28.01.2022
  367


Автор: Нұрдәулет Ақыш

Сезім жетегіндегі жігіт

повесть


...Естіген жаңалығын Қабылхан алдымен Асқарға жеткізгенше асықты:


— Айтпақшы, Әлімбек бар емес пе? - деді өзінше маңыздана қалып.


Телефонның ар жағындағы жігіт мына хабардың мәнісіне бірден ұғына алмай қалған сияқты.


— Әлімбек?... Айтып тұрғаның қай Әлімбек ол? - деп сұрағаны сәл кідірістен кейін ғана.


— Әлгі өзіміздің Әлімбек ше? Бірге оқыған... сол.


— Тоқта, тоқта! Институтта бірге оқыған ба?


— Институтың не, өзіміздің курста бірге оқыған Қиысбаев Әлімбек ше? Сол деймін.


— Иә, ал? Ол қайда еді? - деді енді барып бірдемені есіне түсіре бастаған Асқар.


— Тегі курстастарды ұмытып, не болып кеткенсің өзі? Өздерінің елінде қызметте еді ғой. Облыстық әкімшіліктегі ше? Сонда бөлім меңгерушісінің орынбасары ма, әйтеуір сондай бір қызметте болатын.


— Ал так, сосын?...


— Сол енді осында ауысып келе жатқан көрінеді. Қысқасы, курстастар қайта жинала бастадық. Жақсы болды деп айтайын дегенім ғой.


— Сонда ол астанаға қандай қызметке келмек екен?


— Білім министрлігіне.


— Қойшы, ей?! - Сонда бұл... - деген сәтте Асқардың даусы да қатайып өзгере қалды. Сонда бұл оның өскені ғой, ә? Сонау облыс орталығынан бірден министрлікке, ә? Онда бұл жігітің қалай еді... әлгі...


— Әлімбек.


— ... бұл Әлімбегің осал болмады. Сонда қандай қызметте екен?


— Басқарма бастығы деді-ау деймін, жаңылмасам. Әлде орынбасары ма екен?


— Қойшы, ей? - Таңырқау сезімін тежей алмаған Асқардың даусы енді тіпті қаттырақ шығып кетті. —Департамент бастығы?.. Министрліктің? Қой, олай емес шығар. Ойбай-ау оған ОблОНО-ның басшыларынан я болмаса тағы сондай ірі қызметтен көтерілмеуші ме еді. Оның үстіне Әлімбек әлі жас қой. Анық па өзі осы айтып тұрғаның әлде жай қалжың ба?


— Ой, Асеке-ай! Сені де современный адам, қалалық интеллигент дейді-ау. Таңырқайтын несі бар? Жас дейсің, бәріміз де отыздан асып кеттік. Қайдағы жастық?


— Енді ол Әлімбегің нешеде? Отыз екі-отыз үште шығар. Бәрібір министрлікте бастықтық қызмет үшін бұл жас қой.


— Ой баяғы партияның заманы өтті емес пе? - деді Қабылхан да курстасының өсуін шындыққа жанастыра сөйлеп. - Жастарды өсіріп жатыр бар жерде. Оны айтасың, отызға келмей-ақ облыс әкімі, министр болып жатқандар да бар. Соған қарағанда, бұл не тәйірі? Әкімшіліктен көтерілсе, несі бар? Оның алдында ОблОНО-да істеген жігіт.


— Ә-ә, дұрыс болған екен! Өскенін айтам да. Біздің жігіттердің өстіп өсе бергені дұрыс. Иә, Әлімбекті білем ғой. Бәріміз бірге оқыдық емес пе? Группамыз ғана бөлек болатын. Институтты бітірген соң, шынымды айтсам, өзін көрген емеспін. Араласпай кеткен соң, амалсыз ұмытамыз өстіп. Әйтпесе Әлімбекті білем ғой. Енді қалай білмеймін, өзіміздің жігіт емес пе?


Тиісті міндетін атқарып болған телефонды жайына қалдырды да, Қабылхан мойнын жайымен терезеге қарай бұрды. Ойланып кеткен түрі. Онда да ұзаққа емес, бір сәтке ғана.


Жақсылық хабардың ізін суытпай, жып -жылы қалпында жылдам жеткізгенше асыққан. Бір курсты бітірген жігіттерден қалада қазірге дейін тұрақтап қалғаны - осы Асқар екеуі ғана. Өзгелері - қыздар. Сөйткен досының Әлімбекті ұмытыңқырай бастағаны көңілге бір түрлі түйткіл әкелді. Хабарға шындап құлақ түрген сәті -курстас жігітінің қызмет бабымен келетінін естігеннен кейін барып қана.


«Әй, Асқар-ай, - деді Қабылхан іштей жымиып. - Жап-жақсы жігітсің. Бірақ кейде болмашы нәрседен өстіп өзіңнің бағаңды кемітіп аласың-ау. Егер кезінде... бітіре салып, ауылға кетіп қалсам ғой, сонда мені де осылай ұмыта бастар едің, ә?»


«Жоқ, сені кінәлауым жалпы орынсыздау болар, - деген ойға дәйектеді сәлден кейін.


— Жақсы араласпаған адамның ұмытылуы заңды да. Ол үшін ренжудің керегі не?... Бірақ сөздің соңына қарай «Әлімбекті білем ғой... өзіміздің жігіт» деп қояды тағы да.


Серейген ұзын бойлы бота тірсек бозбалалар қазір қай жерде жоқ. Мойындары қылқиып, құлақтары қалқиған, өсіңкі шаштары жалбыраған олардың бейнелері кімге болса да таныс. Енді осындай жас жігіттің иығына кәдімгі қаңқасы қаңғырлаған жеті шекті гитараны аса қойыңыз. Міне, бұл - Асқар мен Қабылханның арасындағы әңгіме өзегіне айналған Әлімбек деген азаматтың дәл өзі болып шыға келмек. Анығырық айтсақ, бұл - оның университет қабырғасында оқып жүрген студенттік кезі.


Мектепті бітіре салып, институттың табалдырығынан имене аттаған көк өрім бозбала аздап момақандау еді. Анау-мынау даулы мәселелерге араласпай, шиеленісті жайлардан шеттеу жүретін. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен тым жуас деп те айта алмайсың. Білетіні - сабағы, гитарасы, ара-тұра күлдіргі әңгімелер. Жоғары курстарға келгенде, бұлардың үстіне қоғамдық жұмыстар қосылды, қилы-қилы қыздар әңгімесі шыға бастады. Жай адамның бетіне тіке келе бермейтін біртоға бозбаланың жұрт назарын аударатын негізгі қасиеті - бәрібір сайраған қызыл тілі, гитараға ілескенде сүйкімді естілетін қоңыр барқыт даусы еді. Бұл екі өнерінің айқынырақ танылып, ұмытыла түскен кезеңі - студенттік шақтың соңғы жылдары.


Жалбыраған шашын қысқартып, қылқа мойнына қыса галстук таққан біршама жинақы жігіт - Әлімбектің диплом жұмысын қорғаған кездегі бейнесі. Сонан кейін... сонан кейін Асқар оны көрген емес.


* * *


Межелі уақытты өткізіп барып, есік қоңырауы шылдыр ете қалды. Ендігі келген адам күмәнсыз соның өзі болуы керек. Үй иесі есікті асыға ашып, мейманды ішке енгізе берген. Былғары плащты еңгезердей жігіт жарқын дауыспен айғайлай амандасты да, Қабылханның ұшы шығыңқы томпақ бетінен құшырлана шөп еткізді. Амандасу үшін ас үй жақтан асыға шыққан келіншектің қызыл шырайлы жүзі де нақ осындай рәсіммен сүйіліп қалды.


Сосын әкелген үш тал қалампыр гүлін дереу оған ұстата қойды да, лып еткізіп қолын ұсынды:


— Әлімбек!.. - деді салтанатты үнмен. Қысылыңқырап қалған Қабылханның келіншегі:


— Бақти, - деді ақырын ғана.


Сол екі арада қонақ бөлмеден сәл теңселе басып қарынды қара торы жігіт те шыға беріп еді. Құшағын айқара ашқан Әлімбек оған қарап қатты да қалды:


— Баһ! Кого я вижу! Вот это сюрприз! - деді екпінді үнін үдете түсіп. - Мынау біздің Асекең ғой. Асқар Мурсалимов. Собственный персоной. Вот, это сюрприз! Вот, это встреча!


Екі жақтан да ашылған мол құшақтар мүдірмей қауыша кетті. Іле еркектер ерніне ғана тән дөрекілеу сүйіс шолпылы естілген.


— Біздің күтіп отырған Әлімбегіміз осы ма? Қане, қарайықшы былай жөндеп. Құдай-ау, көрмегелі қай заман!


— Қара, қара! Міне, қараңыз, жолдас Мурсалимов, - деп, Әлімбек плащын шешіп үлгермеген қалпы қанатын жая, бала құсап тұрған орнында шыр айналды.


Амандық-саулық сұрасып, даудырласқан топтың қонақ бөлмеге қарай жылжығаны -сәлден кейін ғана.


— Құдай-ау танымай қала жаздадым, - деді Асқар дастарқан басына жайғасқаннан кейін де ілкі сәттің әсерінен құтыла алмай. - Мүлде өзгеріп кетіпсің, Әлеке.


— Қалай, жақсы жағына ма әлде жаман жағына ма?


— Біздің жігіттер жаман жағына өзгеруші ме еді? Жақсы жағына, әрине.


— Тіпә-тіпә! Былай нетіп, кәдімгідей толыпсың. Саусақтарың да сүйріктей салалы, қыздікіндей еді, қазір, міне, күректей. Нағыз азаматқа лайық тұлға!


— Тіпә, деңіз, Асеке! Әйтпесе тіл тиіп кетіп жүрер. Мына жерде алғаш кездескен құрбыларымыз бар дегендей.


— Иә, айтпақшы, мына кісі біздің үйдегі пұшық шәйнектің иесі, - деді Асқар кішірек көзді ақ сары келіншекті нұсқап. - Есімі - Жамал. Бетінен жақсылап-ақ сүйдің, бірақ таныспадың ғой деймін.


— Асеке, ұнатқан келіншекті алдымен сүйіп алып, сосын танысатын әдетім. Көрген жерден осы біздің Асекеңнің жұбайы шығар деп ойлағанмын. Сенің рұқсатыңсыз бірден әрекетке көшкенім сол. Жоқ, әлде қызғанып қалдың ба? Қызғансаң, сүйісімді қайтып алдым...


Бәрі дабырлай дуылдасқасын ба, дастархан басының ажары кіріп, жайнап қоя берді. Әдетте шағын топтың ортасына сырттан бөтен біреу келе қалса, ілкі сәт ыңғайсыздау бір ахуалдың орнайтыны бар ғой. Бұл жолы ондай дағдарыстың иісі де болған жоқ. Емін-еркін қалжыңдаса кірген Әлімбек тоғыз жыл бойы кездеспегендіктен, тосырқап қалған курстас жігіттер тұрмақ, олардың жұбайларын да маңайына үйіріп үлгірді.


Оның аузы сөзден ептеп босай қалса болды, әңгіменің әрін кіргізу кезегі Асқарға тиеді. Әлімбектің жағдайын сұрап, өз тіршілігін қоса әңгімелеп, біраз нәрсенің басын шалып-ақ тастады. Бұлардың арасында оқшырайып шеттеу тұрған - әзірше үй йесі Қабылхан ғана. Өзі шақырып, өзі мейман етіп отырып, қонақтардың әңгімесіне әлі де дендеп араласа алмай жатқан сыңайлы.


Бір курс, топта оқығандары былай тұрсын, Қабылхан мен Әлімбек екеуі екі жыл қатарынан бір бөлмеде тұрған. Талай рет сырласып, арманға толы түндерді бөліскен. Бұралаң, бұлтарысы көп студенттік жылдарды қол ұстасып, бірге жүріп өткен. Екеуіне ортақ қаншама оқиғаларды кешті десеңізші бастарынан.


Ал осы қаланың өзінде туып-өскен Асқар курстас жігіттермен, әсіресе жатақхана тіршілігімен тығыз араласа қойған жоқ. Талғамы, түсінігі, көзқарасы бөлектеу қала баласы бірге оқып жүрсе де, қырдан келген жігіттермен үнемі үйлесе бермейтін. Шындап аралас-құралас болғаны - өзі теңдес санаулы балалар ғана болатын. Сондықтан оның Әлімбек туралы телефонмен айтылған өткен жолғы жаңалыққа бір сәт тосырқап қалуы тіпті заңды да сияқты.


Жолдастығы жоққа тән, аралас-құраластығы шамалы деген күннің өзінде де қанша жыл кездеспеген Әлімбекке үй көрсетіп отырып, бүгінгі кештен қаладағы жалғыз курстасын қағыс қалдыру әбестік болар еді. Қабылхан мен Бақтидың Асқарларды әдейілеп шақырып алғаны да сондықтан.


Ылғи да ыстық сол бір студенттік шақта онша жақындаса қоймаған Асқар мен Әлімбектің жолдары басқа бір мәселеде қиысқаны есінде. Дәм-тұздары онша жараспай, екеуінің әлденеге дүрдараздау болып жүргені ақырғы курста емес пе еді. Мінезі тіктеу әрі өктемдеу Асқар момындығын пайдаланып, осы Әлімбекке әлімжеттік жасапты. Кейінірек екеуі бір-бірімен онша жұғыспай жүрді. Институтты бітіргенше татуласып үлгерді ме, жоқ па, ол жағы Қабылханға мәлім емес. «Сондағыны еске алып, отырыстың мәнісін кетірер ме екен, қайтер екен» деген бір ұры күдік ой түбінде ғана қылаңытып қалады.


Әйтеуір әңгіменің ә дегеннен ортақ арнаға түсіп, жарасты серпінмен өрби жөнелгені - көңілге медеу. Қайта баяғы «дүрдараз студенттерге» қарағанда, қызу мәслихаттан енді үй иесінің өзі шет қалып бара жатқандай. Тоғыз жыл бұрынғы курстастарды, жастық сезім күйлерін еске алып, Асқар мен Әлімбек сөзге қонақ берер деген не. Қызу отырысқа әлсін-әлі дуылдаған күлкі де май құйып, маздата түседі.


— Ақжанның жағдайы қалай? - деді Қабылхан бірер секундтық паузаны пайдаланып. Жайылып салып, жайбарақат отырғанымен, Әлімбектің де жауабы әзір екен, қарқылдай күліп, бір жырғап қалды:


— Қалай болушы еді? Өзің ойлашы, күйеуі өсіп жатқан әйелдің жағдайы қандай болуы тиіс? Және ол күйеуі басқа жаққа емес, министрліктің өзіне келіп жатса... Қабеке, сонда оның жағдайы сіздіңше не болады?


— Жоқ, былай... жалпы тіршілігі дегенім ғой. Тоғыз жыл бойы хабарласа алмадық. Өзі былай өзгерді ме?


— Енді хабарласпағандарыңа кім кінәлі? Астанада жатып алып, біз сияқты периферийедегі жұртты менсінбейсің, - деп өкпе-назын айтып, Қабылханның өзін біраз жерге апарып тастады. Ақжанның жайынан хабар бергені содан кейін ғана.


— Қалай сонда? Бұрынғысынан да сұлуланып кеткен шығар, - деп, Қабылхан сауалын сабақтай түседі.


— Қалай өзгеруші еді? Әрине, бұрынғысынан қартайды. Быттиып семіріп кетті өзі.


— Қой, олай деп айтпа, - деді үй иесі үркіп қалған кейіппен. - Ақжанға ондай теңеу үйлеспейді. Талай жігітті арманда қалдырған асыл бейне емес пе?


— Иә, хабарласпай кеткен біз кінәліміз шынында да, - деді Асқар Әлімбек екеуі бейне бір бұрыннан-ақ аралас-құралас адамдай. —Қабеке, босқа ақталмай, кінәмізді мойындайық та. Қайтеміз босқа ақталып. Айтпақшы, Әлеке, балалар нешеу?


— Екеу. Бір ұл, бір қыз. Екеуі де өзімнен аумайды. Қане, менің кіндігімнен шыққан сол жамандар үшін тартып жіберейік.


Айтылған тілек тиісті қимылмен тиянақталғасын, көптің көкейіндегі түйінді сұрақты қойып үлгерген Асқар:


— Ал енді Ақжан келінді қашан әкелесің бұл жаққа? Министрліктегілер үй мәселесін не деп жатыр?


— Асығысы не, Асеке-ау! Егер маған салсаң, осы бойдақ болып жүргенімнің өзі жақсы. Әзірше жатақхана берді, гостиничного типа, одан артық не керек маған? - деді ірі тістерін көрсете, іркілмей езу тартқан Әлімбек жан-жағына жайраңдай қарап қойып.


Отырыс ортан белінен асты ау деген мөлшерде Әлімбек төрде ілулі тұрған домбыраға қол созды. Сонау бір жылдардағы дыңғырлатып гитара қағып жүретін жалбыр шаш бозбала енді домбыраға қосылып, халық әнін шырқайтын әуесқойға айналыпты.


Көлемді аузымен қоса қысықтау көздерін де мейлінше кеңейте ашқан Қабылхан дәл қазір қатты таңырқаулы. Әлімбектің барылдап ән айтатынын білсе де, нақ мына құсап нәшіне келтіре шырқайды деп ойламапты. Бұрын-cоңды құлағына жұғысып көрмеген нәзік әуенді құйқылжытып, құтыртпай, аспай-саспай бабымен орындайды. Сонау көне заманның қойнауынан талықсып жеткендей мұңға, сағынышқа толы әсерлі әуен. Бірсыдырғы қоңыр дауыс бір сәт Қайрат Байбосыновтың мәнеріне де жақындап қалады. Ән аяқталып, домбыра ішегі ақырын ғана дың етіп, сабыр тапқан мезетте үй иесі алақанын қалай шапалақтап жібергенін байқамай қалды. Бұл әрекетті өзгелер де сартылдатып қолдап әкеткен.


Босағаға көзі түсіп еді, көрші бөлмеде ойнап жүрген осы үйдің тентектері де есіктен жапырлай қарап тұр екен.


* * *


Сосын көп ұзамай Асқар да Әлімбекті дәмге шақырып, үйінің төрін көрсеткен. Әрине, осы қаладағы екінші курстасын да ұмыт қалдырған жоқ.


«Молодец! - деп ойлады Қабылхан Асқардың Әлімбекті шақырғанына іштей ризашылық білдіріп. - Баяғы дүрдараздықты шынымен-ақ ұмытып кеткен екен. Кекшіл біреу болса, ондай жағдайда қыртиып теріс айналар еді. Ішіне кір сақтамайтын ақкөңіл ғой біздің Асқар. Қалаға келген курстасы жалғызсырамасын, жабықпасын дегені ғой, молодец!»


Бұл кеште де жиналған жұрттың жұтына қарасып, жыпырлай бұрылысқаны -ортадағы жалғыз адам болды. Баяғы қысылып- қымтырылып, именіп жүретін бошалаң бозбаланың жұрнағы да жоқ. Әлімбек алғашқы отырыста-ақ жете байқалмаған тосын қасиеттерін тағы да айқындап, топты ортадан даралана түсті. Қызды-қыздымен ақыры дастарханды өзі билеп-төстеп кеткен.


Мұнан кейін екі шаңырақтың адамдары өзара телефон арқылы сөйлессе немесе кездесе қалса, амандық-саулықтан кейін дереу ауызға алатындары Әлімбек болды. Сонда бір-біріне алдымен жеткізуге асығатындары - ол турасындағы ерекше ризашылық сезімдері. Жігіттерден гөрі әсіресе екі әйелдің сүйініші басым:


— Куртастарының қандай сүйкімді жігіт! Нағыз көпшілік үшін жаратылған азамат қой.


— Әшейін босбелбеу момын жігіт дегендерің қайда? Мыналарың ешкімге дес бермей, сөзге ағып тұр ғой әшейін. Тіпті күлкіден езуімізді жия алмай қалдық.


— Бәрінен бұрын әнін айтсаңшы. Сезім пернесін дәл басып шырқамай ма? Өнерден бос қалған біздің мына можантопайлар деймісің. Осындай күйеуі бар әйел қандай бақытты! - деседі. Өз тарапынан Асқар да таңырқау сезімін тежей алған жоқ.


— Өзгеріп кетіпті-ей. Айтшы, Қабылхан. Әлімбек бұрын мүлде басқаша сияқты еді ғой. Сонда қалай, ә?


— Енді тоғыз жыл деген аз уақыт па? - дейді Қабылхан ойлана сөйлеп. - Тоғыз жылда адам өзгереді ғой.


— Жоқ, бәрі емес. Мысалы, институт бітіргелі сен екеуміздің қай жеріміз өзгеріпті? Меніңше, бәлендей өзгергеміз жоқ. Рас, мінезіміз аздап байсал тартқан шығар, абайлап сөйлейтін болған шығармыз. Онда тұрған не бар? Ал мына Әлімбек ше? Қалай екен сонда, ә?


Ертеңінде:


— Бұл қалай өсіп жүр өзі? - деген сол баяғы белгілі сауал тағы қайталанды. Оны қойған, әрине, өзге емес, баяғы Асқар. Жауабы табылмаған осы бір жалғыз сұрақ миына желімдей жабысып алғанға ұқсайды.


— Шамасы, бір мықты сүйеніші бар-ау, - деп, өз сауалына өзі жауап іздейді. - Әйтпесе сонау перифериеде жатып, белді министрліктегі жауапты қызметке адам қалай келеді? Ол орынға лайықты кадр миллионға жуық тұрғыны бар осы Астананың өзінен табылмай қалып па?..


Осы бір сұрақ қаншама рет қайталанғанымен, қалай өсудің құпиясы әзірше бір ғана Әлімбектің өзіне мәлім. Ал, одан қадалып сұраған ыңғайсыз. Дайын тұрған тиісті жауапты сейфке салынған құнды құжаттай «секрет фирмы» деп, қымтап ұстаған сыңайы бар.


Ол жағында әйелдердің шаруасы не, Әлімбек туралы айтылса, мақтау сөздері әманда әзір. Тіпті бағасын асырып айтатын сияқты.


— Шешен екен. Қандай жатық сөйлейді! - дейді Қабылханның келіншегі Бақти.


— Жоқ, оны қойшы, әншілігін айтсаңшы бәрінен де. Просто прелесть! - дейді Асқардың әйелі Жамал.


— Білмейтіні жоқ, нағыз эрудит екен. Енді ойлашы өзің. Осындай жігіт өспегенде, кім өседі? Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған біздің Қабылхан өсе ме? Сүйеніші бар болса, бар шығар, бірақ дәл осы Әлім сияқты жігіттердің өсуі керек.


— Әлім емес, Әлімбек оның аты, - деді Қабылхан әйелінің сөзін түзеп.


— Меніңше, оған осы Әлім дегеннің өзі тамаша жарасады.


— Сіздің жұбайыңыз өзіне ұнаған жігітті «Әлім» деп еркелеткісі келіп жүр екен, еркелете берсін, немене, қызғанасыз ба? - деді Жамал Қабылханға әдейі сынай қарап.


— Иә, бұларды айтам-ау. Өзі келбетті, өзі өнерпаз жігіттің өскенін көре алмай отыр-ау деймін....


Бақтидың бұлайша әзілге сүйей сөйлегеніне Асқар онша назар аудара қойған жоқ. Қабағын түйіп алып, өзін ойландырған жайттың төңірегінен шыға алар емес:


— Бәрібір... мың жерден шешен, мың жерден эрудит, білімдар бол,


сүйенішің жоқ болса, шаруаның біткені, өсе алмайсың. Тем более, анау перифериеде жатып. Біз де тісіміз шыққан адамбыз ғой, білеміз...


— Жарайды, осының қалай өскенінде біздің шаруамыз қанша? Немене, Бақти айтқандай, шынымен іштарлық жасап отырсыңдар ма? Қалай болған күнде де мұндай тамаша жігіттің өскені дұрыс, - деді әйелі сөзді бір-ақ түйіп.


Үлкен қызметке сусап келген адамдай Әлімбек бірден-ақ тиісті міндетіне дендей кірісіп кетті. Ертеден қара кешке дейін тыным таппайды. Тіпті ділгір уақытының демалысқа тиесілі сенбі, жексенбі күндерін де жұмыс орнында табылуға тырысады.


* * *


От басып алған баладай әлдене шар ете қалды. Тыным таппай, үсті-үстіне шарылдайды, сол-ақ екен, аузына қашып тығылардай болып, жүрегі атқақтап қоя бергені. Өзіне өзі есеп беріп жатпай, лып етіп орнынан ұшып тұрған. Тас қараңғыда түкке түсінбей, бір сәт мәңгіріп қалыпты.


Түнгі тәтті ұйқының бабына келіп, әбден қызған шағы сияқты. Шарылдап әкетіп бара жатқан - басқа емес, есік қоңырауы екен. «Ойпырым-ай, жау қуғандай бұл кім?.. Бірдеңе болып қалмаса игі еді?!» деген үрейлі күдік үй иесін дәлізбен дедектете жөнелді. Көзін жыртитып, әрең ашқан ол есіктен тасырлатып кіріп келгендерді әуелі жыға таныған жоқ. Дабырлай сөйлеген сөздері де құлағына дұрыс кірер емес:


— Мә, мынаны қара! Мынау турсишең жүр ғой, ей? Әй батыр! Қонақтарды осылай қарсы ала ма екен? А что, не уважаешь что ли нас? -деп гүрілдеген дауыс құлағына сондай таныс.


Зал жақтан ұйықтап жатқан балалардың қыңқылдап жылағаны естілді. Оларды оятып жіберген беймезгіл уақыттағы дабыр-дүбірден басқа не дейсіз? Үстіне желбегейін іле салған Бақти есікті жауып алып, балаларды жұбату қамында.


Өздерінің бейуақытта келіп, бейбіт ұйқының берекесін алып жатқаны Әлімбектің ойына кіріп шығар емес. Қайта ыңғайсызданып, қысылып жатқан - оның түнгі жорықтас жолдасы Зәки. Пальтосын іле салысымен, құнжың етіп ас үйге ығыса берген:


— Кісілердің мазасын алмай-ақ, осында отыра тұрайық, - деді ол. Жолдасының жасқана жалт бұрылғанын жақтырмай қалған Әлімбек даусын одан әрмен көтере, дабырлап сөйледі.


— А, что? Несіне қысыласың, ей? Бұл деген - өзіміздің үй емес пе? Түн ортасы тұрмақ, таңға жақын келсек те, бізге есігі ашық бұл үйдің. Кез-келген уақытта теуіп ашып, кіре беремін мен. Әне, біздің достар деген осындай. Ал, сен болсаң, қыз құсап сызылып қалыпсың тегі. Брось ты ондайды!


Жаңа есік ашылысымен-ақ, естияр пенденің дереу есін жиғыза қоятын ана бір иіс те сырттан ілесе кірген.


Бұл жігіттердің осыншама кештетіп, жүруінің себебін сол иістің өзі-ақ анықтап бергендей болды. Мәселенің мәнісін одан әрі айқындап жатқан - Әлімбектің өзі:


— Мына Зәки бар, басқа да жолдастар бар, бәріміз бағанадан бір жерде болдық. Тіпті көп отырып қалыппыз сонда. Қасымыздағылар бір слабак екен, үйлеріне кетіп қалды. Сонан Зәкиге айттым: «Немене, бұл қалғып-мүлгіп? Давай, өзіміздің Қабылханның үйіне барайық» - деп. Бұл да қарсы болған жоқ. Таңғы алты жарымда Зәки самолетпен ұшатын еді. Тағы да командировкаға бара жатыр. Командировкаға баратын адамды дұрыстап шығарып салу керек. Әйтпесе бұл ренжиді. Сонан сендерге еркелеп келіп қалғанымыз. Айналайын, Бақтижан, сен ренжіме, - деп аузын аша есінеп тұрған келіншекті бас салып батыра құшақтады да, бауырына қарай тартты. - Әуре болып, ыстық тамақ жасамай-ақ қой. Бір бөтелке бірдеме болса жетеді. Зәки осы үйден тұра аэровокзалға тартады ғой. Оған дейін кішкене отыра тұрсаң болды.


— Өзің ше? - деді жас балаша көзін жұдырығымен уқалай берген Қабылхан. -Таңертең өзің жұмысқа бармайсың ба? Жұмыс күні түнімен отырғанымыз...


Мұнысы «Ертең жұмыс күні. Бәріміз де жұмысқа барамыз. Түнімен отырсақ, ұйқымыз қанбай қалады ғой. Сонымыз қалай болар екен?» дегенді ишаралап сездіргісі келген ішкі наразылығы еді. «Ымға түсінбеген, дымға түсінбейдінің» кері ме, әлде қасақана ілтипатқа алғысы келмеді ме, әлгі сөзге елеңдеп, қыңқ етіп жатқан Әлімбек жоқ.


Ас-су шаруасына қашанда қылап Бақти есіней жүріп-ақ, ас үйге лезде шағын дастархан даярлап үлгірді. Үйдегі барын столға қойып, тиісті шаруасын тындырғасын, ол:


— Әлім, сен ренжімеші. Таңертең балаларды балабақшаға сүйрейтін едім. Кішкене болса да, тынығып алайын. Сендер өздерің жігіттерше оңаша отыра беріңдер, - деп қиыла рұқсат сұраған. Тағы да мол құшағымен қаусырып, құшақтай алған Әлімбек жуыр маңда келіншекті жіберер деген не. Болмай отырып арақтан ауыз тигізгеннен кейін ғана босатты.


Күнде бұл уақытта алаңсыз қорылдап жататын Қабылханның да көзіне ұйқы тығылып, әрең отыр. «Қой, ұят болар. Үнемі түнделетіп келіп жатқан жоқ. Оның үстіне қасында жолдасы бар екен. Бір рет өзімсініп келгенді көтере алмады дер, шыдайын» деген ой ғана - қалқайған денесіне тіреу, көңілге медеу.


Дүрілдескен үшеуі содан бірқыдыру уақытты еңсеріп тастады. Мазасы әбден кетіп бара жатқанын тағы бір сездіргісі келіп:


— Әлімбек, әлде сен таңертең жұмысқа бармайтын шығарсың, — деді үй иесі жасқа шыланған қысық көздерін ашып-жұмып. - Әйтпесе осындай ұйқысыз түннен кейін тіпті мүмкін емес қой... Жұмыста отыруды айтам да.


Ішімдіктің күшіне елітіп, Сырдың суы сирағынан келмей, есіп отырған жігіт мына сауалды аңқаулыққа балап, қарқылдай күлді:


— А-ай, Қабылхан батыр-ай! Соны да сөз деп... Бұл деген отырыс па? Елде жүрген кезде кейде таңды-таңға ұратынбыз. Арақты ішіп отырып, талай рет карта да ойнадық қой. Сонан тура сағат сегізде қызметке үлгеріп жүрдік.


— Сонда күні бойы ұйқыларың келмей ме? Қызметте жүріп, қанша айтқанмен, қиын ғой.


— О-һо-һо!.. Ой, ішегім-ай!.. Мен не деймін, домбырам не дейді? Бағанадан бері не айтып отырмын мен саған? Оны қойып, таңертең сағат ондағы коллегияға да кіріп кететінбіз. Кіріп қана қоймай, кейде тіпті біреулерді сынап, я болмаса, ұсыныс айтып, сөйлеп те жіберетінбіз. Сонда түні бойы ішкен ғой деп ешкім де айта алмайтын. Ертең де сол свежий огурчиктей болып барамын қызметке. Так что, бізге бола ешқандай саспашы өзі.


— Иә, ә, - деді Қабылхан самарқау ғана ықылассыздау үнмен. - Араққа шыныққан екенсің ғой.


Мына сөзге Зәки өзіне тән биязы үнмен үнін жұтып, сыңқылдай күлді.


— Қабеке, қандай жақсы айттыңыз? Иә, шынында да біздің Әлім араққа шыныққан ғой. Оны арақ жеңе алмайды. Қайта ішкен сайын көмейі бүлкілдеп, қыза түседі. Сөйтіп өлең де шырқап жібереді...


— Иә, өлең демекші, - деді де «араққа шыныққан жігіт» жан-жағына қарап, әлдеқайда қол созды. - Қабылхан, домбыра қайда осы? Әкелші тезірек, мен сендерге жақсылап тұрып ән салып берейін.


* * *


— Қалай өзгеріп кеткен? - деді Асқар кезекті бір кездескенде Қабылханға. -Студенттік кезде бұл өзі мүлде басқаша тәрізді еді ғой.


— Иә, басқаша болатын. Тіпті аңқаулығы да бар еді.


— Қойшы, Әлімбек сол кезде аңқау болды ма? Мен байқамаппын.


— Мен енді онымен екі жыл бірге тұрдым ғой. Жақсы білемін деп айта аламын. Жоғарғы курстарда оқитын балалар талай рет алдап кеткен. Әлі есімде бір рет студенттік құрылыс отрядымен алысқа жүргелі тұрғамыз. Осы Әлімнің қасына бір бала келді. «Формаңды бере тұршы! Қыздарға көрініп қайтып келейін» деп жабыса кеткені. Ойында түк жоқ Әлім үстінен шешіп бере салғаны. Әлгі бала сол кеткеннен мол кетіп, күзде бір-ақ оралды ғой.


— Апыр-ай, ә! Келгеннен кейін Әлім не істейді оған?


— Ештеңе де істеген жоқ. «Сұрадың ба формаңды» деп едім, «Қайтем оны сұрап» деді де, қойды.


— Мен болсам, ондай арсыздың мұрнын бет қылып, қан жалатар едім, - деді оншақты жыл бұрынғы оқиғаны естіп, зығырданы қайнай бастаған Асқар. - Кім еді ол оңбаған? Мен танимын ба ол баланы?


— Тануың да мүмкін. Аты-жөні есімде жоқ дәл қазір соның.


— Тағы бір жолы, - деді Қабылхан өткенге ойша жасап отырған сапарын одан әрі жалғастыра түсіп. - Қатар жігіттердің біреуі осы Әлімбектен жиырма бес сом ақша қарызға алды. Кейін сол да қарызын бермей кетіпті.


— Міне, қызық, мұның бәрін мен білмейді екенмін. Өзі де сол жөнінде маған ештеңе демейді. Сендермен бірге тұрмасам да, жатақханаға мен барып жүрдім ғой. Есіңде ме талай рет «Портвейн» ішкеніміз...


Бұл сөзімен Асқар «мен де сендермен аралас-құралас болдым. Әлімбекпен сол кезде-ақ дос едім» дегенді ишаралаған түрі. Тіпті екеуіне қатысты әлдебір детальдарды қиыстырып айтқаны бар. Бірақ онысы онша иланымды шыға қоймады.


— Алғашқы кезде өзі ішімдікті аузына алмайтын, - деді Қабылхан жолдасының кейбір ұшқары сөздерін елемеген кейпімен. - Бірінші курста бәріміздің темекі жинауға барғанымыз есіңде ме? Жұмыс біткен соң, тапқан тиын-тебенімізді бірден қолымызға берді емес пе? Ортаға салып, алғашқы студенттік табысымызды жумақ болдық.


— Білем ғой. Өзім ұйымдастырып едім ғой соның бәрін. Сен сонда әжептәуір қызып қалғансың.


— Оны қойшы. Бәріміз тапқан-таянғанымызды өстіп еркектерше жуып жүрсек, қасындағы жолдасымен Әлімбек қашып кетті емес пе?


— Иә, иә, біреулердің сөйткені бар... Сол осы Әлімбек пе еді? Тіпті бір тентектер ұрмақ та болды ғой өздерін.


— Сонда не істеген де бұл екеуі? Көп қылып конфет, печенье алып, қалың жүгерінің арасына апарып жепті. Сөйтіп тәттіге әбден тойған ғой. Бұларың не десек, «Жуғанымыз» дейді.


Бұл оқиғаға еріксіз еңкілдей күлген Асқар біразға дейін өзіне-өзі келе алсашы.


— Ішімдікті аз-аздап ауызға ала бастағаны - соңғы курста ғана. Апыр-ай, ә? Ал, қазіргі жағдайы...


— Сол ғой менің де айтқалы тұрғаным. Сонда деймін де. Институт бітірген соң тәп-тәуір байсалды орындарда қызмет істеді. Ішімдік деген бәлеге қалай үйір болып жүр бұл Әлімбек?


— Ой, Қабылхан-ау! Сол да сөз бе? Ел іші емес пе? Жиі-жиі қонақ болады. Жұрт сыйлайды. Оның үстіне қалыптасып кеткен дәстүр бар. Екі кісінің басы қосыла қалса, бірдеме ғып атап өту керек. Сонан келе-келе, осындай болған да. Өзі жас адам мұндайға тез үйренбей ме? Және біреулер өзін бастық деп қолпаштап отырса. Сен одан да мынаны айтшы. Осы Әлімбек сол кезде қыздарға қалай еді? Мен кішкене ұмтыңқырап қалыппын, - деп Асқар алға қарай ұмтылыңқырап қойды.


— Не айтатыны бар? Кейбір құрдастары қыздарға қырғындай тиіп жүргенде, Әлімбектің ерекше көзге түсе қойғаны әй, шамалы еді-ау. Өнерлі, сымбатты жігіт жұрт назарын еріксіз аудармай ма? Батылдығы жеткен кейбір құрбылары қайта бұған өздері жанасып, сүйкенуге даяр тұратын. Солардың ешқайсысымен түптеп айналысып, түбегейлі байланыса қойған жоқ. Сақа студент болғасын ғой осы Ақжанның соңынан түскені.


— Ақжан деймісің?


— Иә, Әлімбектің келіншегін айтамын.


— Ақжан? Ақжан?.. Иә, былайша атын білемін. Бірақ есіме түсіре алмай тұрғаным. Түрі қандай еді сол қыздың?


— Қандай деуге болады? Кәдімгі ай мен күндей ажарлы жан. Өзің көрсең, бірден танисың. Өйткені біз оқыған кезде ондай қыздар институтта санаулы-ақ болды.


* * *


Қонақүй типтес жатақханада тұратын салт жігіттің қолы қалт етсе, іздейтіні -курстастары. Жиырма төрт сағат тәуліктің кез-келген сәтінде олардың есігі Әлімбек үшін ашық. Аралас-құралас жолдастарымен қосып аз уақыт ішінде келіншектеріне де өзімсініп алған. Қызып келген күндері бір сүйіп қалу үшін ернін ала жүгіреді. Қабылханның емеурінмен жеткізетіні:


— Әлім-ау, абайласаңшы! Қазір бұл ішу мәселесі қиын болып тұр емес пе? Астанаға жоғарылап келіп жатқаның жаңа. Аяқ астынан бірдемеге ілігіп кетсең, қайтесің. Өзің және партия мүшесісің. Ішіп, айықтырғышқа түскен басшы қызметкерлер оңып жатқан жоқ, - деген сипаттағы үрей шақыратын сақтық сөздер ғана. Бірақ оған қыңқ етер кісің Әлімбек пе?


— Қорықпаңдаршы, маған ештеңе де болмайды, - деп қолын жалғыз-ақ сілтейді. -Жаңа қызметті жуып жүр емеспін бе? Жігіттерден неге қашам мен? Кейбір жолдастар өздері жуып беріп жүр.


Бір қызығы - жаңадан ауысып жатқанымен, Әлімнің жора-жолдастары бұл қалада да баршылық болып шықты. Жолы түскен кейбірін өткен жолғыдай Қабылханның үйіне ілестіріп әкеліп те жүр. Кейде екі бөлмелі үйде жата-жастанып, қонып та қалысады. «Қабылхан - менің астанадағы ең жақын досым. Жақын досымның үйінде еркін аунап-қунамаймын ба былай. Әйда, кетем дегенді қой. Осында қонамыз» деп, ертіп әкелген жолдасын да, үй иелерін де өзі билеп-төстеп кетеді.


Қосымша


Қызмет бабымен астанаға өсіп келген жігіттің еркелігі бір бұл ғана емес. Өзі танымайтын талай үйдің төріне шығып, талай бейтаныс келіншектің бетінен де сүйіп үлгерген. Бір қызығы оған әйел қауымының тарапынан берілетін баға егіз қозыдай ұқсас:


— Мына курстастарың нағыз компанейский екен ғой. Ойын-тойдың, отырыстың гүлі. Бұл сияқты шын джентельмендер қазір сиреп кетті емес пе? - деседі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай.


* * *


— Қабылхан, - деді бір күні келіншегі. - Осы екеуміз ұмытып жүрген бір нәрсе бар.


— Қандай нәрсе тағы?


— Мен байғұс, міне, қаншама жыл бойы әр түрлі жұмыстың басын шалып келемін. Мамандығым бойынша қызметке алмайды. Қайда барсам да, бастықтар сырғақтатып шығарып салып жүр.


— Енді астанада қазақ мектебі аз болса, маған не қыл дейсің? Жалғыз сен емес, педагогтік мамандықпен жұмыс таба алмай, қанша адам сабылып жүр.


— Жоқ, ол дұрыс қой. Оған ешқандай дауым жоқ. Менің айтайын дегенім - енді тұп-тура министрліктің өзіне жақын досың бастық болып келіп жатыр екен. Құдай өзі сәтін салып тұр емес пе?


— Е-е, Әлімбекті меңзеп тұр екенсің ғой.


— Иә, иә. Біздің бір шансымыз бұл.


— Өз мамандығың болғанда, сонда мектепке ғой? - деді тағы да Қабылхан келіншегіне қысық көздерін кеңірек ашып қарауға тырысып. Бақтидың жұқалаң ақ сары өңіне лып еткен қызғылтым әр жүгіріп үлгірді:


— Сөз ұқпайтын бітеу десем бар ғой, жатып кеп ашуланасың. Ойбай-ау, пединститутты бітірген адам агроном болып кетуі керек пе екен? Әрине, мектепке... Құрығыр, сол мұғалімдікке қол жетпей келеді емес пе? Қысқасы, жұмыс жағынан көмектес деп Әлімбекке неге айтпаймыз осы? Дырдай басқарма бастығы.


— Айтайық... Қолында тұр ғой. Сені орналастырмағанда, кімді орналастырады енді?!


Ұзамай-ақ бұл әңгіменің орайы келе кетті. Бөгде ешкім жоқ, үшеуі ғана оңаша отырған.


— Ой, құдай, соны да сөз деп... - деді де, Әлімбек қолындағы қызыл ала алманы қарш еткізіп асап жіберді. - Баяғыдан бері неге еске салмай жүрсіңдер?


— Өткенде бір айтқан сияқты едік... - деді кінәлі адамдай күмілжи сөйлеп.


— Ішіп отырғанда айтсаң, кейде ұмытылып қалады ғой. Бақтижан, қане, айта қойшы өзі, қай мектепке орналасқың келеді? Әлде тіпті директор болып барғың келетін шығар... Жасаймыз оны да.


— Жо-жоқ, - деді келіншек дәл қазір апарып директорлыққа қоя салатындай қос қолын қатар ербеңдетіп. - Директоры құрысын. Қайтесің директорлыққа ұсынып? Маған жай қатардағы мұғалімдік жұмыс та жетеді. Тіпті артық ештеңесінің керегі жоқ. Сағатқа да таласпаймын. Бір ставка берсе... сол жетеді...


— Бар-жоғы сол-ақ па сонда? Е-ей, соны да сөз деп. Бітті ендеше. Ертеңнен бастап кірісейін мен онда. Қай жерде қандай орын бар екенін анықтайын. Содан кейін сарт еткіземіз ғой...


Бірақ ертеңінде де, онан кейінде де Әлімбек Бақтиды «жұмысқа сарт еткізген» жоқ. Алдында «Анықтап біліп жатырмын» деді. Онан кейін «Шынында да жұмыс жоқ екен. Істеген орнынан ешкім қозғалғысы келмейді екен» деді. Сосын «Бір мұғалім басқа жаққа ауысатын көрінеді. Соны тосайық» деді... Әйтеуір, не керек, уақыт өткен сайын Әлімбектің «Олай болып тұр. Былай болып тұр» деген солқылдақ әңгімесі көбейе берді.


Айтқан бұйымтайың дер кезінде біржақты бола қойғаннан артық не бар? «Енді қашан?» деп қайта-қайта сұрай бергеннен де адам зәрезеп болып, еріксіз ыңғайсызданады екенсің. Екі-үш рет сұрағаннан кейін бір сөзді одан әрі қайта-қайта жаңғырта беруге ерлі-зайыпты екеуі де зауықсыз болып қалды. Қабылхан да, Бақти да қадалған жерінен қан алатын пысықтар қатарына жатпайды. Біреудің бермесін тартып алатын өткірлік болса, осы уақытқа шейін бұл екеуі бүйтіп жүрер ме еді? «Сол да сөз болып па? Ертеңінде-ақ қатырам» деп бар шаруаны емексітіп қойған - Әлімбектің өзі. Әйтпесе асықтырып, дегбірленіп бара жатқан бұлар жоқ.


Шаруаның бет алысы жаңағыдай болғаннан кейін «Асығысы не, түбі бір реттелер. Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамаймыз ба?» деп, екеуі де жайбарақаттыққа қарай бет бұрған еді. Сонда да, Әлімбектей әрі пысық, әрі бастық жігіттің жұмысқа орналастыру тәрізді кішкене шаруаны істей алмағаны көңіл түпкіріне бұлдырлай келіп, көлденеңдеп көлбеңдей береді.


* * *


Көп ұзамай артынып-тартынып Әлімбектің отбасы да көшіп келіп қалды. Күйеуімен салыстырғанда, Ақжан тіпті де өзгермепті. Талшыбықтай бұралған сымбатты мүсіні сол он жыл бұрынғы күйінде. Әлімнің «Біздің бикеш толысып кетті, қазір тіпті бұрынғысынан жуан» дегені әшейін сөз екен. Айналасына сүлесоқтау қарайтын қара көздеріне қадала қараған адам бәрібір елеулі өзгеріс таба алмас еді. Тек жұмырланып біткен дөңгелектеу жүзіне әжім іздері түсе бастағаны болмаса.


Әу бастағы байсалды мінезі де арнасынан ауытқымаған тәрізді. Сөз сөйлесінде, жүріс-тұрысында тек жуас адамға тән бірсарынды қалып бар. Асқардың аңғаруынша, Ақжанның сырт нұсқасы мен мінез-құлқы онша үйлеспейді. Өйткені әрі көрікті, әрі мүсінді әйел заты өзін қай жерде де еркін ұстап, жарқылдап көзге түсуге сұранып тұрмай ма? Табиғат берген ажар-көркін жұртқа бағалата біледі. Ал, Әлімнің сүйікті жұбайы ше? Тойтаңдап төрге ұмтылмайды. Сыңғырлай сөйлеп, сылқылдай күлмейді. Есіп-есіп мақтанып, екі жаққа қолын сілтемейді. Әлденеден зәбір көріп, ештеңеге беттей алмай қалған жандай бір түрлі пәс.


Керісінше, бұл үйдің екі баласы да әкелеріне тартқан мазасыз болып шықты. Көшіп келіп жатқан күннің өзінде-ақ әр түрлі оқиғаға ұрынып, жұрт назарына ілігіп үлгерді.


Астанаға ауысып келгеніне жылға жетер жетпес уақыт өткен кезде, Әлімбек пәтер алды. Қаланың тура ортасынан тиген үй үш бөлмелі. Соңғы жобамен салынған мекен-жай кең сарайдай даңғырап тұр.


— Молодец, Әлім! - деді жаңа пәтерді күйеуімен ілесіп барып, тамашалап шыққан Асқардың зайыбы Жамал. - Қандай керемет! Осындай үйді алу үшін кейбіреулер он жылдап кезекте тұрады. Алматыдан ойып тұрып үй алу Әлім сияқты жігіттердің ғана қолынан келмек. Сендер... сендер жүре беріңдер өстіп салпылдап.


«Сендер ондай емессіңдер» дегенді бадырайтып тұрып, күйеуінің бетіне баса сөйлегені. Осы қаладағы өз қатарымен салыстыра қарағанда, Асқар мен Жамалдың жағдайлары жаман емес. Үш бөлмелі пәтер оларда да бар. Тек біраз жыл кезекте тұрып, еңбекпен алған. Қаланың ортасында емес, шетіне тақау. Соңғы жобамен салынбаған, жұпынылау. Жамалдың күйеуіне мегзеп отырғаны да - осындай жайттар. «Пысықпын, іскермін дейсің. Сен неге осындай пәтер алмайсың» деп көзге шұқыған түрі.


* * *


— Алло! - деген алғашқы лебізден кейін-ақ оны айнытпай таныған. Өзі білетін адамдардың ішінде бұл жарқын дауыс тек оған ғана тән емес пе? - Хал нешік, батыр? Біздің Бақтижанның жағдайы қалай? Өзі үйде ме?


— Үйде. Ана жақта кір жуып жүр ғой.


— Кір жуып жүр деймісің? Ендеше дұрыс болған екен. Былай істейік онда. Қабеке, сен өзің дұрыстап тыңдап тұрмысың?


— Ие...


— Ендеше былай. Сен қазір шапшаң киініп шық. Галстук тағуды ұмытпа. Так, сонан кейін бүйтесің. Көшеден такси ұстап ал да, зыр еткізіп, «Жетісу» қонақүйінің алдына кел. Мен сені сол арада тосамын.


— Немене, Әлеке, жайшылық па? - деді дағдарып қалған Қабылхан абдырай сөйлеп. «Ақай жоқ, ноқай жоқ, бұл не қылғаны?» деген сауал ойына сәл кейінірек келді.


— Қорықпа, жайшылық. Келгеннен кейін түсіндірем. Тек тез киініп шықшы өзі.


— Апыр-ай, не боп қалды? ЦРУ-дің секреті емес шығар сонша, айтсаңшы енді. «Жүр-жүр» деп жан алқымға алып.


— Ой, құдай-ай, Қабеке, кейде сен де бала сияқтысың осы. Ер жігіт деген айтқан кезде ештеңе сұрамай-ақ, жүгіре жөнелмей ме екен? «Келген соң, айтамын» деп тұр емеспін бе? Қане, давай енді!


— Жарайды, жақсы, - деді мәселенің байыбына әлі де бара қоймаған Қабылхан еріксіз көнген ыңғай білдіріп.


— Иә, айтпақшы, Қабеке, сен енді былай етші. Үйде бар болса біраз ақша ала шықшы.


— Ақша? Қанша сонда?


— Көп емес, сол отыз мың теңгедей ғана.


— Отыз мың! Ойбай-ау, ол аз ақша емес қой.


— Ой, құдай-ай, ер жігітке сол да сөз бе екен? Ана Бақтидан тыққан бірдемелерің бар шығар. Жетпесе, тығыз шаруа болып қалды деп, Бақтидың өзінен сұрап ал. Давай, кел енді!


Сүрініп-жығылып ентелеп келе жатқан Қабылханды Әлім баспалдақ үстінде тықырши күтіп тұр екен:


— Қайда жүрсің осынша уақыт? - деп, жүре ұрысқан күйі лып етіп, қонақ үйдің ішіне еніп кетті. Сонан әлден уақыттан кейін барып, бір жас, бір егделеу әйелді ертіп қайта шыққан.


— Бұл - менің досым, - деді сосын әйелдерге қалқиып тұрған жігітті көрсетіп.


— Сіздермен таныссам, әңгімелессем дейді. Өзі біздің мықты мамандарымыздың бірі. Мұғалімдер білімін жетілдіру институтында методист.


— Қабылхан, - деді жігіт амалсыз қолын ұсынып. Сәнді киінген, түрі-басы жинақы әйелдерден бір түрлі қаймыққандай. Өз кезегінде жаңағы бикештер де есімдерін жарыса айтып жатты.


Сонан бәрі бірігіп қонақүйдің қапталындағы шыны қабырғалы мейрамхананы маңдайға алған. Үсті-бастарын түзеу үшін әйелдер айна алдына кідіріп қалған сәтте, Әлімбек шұғыл шақырыстың мәнісін жолдасына бір-екі ауыз cөзбен жеткізіп үлгерді. Оның айтуынша, мына әйелдер - Мәскеуден, арнаулы педагогикалық мекемеден келіп отырған мамандар. Мақсаттары - жаңашыл мұғалімдердің озат тәжірбиелерімен, халыққа білім беру саласындағы түрлі ізденістермен танысу, көңілге қонғандарын жинақтап, Мәскеуге ала кету. Бұл мамандар зерттеп жүрген сала бойынша еңбектері назарға ілігуге жарайтын халық ағарту қызметкерлері біздің республикамызда жетеді.


Бірақ солардың барлығының ішінен Әлім мынандай құрметті қонақтарға ең алдымен, реті келіп тұрғанда, өзінің жақын жолдасын таныстыруды мақұл көріпті. Осындай дастархан басында әдейілеп, жақынырақ біліскені жөн. Қанша айтқанымен сонау үлкен мемлекеттің астанасынан келіп отырған пайдалы кісілер. Мәселен, бүкіл Одақ деңгейіндегі орындарда Қабылханның аты аталып, ғұлама педагогтардың аузына ілігіп жатса, жаман ба? Конференцияға қатысып, брошюралары шығып жатса ше? Бүкілодақтық педагогика академиясының номенклатурасына да ілігіп кетуі мүмкін. Бәрі айналып келгенде, өзінен бұрын досының қамы. Осы отырысты ұйымдастырып жіберуге аяқ астынан тәуекел етіп жатқаны да сол.


Мұндай қамқорлыққа іші жылып, кәдімгідей тебіреніп кеткен Қабылхан төмен қарап, тұқшыңдай береді.


— Рахмет, рахмет! - деді сосын ақырын ғана. Ризашылық сезімін білдіретін басқадай оңды сөз қапелімде аузына түсер емес. Көңілі толқып кеткен жігіт досының ақ сұр өңіне мейірлене қарады.


Сонан бұлар ұзақ отырған. Мәскеулік мамандар да ештеңеден тартынбайтын, көңілдері тым мәрт, жүректері жомарт жандар болып шықты. Қабылханды қатардағы қарапайым қызметкер деп қабылдамай, терезесі тең тұстас мамандай еркін сөйлеседі. Алынып қойылған сайын ажарлары кіре түскендей. Көңілі марқайып, қошаметке кенелген жігіттің де дәл қазір мерейі үстем. Аз уақыт ішінде талай әңгіме айтылып, талай мәселенің басы қайырылды.


Сонан отырыс аяқталып, даяшымен есеп айырысатын уақыт та жеткен. Сол-ақ екен, қонақтардың екеуі де сумкаларын қармана бастады.


— Жоқ, бұларың не? - деді Әлімбек дереу жас әйелдің білегінен шап беріп ұстай алып. -Қойыңыздар ұят болады. Сіздерді бір рет қонақ қыла алмасақ, жігіт атымыз құрысын. Бағана айттым ғой, сіздерді қонақ қыламыз деп...


Өткір мінезді өктем еркек сыпайы қарсылыққа ырық берген жоқ. «Ұят болады» деген ұлы сөзді көлденең тартып, тапжылмастан отырып алды. Дағдарып барып, алғыс айта бастаған әйелдерге:


— Ал онда, сіздер сыртқа шығып, таза ауа жұта тұрыңыздар. Біз Қабылхан екеуміз даяшыны күтеміз, - деді Әлімбек бұйрыққа жақын өктемдеу үнмен. Өздері ғана оңашалана бергені сол еді:


— Қабеке, сенде қанша ақша бар? - деді жолдасына қарай жалт бұрылып.


— Сол, манағы өзің айтқан.


— Бес жүз сом ба? Ә-ә, онда жетеді екен. Менде ештеңе болмай тұрғаны. Тұтас өзің төлей салсаңшы.


Деуін десе де, даяшы келіп, есеп айырысқанша бұрылып, әйелдер кеткен жаққа қарап қояды. Қабылхан тиісті ақшаны түгелімен дастархан иесіне санап бергеннен кейін ғана Әлімбек ақырын ғана түрегеле берді.


— Тездетейік, ана кісілер күтіп қалды ғой. Үлкен астанадан келген адамдар, ұят болып жүрер. Қанша төледің? - деді былай шыға бере жолдасына.


— Төрт жүз бес сом.


— Төрт жүз бес сом? Қойшы? Көптеу екен. Тісқаққан даяшы ғой, бізді жаман түсіріп кетіпті. Бірақ, сен қиналма. Жартысы - менің мойнымда. Айлық алғанша шыда, - деді де, Әлімбек адымдай басып алға оза берді.


Бұл кезде Әлімбек пен Асқардың қарым-қатынасы ересек азаматтар арасындағы кәдімгі шынайы достыққа ұласып үлгерген. Күнделікті қам-қаракеттің арасында өз билігіне тиеселі бос уақыт табыла қалса, Әлімбек салып ұрып Асқардікіне жетіп барады. Асқар да Әлімбекке күнара телефон шалып, амандық-саулығын сұрап тұруды әсте ұмытқан емес. Әлдебір мерекелерге орай қолтығына бірдемені қыстыра барып, оның келіншегін қызу құттықтай салуға да бейімделіп қалған.


Курстас жігіттердің ә дегеннен-ақ жарасып кетуі - Қабылхан үшін кәдімгідей қуаныш. Сонау тоғыз жыл бұрын дүрдараздықты бықсытып, араларынан ши шығып жүре ме деген күдігі түбегейлі сейілді. «Солай болып еді-ау» деп ешқайсысы бірде бір рет ауызға алған емес. «Міне, нағыз азаматтар! - деді олардың мәрттігіне іштей сүйсінген Қабылхан. - Қайдағы жоқты кек тұтпай, бірден араласып кетіпті. Бұрын жақсы білмей жүріппін, Асқар қандай тамаша жігіт еді өзі!..».


Әлімбек осы қалаға ауысып, шынын айтқанда, «өсіп» келгенше Қабылхан мен Асқардың үйі нақ осындай жақын қарым-қатынаста болып көрген жоқ. Анда-санда телефон соғысып, одан қалса, айында- жылында қонаққа шақырысып қана жүрген жандар ғой. Алыстан сыйласқан бұл сыпайы қатынасты Әлімбектің келуі басқаша арнаға салып жіберді. Бір қалада тұрып, амандық-саулыққа мүмкіндік таба бермейтін кісілердің басқосулары жиілей түскен. Өзара ашылып әңгімелесуге мұршалары келмей жүретін келіншектері де қазір сырлас.


* * *


— Осы Әлімбек қызық, ей! - деді бір күні Бақти.


— Оның қызықтары көп қой. Қай қызығын айтасың?


— Үлкен орында істейтін жігіт. Елде де жауапты қызметтерде болып келген. Ал, күнделікті тіршілігіне қарасаң, әшейін ұшып-қонып жүрген жеңілтек.


— Е, неғып жақпай қалды? Келген күннен бастап барлығыңның жабыла мақтағаның қайда? Өзің сияқты өңшең әйелдерді айтам.


— Бізді қойшы. Талай келіншектің аузының суы құрып жүр ғой Әлімбек деп. Келбетті, өткір жігітті қай әйел жек көруші еді. Оның үстіне мынадай өнерпаз болса, ауызша сөзге ағып тұрса... Бірақ еркектің жеңілтек болғаны, бәрібір біртүрлі сияқты.


— Қай жеңілтектігін айтасың? - деді Қабылхан енді әйеліне кеудесімен бұрыла қарап. -Келіншектердің бетінен сүйе беретіні ме? Жұрттың күйеуінде нең бар кімді сүйсе де? Ең бастысы, әйтеуір сенің өз күйеуің ондайдан аман.


— Жо-ға, қалай болса, солай қыдырып жүре беретінін айтам да. Келгенін ауырсынбайсың ғой. Бірақ ештеңені парықтамай, күні-түні жүре беретіні бір түрлі. Бала-шағаның мазасын алып, түнде келіп арақ ішетіні несі? Бір емес, екі емес. Өзің білесің, оның үстіне жолдастарын да ертіп келе береді.


— Ал бұл енді әйелдігіңе қарай бағып кеткенің. Келсе, несі бар, мені ең жақын жолдасым деп өзімсінгені. Ар жағын ойлап жатпайтын ақкөңіл жігіт. Келгісі келсе, келеді. Айтқысы келе ме, ойындағысын айта салады. Мен сияқты төмен қарап, міңгірлеп қалғанның несі жақсы!


— Сені қойшы, өзіңмен өзің жыбырлап жүрген біреусің. Жанып тұрған от болсаң, жалын болсаң, өстіп жүрер ме едік... Менің түсінбейтінім - үлкен қызметтегі адам кішкене сабырлы болса. Айтқан сөзін орындаса.


— Е, біздің Әлімбек сөзге де, іске де мықты. Сен оны өйтіп кеміте алмайсың.


— Әй, қайдам?! Сөзіне мықты болса, баяғы уәдесі қайда?


— Қай уәдесі тағы?


— Мені «жұмысқа орналастырам» деді, «қатырам» деді... Әлі жоқ. Ал ана Жамалды... - деген сәтте Бақтидың даусы сәл пәстей шықты. - Жамалды орналастырып қойыпты.


Бұл Қабылхан үшін күтпеген жаңалық еді. Сенбеген пішінмен тәптіштеп қадала сұрады. Рас екен. Жамалдың өзі айтыпты. Аздап мақтаншақтығы болғанымен, аузында сөз тұрмайтын ақкөңіл жан. Тіпті Асқардың өзінше құпия санатына кіргізіп, жасырып-жауып жүрген сырларын да аңдамай сыртына шығарып қояды. Бақтидың қарапайым мұғалімдікке қолы жетпей жүргенде Әлімбек Жамалды апарыпты да, халыққа білім беру бөліміне кадрлар бөліміне бастық етіп лауазымды қызметке қойыпты.


— Дос-жаранның өсіп жатқанын, әрине, қызғануға болмайды, - деді Бақти үні құбыла түсіп. - Бірақ, екінші жағынан алғанда сенген адамың сенің өтінішінді аяқ асты қылып, екінші біреуге қол ұшын беріп жатса ше?


— Түсінбедім, - деген кезде Қабылханның кірпікке зәру қысық көздері жыпылықтап кетті. - Жамалдың онсыз да жұмысы бар емес пе? Сен ғой мұнда табаныңнан таусылып жүрген...


— Міне, мәселе осында болып тұр емес пе? Не үшін жүрегім ауырып тұр менің?


Асқардың жұбайы Жамал басқа кәсіптің адамы, қаладағы көпшілік кітапханалардың бірінде істейтін. Кезінде үй ішіне жайлы тыныш қызмет деп әдейі сол жерге орналастырып жүрген күйеуі. Содан өзі де бұл орынға үйреніп, бауыр басып кеткен еді. Сол Жамал бір күні аяқ астынан жұмысын ауыстырып шыға келгені. Енді ол қаладағы бір ауданның білім беру бөлімінде кадрлар жағын басқарады. Яғни, қызмет дәрежесі де, жалақысы да өскен.


Әуеліде құрбы келіншектің бұлайша бірден секіріс жасауы таныстарды да әжептәуір таңырқатып тастады. Қуанышымен құттықтай келген Бақтиға бұлайша тез өсудің мәнісін шымшымдап құпиялап жеткізген - Жамалдың өзі екен. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бәрі Әлімбектің арқасы көрінеді. «Реті келсе, құрбыңның қызмет жаңдайына жәрдемдес» деп, Асқар оған оңашада айтып қойса керек. Министрлікте жауапты қызметте отырған адам үшін мұндай шаруа қаншалықты қиын дейсің. Сонан босаған бір тәуір орынға жолдасының жұбайын лып еткізіп отырғыза қойған ғой.


— Сонда қалай? - деді екеуі оқшаулана берісімен-ақ Бақти күйеуіне. - Біз ғой келгелі оның құлақ етін жеп жүрміз. «Қатырамын, істеймін» деді бірден-ақ. Ешкім зорлап аузына салғызған жоқ. Ақыры не болды уәдесінің. Сиырқұйымшақтатып апарып жоқ қылды емес пе?


— Кім сиырқұйымшақтатқан?


— Кімі несі, ей, мынаның? «Бітеусің» десем ғой, тағы ашуланып қаласың. Белгілі емес пе кім туралы айтып отырғаным. Түкке түсінсем, бұйырмасын, сонда қалай болғаны?


— Не қалай болғаны бар?


— Уәдені беріп-беріп келіп, өтінішімізді ақыры далаға тастайды. Ал, Жамалды апарып, өз сөзімен айтқанда, жұмысқа «сарт еткізген». Және тіпті ол өз саласында істемейтін, басқа қызметтегі адам. Сонда қалай болғаны деймін де?


— Не қалай болғаны бар? Реті келіп қалған шығар, - деп Қабылхан сол баяғы өзіне тән жайбарақаттығына салғысы келді. Бірақ, ар жағы әйелінің сауалына жауап таба алмай, дәйексіз халде «Япыр-ай, сонда!..» дей берген.


— Асқардың айлығы ғой сенікінен әлдеқайда көп. Енді, міне, әйелінің ақшасы өсіп жатыр. Ал біз болсақ, мынау үш баламен екі бөлмелі үйге қамалып отырғанымыз. Екеуміздің де ақшамыз аз. «Көмектес» деп айтып едік Әлімбекке. Тіпті айтпаса да, өзі көріп отыр емес пе? Көмектесе салатын жөні бар еді...


— Енді реті келмей жатқан шығар.


— Неге реті келмейді? Тіпті осы Жамалдың орнына мені-ақ алғызатын жөні бар еді ғой Әлімбектің. Осы үйге тағы келер. Айтармын сол кезде.


— Қой, қайтесің? - деп ойы шабандау Қабылхан осы сәтте ғана елең етті.


— Жамалдың құлағына тисе, ұят болар. «Менің жұмысқа орналасқанымды көре алмай, іштарлық жасап отыр» демей ме? Айтпай-ақ қой.


— Жамалды жақсы білем ғой. Өйтіп арам ойламайды ол. Тіпті мәселе - онда емес, мына Әлімбекте болып тұр ғой. Осыдан келер ол тағы бір күні, айтармын. Қара да тұр. «Досым, досым дегенде бапандайсың. Қиналған шақты жәрдем бермейтін достың не керегі бар?..»


Бақтидың сәл-пәл ашына сөйлеп отырғаны да содан. Жеке басын құдайдай сыйлайтын, сенетін, іштей тәуір көретін достың өзіне келгенде бүйтіп несіне сырғақтай беретінін онша түсінбей қалған жәйі бар. Ішіне жиған ренішін келесі жолығысқанда-ақ наз ретінде бүркемелемей айтып салмақшы.


Әлімбек десе, ішкен асын жерге қоятын, сыртынан қылшық жуытпай жүретін күйеуіне де өкпелі. Айтқан сөзін жерге тастап, осындай өтінішін орындамаса, ондай достың бастық болғанынан не пайда, не қайыр? Орындата алмай жүрген Қабылханның беделінің жоқтығы шығар. Достарының алдында беделсіз жігіт әйелі қайдан сыйлы бола қоюшы еді?


Айналып келгенде, бағанадан бергі Бақти сөзінің саятын түйіні осы.


* * *


Ертең емес, бүрсігүні үлкен кеңес. Бүкіл облыстың сен тұр, мен атайын дейтін өңшең мықты мұғалімдері жиналмақ. Мықты болғанда, мықтылардың бәрі емес. Тек бір пән бойынша ғана беретіндер. Мамандық жағына келгенде, Қабылханның өзін де осал деуге болмайды, цифр атаулыны алақанына салып, қақпақыл ойнатқан алымды математик.


Бірақ осындай жауапты жиынның қарсаңында «Мен мықтымын» деп ұзын арқау, кең тұсауға салатын жағдай қайда? Және өйтіп тоқпейіл көңілмен мығымсып жүру әу бастан дағдысына жат нәрсе.


Астыңғы салбыраңқы ернін жинай алмай, қағазға шұқшыңдай үңіліп жатқан. Есіктен кіріп келген ер кісінің:


— Ассалаумағалейкум! - деген қарлығыңқы даусы да елеңдете қойған жоқ. Жұмыс бабымен кабинетке кіріп жататын келімді-кетімді кісінің қайсы біріне назар аудара берсін. Дегенімен, бұл жолы амалсыз басын көтеруге тура келген. Өйткені бөгде жігіттің іздеп жүрген адамы басқа ешкім емес, тұп-тура мұның өзі болып шықты.


Бір көрген кісісін ұмытпайтын әдеті. Жалт қараған ол есік босағасындағы еңкіштеу еркекті бұл жолы да айнытпай таныды. Танығаны сол екен, айналаны ұмыттырып тартып әкеткен жұмыс әлеміне деген жайына қалдырып, қалбаң етіп ұшып тұрды:


— Ой, Қабден! Сенбісің, ей? Қане, келші бері...


Жаратылысындағы жайбасарлыққа бағып, мейманның «бері келуін» күтіп тұрған жоқ. Қолын алдыға ұсынған күйі адымдап қарсы жүрді. Содан кабинетте жұмыс істеп отырған төрт-бес адамның назарын амалсыз өзіне қабылдап, құныстау бейтанысты құшақтай алған.


— Иә, Қабден-ау, қайдан жүрсің?.. Кел, бері отыр...


Адамға ауырлау қарайтын ала көздерімен кабинет ішін марғау ғана шолып өткен бөгде жан бәрібір «бері келмеді». Тар кабинетте тақасып жұмыс істеп отырған жұрттың мазасын алудан қашыпты. Екеуі дәлізге шыққаннан кейін:


— Иә, қайдан жүрсің, бауырым? - деп, Қабылхан сауалын жалғастыра түсті. Қабағын ептеп жазғанымен, Қабденнің түнеріңкі түрі әлі де онша жыли қоймаған сыңайлы.


— Өстіп таң қалатыныңды біліп едім. Бірақ, молодец екенсің, бірден таныдың. Сенің жалпы осы Алматыда тұратыныңды естігемін. Бірақ қайда істейтініңді білмейді екем.


Қабден де - институтта қатар оқыған жігіт. Факультеті басқа болғасын екеуінің қарым-қатынас жасамауы, тіпті бір-бірін танымауы да әбден мүмкін еді. Бұлардың жолын ұштастырған...


— Бәрі құтты болсын! - деді Қабден шылым түтінін аузынан сыздықтата шығарып тұрып. — Астанада жүріп, бұлайша тірлік жасау да оңай емес.


— Өз халің ше?.. Өзің туралы да естиік енді.


Көп айтар ештеңесі жоқ екен. Темір жол бойындағы шағын қалада тұрады. Темір жол мектебінде сабақ береді. Үйленген. Бірақ ол тіршілігі сәтсіз аяқталыпты. Қыздай алған әйелімен ажырасып кетіпті. Қазір басқа біреумен отасқан сияқты. Бітті, Қабденнің өзі туралы айтатын бар мәліметі әзірше осымен шектелмек.


Адаммен бірден үйлесе кетуі қиын, мінезі оғаштау жігіт екені де есінде. Көбінесе осылай үндеместен, өзінен өзі түнеріп жүргені. Анда-санда басып тұрып ішіп алады. Кімдермен, қайда жүріп ішетінін ешкім білмейді. Ішімдікке үйір жігіттер Қабылханның айналасынан да табылып жататын. Бірақ солардың ешқайсысының Қабденмен стакан қағыстырдым дегенін естімепті. Қалай дегенде де осы құныстау құрдасының адамды тарта қоятын сүйкімділігі шамалы еді.


Әңгіме тіпті де онда емес. Қабылханның есіне сарт ете түскен - осыдан он жылға тақау уақыт өткенімен, әлі ұмытылмай жүрген бір кішкене оқиға.


Жауынды күздің сылбыраң кешінде жатақхана жанында едіреңдескен жігіттер жиналып қалыпты. Іштерінде бір иықтарын алға беріп, үнемі төбелеске сұранып жүретін осы маңайға танымал сотқарлар да бар. Бәрінің іздегені - бір-ақ адам. «Қайда? Қайда?.. Жағын айырып, жанын жаһаннамға жібереміз... Көрсетеміз!.. Құртамыз!» деп қоқиланып алыпты шеттерінен. «Сендер де сонымен бірге оқисыңдар ғой» деп, бейсауат өтіп бара жатқан екі-үш студентке де қоқан-лоққы көрсетіпті.


«Өзі келмесе, бәріңді де соғамыз» деп, мығымсыған бұзақы топтың жуыр маңда тарай қоятын сыңайлары байқалмайды. Сонан Қабылхан бұзықтармен сөйлесуге амалсыз шыққан. Амалсыз шыққаны - әлгілердің іздеп жүрген адамы басқа жерде емес, тұп-тура өзімен бір бөлмеде тұратын еді.


Мәмілеге шақырған елшінің сөзін екіленіп алған тентектер құлаққа да ілген жоқ. «Ә, солай ма?... Бірге тұрамысыңдар? Ендеше мә саған!» деген дауысты ести бергені сол еді, ауыр соққыдан жалп етіп ұшып түсті. Әлде бір қыздар ышқына айқайласып, араға түспегенде, жағдайы мүшкіл болатын. Оңайшылықпен есе бермейтін өжет мінезді қала қыздары екенін кейін білді. Олармен кездесе қалса болғаны, қысылғанынан бетінен басып, қатты ыңғайсызданатын.


Сөздің қысқасы, сол кеште бұған жұдырық жұмсағандардың арасында осы Қабден де жүрген. Оның солай жүруі заңды да еді. Өйткені сол түнгі шатақтың ұйытқысы да, ұраны да басқа ешкім емес, Қабденнің нақ өзі болатын.


Еске алып тереңдей беріп қайтеді, ескіруге айналған итжылғы әңгіме ғой. Сол бір жайсыз оқиға тап бүгінгідей көз алдына көлденеңдеп келе қалғанымен, Қабылхан ол жөнінде ләм-мим деп жұмған аузын ашқан жоқ. Қазір екеуара өрбіген әңгіме өткен-кеткен қайдағы бір ұсақ-түйектің төңірегінде ғана.


— Қабылхан, сен маған мынаны айтшы, - деді Қабден қарасы ауырлау ала көздерін кенет серігінің жүзіне тапжылмастай қадай түсіп.


— Иә, нені?


Бұл жолғы жауап өзі тығыз уақытты сағыздай созып барып естілген:


— Ақжанның адресін берші.


— Ақжанның? Қайдағы Ақжан?


Сасып қалған Қабылханның қысық көздері ырқынан тыс жыпылықтай жөнелді. Сөйтсе Қабденнің бұған әдейілеп іздеп келген мақсаты басқа болып шықты. Ақжанның осы қалада тұратынын кездейсоқ естіп алған. Жоқ жерден ескі танысына ат басын арнайы бұру себебі де соған байланысты екен. Әйтпесе бұны бір соншалықты өліп-өшіп сағынып бара жатыр деймісің.


— Неғып үндемейсің? Адресін айта салудың не қиындығы бар? Ең құрығанда телефонын жазып алайыншы.


Неғып үндемейтіні - Қабылханның өзіне ғана аян. Мына шіркінді, қалай болғанда да, Ақжанның маңайына жолатқысы жоқ. Құныс жауырынды, қораштау, түнеріңкі көңілсіз жігіт болғандықтан емес. Баяғы шатақ оқиға тура сол қалпында көз алдына қайтадан қалқып шыға келген.


Сол жолы Қабден тобының іздеу салып, жер көктен таба алмай жүрген адамы - бұл күнде Ақжан сұлудың құдай қосқан қосағы. Екі түйе үйкелсе, арасында шыбын өледінің кебін киіп, екі арада босқа таяқ жеп жүрген Қабылхан баяғы. Содан күйіп қалған ауыз. «Мына Қабден жұбайлардың арасына тағы түсіп, оттың басын бүлдіріп жүрмесін» деген сақтығы.


— Әй, Қабден, Ақжан - қазір үйлі-баранды адам. Екі баласы бар... Қайтесің енді оны? Он жыл өтті емес пе одан бері. Жайымызға жүрейік те.


— Ж-жо-оқ, - деді Қабден жұлып алғандай басын жігерлене шайқап жіберіп. - Сен мені түсінбедің. Ол әңгіменің бәрі ескірді ғой. Ұмыттық қой. Маған оның керегі не? Ақжанда басқа шаруам бар...


Кісінің көңілін қиюды білмейтін Қабылхан қырық жылғы танысы қиылып болмай тұрып алған соң, қайдан шыдасын. Ақыры берді телефонның номерін. Сонда да Ақжандікін емес, Әлімбектің. Айрандай ұйып отырған бақытты отбасына қылау түспеу үшін осылай істегені дұрыс деп білді. «Шаруаларына араласып нем бар? Өздері түсінісе жатар. Түсінісер».


* * *


— Бақти, жүр тез... Әй, бассаңдаршы аяқты!


Топтың алдына түсіп алып, дедектей басып келе жатқан Қабылхан артына бұрыла қарады. Өз тиісті сыбағасынан құр қалып бара жатқандай тым асығулы.


— Сонша не болды қуырып?... Демонстрацияның тарағаны жаңа ғой. Әлі уақыт бар. Онан да ана Әлхамды көтерсеңші, шаршай бастады, - деді әйелі ептеп ашуланған сыңаймен. Шынында да орталық алаңды толтырған қарақұрым халықтың сейілгені жаңа ғана. Дәстүрлі шеру аяқталысымен, көше-көшеге қалың кісінің толып кететін қашанғы әдеті.


Жөңкіле жылжыған адам ағыстың ығымен алаңнан төмен қарай құлдилай түсіп келеді. Әсем безендірілген алаңды түрлі музыка әуендері мен адам дауыстары гуілдетіп кернеп тұр. Қызылды-жасылды алабажақ қалаға мерекелік салтанаттың үстемдік құруы заңды да. Дәл осындай көңілді жағдайда ұрыс-керіс, ренішке тіпті орын жоқ, жараспайды. Сондықтан ба, ерлі-зайыпты екеудің ұзақ күңкілі де ұрыс-керіске ұласа алмай, сиырқұймышақтанып барып үзілді.


— «Жиыннан кейін тура біздікіне қарай тартыңдар. Күтіп отырамыз, басқа да кісілер болады» деген. Өзі енді кешігіп барсақ, бізге ұят қой, - деп отағасы асыққанына өзінше ақталған болып жатыр.


— Ұятынан бұрын, тамақсау неме, дастархан ғой көкейіңді тескен. Құлқыныңды жыбырлатып бара жатқан салқын сыра тағы бар, - деп Бақти да берісер емес. -Тезірек жеткің келсе, қолға ал ана баланы.


Лифтіге мініп, бәленінші қабатқа көтерілгенше таңдайлары кеберсіп, төртеуі де терлеп кеткен еді.


Қабылхан бекер асықпапты. Үй іші тола өздері сияқты бөгде кісілер, яғни, қонақтар. Тізілген тістерін көрсетіп, қарадай ыржалаңдап күле беретін Зәки де осы топтың арасында. Мерекелік шеруден шаршап-шалдығып жеткен меймандар сусын ішіп, сықылықтай күлісіп, енді ғана жан шақырысып жатқанға ұқсайды.


Жаңадан келгендер де жар жағалап, жатырқап тұрып қалмай, олармен өзімсіне араласып кетті. Тіпті төрт жасар Әлхам да қонақ ұлдың қолындағы пепси кола шишасына жармасқан.


— Үйбай, Әлімбек көрінбейді ғой, - деді Бақти бөлмедегілердің баршасымен байыппен амандасып шыққаннан кейін. Бір-біріне жалтақтай қараған қонақтардың сілтегені - ас үй жақтағы Ақжан. Айналасына самарқаулау ғана көз салып, асықпай жүретін ақсұр келіншек алжапқышын тағып алып, ас-су дайындау қамында.


— Қазір келеді, отыра тұрыңдар, - болды оның бар жауабы.


Қожабике келіншектің сабырлы үні тым сенімді естілді де, қонақтар алаңсыз отырып, деміктерін басты. Бастары түгелденген жұрт оны-пұны әңгімені ермек қылып, уақыт ұзартысқан. Бірақ бәрінің аңдығаны - мазасыз бала-шағаның ырқымен ашылып-жабылып тұрған сыртқы есік. Ұзын бойлы үй иесі үйреншікті әдетімен қарқылдай күліп кіріп келе жатқандай болады да тұрады.


Жұрттың:


— Апыр-ау, бұл Әлімбек қайда жүр? - деген сауалына Ақжанның қайта-қайта қайтарып жатқан жауабы да жалғыз:


— Мана сыра ішемін деп шығып кеткен... Осында бір көрші жігіттермен баратын жерлері бар. Соған кеткен шығар. «Жақын жер ғой...» деп, аяғына сүйреткісін іліп жатыр еді.


— Сүйреткісі деймісің? - деді өзінен өзі ыржалаңдай күле беретін Зәки бір сәт езуін жиып. - Көшеге сүйреткімен шығатыны несі? Ондай жаман әдетті қойғызу керек қой.


— Күн жылынғалы сондай бір әдет тауып алды. «Қазір келемін» дейді де, сүйреткісін іліп, зу ете қалады. Менің сөзімді құлағына да ілмейді.


— Қойшы, онысы ұят қой. Әшейін қатардағы кісі болса, бір сәрі. Бақандай министрлікте істейді, оның үстіне қарапайым қызметкер де емес, әжептәуір бастық. Сөйтіп жүріп сүйреткімен сыраға барғаны қай сасқаны? Тіпті ондай үлкен қызметкердің қалың көпшілікпен бірге тұрып, саптыаяқтың көбігін үрлеп тұрғаны да бір түрлі ғой...


Төзім таусылып бара жатқасын, жақын маңдағы бір-екі сыраханаға бала жүгіртуге де тура келген. Бірақ уақсыз уақытта жоғалып кеткен үй иесі туралы ол жақтан да дерек шықпады.


— Әй, сол мықты жолда жолдастарының бірінің үйіне бұрылып кеткен ғой. Көңілшек неме жүр дегенге еріп жүре берген ғой... - десті қонақтар.


Бірақ көңілдегі күдік тұманы қоюлана түскендей. Әркімнің көкейінде қылтыңдап бас көтеріп жатқан - «Ішіп-ішіп мас боп қалмады ма екен?», «Көшеден өте бергенде, машина қағып кетпеді ме екен?», «Милициямен байланысып қалған жоқ па?» деген тәрізді күмәнды сауалдар. Сондықтан ба, өзектері қанша талғанымен, ересек кісілер асқа тәбетсіздеу қол созған болды. Бүгінгідей мейрам күніне мүлде үйлеспейтін бәсең басталған әңгіме де онша қайтадан өрши алмай, үзіліп қалуда.


Сонымен үй ішіндегі мазасыздық барынша күшейіп, жұрттың берекесі қашуға айналған сәтте сыртқы есік сарт етіп ашылып (бұл үйдің есігі мұндай уақытта құлыпқа бекітілмеуші еді), еңгезердей еркек ентелеп кіріп келді. Еркек болғанда өзге емес, манадан бері осындағы барша қауымның басынан бастап іздей бастаған, ақыры ішкенін ірің, жегенін желім қылып, әбден абыржытуға айналған адамы, үйелмендей ірі үй қожасы.


Үлкен-кішісі бар барлығы бір дауыспен шу ете қалысты. «Қайда жүрсің?.. Неғып жоғалдың? Ақыры келдің-ау!» деген тәрізді қуанышты шу, даурыққан дауыстар.


— Жолдастар, жетер, жетер!.. - деді Әлімбек екі қолын жайқай сілтеп. Қаумалай жөнелген қауым бір сәт тыныштала қалғандай болды. - Бәріңіздің алдыңызда айыптымын, ағайын!.. Әбден кешіккенімді мойындаймын. Жігіттермен бірге сыраға шығып едім, барып жүрген жерімізде болмай қалыпты... Сонан іздеп, талай жерді сандалғанымыз. Оның үстіне бүгін бірінші май, демонстрация біткенше еш жерде сыра сатпайды екен. Ақыры такси ұстап, бір түпкірге бардық...


— Мына түріңмен ба? - деді Қабылхан Әлімбектің үстін нұсқап. Сөйтсе, аяғына сүйреткі ілген жігіттің бұтына кигені де кәдімгі спорт костюмының шалбары.


— Ей, қойшы, сен де! Онда тұрған не бар? Асығып, байқамай қалыппын. Қысқасы, сонымен қойшы, жігіттер қызғаннан кейін жібермей, әрең шыққаным. Ақыры такси ұстап, үйге әрең жеткенім. Көңілшек сорлымын өзім де бір жүрген. Ал, қане, кідірмейік. Тегіс құйылсын!..


* * *


Ауыр ұйқының енді ғана күшіне мініп, бел ала бастаған кезі. Әлі түс көріп те үлгермеген тәрізді. Әлдеқандай қоңырау үні шыр-шыр етіп, бұларды сол бір тәтті ұйқының құшағынан ажыратып алмақ әрекетте.


— Баршы, анаған, - деп, ыңырси күбірледі де, әйелі ары қарай аунап түсті. Өзінің бас көтерер еркек екені есіне түссе керек, ұйқылы ояу күйде сенделектеп тұра берген.


— Сол ғой, - деді әйелі тағы да түсініксіз күбірлеп. - Сенің әлгі досың... Осылай түн ішінде мазаны алып жүрмесе, іші кебеді ғой... Мен тұра алмаймын, өздерің...


Қараңғыда сипаланып, телефонды әзер тапты.


— Әл-леу... - Жауап орнынан мембрананың ар жағынан әлдеқандай түсініксіз дыбыс естілді. Адамның өксігі сияқты ма, қалай? - Әлеу деймін.


— Қабылхан?.. Бұл сенсің бе?


— Иә, мен... Сөйлесеңші енді...


— Қабылхан-ау!.. - Жауап орнына телефонның ар жағындағы адам өксіп жылап қоя берді. Ұйқысы шайдай ашылған. Бір жаманшылықты сезгендей жүрегі атқалақтап әкетіп барады. Сөйтсе, бекер шошымапты.


Қарлыққан үнмен қалтырай сөйлеп тұрған Ақжан екен. Түн ортасы ауған беймезгіл уақытта безілдей жөнелетін безбүйрек телефоннан без. Ондай телефонның жақсылық хабар әкелетін кезі кем де кем болар. Бұл жолғы безектеудің салмағы тіпті әріде жатыпты. Жеткізгені - жалғыз ауыз жаманат.


Ақжанның ауылдағы шешесі қайтыс болған. Жүректі тіліп түскен тілдей телеграмманың қолға тигені жаңа. Балаларымен ғана отырған жалғыз келіншек талып түсе жаздапты. Есін жия алмай, қанша уақыт есеңгіреп қалғанын білмейді. Оның жағдайын жақсы түсінген телеграмма әкелуші жігіт көрші кемпірді оятыпты.


Қас қылғандай сол сәтінде үйде Әлімбек тағы да жоқ еді. («Ол қайда жүр еді?» деп сұраудың өзі артық.) Есі шыққасын, не істеп, не қойғанын білмей, жан дәрмен телефонға жармасқан...


Ұйқы қанша тәтті болғанымен, амал қанша! Екеуі асығып-үсігіп қолға тиген бірдемелерін үстіге ілді де, көшеге шықты.


Әйтеуір кездескен бір машинаға отырып, белгілі адреске қарай бір-ақ тартты.


* * *


Сонан бір күні мойнын ішіне тыққан мұртты қара жігіттің жаймен басып, үйге кіріп келгені. Оның кім екенін ә дегенде Ақжан шырамыта алмай қалды. Кірпік қақпастан, қадала қарап барып, қапысыз таныған - Әлімбектің өзі.


— Оһо, кого я вижу! - деді ол өз дағдысымен құшағын аша ұмтылып. - Иә, жоғары шық, неғып тұрсың...


Абыржып қалған Ақжанның ниет танытып, бас изеуге ғана шамасы жетті.


Бұл келген - Қабден еді. Иә, өткен жолы Қабылханға соғып, осы үйдегі бір кісінің телефонын сұраған Қабден. Институтта қатар оқыған бұл екеуінің танысы. Және жай ғана таныстары емес... Бұлардың қарым-қатынасы жай таныстықтан гөрі тереңірек еді. Біраз заман өткен сол бір ыңғайсыз уақиғаларды дәл қазір еске алып жату орынды бола қояр ма екен? Әй, қайдам?!..


Үнемі түнеріңкі жүретін Қабденнің қабағы сәл-пәл ашылған сияқты. Ақжанның аңғаруынша, өзі кәдімгідей есейіп қалған. Ұйғыр өңдес сопақтау қоңыр өңіне ептеп сызаттар түскен. Тікірейген шашы да сұйылып қалғандай ма, қалай? Тек мұрты ғана сол қоп-қою қалпы.


Әңгіме салқын ғана өрбіді. Жарқылдай қарсы алғанымен, Әлімбек те кенет тұлғасын тіктеп, маңғаздана қалыпты. Кеңседегі кабинетінде отырған бастық роліне кіріп, сөзді үнеммен ғана шығарады.


Қанша қолқалағанымен, Қабден дастарханнан дәм тиген жоқ десе де болады. Екі қолын алдыға салып сілейіп отырды да қойды. Анда-санда ұрттап қоятыны -алдындағы ыстық шай ғана. Ауыр қозғалатын көз қарашықтары қасындағы екі адамның бірін қуалай жылжиды. Сиректеу тіл қатып отырып, бағып-қаққаны - сол. Байқады ма, жоқ, байқаса да, әдейі сыр бермей ме, Әлімбек оның бұл қылығына мүлде назар аудармаған пішінде.


Шешесіне көңіл айту сылтауымен Ақжанға арнайы жолыққысы келген екен.


Кетер сәтте келіншекке жанаса беріп:


— Мен сені ұмытқамын жоқ, - деді күңгірт үнмен ақырын ғана.


* * *


Балалар ұйықтап қалған. Енді Бақтидың өз төсек-орындарын ыңғайлай бергені сол болатын. Екеуін де селк еткізген - телефон шылдыры. «Тағы да мезгілсіз уақытта. Бұл кім болуы мүмкін?» деген ой құйындай жүйткіп өтті. Бұл жолы телефонды көтерген -Бақти. Қабылханға естіліп жатқан, әрине, соның ғана даусы:


— Иә, иә... Жайшылық па?.. Не дейді! Қойшы... Мүмкін емес. Иә, иә... Ойпырым-ай, қойшы!.. Сонан?.. Басқа ештеңе айтпайды, ә?.. Масқара!.. Сұмдық болды десейші!.. Ақжан, кішкене сабыр ет, қазір барамыз... Қазір.


— Не бопты? - деді мына әңгімеге еріксіз елеңдеген Қабылхан басын көтеріп алып. Түр-түсі құбылып кеткен Бақти бірден жауап қатуға шамасы жоқтай, басын шайқай береді.


— Сұмдық!.. Сұмдық!..


— Ойпырым-ай, не бопты? Айтсаңшы үздіктірмей!


— Әлімбек...


— Иә, немене, Әлімбек? Бірдеме болып қалып па оған?


— Иә, болып қапты.


— Не болыпты?


— Кетіп қапты.


«Кетіп қапты» деген сөзді екіұшты түсінген Қабылхан:


— Не дейт? Қайда? - деді шыдай алмай. Қазақ кейде «Қайтыс болыпты» дегенді де қазақтың кейде осылай айта беретіні бар ғой.


Сөйтсе, Әлімбек үйінен кетіп қалыпты. Кешкісін кешірек келген. Әйеліне «Мен енді кеттім. Ажырасамын сенен» деп, қысқаша ғана мәлім еткен. Сонан іссапарға ұстап жүрген сумкасын иығына іліп алып, лезде тайып тұрған. Сотқа арызды артынан апарып бермекші көрінеді.


Суыт жеткен тосын хабар ерлі-зайыпты екеуді жай түскендей есеңгіретіп өтті. Аңырайған қалпы бір-біріне қарап, қимылсыз қалыпты. Алғаш ес жинаған Бақти болды:


— Мына сұмдықты естіп алып, қалай отырамыз? Қалай шыдаймыз? Барайық! - деді ол өзгерген үнмен ышқына дауыстап.


Жаңа ғана салынған жар төсегі тағы да қаңырап қала берді.


Бұлар келгенде Әлімбектің үйіне бірер адам жиналып үлгерген екен. Онсыз да сұрланып жүретін Ақжанның өңі қашып кеткен. Қабылханның оны қатты ашуланғанын көргені осы. Қара көздері жасаурай қызарып отырып айтқан әңгімесінің ұзын-ырғасы мынау.


Үй іші артынан қалаға көшіп келгенімен, қызметтен соң әлдеқайда қаңғып кету, тіпті үйге түнемеу сияқты жаман әдетін Әлімбек бір жола қоя алмай жүріпті. Оның шет жағасын ептеп жолдастары да сезеді екен.


Сонан бүгінде сол дағдысына бағып, үйге кештеу келген. Келісімен әй-шәй жоқ: «Ақжан, балалар ұйықтады ма? Ұйықтаса, тіпті тамаша болды. Менің сенімен оңша сөзім бар» деген ентіге сөйлеп.


Әйел байғұс күйеуі оңашалағанына қашан қарсы болушы еді, жұмысына байланысты бір жаңалық айтатын шығар деген тәуір үмітпен тақала түсіп, құлағын ыңғайлай берген. Әлімбек болса, өзіне тәуелді бір ұсақ қызметкерді қабылдап отырғандай маңыздана қалып: «Ақжан, жағдай солай болды. Мен бұл үйден кетемін» деген сұстана сөйлеп. Ойында бөтен ештеңе жоқ келіншек: «Кеткені несі?.. Тағы командировка ма?» деп, қарсы сауал қоя бастаған екен, Әлімбек әңгімені қысқа ғана қайырып, шұбалтып жатпастан, тоқ етерін бір-ақ айтыпты: «Ақжан, сен де, мен де бала емеспіз. Мәймөңкелейтін ештеңе жоқ. Мен үйден кетемін. Біржола. Тағдыр солай болды. «Неге?» деп, «Андай-мұндай» деп қазір сұрақ қойма! Бәрібір жауап берер шамам жоқ оған. Сен мені білесің ғой. Ойға алғанымды орындамай, тынбаймын. Ендеше әзірше сөз бітті. Бәрін артынан түсіндіремін. Болды осымен» деген де, оны-пұны заттарын жинастыра бастаған.


Әуеліде Ақжан күйеуінің бұл қылығын кәдімгі қарадүрсін қалжыңға балапты. Өйткені қаншама шындыққа жанастырайын десе де, мынау шұғыл әрекеті тіпті қисынға келмейді. Әлімбектің кейде осындай дөрекілеу әзілдері болушы еді. Біреуді жоқ жерден қайдағы бір жаманатпен қорқытып алып, артынан: «Ап, бәлем, қатырдым, қатырдым!» деп сақылдай күлетін. Күйеуінің нақ осы жолғы тосын қылығын Ақжан әуелі неге жоритынын білмейді. Ештеңе деп уәж айта алмай, дағдарып қала берген.


Содан не керек, ертесінде шыдамай, күйеуінің қызмет орнына телефон шалған ғой. Ондағысы: «Түндегі айтқаны шын ба әлде мені алдап, асығыс командировкаға кетіп қалды ма?» деген күмәнды ойды анықтағысы келгені. Жоқ, телефоннан гүрілдей естілген - басқа ешімнің емес, Әлімбектің кәдімгі төл даусы.


— Әй, сенің түндегің шының ба, ей?! - деген бұл төтесінен.


— Шын емегенде, қалжың ғой деп пе едің? Басың болса, өзің-ақ түсінер едің ғой бәрін.


Сонан екеуі телефонмен шарт та шұрт ұрсыса кетсін. Ұзақ емес, аяқ астынан шыққан мылтық атысындай қысқа ғана.


Ақжанның күні бойы қандай күйде жүргенін отырғандардың ешқайсысы қазбалап сұрай қойған жоқ. Әйтеуір кешкісін бір хабарын берер, әңгіменің байыбына сонда барармын деп, күтпей ме? Әлімбектің мына қылығы оған түсі сияқты көрінген. «Солай болуы әбден мүкін-ау» дегенімен, көңілі тіпті де сенетін емес.


Болған жайды тырс етіп күн ұзақ тісінен шығармаған. «Осылай да, осылай, күйеуім аяқ астынан бұзылғалы жатыр» деп, кімнен барып шүйінші сұрай қойсын. Сонан мең-зең қалпы кешті өткізіпті. Күндегідей балаларын тамақтандырып, ұсақ-түйек тіршілігін істей берген. Іштей елеңдеп, Әлімбекті күткен. Қандай жағдай болса да бір хабарын айтуы керек қой. Әкесін өлтіргенді де естіртеді деген.


Сонан төсек салып жатуға дайындалып жатқан кезде күйеуінің салаң етіп етіп кіріп келмесі бар ма? Күні бойы ширығып, жүйкесі жұқарып отырған келіншек орнынан лып етіп, атып тұрады. Аузына алғашқы келген сөз:


— Шын ба, ей?


— Неше рет айтам мен саған шын деп... Баяғыда-ақ бәрін ойлап, шешіп қойғамын. Сен оған ренжіме. Не істеймін, енді тағдыр солай болса...


— Кім ол?.. Бүйтіп мені айырбастап кеткен адамың кім?


— Не важно... Бәрібір емес пе саған кім болса да. Ең бастысы - екеуіміздің ажырасуымыз. Міне, мәселе сонда. Онан басқасында сенің шаруаң жоқ.


Қанша ұстамды болғанымен, бұдан ары қарай шыдап тұру мүмкін емес еді. Әншейінде ойы шабандау, сабырлы, сүлесоқтау Ақжан шарт кеткен. Ашyдың ыpқымен айқайды салды дейсің. Не айтып, не қойып жатқанын өзі де білмейді. Әйтеуір ауыр-ауыр біраз қуатты сөзді айтып тастағаны анық. Әлімбектің не деп ақталғаны, қандай уәж айтқаны қазір мүлде есінде жоқ. Есінде қалғаны - дірілдеп-қалшылдап оны үйден қуып шыққаны. Мына тосын шешімнің ауыр салмағын анық түйсінгені. Қорлық пен намыстан жан дүниесі шырқырап, есеңгіреген күйі диванға құлап түскен сияқты. Әйтеуір әке-шеше арасындағы бұл тосын жағдайға балалардың куә болмағанына да тәубе. Қолына ілінген дәріні ішіп, ептеп жүрегін басыпты. Оқыс оқиғаны жақын адамдарына жариялау үшін телефонға жармасқаны - содан кейін...


— Ой, сұмдық-ай! - десті мына хабарды естіген үйдегілер жағасын ұстап: - Ойпыр-ай, Әлімбектің бұл не қылғаны?


— Әй, сол шіркін ішіп алып, бұзылып жүрген жоқ па екен? - деді Зәкидің келіншегі.


— Иә, шынында да. Әйтпесе тіпті мүмкін емес нәрсе.


— Ел аман, жұрт тынышта не қылған сұмдық!


— Мынау масқара ғой тіпті!


Түн ортасы бағана ауған. Шайдай ашылып, шашырап кеткен ұйқының елесі де жоқ.


Дағдарған жұрт қараңғыда адасып кетіп, тұйыққа тірелген жолаушылардың кейпінде. Алақ-жұлақ етісіп бір-біріне қарағанымен, дәйекті бір жауап табылар емес. Ортақ пәтуалы сөзге шақырып жатқан да ешкім жоқ. Қайта сауалдар қатары саусылдап, көбейе түскендей. «Әлімбектің аяқ астынан мұнысы несі?..» деген сұрақпен ілесе, «Сонда ол қайда кетуі мүмкін?» деген мәселе де қылтиып көлденеңдей қалыпты. Әркім әртүрлі болжам айтқанымен, кім табан астында көріпкелдік жасап, дәл жауабын қолға ұстата қойсын.


Орнынан тұрып, әрлі-берлі адымдап жүрген Қабылханның көзі ұйықтайтын бөлменің есігіне түсіп кетті. Жартылай ашық тұр екен. Жақындап келіп қараса, Әлімбектің екі баласы пысылдап тұрып ұйықтап жатыр. Туған ұяларының үстінен ыcқырынып дауыл соға бастағанынан мүлде бейхабар күйде, дабыр-дүбірге оянатын түрлері жоқ.


... Қабылхан мен Бақти сол күні осы үйде түнеп шықты.


Келесі күні сол күйі қарабаласпен өтті. Зәки бар, Асқар бар біраз жігіттер жанталасып, Әлімбекті қызмет орнынан іздеген екен, таба алмапты. Біресе шығып кетіп, біресе мәжіліске кіріп кетіп, әйтеуір күні ұзақ ұстатпай-ақ қойған.


Өзара телефонмен сөйлесе қалса болғаны, Қабылхан мен Бақтидың тіліне алдымен орала кететін де - осы тосын оқиға. Өздерінің бастарындағы әңгіме ысырылып, жайына қалған. Барлық әңгіме айналып келіп - «Не істеу керек?», «Қайткеніміз жөн?» дегенге тіреле берген.


Сонан жанталасып іздеп жүріп, Асқар Әлімбекті тауыпты. Үгіттеп кешкісін үйге келуге де көндіріпті. Сол жерде бәрі бірігіп, әңгіменің бетін ашып алмақшы.


Қар мен жаңбыр қабаттаса жауып, мазаны алып тұрған күздің сылбыраң күні еді. Қабылхан мен Бақти суға малшынып жүріп, көздеген жерге дер кезінде-ақ келген. Алғаш өздері ғана еді, сосын біртіндеп кісілер жинала бастады. Сөйтсе, жағдайды естіген жақын-жуық, дос-жаранның өздері-ақ кешкісін ат басын осылай қарай түзей бастаған екен. Жұрттың бәрінің баққаны - үй иесі келіншектің қабағы. Қанша сабырлы болғанымен, оған қайбір жеңіл тиіп жүр дейсің. Әлденеге кінәлі жандай жұртқа тіктеп қарай алмай, өзінен өзі тұқшыңдай береді. Жұқа еріндерін «екілік» алған баладай жымыра жұмып алған. Бірдеме айтқалы сәл аузын ашса болғаны, еңіреп жылап жіберетін секілді.


Зәки әдейі ұйымдастырып қойған ба, әлде құлақтанып үлгерген жанашырлар шыдай алмаған ба, жиналған жұрттың қарамы Қабылхан ойлағаннан әлдеқайда молырақ. Бірақ бұрынғыдай қалжыңдай қарқылдасып, жадырай күліп жатқан жатқан ешкім жоқ. Кісі өліміне жиналғандай бәрінің де жүздері пәс. «Ойпыр-ай, рас па?» деседі шеттерінен таң қалғандарын жасыра алмай.


Бір жағы теледидарды ермек ете отырып, келгендер кешелі-бері қаһарманға айналып кеткен негізгі адамды біраз күтті. Уақыт жылжыған сайын бәрінің жалтақтай қарайтыны - үй иесі Мәдіхат ағай.


Ақыры есікті жұлқа ашып, Әлімбек те кіріп келді. Бұрынғыдай жарқылдай амандаспаса да, мойнына су кеткен адамның түрі байқалмайды. Әркіммен қол алысып, ұстамды түрде сәлемдесіп жатыр. Бейне бір министрліктегі өз кабинетінде келушілерді қабылдап жүрген сияқты. Кейбіреулерге тіпті: «О, бәленшекең де келіп қалыпты ғой» деген сыңайда пейіл де танытып қояды.


Бөлме іші бір сәт сілтідей тына қалған. Тек бет алды даңғырлап тұрған -теледидардың даусы ғана. Ыңғайсыз тыныштыққа араша түсіру үшін оны әзірше сөндірмей тұрған - Қабылхан болатын. Әңгімені қалай бастауды білмей, ыңғайсызданған біреулер, жөткірінген болып жатыр.


Сөз тізгінін алдымен қолға алған - үй иесі, Әлімбектің осы қаладағы жақын ағайыны Мәдіхат.


— Ал, айтшы мына жұртқа! Аяқ астынан бұл не қылған дүрбелең өзі?


— Рас па мына келіннің айтып отырғаны? Мына кісілер екеуміздің жаңалығымызға сенбей отыр. Айт бәрін, мүмкін, сенің алдыңда мен кінәлі болып қалған шығармын. Өз аузыңмен жеткізші түгел. Бөтен ешкім жоқ, бәрі өзіңнің туысың, достарың... - деді Ақжан даусындағы толқынысты баса алмай, асыға сөйлеп. Сондағы Әлімбек сөзінің түйіні мынау болды.


...Иә, еш жаңсақтығы жоқ. Әйелінен ажырасқалы отырғаны рас. Онда тұрған соншалықты қандай оғаштық бар? Қазір екінің бірі ажырасып жатыр емес пе? Мұндайды сұмдық көретін қазақтың баяғы ескі заманы өткен. Ажырасу - бүгінгі таңда әсіресе урбанизация кеңінен етек алған алдыңғы қатарлы елдерге тән қатардағы жай ғана нәрсе. Адамзаттың озық ойлы алдыңғы легі неке мәселесіне онша мән бере бермейді. —Ақыл-сана дамыған сайын жанұя мәселесі екінші кезекке қарай ысырыла бермек.


Осынау отыз үш жылдық ғұмырында Қабылхан ешқашан да ерлі-зайыптылардың ажырасу оқиғасына араласып көрмеген еді. Араласпақ тұрғай, куә болудың да сәті түспеген. Нәті жуас жігіт мына ауыр жағдайға бірден бір кінәлі адам өзі сияқты, жиналған жұрттың жүзіне тіктеп қарай алмай, қарадай қуыстана береді. Ақжанның абдырауы түсінікті, ал сонда жай жанашыр болып жүрген бұған не жоқ дейсің.


Ақылға шақырған аталы сөзді алдымен ағайын болып есептелетін екі-үш ересек кісі бастады. Одан кейін Зәки, Асқар тәрізді жақын жолдастар кезек алып, нақ осындай сәтте айтылуға тиісті ойларын таңдап-талғап жатпастан, талқыға салысты. Айналып келгенде, әңгіменің түйіні: «Ойпыр-ай, аяқ астынан бұл не қылған сұмдық!»


— Екеуіңнің ишай дескен кездеріңді естіп пе едік? Әлімбек пен Ақжан ұрсысып қалыпты дегенді естіген жоқпыз. Сонда аяқ астынан бұл не қылған сұмдық, ей?! - деді Әлімбекке ағайын болып келетін Мәдіхат есімді үй иесі. Бұл кісі техникум оқытушысы екен. - Ұрсысып-керісіп, бір бірін жамандап, әбден берекесі кеткен адамдар ғана ажырасып жатушы еді. Сендерде тіпті сыныққа сылтау болатын ештеңе жоқ қой. Сонда бұл не, шырағым-ау?


— Әлімбектің осындай бір сорақы қалжыңдары болушы еді. Ақжанды әшейін қорқытып қояйын деген шығар, - деді Зәки.


— Райыңнан қайт, Әлімбек. Айрандай ұйып отырған жанұяңды бүлдірме. Ақжандай ақ маңдай жарың мынау, ойларында түк жоқ екі бүлдіршінің анау. Одан артық не керек саған? - деп Қабылхан да кешеден бері дайындап жүрген ұрымтал сөзін осы арада әңгімеге қосты.


— Кім өзі біреудің отбасына іріткі салып, азғырып жүрген? Көрсетші маған! Тура шашын бір талдап жұлып, қолына берейін! - деді Мәдіхаттың үйіндегі жеңгей.


Жан-жағынан жарыса қаумалаған осыншама жанашыр әңгіме көкейінде саңылауы бар азаматқа әсер етпеуі мүмкін емес қой. Бірақ, амал не, манадан бергі бауырмалдық мәслихаты желге ұшқанмен бірдей болды. Кенет жұлып алғандай Әлімбек арындап сөйлей жөнелді:


— Бәрің де бір сұрқай адамсыңдар, - деді үлкен өткір көздері жалт-жұлт етіп. Даусы қызбаланып, екілене шықты. - Өздерің сұрқай болмасаңдар да, жан дүниелерің сұрқай. Ойлайтындарың - баяғы тозығы жеткен таптауырын ой. «Өмір тек сызып қойған жолмен жүруі керек. Содан ешқандай қисайып кетпеуі керек» дейсіңдер. Сол қатып қалған сүрлеу бұзылса, сендер үшін дүние төңкеріліп кететін сияқты.


Сендер түсінбейсіңдер... Мынау өмірде махаббат барын, тілмен айтып жеткізуге болмайтын керемет барын түсінбейсіңдер. «Жанұя!»... «Баланы ойлау керек!», «Бұзуға болмайды!...» Міне, сөздерің осы сендердің. Несін айтасың тамаша-ақ! Соның ар жағын ойладыңдар ма сендер? Адам бостандықта болуы керек. Не үшін тәтті бостандық?.. Ал, айтыңдаршы, әшейін өзімізді өзіміз жасанды түрде шырмап тастағанбыз, - деп тоқтаусыз сайрады дейсің келіп. Онан кейін әйелдер жағы жарыса шулап қоя берген. «Көп қорқытады, терең батырады» деген жаттанды мақалдың жағдаятын Қабылхан нақ осы жерде анығырақ сезінді. Жайшылықта бет бақтырмайтын алғыр, өктемдеген өжет жігіт олай да, бұлай да бұлталақтап, қайраты жеткенше қорғанып баққан.


Сонан кенет ешкім күтпеген тосын оқиға болды. Өгіздей өңкиген атпал азамат күректей қос қолымен бетін басып алып, еңіреп жылап қоя берсін:


— Айналайындар-ау, жарқындарым-ау!.. Аясаңдаршы!.. Не боп кеткенсіңдер бәрің? Адамсыңдар ма, аңсыңдар ма?...


Жиналған жұртшылық жынын қаққан бақсыдай сол сәтінде-ақ жым бола қалысқан. Жаңа ғана зәрлі сөздерді түйдек-түйдегімен тастап, жан-жақтан түйіліп отырған әйелдер аңқиып ауздарын ашып қалыпты. Тым-тырыс тыныштықты бүлдіріп тұрған -жалғыз еркектің тырнауық даусы ғана:


— Түсінсеңдерші, ойбай-ау... бір минут. Жағдай солай болды, қайт дейсіңдер енді? Мені ештеңе ойламайды дейсіңдер ме? Осы қадамға бару мен үшін қаншалықты азап болды. Неше күн, неше түн жүріп әрең шешкемін. Екі бала - бауыр етім. Тірі болсам, жетімдік көрсетпеймін оларға. Ақжан құдай қосқан қосағым еді, ешқандай кінәсі жоқ менің алдымда. Өмір бойы қарыздар боп өтейін. Төбеме көтерейін. Мен сияқты берекесізден құтылғаныңа қуансаңшы қайта!


Ағайындар, мен ақымақпын ғой, осылайша ақымақ болып қала берейін... «Бір шіріген жұмыртқа» деңдер де, қойыңдар. Тек рұқсат етсеңдер болғаны... Боқтаңдар, жазамды беріңдер. Ит қосып қуыңдар, жоғалтайын көзімді.


— Ал, жарайды, - деді Мәдіхат ағыл-тегіл ақтарылған сөз саябыр тапқан сәтте. - Сонда кім ол бүкіл бәрімізді айырбастап тұрғаның? Неғылған жан? Айтшы енді соның кім екенін?


Демдерін ішке тартқан жұрт қайтадан тым-тырыс бола қалды. Бар жүректі күпті қылып, көкейге көлденеңдей жатып алған кеселді сұрақ осы. Барлығы да аз ғана уақыттың ішінде атпал азаматты аяқ астынан өзгертіп жіберген тылсым құдірет иесін білгенше асық. Бақырайған көздер, қалқиған құлақтар Әлімбектің аузын қалт етпей бағып қалған.


Амал не, барлығы да босқа дәметіпті. Жан дүниесін тыпыр еткізбей, жаулап алған сол бір адамның аты-жөнін айтудан Әлімбек үзілді-кесілді бас тартты. Аты-жөнін ғана емес, тұрақ-мекенін, болмыс-бітімін әзірше сездірмеуге серт етіпті.


Мына отырған жанашыр қауым жата қалып жалынса да, жағасынан алып, жағынан шапалақпен тартып жіберсе де, осынау қадірлі есімнің аузынан шықпайтыны анық. Уағдалы шаруа бітіп, уақыты жеткенде өзі-ақ айтады. Оған дейін сөздерін босқа шығындап, қарадай қинамағандары жөн. Біреулер күңкілдеп, сол сұрақты қайталай беріп еді:


— Оның кім екені сендер үшін не важно. Важно, что менің кететінім. И все! - деді Әлімбек бағанадан бергі бар әңгімені бір-ақ түйіп.


Қашан, қандай жағдайда көрсең де, сол өзгермейтін қалпы. Я қуанғаны, я ренжігені тіпті ойға шомғаны да белгісіз. Аяқ астынан келген бақытқа бола асып-тасып басы айналмайды, қайғылы сәтте де көкірегі қарс айырылып, тозып кетпейді. Сондай беріктігі үшін де ол ағайын арасында биік беделге ие болатын. Сырын білген жақын жандар «Әй, біздің Ақжан ешқашан өзгермес» деп ойлаушы еді. Өткен жолы шешесі қайтыс болған кезде әйел басымен өзін өзі ұстай білгенін айтсаңшы.


Қазір көрген адам оны мүлде танымай қалғандай. Сопақтау ақ сары өңіне әлдеқандай көкшіл көлеңке үйіріліпті. Түн түстес тұнжыраңқы көздеріне қолма-қол бейнелеп беруге келмейтін қатқыл жылтыл ұялап алған. Биязылау қоңыр үнінде енді тақ-тақ еткен дікілдектік басым.


Бұл сәтке дейін барлық жұрттың мақсаты біреу-ақ болатын. Ол үйінен, үйірінен безген еркекті райынан қайтарып, отбасымен табыстыру еді. Амал не, әзірше Әлімбектің алған бағытынан айнитын сыңайы байқалар емес. Бәрінен бұрын жұртшылықты мықтап тұрып дағдартып тастағаны - батыр тұлғалы атпал азаматтың екі бетін басып алып, еңкілдей жылағаны болды. Сонысына бола солқылдай бастады ма екен, біреулер тіпті әзірше бұл мәселені қоя тұру керек деген әңгіменің шетін шығара бастаған.


Дегенімен, барлық көңілді алаңдатып, тағы бір мәселенің атойлап шыға келгенін әсте де жасыруға болмас. Ол «Осындай алғыр да беделді азаматтың жүрегін жаулап, мынадай мүсәпір күйге түсірген, отбасын бүлдіруге тікелей себепші болып отырған анау әйел кім? Соншалықты неғылған құдіретті жан?» деген жалғыз сауал.


«Ол кім?... Кім?..» дейді әркім өзінше қайталап.


Ертесінде-ақ белгісіз әйелді жабыла іздеу басталып кетті. Кешегі жиналған жанашыр жандардың барлығы да жан-жаққа телефон соғып, Әлімбектің айналасында жүрген қыз-келіншектерді түгендеуге кірісті. Соңғы кезде араласып жүргені кімдер, қай әйелмен көбірек сөйлесуші еді, жиі аузына алатыны кім, телефон кітапшасында қандай есімдер бар, қызметтес келіншектердің қайсысымен сәлемі түзу? Сыныққа сылтау болуға жарайтын күмәнді жайттардың ешқайсысы көңілден қағыс қалып жатқан жоқ.


Әрине, жұрттың бәрінен де де белсенділік танытқан Ақжанның өзі. Мына оқыс оқиғаның жер қозғалса да, қозғалмайтын келіншекті қалай абыржытып тастағанын бажайлай баяндаудың қажеті шамалы болар. Қарапайым тілдің қағидасына салсақ, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылды. Дүниедегі ең қымбатты адамы анасы көз жұмғанда да, дәл осындай болып жүдемеген тәрізді еді.


Суыт хабар құлақтарына тиген құдалар да екі-үш күннің ішінде келіп қалды. Құдалар деп отырғанымыз - Әлімбек пен Ақжанның туған-туыстары. Аяқ астынан туған қауырт шаруаға байланысты жанашыр қауым екінші мәрте бас қосты. Бұл жолғы жиналғандардың дені ағайындар еді. Жолдастардан болған Қабылхан мен Зәкидің отбасылары ғана. Тіпті Асқарлар да араласпай қалыпты.


Ойда жоқта ортаға түскен лаң құдалардың қай-қайсысына да оңай тимесе керек. Әсіресе Әлімбек жақтың кісілері бір түрлі ширығулы. Тентек ұлды талқыға салып, біраз жүйке шығындасты. Итырғылжыңға түсіріп, қызыл кеңірдек болған ұзақ айтыстан кейін ақыры жазықты жігіттің саңылауына бірдеңе барған секілденді.


Ауылдан келген адуындау жеңгесі айтар сөзін жеріне жеткізіп-ақ бақты. Именуді білмейтін алғыр азамат ана жолғыдай ожарланып, осқырынбай, бір түрлі жұмсарып, былқылдап қалған тәрізді. Өйтпейін десе, алды-артын ораған адуын жеңге, өзге ағайындар нақты уәж айтып, бұлтаруға мұрша берер емес.


Тегін айтылған ақылдың көптігінен, амалдың жоқтығынан пәтуаға келмесе, болмайтын жағдай туды.


— Сендер жеңдіңдер, мен жеңілдім, - деді Әлімбек жалғыз-ақ.


Сол-ақ екен, бар ағайын мәре-сәре болды да қалды. Бір бірін құттықтап, «Е, бәсе, солай болса керек еді» десіп риза болып жатыр бәрі де. Ауыл жақта құлағын тіккен кісілерге «Әлімбек райынан қайтты. Қайта қосылатын болды» деген жеделхат та желе жортып жөнеліп берді. «Көп қорқытады, терең батырады» деген осы-ау!


Дастархан басындағылар желпінуге шыққан сәтте:


— Оған да оңай соғып жатқан жоқ, - деді Әлімбек терезенің желкөзін жағалап, алысқа қараған күйі.


— Кімді айтасың? - деген Қабылханың аңғалдау сұрағына жауап беруді қажет деп таппастан, ойын ары қарай сабақтаған:


— Қайта-қайта дәрі ішіп, талықси береді. Бір рет тіпті «Жедел жәрдем» де шақыртты. Қайдан оңай болсын оған?


— Кім ол айтып тұрғаның өзі? Түсінсем, бұйырмасын.


Сол сәтте Қабылханның білегін әлдекім лып еткізіп, жеңілдеу ғана қысып қалды. Жалт қараса, екеуінің арасына жанасалай келіп, сығылысып тұрып кіріп жатқан Зәки екен.


— Қадала беріп, қайтесің? Соны да түсінбейсің бе? - деді ол нығырта сыбырлап.


— «Ақыр құдай басқа салған екен, ақырына дейін шыдаймын» дейді. Қанша айтқанымен, ақылды адам ғой, рухы мықты-ақ, - деген кезде Әлімбектің түрі қалыптан тыс байсалды болып үлгерген еді. Желкөздің саңылауынан жұлдызды түнге қарап ойланған қалпы:


— Ондай адамды бекер таңдаған жоқпын мен. Міне, сол үшін де отқа күйіп, оққа байланып жүрмін ғой. Вот, солай, түсінсеңдер, жігіттер.


Келесі күні жиын Мәдіхаттың үйінде жалғасты. Былайша айтқанда, Әлімбектің Алматыдағы ең жақын жанашыры осы кісі, екеуі немере туыстар. Өткенде алғашқы дүрмектің жиналған жері.


Ушығып тұрған шаруаны бір жайлы қылып, көңілдері демделген ағайынның ажары ашық. Қағытпа қалжың, келісті күлкі жақын-жақыбай жандарды жарастыра түскендей. Сонда да бәрінің бағып-қаққаны - ең алдымен Ақжанның қас-қабағы. Сол кісінің көңіліндегі қаяу кетсе, одан артық не керек?


Бүгінгі татуласу кешін республикалық деңгейдегі жастар бірлестігінің қызметкері Зәки басқарды. Жасы асып кеткенімен, жастар қанатына жетекші, кетуге өзі асықпай жүр. Әрине, бұл арадағы мәселенің қызметке қатысы шамалы. Әңгіме Зәки мен Әлімбектің бала кезден бергі достар екендігінде. Сонау тәй-тәй басып, балабақшаға бірге барған заманнан бастап, екеуі өмір бойы қатар келеді десек, қате айтқандық емес.


Неге екенін кім білсін, досының осы үйдегі асабалық қызметі Әлімбекке ә дегеннен ұнаған жоқ.


— Ей, Зэкки (ежелден таққан лақап аты ғой), неғып сонша ыбылжып тұрсың, ей? Давай, тездет!.. Мұндай отырыстардың былай опыр-топырын шығармайсың ба? - деді қолын ербеңдетіп, қызулана сөйлеп. - Қанеки, опыр-топыр!.. Опыр-топыр!


Бейбіт әңгімеге көшіп, жайбарақат отырған туыстар Әлімбектің бұлайша тықыршуына онша мән берген жоқ. «Өзінің баяғы дегбірсіздігі» десті. Қабылхан ғана қарап тұрмай, шамасына шақтап әзіл қашырған болды:


— Немене, Әлеке!.. Қайта табысқан соншалықты тәтті-ау деймін. Тегі шыдамай барасың ғой...


Мұндай отырыстарда ішімдік кұйылған ыдысқа кім қолды бос созушы еді. Әркім-ақ тост айтып, қасындағы жұртты тостырып қоюға құмар. Бұл жолы да барлығы сол таптауырын үрдіспен тартып жатыр.


— Опыр-топыр, опыр-топыр! - деп қояды Әлімбек арасында. Оның бұлайша қопаңдауы тыңдаған кісіге «Тездет!.. Пойыздан қалып қоямыз» дегендей әсер етеді.


Жиналған туыстардың ыңғайымен отырыстың алғашқы кезеңі аяқталып, үзіліске шығатын кез де жетті-ау. Әйелдер жағы, ішінде Ақжан да бар, дастарханды жинастыру қамына кіріскен. Кенет ауызғы бөлмеден әлдеқандай тасыр-тұсырмен бірге шаң-шұң еткен дауыстар жарыса шығып қалды. «Ол не?.. Ол не?..» десті біреулер мойнын созып.


Жалт қараған Қабылхан сыртқа шығар есіктің көзінде итіс-тартыс болып, тақасып тұрған екеуді көрді. Біреуі үстіне құлақшын, пальтосын киіп алған Әлімбек те екіншісі осы үйдегі жеңгей Мәдіхаттың әйелі. Өзі сыртқы есікті арқасымен тіреп тұрып алыпты. Сыртқа шыққысы келген Әлімбекті қайта-қайта итеріп тастайды.


Үйде отырған жұрттың назарын аудара бастағанын байқады ма, жігіт дереу төтенше қимылға көшті. Батыра қимылдап, есіктің тұтқасынан тартып, ашыла кеткен саңылауға аяғын тірей қалды. Есік көзінде ерлік көрсетіп жібермей тұрған жеңгей қаңғалақ қағып, жалпасынан түсті. Оңбай жығылса да, есінен тана қоймаған екен:


— Кетті!.. Кетті! - деп, қылғына айқайлады.


Әдепкі сәтте мына арпалыстың мәнісін тіпті Қабылханның да жарытып түсінгені шамалы. Өз бағамдауынша, өзгелер де нақ осындай мағынасыз дағдарыста қалған сияқты. Тек келесі сәтте ес жиғызған жеңгейдің:


— Кетті!..Кетті!.. Ұстаңдар! - деген ышқынысты айқайы. Сол кезде барып қана апалақтап, аяқ киіміне қарай тұра ұмтылған.


Сол қалпы баспалдақты дүрсілдетіп, ұятастағы баспалдақтармен төмен қарай аяғының ұшымен құстай ұшқан. Іле желке жақтан әлдеқандай аяқ тырсылы естілді. Дала суық екен. Бастапқы екпінімен үйді айнала жүгіріп барады. Қараңдаған біреулерді қуып жетіп, алакөбең жарықта үңіле қарап еді, мүлде бөтен кісілер. Жан-дәрмен жан-жағына шыр айнала көз салып өтті. Күдік келтіретін бейсауат жүргінші байқалса, неғыл дерсіз. Сонан жаңа өзімен ілесе шыққандарды тосып, іркіліп қалды. Олар -Жанатбек пен Зәки екен. Бастарындағы құлақшын болмаса, екеуі де киініп үлгермеген, желең қалыптары.


Бас түйістіріп бір сәт ақылдасып алған бұлар қашқынды үш тараптан іздеуге жөнелді. Алакөлеңке жарық болса да, қанша айтқанымен түн іші ғой, іздеген адамыңды аңғару да оңай емес. Әрлі-берлі жүгірісіп, уағдалы жерде қайта жолығысқанда үшеуі де жақ жүндері үрпиісіп, тоңып кеткен еді.


— Қап, иттің баласы-ай! - деді Мәдіхат келістіре боқтап алып. - Қашып кетті-ау...


— Қайда сонда? - деп асығыс қойылған аңғал сұрақ, әрине, Қабылхандікі еді. - Түн ішінде қайда қашады, түсінбеймін.


— Қайда болушы еді, әлгі тапқан қатынына да. Неше күнгі еңбек... мүлдем зая кетті. Бәріміздің аузымызды теріс қаратып, ит қып кетті. Атаңа нәлет-ай!.. Осыдан көзіме көрінсін енді.


* * *


— Әншейінде бәрің мықтысыңдар, - дегенде, дауысынан біртүрлі ауыр реніштің сызы сезілді. - Бәрін істеп тастайтын сияқтысыңдар. Қайда енді сол мықтылықтарың? Жарайды, мені қойшы, мен ашық ауыздық жасаған екенмін, оның соншалықты залым екенін білмей қалған екенмін. Ал сендер ше? Бірге сайрандап, бірге араласып жүрген достарың. Байланысқан, қыдырған әйелдерін сендерден жасырмайды ол.


— Қайдам? - деді Қабылхан ыңғайсыздана иығын көтеріп. - Мені білесің ғой ондайға жоқ екенімді. Былайша айтқанда, ол мені ерткен емес. Бірдемелерді айтатын әйтеуір. Бірақ өзі бөспелеу адам, қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін кім біліпті...


— Рас, сенімен бірге ондай іске бара қоймаған шығар. Өйткені еркек емес деп саған күліп отыратын. Ал, Зәки, бұл мәселеде екеуіңнің ым-жымдарың бір еді ғой. Өтірік деші қане!.. Бір рет екеуіңнің тура үстеріңнен түсіп, ұстап алғанымыз қайда?


Үлкендеу бозғылт көздері бір орнында тоқтамай, ылғи да әрлі-берлі қылпылдап жүгіріп тұратын Зәкидің жауабы да тайғанақтау шықты. Қаншалықты ықылас қойып тыңдасаң да, айтқан уәжінен құлаққа қона кететін белгілі бір мағынаны ұстау қиын. Әлдене деп міңгірлеп ақтала сөйледі.


— Мен сендерге Әлімбекті қайтарып әкеліңдер деп отырған жоқпын. Белгілі болды ғой бәрі. Тек біліп беріңдерші. Сендерден бар сұрайтыным сол-ақ.


— Нені білу керек? - деді Қабылхан жөнді түсініңкіремей.


— Ана алаяқты алып кеткен сайқалды. Қабылхан, сен еске түсірші, кімдерді айтып жүруші еді? Ал, Зәки, шынымды айтайын, сенің білмеймін дегеніңе сенбеймін... Білесің, тек айтқың келмейді.


— Ойбай, жоқ! Оллаһи-біллаһи, міне! - деп, Зәки лып еткізіп, қолымен кеңірдегін осып-осып жіберді. Бір сәт балалық шақты еске салатын баяғы дағдылы ишара.


— Кімге кеткенін білмеймін. Әлімбек басқаларын айтса да, дәл онысын айтқан емес. Оллаһи-біллаһи!


— Сенбеймін,- деді Ақжан тағы да. - Екеуің жастайыңнан бірге жүрсіңдер. Қыздарға да бірге бардыңдар. Талай сырларыңды білем. Сенен ешеңесін жасырмайды. Асқарға айтпас, басқаларға айтпас. Ал, саған … жарайды, Зәки, шаршатпашы мені...


Ақжанның өтінішінсіз-ақ жанашыр жұрттың бәрі жан-жақтан жабыла іздеуде болатын. Бірақ шатақ әңгіме басталғалы бірнеше күн өтсе де, әлі тиянақ болар бір дерек жоқ. Көңілі жарым келіншекті бұл жағдай да одан әрі ашындыра түскен. «Осынша жігіттің ешқайсысына сыр ашпағаны ма?.. Мүмкін емес сияқты. Әлде білмейміз деп бәрі мені алдап жүр ме екен?.. Жоқ, таппай қоймаймын мен оны» дейді өзінен өзі ширығып.


Бұрын «Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып...» дегенді естіп жүрсе де, мән бермейтін. Енді, міне, өзінің басынан кешіп отырғаны - тура сондай жағдай. Күлкі мен ұйқыдан айырылған адамға көздің жасы да үйір келетінін, кеудеге кеулеп кірген күйініштен, нала мен өксіктен құтылу қиын екенін енді ғана сезіп жүр.


Осы аз күннің ішінде айналадағы жұртпен неше мәрте кездесіп, неше мәрте ақылдасты десеңізші. Әркім-ақ Әлімбектің осы қалаға келгелі жүріс-тұрысын, айтқан сөздерін жіпке тізіп, өздерінше талдау жасап көреді. Жұрттың сөзін өзара салыстырып келіп, Ақжанның алдымен ақылдасатын адамы - Бақти.


Соның ақылымен Әлімбек байланысты деген бірер келіншекке астыртын хабар салып көрді. Бірақ іздеген адамы оларда жоқ болып шығады.


— Меніңше, сол әйел алыста емес сияқты, - деді Бақти бір күні. Ойлап-ойлап қарасақ, жақын бір жерде. Әйтпесе екеуін жұрт қалай көрмейді. Оның үстіне...


— Немене, оның үстіне. Өзі күпті көңілді тұмандата бермей айтсаңшы айтатыныңды.


— Есіңде ме, үйден ылғи тапочкасымен шығып кететіні.


— Иә, ылғи сүйреткімен кетеді. Тәпішкесін іле салады. Үйде жүретін киіммен.


Ақжанның өзі де әу дегеннен осы бір түсініксіз әрекет ойландырған екен. Әлімбек қалжыңдасты, көз қадады, тіпті әшейін тіл қатысты деген әйелдерді түгел жіпке тізіп безбендеп көрген. Бірақ басы бос келіншектердің ішінде Әлімбекпен үйлесе кетер, әй, ешкімді байқамапты. Бәлкім, Бақтидың келтірген уәждері дәлелді көрінді ме?


Неге бұлайша бет алды далабасалайтынын өзі де білмейді. Әйтеуір өздері тұрған он жеті қабат биік үйді аралауды өз подъезінен бастады. Әр қабатта үш пәтерден. Бірінші қабатты қоспағанда он алты қабат. Сонда өздерінің пәтерінен өзге (16х3-1=47) қырық жеті пәтерді адақтап шығуы керек. Күдікті сезілген әрбір үйдің алдына тоқтап, қоңырауға қол созады. Есік ашатын адамдар әр түрлі бет-ауыздарын әспеттеген әйелдер, үлкен кісілер, тіпті кейде ерлі-зайыптылар да жүгіріп шығады. Жүгіріп шығады да, әлдене деп міңгірлеп тұрған ақ сұр келіншектің келбетіне күдіктене әрі таңырқай қарайды. Не іздеп жүргені түсініксіз жанның ақыл-есі орнында екеніне күмән келтірер әлдене сезілетін сияқты. Кейде есік қоңырауына іштен жауап беретін -иттердің арпылдай үрген дауыстары.


Артынан аңғарды, есік ашқандардың арасында қазақтар тіпті некен-саяқ.


Қалай болғанда да көк үйдегі көршілердің барлығы мұның қандай шаруамен жүргенін біліп отырмаса, не қылсын. Артынан мұның әлгідей мүсәпір әрекетін күлкіге айналдырып, бір жырғап қалатын шығар. Отбасынан кеткен байды іздеймін деп, ел-жұртқа әбден масқара болдым-ау. Құрысыншы, бәрі өзімен кетсін, мың жерден данышпан болса да, басыма бүйтіп соншалықты не күн туды?.. Жоқ, керек жоқ...!» дейді де, өзін өзі зорлап, кейін қарай қайта бұрылады.


Бірақ үйге келгенмен, байықалап, байыз тауып отыра алсашы. Екі баланың ойында дәнеме жоқ, жер дүниені көшіріп асыр салып ойнап жүр.


Содан бір уақыта сыртқы есіктен қалай шығып кеткенін білмейді.


Бұлар тұратын Алматыдағы 17 қабатты экспериментті үйлердің бірі еді. Астыңғы-үстіңгі көршілерімен ептеп араласатын, кейбірін былайша таниды. Сонда да аяңдап, әрқайсысының есік алдына тоқтап, тың тыңдайды. Қоңырауға қол созған кезде, тағы да сол өзі-өзінен қуыстанып әлек. Дегенмен, батылы жетіп, бір-екі пәтердің иелерін есік ашуға мәжбүр етті. Аузынан шығатыны - сол жалғыз-ақ сөз: «Сіздерге Әлімбек деген жігіт келген жоқ па?..»


Өзінен өзі қорынып, ұяттан қанша өртенсе де, есік сыртында тұрып, тың тыңдаудан бас тарта алмады. Ақыры сөйте-сөйте, бірнеше қабат төмен түсіп те кеткен.


Кенет... Құндыз бөркін қолына алып, демін ішіне тартқан күйі қатты да қалды. Нәзік жанды әйел адамға үйлеспейтін оспадар қимылмен құлағын шұқыды. Өзіне өзі есеп беріп жататын уақыт па? Өйткені осы құлақ шіркіннің естіп тұрғаны... былайша айтқанда, есіктің ар жағынан дабырлай жеткен дауыс... өте таныс, тіпті көңілінде әбден жаттанды болып кеткен үн. «Мүмкін емес, - деді Ақжан өзінен өзі ышқына сыбырлап. - Апырым-ай, мынау шынымен де... Иә, соның өзі. Мына жарқын дауыс тек соныкі...»


Ә дегенде-ақ басына келген ой-баспалдақпен құлдилай жүгіріп, тұра қашу еді. Лып етіп төмен қарай бір-екі қадам барып та қалған. Онан кейін өзін өзі қолға алып, ес тоқтатты. Тәуекелге белін мықтап тұрып буған.


Үйге екпіндей кіріп келгенде, әуелгі көргені - екі қолына екі шағын тәрелке ұстап алып, жүгіріп жүрген Әлімбек болды. Өзі алдына қысқалау алжапқыш байлап алыпты. Жағасы жайлау, төсі қыстау, тіпті еркін. Екі езуі екі құлағында. Есіктен кіріп келген адамды көріп, жалт бұрылды. Әуелі ол да жөнді ештеңе түсінбей қалған сияқты. Ұзын кірпіктері жыпылықтап, кілт тоқтаған. «Батырға да жан керек» деген осы-ау, сасып қалғаны сонша - қолындағы тәрелкенің бірі қалбалақтап барып ұшты да кетті.


Осындай алас-қапас сәтте Ақжанның келесі көз тоқтатқаны - есік ашқан адам. Орта бойлы, талдырмаш келген әйел. Ұзын шашын желкесінен бір буып салбыратып жіберген түр-тұлғасы жинақы келіншектің сұр жасыл түсті қой көздері алақандай екен. Қымсынуды білмейтін қылыштай өткір көзқарас.


Иә, анда-санда лифтіде немесе аулада кездесіп қап жүретін таныс көршілердің бірі. Әлімбектің өзіне қарағанда әлдеқайда ересек әйел. Демек... бұл емес. Осы үйдегі басқа біреу.


«Сасқан үйрек артымен жүзеді» демей ме халық. Әлімбекті көріп, алғашында есі шығып кеткен Ақжан бір басып, екі басып, ілгері жүре берді. Бір-біріне қатынаспайтын үш бөлмелі, жиһазды да жайлы пәтер екен. Ішінде қандай заттар тұрғанын аңғаратын шама қайда, екі самайы қысып, көз алды қарауытып кеткен.


Іздеп жүргені - әлгі басқа біреу. Жасырынып қалса, өзі білсін, әйтеуір үйдегі мына екеуінен басқа бейсауат жан көзіне түсе қоймады.


— Әй, бұл не? Мынауың не жүріс? - деп шаңқ ете түскен ащы дауыс өзінікі болуы керек. - Қане, қайт жаныңның барында!


Одан ары не болғаны есінде шала-шарпы ғана қалыпты.


Әйтеуір Әлімбектің дәл қасына жетіп барып, көкейінде жинақталып жүрген небір ауыр cөздерді қарша боратқан сияқты. Тепсініп тұрып, күш көрсеткен болуы да мүмкін. Әлімбек екі қолын ербеңдетіп, ебедейсіз қорғанған тәрізді. Атан жілік азамат соншалықты неден үркіп, неден қорғанып жүр, о жағына да назар аудармапты. Кейін ойласа, күйеуіне қол жұмсаған. Еркектің талмау жерінен дәлдеп тұрып тепкен. Жаңағы әйел шырылдап арашаға түскен. Жылдамдата сөйлеп, сабырға шақырған:


— Ақырын, абайлаңыз, Ақжан. Қатты жұлқынбаңызшы, ана хрустальды құлатып аларсыз. Мә, мына салқын суды ішіп жіберіңіз... Түсінем, түсінем жағдайыңызды. Оңай емес, әрине. Адам өмірінің өте бір қиын сәті ғой. Бірақ енді осылай болып қалғаннан кейін амал не?.. Бәрімізге де ауыр. Егер түсіне білсек, бұл жағдай сен екеумізден гөрі Әлімбекке үлкен соққы болып тұр.


Асты-үстіне түсіп зыр жүгіріп жүріп әйел жылдамдатып сөйлеп жатыр. Жылдам сөйлесе де, сабырлы, нәзік үн. Ақжан сәлден кейін ес жиып, өз-өзіне келейін деді. Әлгі нәзік үнде адамды жуасытатын бір тылсым құдірет бар сияқты.


— Енді солай болды. Біз екеумізді кешіріңіз, - дейді әйел кішірейе түсіп, бәйек болып. Түкке түсінсе, бұйырмасын. Мына мүләйім пішінді әйел не деп мыңқылдап тұр өзі? «Біз екеумізі» несі? Қашып кеткен күйеуінің мына көлденең әйелге қандай қатысы бар? Оның өле ғашық болып, тығылған адамы ең кем дегенде Ақжанның өзі құралпас, әйтпесе одан әлдеқайда жас болуы тиіс қой. Өйткені ерлі-зайыптылар ажырасуының жазылмаған өз заңдылығы бар емес пе? Әдетте еркек бұзылған кезде бұрынғы әйелінен жас, бұрынғы әйелінен көрікті, бұрынғы әйелінен гөрі ақылды жанға қарай ұмтылмай ма? Демек, Әлімбектің Ақжандай әжептәуір сүйкімді келіншегін, үріп ауызға салғандай екі баласын тастап, дүниенің үзірінен баз кешіп жүрген адамы - әлдеқайда асқақ, екінің бірінің қолы жете бермейтін әзиз жан болуы тиіс. Оған күмән жоқ.


Ендеше мына бір көлденең әйелдің «Біз екеуіміз» деп бүйректен сирақ шығарып, қайдағыны пышпырақтатып, сипалақтатып тұрғаны несі? Негізгі күнәһар жанды жасырып, алғашқы ашудың тасқынын әдейі өзі қабылдап тұрмасын.


— Кешіріңіз, апай, - деді Ақжан бейтаныс жанды басқаша қалай атаудың лажын таппай. - Әлімбектің бұл үйге кімге келгенін айтыңызшы. Түсінбей қалдыңыз ба, Әлімбек кімге үйленбек? Егер білсеңіз, айтыңызшы. Құдай үшін жалындырмаңызшы тек...


Енді қараса, жаңағы әйел бойын тіктеп, лезде байсалды пішінге кіріп үлгеріпті. Әлімбектің қасына тұрып алып, қонақ келіншекке батылдана көз салды.


— Мен шақырғамын жоқ. Өзі келді. Солай ғой, Әлім? - деп, дәл жанындағы жігітке аса бір ілтипатпен үзіле қараған. - Әне, көрдіңіз ғой, басын изеді. Ендеше менің түк жазығым жоқ, Ақжан. Алып кетем десең, күйеуің - мінеки. Аяқ астынан тағдыр қосып осылай болып қалдық. Енді қайт дейсің маған?!


Одан әрі не болғанын білмейді. Әсем жиһазды үй іші көз алдында бұлдырап, қанкөбелек ойнай жөнелді. Екі аяғы денеге тірек болудан қалған. Буындары дірілдеп, диванға сылқ етіп отыра кетті.


Құлағына лекіп келіп жатқан - жаңағы әрі жайбарақат әрі жағымды әйел даусы:


— Рас бұған дейін де еркектен құр алақан қалған жоқпын. Болды талайы менде. Бәрін қуып жіберіп отырдым. Менің тегеуірініме шыдамай, тайып тұратын. Бірақ, каким-то образом, мына еркек кетпей қойды. Қанша қусам да, кетпеді. Енді қайт дейсің маған, Ақжан?


...Мына хабар естіген жұрттың төбесінен жай түсіргендей болды. «Әлімбек үйінен кетіп қалыпты» дегенді естіп, жағаларын ұстаған жұрт келесі жаңалық құлақтарына тиген сәтте екінші жағаларын тағы ұстады. Барлығы да сенер-сенбес, айран-асыр халде. Қаладағы таныс атаулыны аралап, сыпсаңдай жүгірген көп сауалдың ең бастысы жалғыз-ақ: «Кім екен ол?.. А, кім екен?..»


Иә, бұған дейін сан-саққа жүгіріп келген әңгіме енді осынау аса маңызды мәселенің төңірегіне ойысты. Айрандай ұйып отырған отбасын бүлдіріп, Ақжандай ажарлы да ақылды келіншектен күйеуін ажыратып алуға құдіреті жеткен ол не қылған керемет жан? Аты-жөнін айтқысы келмей, Әлімбектің соншалықты жасыруына себеп болған нендей жайт? Бұл жөніндегі алып-қашпа әңгіме де тіпті ешқандай да саябырсыр емес.


Міне, жұрттың көккейіне күлбілтеленіп келіп, тіреліп қалған сан алуан сауалдардың ең бастысылары - осылар. Бірақ Әлімбектің әнеукүннен бергі құпия мекен-жайы әшкереленіп қалғаннан кейін жауап іздеп, жанталасудың да қажеті болмай қалды. Өйткені ол әйелдің аты-жөні қала халқына жақсы таныс еді.


Жұрт аузынан жинастырылған әңгімелерге қарағанда, оның қысқаша өмірбаяны мынадай.


Қазақтардың басым көпшілігі сияқты басқа жақтан қоныс аударып, тентіремеген, шыр етіп өмірге келген жері осы өлкенің өз топырағы, Алматы түбіндегі кенттердің бірі екен. Төрт құбыласы түгел жетілген текті әулеттен шығыпты. Туыстарынң ешқайсысы бетіне келіп, «әу» демейтін бұла бойжеткен болып өскен. Педагогтік тілмен айтқанда, толық білім алған. Жастайынан-ақ жоғары қызметтердің жалына жармасып, талай лауазымды шаруаларды дөңгелетіп үлгерген, яғни, қаладағы партия, Совет жұмыстарында жүріп, билеп-төстеп үйренудің үлгілі мектебінен өткен. Әр түрлі жағдайға байланысты еркін қоғамдық жұмысқа ауысуы кейінгі жылдары ғана. Сөздің қысқасы, ел үстінде, іс басында жүретін аз ғана басшы әйелдің біреуі.


Әлімбектің жанталаса құпиялап жүруінің себебі де оның сол атақты әйелмен шырмалысып қалғанын жұртқа білдірмеудің амалы көрінеді. Енді «Әшкере болған ісім бар» деуден басқа лажы қалды ма екен?


Таныстарды тарай қуалап, гулеген сөз осы жерге келгенде, оны жеткізуші адам әңгімені әдемілеп бір түйіп тастайды. Одан ары Әлімбек қашып барып, паналаған жанның жеке басына қатысты тіршілігі жан-жақты талқылауға түседі. Күйеу мәселесіне келгенде, ерте бастан-ақ қам жасап, тұрмысқа жастайынан шығып үлгіріпті. Ондай талпыныстың нәтижесі де жаман емес, қатарлары енді кімнің етегінен ұстаймыз деп әрі-сәрі боп жүрген уақытта ол балалы-шағалы от анасына айналған. Бірінен кейін бірі өсіп келе жатқан үйелмелі-сүйелмелі ұл мен қыз сол тіршілігінің жемісі емес пе?


Ал, сонымен бірге «Бұнысы қалай?» дейтін дүдәмал сауалдың дүмпуі де жаңғыра тараған. Жаңалық ретінде жалаулата таратып әкетуге ыңғайсыз-ақ, бірақ мынадай тосын оқиғаның үстінде жасырып-жауып қалуға тағы болмайды. Қайта айту керек. Өйткені Әлімбекті ойландыруға тиісті мәселенің нағыз өзі сол.


Оқырман көкейінде де «Ол не екен?» деген сауалдың айдынданып шыға келгені сөзсіз. Сондықтан көңілді күпті қылмай, бұл жағдайды да жария қылудан басқа амал жоқ еді, Әзизгүл (Әлімбектің қазіргі әйелі) осыған дейін де бірнеше күйеуге тиіп үлгірген жан екен.


...Ойрандалып қалған отбасында күнде кешкісін адам. Бұл шаңырақтан топырлаған кісі бұрын да үзілмейтін. Ендігі кісі қарамы мен құрамы бұрынғыдан басқашалау, көбінесе әйелдер. Еркектерден төбе көрсетіп қоятын Зәки мен Қабылхан ғана. Сүйеніш көріп жүрген Мәдіхат ағайдың өзі алыстан орағытып, қарасын батыруға айналды.


— Ағай қайда? - деген Ақжанның сұрағына сол үйдегі жеңгей бір-екі рет тайғанақтай, жалтара жауап беріп жүрді де, артынан:


— Інісінің оспадарсыз қылығынан қысылады, - деп жауап берді. Оның сөзін іліп әкеткен тағы бір келіншек, шамасы, көршілердің бірі:


— Бұл оспадарсыздық емес, - деді жұлып алғандай қылып.


— Ал сонда бұл немене оспадарсыздық емегенде, енді не? Барып тұрған оспадарсыздық. Тұп-тура солай деп айту керек. Мен басқаны білмеймін.


— Сіз өйтіп жұқалап, мәймөңкелемеңіз. Қайныңыздың істеп жүргені бар ғой, оның істеп жүргені... - барып тұрған оңбағандық. Арсыздық, ұятсыздық если на то пошло. «Оспадарсыздық» дейді ғой енді маған келіп... Құйқылжытуын қарашы.


Қаны қайнап отырған келіншек енді болмағанда жеңгейді түтіп жеудің аз-ақ алдында. Өзі үшін жанашырлық білдіріп келіп отырса да, бұл екеуінің шайпауласып қалғанына Ақжанның немқұрайлы қарауы таңданарлық еді. Сынық өңінде «Бірің өліп, бірің қал, маған енді бәрібір» деген сыңай байқалады.


Шаңырағына ашық күні жай түсіп, жан дүниесі алай-түлей болып жүрген момақандау келіншектің бұл күндердегі жағдайы тәптіштеп түсіндірмесе де белгілі еді. Шақшадай басы ғана шарадай болып тұрған жоқ, ішкі әлемі де ат тепкендей мең-зең. Бір сөзбен айтқанда, не істеп, қойғанын бірде біліп, бірде біле алмай қалатын сияқты.


— Әй, қыздар, - деді жаңағы тұтанып кете жаздаған ұрыстың арты саябырлай бергенде, жеңгей отырған әйелдерге сыбырлай сөйлеп. Ақжанның ас үйдің қарбаласымен жүрген сәтін пайдаланып қалғысы келген сияқты. - Мына Ақжанға ес болып жүріңдерші. Мәңгіріп қалғанын байқадыңдар ма? Бұл байғұс өстіп жүре берсе, ойсоқты ауру болып қалуы да мүмкін ғой. Сөйлесіп, оны-пұныны айта беру керек.


Айтылып жатқан көп ақылдың ішінен Бақтидың миына қона кеткені осы сөз болды. Сөзге үйірлігі жоқ болса да, қисыны келсін-келмесін Ақжанды сөзге тарта беруге ынталы.


Подьезде жарыса жұмыс істеп тұрған екі лифтінің бірі Ақжандардың, екіншісі болмай қалғыр Әзизгүлдің қабатына тоқтап өтетін. Сондықтан бұлардың бір біріне көру мүмкіндігі тым сирек еді. Соған қарамастан, Ақжанның іштей қорқып жүрген сәті ақыры жарық ете қалды.


Күндердің күнінде тура алдынан шыға келгені. Басқа ешкім емес, соның нақ өзі. Абырой болғанда жанында жаңадан иемденген жас күйеуі жоқ, жалғыз екен. Қолының қары талып екі сөмкені мықшия көтеріп келе жатқан Ақжан бейне бір кінәлы жан өзі секілді қатты сасып қалды. Абыржып қалғаны сондай - бетінің қан-сөлі кетіп, бақшаға ербитіп қоятын қарақшыдай қақайып тұрды да қалды. Әзизгүл де мұны дереу таныған. Таныды да, әншілерге тән болып келетін бір сыңғырлаған биязы үнмен кідірместен, тоқтаусыз сөйлей жөнелді:


— Сәлеметсің бе, Ақжан? Жағдайын қалай? Сен маған әлі ренжіп жүрсің бе? Мен сол Әлімбекке жабысып қалғамын жоқ. Өткенде де айттым, қазір де айтам, қусам да, жабысып кетпей қойған өзі. Алып кетем десем, міне, қазір-ақ алып кет. Пожалыста, әйелсің ғой, түсінем жағдайыңды. Оңай тиіп отырған жоқ саған да... - деген мазмұндағы біраз сөздің басын қайырып барып, екпіндей тежелді. Дұшпанының ұзақсонар әңгімесін тапжылмастан, төзіммен тыңдап тұру қайдан оңай соғушы еді? Мелшиген қалпы қоштаспастан лифтіге қалай кіріп кеткенін Ақжан өзі де шамалай алған жоқ.


Бір кезде қараса, кілтін шылдырлатып, пәтерінің есігін ашқалы талпынып жатыр екен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу