірген. «Жерімді тартып алдың — амалсыздан көндім, дінімді бұздың — бұған көне алмаспын!» деген Науан хазретті патша үкіметі тұқым-тұқиянымен Сібірге айдап жібергені қайда? «Алла — бір, Пайғамбар — хақ. Адам баласы бір-біріне бауыр» деп бірлікке шақырғаны болмаса, исламда зорлық жоқ. Ақмола қаласында сөйлеген сөзінде Алматы-Семейдің архиепископы Алексий қаптап кеткен діни қоғамдар мен сектанттар ұясына үкімет тарапынан тиым салмаса болмайды деген еді. Діншілге бостандық, діннің кез келгеніне бостандық деген емес шығар. Әсіресе елдің шырқын, халықтың бірлігін бұзатын сектанттар мен секталарға. Дінімді, тыныштығымды бұздың дегені үшін Науан хазретті жер аударғанда, халықтың бірлігін бұзатын миссионерлерге неге тиым болмасқа?!
***
Бисм Аллах, салла Аллах аля Мухамед! (Алланың атымен. Мухамедке Алланың шапағаты жаусын!). Оң аяқпен Мухамед пайғамбардың мешітіне кірдік...
Үшеу едік. Кинорежиссер Аман Әлпиев, дәрігер Садуақас Мұстафа. Пайғамбар зиратының басында тұрып өнер адамы не ойлады, дәрігер не ойлады екен? Ас-саламу алайка айуха ан-набий ва рахмату Аллахи ва баракатуху, салла Аллаху алайка ва саллам!..
«...Құдайдан мал тілейсіңдр, неге керек қылайын деп тілейсіңдер?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?.. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды». Абай.
Қасиетті Мекке мен Мединадағы екі мешіттің иесі де король Абдель Азиз (тақсырды Алла жарылқасын!). Екеуінің де бар міндеті королдің мойнында. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өтінішімен (мың да бір рахмет!) екіжүз қазақстандықтың қажылық шығынын көтеріп отырған да король. Кезінде бұратана елдердің мұсылмандарын қажылыққа жіберуді тоқтату керек деген патша өкіметінің шешімі болған екен. Арнаулы комиссия тексере келіп, мұсылман жұрты бүлінсе, қажылыққа кеткен шығының шыбынның құнына да тұрмайды деген екен. Совет өкіметі дінді апиынмен теңестіріп, қажылық тұрмақ Алланың бір, Пайғамбардың хақ екендігін де жоққа шығарды. Халық бір Алланың 99 аты мен Пайғамбардың хақтығын көкейінде ғана сақтап еді, арада жетпіс жыл өткен соң егеменді елдің өкілдері Қасиетті Қағбаны көзімен көріп, қолмен ұстап, пайғамбар мешітін оң аяғымен аттады. Көрдік. Не білдік? Не сездік?
Әрине, дүние жүзінде әл-Харам мен Пайғамбар мешітінің теңдесі жоқ. Соңғы жылдардың өзінде королдің қамқорлығымен әл-Харам 309 мың шаршы метрге кеңейтіліп, Қасиетті Қағба қайта өңделген екен. Мина, Муздалиф, Арафат та жаңарған. Бір ғана Мединада 2400 мешіт король Фахд бин Абдел Азиздің қайырымдылығымен жұмыс істеп тұр. Бұрынғы Пайғамбар мешіті түбегейлі қайта көтеріліп, бір миллион орынға кеңейтілген. Архитектуралық әсемдігі мен стиліне айтар жоқ: инженерлік, технологиялық жаңалықтардың бәрі осында, салқын самал шалқытқан жер астындағы, жер бетіндегі кондиционерлердің өзі жеті шақырым. Бүкіл алаң ақ мәрмен көмкеріліп, бүкіл мұнараның әр буыны ат басындай алтынмен апталған. Мешіттің бүкіл едені түкті кілем, төбесі жылжымалы шатыр, тіреулері алтын...
...алтын... кілем үстінде жатқанымызға жарты сағат болды. Аманнан адасып қалғанбыз. Сәдуақастың не ойлап жатқанын кім білсін. Тілімнің ұшында Абай ағамның: «Құдайдан мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер?» деген сауалы. Қазақ: «арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» десе, таршылық көргендегі айтқаны шығар, «дүние боқ» десе, сол дүниенің ең қымбаты алтын емес пе еді, соның арзандығын көзбен көріп жатырмын. «Қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан артық болса — мұсылман емес». Мұны айтқан тағы да Абай ағам. Мешітке кірдің — әуелі Алла, одан соң Пайғамбар, егер қазақ болсаң осы екеуіне хакім Абай, әулие Абай ере жүретін сияқты. Ақын Абай ойға қалдырса, хакім Абай Алланы ұмыттырмақ емес, әулие Абай қазақ деген ұлттың тағдырын да, тарихын да, болмысы мен болашағын да, әлемдегі орнын да белгілеп кеткенге ұқсайды. Осыдан кейін король Фахд бин Абдель Азиздің мәрттігін түсінбей көр. Сауд Аравиясы экспортының 53 пайызы мұнай екен, қалғаны алтын мен күміс десе де болғандай. Мұнай халықтың мұқтажына жұмсалса, алтынды тіреуге жұмсап отыр. Бірақ бұл елдің аспанын тіреп тұрған алтын ба екен? Байлығын шіреп тұрған алтын ба екен?
Кезінде Мұхамед пайғамбар бүкіл арабты біріктіріп, біртұтас ел қыламын деп, бұрын теңізбен ғана байланысып жатқан әр тайпаны керуен жолымен жалғастырып еді. Сол үшін де Мединадан Меккеге қылышпен барды. Сол үшін де күллі арабтың түзге шығар жолын Мекке мен Мединаның желісіне әкеліп байлады. Алланың әмірімен, Құран Кәрімнің қасиетті сөзімен. Демек...
Бүгінде дүние жүзінің мұсылмандары қажылыққа бір барып қайтуды арман етсе, байлығына қызығып барып жүр ме екен? Әйтпесе: «Ей, Алла! Маған бұл дүнияның жақсылығын, о дүнияның рахатын беріп, тозақтың азабынан сақтай көр!» деп неге жалбарынады? Мақсат — рухани дерттен арылу, ардың, жанның тазаруы. Абайға жүгінсек, адамның адам болып қалыптасуы фәниден бақиға дейін. Осыдан 1430 жыл бұрын адамның ғарышқа ұшатынын Құран айтқан. Бұдан соңғы әр ғасырда ғалымдар Құран сөзінің растығын дәлелдеумен ғана келеді. Құран сөзі: адамды ғарышқа шығаратын бәсеке, бәсекенің аяғы тай-талас, жұмыр жерді бөліп-жарудың арпалысынан аспан жыртылып, әуе тарылып адамзат заманақырды өзі тілеп алады дейді. Тасқа түскен жазуда: адамзаттың ендігі қалған ғұмыры екі мың жыл деп жазылған екен. Әзірет Әлі оған екіні қосса керек, сонда Мұхамед пайғамбар: «қап, азабыңды тағы да екі мың жылға созып алдың-ау!» деген көрінеді. Абай мұны: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.»,— деп түсіндіреді де: «тоқ тіленші — адамның сайтаны, қаракетсіз сопы — монтаны», деп түйеді.
***
Ақшам намазына Пайғамбар мешітінің іші-сыртында ине шаншар орын қалмайды. Азаншының дауысы күндізгі аптаптан қалғып кеткен осындағы 2400 мешітті қас қағымда селт еткізіп оятады. Азаншының дауысынан бүкіл мұнараның, бүкіл қаланың шырағданы бір секундта лап етіп жарқырап шыға келеді. Күндізгі аптаптан қорғанып жатқан қала ақшамда қайта тіріледі. Көлік атаулы тоқтаған. Дүкен атаулы жабылған. Дән теріп жеген теңбіл жирафтың басындай күні бойы теңселген құрылыс крандары әлденеге үрке қарағандай мойындары сорайып-сорайып тастай қатып қалады. Азаншының аузында Алла. Жаратқанның пендесі Алла деп жайнамазға жығылып, Алла деп көк аспанға алақанын жаяды. Ислам — ғарышпен кіндіктескен, әлеммен тете, әлем кеңістігінің заңды құбылысынан туған адамзат ілімінің жемісі болса керек. Бес намаздың басы күн шықпай басталып, күн қуалап отырып, құптанның алғашқы жұлдызбен аяқталатыны неліктен? Көне түріктің өзін Көктүрікпін, Көк перзентімін деуі де тегін бе еді?.. Қаңлылардың 777- жылы (ең қасиетті сан) исламды қабылдағанын ескерсек, қазақ та ежелгі мұсылманның бірі. Кейінгі Өзбек ханның жарлығын исламның мемлекеттік дін болып жариялануы деп танығанымыз жөн шығар...
Күнді қуып, көпіршіген көп жұлдызды қақ жарып Ай туды. Экватордан мың шақырымдық қашықта жатса да Аравияның Ай мен Күні көк аспанның қақ шекесінен туып, қақ төбесінен жарып өтеді екен. Алла жарылқаған Пайғамбар елінің асты мұнай, үсті алтын десек, тас төбеден шаншылған нұры да бөлек. Түн баласында тебен жасырына алмайды. Күндіз Күн нұрынан қуат алып оқталған электрдің жарығы көк аспанның жұлдыздарымен таласады. Минаның төбесі тізіп тастаған моншақтай.Муздалиф пен Арафаттың төбесінде шырағданның шымылдығы. Мекке мен Медина сол шыраққа малтып отыр...
Бұл елдің театры қайда? Концерт пен киноның ғимараттары неге жоқ? Радио неге үндемейді? Телевизордың мешіттерді айналып шықпайтыны несі? Сұрақ көп. Бұл сұрақтардың көбіне Құран мен шариғат, Пайғамбардың хадистері тиыммен жауап береді. Бірақ халықты тек қана тиыммен ұстауға бола ма? Тиыммен ұстаған халықта ерік бола ма? Бостандық қайда? Революция атаулы: бауырмалдық, бостандқ, теңдік деп жар салған. Бауырмалдығы жарасып-ақ тұр. Бостандық пен теңдігі отаса қояр ма екен? Бостандық болған жерде теңдік бола ма? Бес саусақ бірдей емес. Біреудің миы артық, біреудің қолы артық, біреудің өнері артық. Артыққа бостандық берсең кемдікті тосып тұра ма? Артық пен кемдікті теңестірген әділеттікке жата ма? Абай: «көпте ақыл жоқ, ебін тап та жөнге сал» — деп неге айтты? Кемді жөнге салатын «артық» емес пе екен? Түптеп келгенде Құран мен Пайғамбардың хадистері Абай айтқан адамды күнақарлыққа сүйрейтін «адамның сайтаны» мен «сопының монтанысына» тиым емес пе еді. Дін де қатып қалған догма емес. Ақселеу Еуропамен қабыса бастаған Түркие мен Мысырды, өзінше автономия құрған шеиттік Иранды мысалға келтіреді. Бірақ бәрібір басқасын қойғанда, қазақтың тек қана Затаевич жинаған 500 бен 1500 әнін осылардың ешқайсысына апарып сиғыза алмайсың. Әр елдің салты басқа. Қалай десек те сан ғасырда сан құбылған, саясатқа еріп тонын сан ауыстырып киген діндермен салыстырғанда, сол сан ғасыр бойы өзінің әуелгі мақсатынан жаңылмай келе жатқан жалғыз ғана ИСЛАМ! Сонан соң да Пайғамбар елін, Қасиетті Мекке мен Мединаны, Қасиетті Қағбаны кір шалмауы керек.
Осы біз неден жалықтық?.. Телевизорды ашып қалсаң жауыздық пен зорлық, жалаңаш қатын, жалақтаған кездік... Сахнаға бір дүркін ырбаңдап шыққан бикеш ертеңінде көрермен мен тыңдаушыға ылпасыз бөксесін тосады. «Шоу» дейтұғын, «тамаша» дейтұғын арзан күлкіден құлақ сарсып, кезінде ел сыйлаған артистеріміз арсыздықты насихаттаудың аз-ақ алдында тұр. Осының бәрін Меккеге апарып сиғызып көрші. Жылына жеті миллион емес, жеті адам солай қарай аяқ басар ма екен?
***
...Алабел автобустар аэропортқа ала кеп жөнелді. Шаңқай түстің шағында тас төбеден шалқайған шақар күн шығарып салды. Көкжиекте аптап ыстықтың қарақұрық сағымы шалқиды. Каракер жазықтың жонарқасы түтіндеп жатқандай. Бағы заманның динозаврындай өңкиген қаракер қыраттар ыстықтан бүктүсіп шөгіп қапты...
...Жоқ, менің Семейімнің кер даласы мен Қаратауымның кәрі қойнауы маған бұдан да ыстық!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter