Әңгімелер ✍️
Тамұқтағы таң
Екі бөлімді қаһармандық драма
ҚАТЫСУШЫЛАP
Қайсар Алтаев — тұтқын қазақ.
Самар Садақбаев — партизан қырғыз.
Ойран Сұлтанов — тұтқын өзбек.
Микола Тарасович Данко — Жұмысшы.
Сюзанна — француз қызы.
Ней — француз армиясының генералы.
Нагель — неміс офицері.
Яльмар — неміс солдаты.
Тұтқындар, немістер.
Оқиға 1943 жылы Оңтүстік Францияда болады.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Пролог
Ауыр ыңырсып қинала айналып тұрған глобус соғыс өртінің Құшағында жатқан жер шарын бейнелейді. Аспан құша лапылдап сол жалынның ішінен бомбалар гүрсілдеп, зеңбіректер күркілдеп, адамзат алуан тілде үн қатады. Бәрінің де айтары бір ғана сөз:
— Құтқарыңдар Құтқарыңдар! Құтқарыңдар!
Перде ашылғанда көреріміз: көк дүниені шеңгелдеп бүріп жатқандай көрінетін темір тікенді дажал бұғаулар. Сол дажал бұғаудың құрсауының ішінде екі-үштен әр жерде біріне-бірі сүйеніп тірі өлік — тұтқындар жатыр. Олардың жүректегі зарын музыка зарлатады, өздері үнсіз, қимылсыз.
Алыстан Сюзаннаның дауысы естіледі.
Сюзаннаның дауысы. Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Маймылға операция жасай алатын кімдеріңіз бар? Маймылға операция жасай алатын кімдеріңіз бар? Тұтқын мырзалар. Большевик мырзалар. Айтыңыздар, Маймылға операция жасай алатын кімдеріңіз бар?
1-тұтқын. Ана бір салдақының бізді «мырзалар» деп келемеждеуін-ай, ә!
Ойран. Тоқташы, өзі бірдеңені айтыңдар деп келеді.
1-тұтқын. Ей, лағнаттар, адамды мұнша неге қорлайсыңдар?! Тым болмаса, сол маймылдан ұялсаңдаршы, ұятсыздар.
Қайсар (ойлана сөйлеп). Тоқтаңдаршы. Сол қыздың жүрегі мұнша неге жылайды?
Ойран. Мұндай жыласты көрсемші.
Қайсар (сыртқа дауыстайды). Ау, бикеш, іздегеніңіз мен болармын, бері келіңіз.
1-тұтқын. Естіген жоқ.
Ойран. Бауырым-ау, жындандың ба? Не деп отырсың?
Қайсар. Сақтан! Менің жыным сенің мынау бұғауыңды талқандап кетпесін. (Күбірлеп.) Ездерше езіле бермей, ерлерше ерлен, жігерлен!
Ойран. Сенің ерлігің осы ма? Осындай ит қорлыққа көну ме?
Қайсар. Иә, мен дәл осы қорлыққа көнемін, көку ғана емес, қуанамын.
Сюзанна келе жатыр.
Сюзанна. Тұтқын мырзалар! Большевик мырзалар! Маймылға операция жасай алатын кімдеріңіз бар? Білсеңіздер айтыңыздар. Маймылға операция жасай алатын кімдеріңіз бар? (Ол соны айтып өте береді.)
Қайсар. Мен бармын.
Сюзанна (тоқтай қалып көзілдірігін алады да, ұзақ қадалады). Сіз бе?
Қайсаp. Иә, менмін.
Сюзанна. Сіз маймылдың табиғатын тани білуші ме едіңіз?
Қайсар. Табиғатын білмесем де, операция жасай білемін.
Сюзанна. Атыңыз кім?
Қайсар. Қайсар.
Сюзанна. Атыңыз Қайсар, әкеңіздің аты?
Қайсар. Алтай.
Сюзанна. Әкеңіздің аты Алтай, ұлтыңыз?
Қайсар. Қазақпын.
Сюзанна. Ұлтыңыз қазақ. Бәрі де енді белгілі. Өзіңіздің ақылы ашығып, жаны ашынған бейбақ екеніңіз де белгілі болды. Тек өзімнің сізді не деп атарым белгісіз.
Қайсар. Маймыл деп атасаңыз да еріктісіз.
Сюзанна. «Маймылдың дәрігері мырза» деп атасам қалай көресіз?
Қайсар. Еркіңіз.
Ойран. Жоқ, олай деуге ерікті емессіз. Өйткені біздер мырзалар емеспіз.
Сюзанна. Мүмкін, сіз өзіңізді «жолдас» деуімді күтетін шығарсыз.
Ойран. «Жолдас» дегіңіз келмесе «азамат» деңіз, тек «мырза» демесеңіз болды.
Сюзанна. Мен сіздерді не үшін «азамат» деп ардақтамақпын?
Қайсар. Сізден ардақтауды күткен кім бар?
Ойран (ашулы). Сіздерше, біздер кімбіз осы?
Сюзанна. Оны өзіңіздің ұжданыңыздан сұраңыз. (Қайсарға қарап.) Мен мұнда қаламыздың коменданты, неміс армиясының капитаны Нагель мырзаның бұйрығы бойына келдім.
Қайсар. Хош келдіңіз, құшағымыз ашық.
Сюзанна. Капитан мырзаның саптан шыққан генерал әкесі бар. Сол қарт генерал соғыстан ақауланған көзін менің әкеме емдетіп алып, жаралы Францияны аралап қайту үшін сонау Германиядан осында келіпті.
Ойран. Сүйіктім, сөзіңізді бөлгеніме ғафу етіңіз де, бір сұрауыма жауап беріңізші. Біздер дүниенің қай босағасында жатырмыз осы?
Сюзанна. Сіздер Оңтүстік Францияның Испаниямен шектес шетінде, Кармо дейтін қаланың іргесіндегі лагерьде жатырсыздар.
Ойран. Францияның оңтүстік шетінде!.. Құдай екен біздерді тәуір-ақ домалатқан екен, ә?
Сюзанна (сөзін қайта жалғап). Қартайғандықтан болар, немістің генералының бүкіл Франциядан қалағаны бір мешін болыпты.
Қайсар. Мешін деген не?
Сюзанна. Маймылды сіздер солай атамайсыздар ма?
Қайсар. Оны сіз қайдан білесіз?
Сюзанна. Қолдарыңызға тұтқын болып түсе қалсам, сол кезде тергерсіз, әзірше мені тыңдаңыз.
Қайсар. Тыңдап отырмын.
Сюзанна. Сізге айтар бір ғана қуанышым: сіз операция жасайтын маймыл онша сүйкімсіз емес, маймылдардың шимпанзе нәсілінен шыққан ең сұлуы.
Қайсар. Ол бір үлкен қуаныш екен. Ал, генералдың ол сұлуына мен не істей аламын?
Сюзанна. Зор мәртебелі генерал мырза өзінің сол сұлуын бүгін аңда жүріп, қапылыс жаралап алыпты. Генералдың адасып тиген оғы — маймылдың кеудесінде тұр. Сізге берілетін бұйрық — қалайда сол оқты аласыз.
Қайсар. Ол үшін мен не аламын?
Сюзанна. Ол үшін сіз бостандық аласыз.
Қайсар (қуанышты). Бостандық! (Осы бір сөз бүкіл лагерьді кезіп көпке дейін басылмайды.)
Дауыстар. Бостандық... бостандық...
Қайсар. Нендей?
Сюзанна. күніне бір мезгіл қаланы аралайсыз, қыздардың жүрегін аймалайсыз. Қысқасы, күніне екі сағат не істесеңіз де еріктісіз. Есіңізде болсын, мен сізге генералдың сөзін айтып тұрмын.
Қайсар. Егер мен ол маймылды өлтіріп алсам нені аймалауға еріктімін?
Сюзанна. Онда тірідей кескіленесіз, бірақ өлтірмейсіз. Тек, екі аяғыңыз тізесінен, екі қолыңыз шынтағынан ғана кесіледі.
Қайсар. Ал егер, операция жасаудан бас тартсам...
Сюзанна. Онда жыртқыш болып үйретілген жеті маймылмен бірге бір темір тордың ішінде өмір сүресіз.
Қайсар (сәл ойланып). Тағдырымның ендігі тартар сыйы маймылдың мазағы ету болса амалым не, оған да көнемін.
Ойран (оны құшақтай алады). Қайсар әке, жан бауырым! Өтінемін, өлімге көнсең де, мына қорлыққа көнбеші. Бармашы, бауырым.
Қайсар. Біздер үшін елім мен өмірдің айырмасы аз, бауырым. (Айнала көз тастап.) Қош болыңдар, бауырлар! Аман-есен жеткендерің елге сәлем айтыңдар. Отан үшін туған Қайсарды маймыл үшін өлді деңдер. (Сюзаннаға қарай.) Ал, бикеш! Тамұқтың қай көмейіне апарып тастасаңыз да әзірмін, бастаңыз. (Сюзанна бастап кете береді. Қайсар оның соңынан ереді. Мұңды музыка аңырай түседі.)
Тұтқындар. Қош, бауырым Қайсар! Қайсар... Қош... қош.
Осы дауысты қайталаған дауыстар бүкіл лагерьді күңірендіреді.
Шымылдық
Бірінші сурет
Ауыр ыңырсып, қинала айналып тұрған жер шары жалын құшағында. Сол лапылдаған жалынның ішінде біріне-бірі телміре қадалып тұрған Қайсар мен Сюзаннаның көздері ғана көрінеді. Бомбалар гүрсілдеп, зеңбіректер күркілдеп, адамзат алуан тілде үн қатады. Бәрінің де айтары манағы бір сөз:
— Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! Қайсар мен Сюзанна мұның ешқайсысын елер емес. Лапылдаған жалынды көрдей қара түн басты. Сахна тас қараңғы. Екі пистолеттен берілген сәуле сол екеуінің бетіне ғана түседі. Екеуі біріне-бірі әлі телміруде. Қайсардың көзінде үлкен сұрау бар.
Қайсар. Міне, мен немістердің қолына осылай түстім,
Сюзанна (ақырын күрсіне күбірлейді). Неткен дажал едіңіз.
Қайсар. Дажал?
Сюзанна. Кешіріңіз, өзін сүйген қызды сүйе тұрып атқан сіздей адамды басқаша не деп атарымды білмедім.
Қайсар. Егерде екеу ара қалған жалғыз оқты өзі ме жұмсап, сондай аяулы қызды немістердің қорлауына берсем не дер едіңіз?
Сюзанна. Бұл — менің ешбір елдің тарихынан оқымаған кереметім, сол себептен не дейтінімді де білмеймін.
Қайсар. Иә, білмейсіз. Сондықтан да сіздің жаңағы сөзіңіз менің ызалы күлкімді ғана келтіреді.
Сюзанна. Сіздің күлкіңіз келсе, менің жылағым келіп тұр, Егер сіздің қорлығыңыздан өлген сол орыс қызының өлімі жүрегімді бұлай теңселтерін білсем, немістердің қолына қалай түскеніңізді сұрамайтын едім.
Қайсар. Сізге мұндай әсер етерін білсем, қолға қалай түскенімді мен де айтпайтын едім. (Екеуі бірінің көзінен бірі әлденені оқып тұрғандай тағы да қадала түседі.)
Қайсар өзіне. Айтсам ба екен арманымды? Жоқ, мұндайларға сенуге болмайды.
Сахнаның жан-жағынан, алыстан да, жақыннан да «Хаиль Гитлер, Хаиль Гитлер!»—деген немістердің барқылы, иттердің арсылы естіледі. Сол бір сұмпайы үн жақындаған сайын Қайсар мен Сюзанна бірінен бірі көз алмастан шегініп ақырын алыстай береді. Екпіндей басып Нагель кіріп келеді.
Нагель. Хаиль!
Сюзанна. Хаиль.
Нагель (Қайсарға қарап). Қалай, әкемнің мен орындай алмаған бұйрығын сіз орындағансыз ба?
Сюзанна. Менің орындағаным — сіздің бұйрығыңыз. Өйткені лагерьге барып, маймылға операция жасай алатын дәрігер іздеуді бұйырған сіз.
Нагель (Қайсардан көз алмастан). Сондағы тап, қаныңыз мынау... әлгі... қалай еді аты? Қазақ... қазақ... Білем, білем мен олардың нендей халық екенін. Бұл қазақ менің кім екенімді біле ме?
Сюзанна. Білмейтін болар.
Нагель. Білмесе білдіріңіз! Менің мұны лагерьден мұнда не үшін алдырғанымды айтыңыз.
Сюзанна (Қайсарға). Тұтқын мырза, танып алыңыз! Бұл отырған ұлы Германияның жеңімпаз армиясының капитаны, қаламыздың коменданты Нагель мырза.
Қайсар. Танып тұрмын. (Нагель үн қатпастан қолындағы рентген пленкасын стол үстіне тастайды.)
Сюзанна. Капитан мырзамен танысып болсаңыз, енді маймыл мырзаның жарасымен танысыңыз. Зор мәртебелі генерал мырзаның адасып тиген оғы маймыл мырзаның кеудесінде тұр, міне қараңыз. (Пленканы Қайсарға береді.) Мынау сол жаралы кеуденің пленкасы, жақсылап қараңыз...
Қайсар. Мен операция жасауға әзірмін, тек бақылаушым генералдың өзі болсын да, көмекшім сіз болыңыз.
Сюзанна. Егер маймылды өлтіріп алсаңыз — үкіміңізді айтатын да генералдың өзі.
Қайсар. Ол үкімді орындаушы да сіз болғайсыз. (Оның айтқандарын Сюзанна капитанға күбірлеп отырады.)
Сюзанна. Ол үкімді мен орындайтын болсам, сіздің қол-аяғыңызды кескілеп қолымды былғамаспын жүрегіңізді тірідей суырып алармын.
Қайсаp. Өтінемін, суырыңыз. Тек жүрегімді суырмастан бұрын жауыздық пен махаббаттың не екенін бір ойлап алыңыз.
Сюзанна. Жауыздық пен махаббатты?
Қайсар. Иә, әсіресе махаббатты?
Нагель. Ей, адамзаттың азған дүниесі! Мұнан да сен неге маймылдар дүниесі болмайсың?
Сюзанна. Сіз тілемесеңіз де адамзат өзінің сол арғы тегіне қайта оралып, маймылдардың мәдениетті түріне айналып келеді ғой, оның несіне асығасыз?
Нагель. Бұл не? Орыстардың шошқасын бағып, машинасын айдаудан басқаны білмейтін қазақтар ма неміс генералының маймылына операция жасайтын. О, дүние, дүние! Мұнан да сен тезірек жесір қатындардың дүниесі болсаңшы.
Сюзанна (әзілмен). Онда қайтер едіңіз, соның бәріне бір өзіңіз бай болар ма едіңіз?
Нагель. Қатындардың еркектерді аңсай құтырғанын көрер едім де, шаттанар едім.
Сюзанна. Шаттығыңыз тым қорқынышты екен.
Нагель. Қорықпаңыз. Сіздей сұлулар ол дүниеде де жесір болмайды. Еркектің бүгін бірінен айрылса, ертең екеуін тауып алады. Бұл әңгіме осымен бітсін, сіз мына дәрігердің бізге не үшін, қалай берілгенін айтқызыңыз да, маған жазып беріп отырыңыз.
Сюзанна (Қайсарға). Капитан мырза сіздің немістерге қалай берілгеніңізді білгісі келеді.
Қайсар. Мен берілгенім жоқ қапыда қолға түстім.
Сюзанна. Капитан мырза сіздің ерлігіңізді естуге Құштар емес. Сіздің соғыс басталған күні қалай жараланып, жаралы екі айда қайда өткізгеніңіздің де қажеті жоқ. Өзіңізді ажалдан алып қалған орыс қызын не үшін атқаныңызды ғана білгісі келеді.
Қайсар. Ол қызды бұл қайдан біледі?
Сюзанна. Менің білгенім — оның білгені, айта беріңіз.
Қайсар. Мен оны сізге айтып «жыртқыш» аталдым ғой, енді несіне қайталаймын?
Сюзанна. Мен сол қыздың өлімін жүрегіме сақтағым келеді. Сол үшін айтасыз.
Қайсар. Сақтаңыз, ондай адамдарды мәңгі сақтаңыз. Мен сол қыз үшін он тоғыз ай бойы минут сайын өлудемін, бірақ ол үшін өкінбейім. Мырзаңызға соны айтсаңыз да болады. (Сюзанна оның айтқандарын жазып Нагельге беріп үлгіреді.)
Нагель. Сөзінің бірде-біріне сенгенім жоқ, операцияны сонда да жасатамын. Дәрігерлігіне көзімді жеткізу үшін бірнеше аурудың рецептерін жазатын болсын.
Сюзанна (шеткі бір столды нұсқап). Мұнда отырыңыз да, ең қауіпті аурулардың рецептін жазыңыз. (Қалам мен қағаз береді. Қайсар жаза бастайды. Яльмар кіріп келеді.)
Нагель (оған зілдене қарап). Немене?
Яльмар. Әкеңіз шақырады.
Нагель (Сюзаннаға). Тездетіңіз. (Яльмар екеуі кетеді.)
Сюзанна. Дәрігер мырза, кешіріңіз, сіздің жаңағы сөздеріңіз; неміс капитанына түгел жеткізе алмадым.
Қайсар. Неге?
Сюзанна. Неге екенін өзім де білмеймін, сіздің сол әңгімеңізді тек өзім ғана тыңдағым келеді.
Қайсар. Сақтаныңыз. Мүмкін, мен сізді де сол орыс қызыңдай көріп кетермін.
Сюзанна. Сақтанбасам да қорқынышты емессіз, өйткені сіз қазір махаббатты атқылайтын оғы жоқ тұтқынсыз.
Қайсар. А, сіз оқтан ғана қорқатын ба едіңіз?
Сюзанна. Сөзді қойыңыз да, жазыңыз. (Қайсар онан көз алмайды.) Менің көзіме емес, қағазға жазыңыз.
Қайсар. Мен оба мен рактан басқаның рецептін жаздым.
Сюзанна. Ол екеуін неге аядыңыз?
Қайсар. Өзімді аямаған өмірді менің де аяғым келмеді.
Сюзанна. Неткен мейірімді жан едіңіз?
Қайсар. Тағы да қандай кекесініңіз бар?
Сюзанна (Күрсіне сөйлеп). Кекесін емес, тілегім. Тамұқтағылар да бір-біріне ғашық болатын көрінеді, сондай ессіздікке нендей ем керек екенін жазыңызшы.
Қайсар. Сіз не үшін күрсінесіз?
Сюзанна (ұзақ қадалып). Сіз үшін.
Қайсар. Мен тұтқынмын, бірақ сізден бақыттымын. Егер де сіз күрсінетін болсаңыз — сол үшін көбірек күрсінгейсіз.
Сюзанна (жұмбақ жұмыспен). Сіз не айтып тұрсыз?
Қайсар. Мен мұнда маймылыңыздың жарасын жазып, мырзаңыздың табанын жалау үшін емес, сізді ертеңгі бақытсыздықтан бүгін құтқару үшін келдім.
Сюзанна. Сіз бе мені құтқаратын?
Қайсар. Иә, менмін. Өйткені мен адаммын. Егерде адамдық борышымды өтемесем — ертең ұрпақтарымның бетіне қалай қараймын?
Сюзанна. Сіз жұмбақ айтып кеттіңіз ғой.
Қайсар (күрсіне сөйлеп). Иә, ол — өмір мен өлімнің жұмбағы, оны да біліп алғайсыз.
Сюзанна. Түсіне алмадым, тым болмаса не үшін күрсінгеніңізді ашық айтыңызшы. (Екеуі біріне-бірі үнсіз қадалады, екеуінің де көзінде үлкен сұрау бар.)
Қайсар (өзіне күбірлейді.) Не істесем екен? Ендігі қалған жалғыз арманым — француз партизандарына бір жету екенін осы қызға айтсам ба екен?
Сюзанна (өзіне). Тілсіз түсінісу қандай қиын еді? (Яльмар кіріп келеді. Сюзанна оны елемей.) Мен сізден соңғы сұрауымның жауабын күтіп тұрмын.
Яльмар (оны елемей, Қайсарды автоматымен нұқылап). Ал мына шашылып жатқан шатпақтарыңды, сал мына тесік қалтаңа, түс менің алдыма.
Қайсар жазған рецептерін қалтасына салып, есікке беттей бере тоқтап Сюзаннаға қарайды.
Қайсар. Мен сіз үшін күрсінемін. (Кетеді, бірақ оның соңғы сөзі Сюзаннаның құлағынан кетпейді.) Мен сіз үшін күрсінемін... Мен сіз үшін күрсінемін...
Сюзанна. Неге? Ол, осы сөзді не үшін айтты? (Сахна сыртынан маймылдың шыңғырғаны естіледі. Сюзанна селк етіп.) Операция басталды, ол маймыл үшін өлетін болды-ay. (Жүгіріп кетеді. Сахнада Қайсар дауысы ғана.)
Қайсaрдың дауысы: Мен сіз үшін күрсінемін. Мен сіз үшін күрсінемін... (Сол сөзден құлағын ала алмай аласұрып Сюзанна қайта келе жатыр. Жалғыз сәуле оны жетектеп, қараңғы сахна мен бірге шыр айналдырады. Ол қайда барса да Қайсардың дауысы құлағынан кетпейді.)
Сюзанна (сөйлеп келеді). Неге?.. Ол не үшін олай деді? Әлде ол мені күрсіндірген қасірет өзінің тағдыры екенін білмеді ме? Әлде ол менің «дажал» деген сөзімнің сырын сезбеді ме?.. Өртендім-ау... Өртеді-ау, мына бір сиқырлы жан. (Ол соны айта келіп етпетінен қулайды. Оның қулаған жері өзінің кереуеті. Пистолет сәулесі сахна түбінде ұрлана басып келе жатқан Нагель, Яльмар тағы біреулерге түседі. Сюзанна өз ойымен алысып аласұруда.) Жоқ, мен сен үшін өмір бойы күрсінемін... өмір бойы... (Аздан соң көрші бөлмеден әлдекімнің ышқына нышан дауысы естіледі.)
1-дауыс. Жазығым не? Жазығым...
Сюзанна (үрейлі). Бұл кім? Кімнің дауысы?
(Жалма-жан қол фонарын жағып, жастығының астынан пистолетін суырып алады.)
2дауыс. Жазығың сол:өзің Отанымызды жан сатысқан неміс армиясының қанды қол генералын емдеп, тулаған көзіне көз салдың. Қызың немістерге сатылып кетті. Сол үшін тартасың жазаңды. Ей, айт мынаның үкімін?
3дауыс. Ұлы Францияның қасіретті халқының атынан, ұлы Францияның қан сасыған жерінің атынан, ұлы Францияның жаралы армиясының атынан айтылар үкім мынау... мынау. (Екі рет атылған мылтық даусы естіледі.)
Сюзанна. Папа! Папа! Мама! (Тұра ұмтылады. Қарсы алдынан келіп қалған суың жүрістерді естіп кейін шегінеді.)
1-дауыс. А, менің сүйкімді сұлуым, туған Отанын өзінің көркіндей сатқан сұлуым, енді көріңді барып құшақта. (Екі қолын артына ұстап тұрған Сюзанна кенет пистолет пен фонарь сәулесін қатар кезей бергенде, қарсы жақтан біреу атып жіберді. Қулап бара жатып Сюзанна да атып қалады. Қарсы жақтан біреудің ышқына құлағаны білінеді: Сахна тастай қараңғы, тек құлап жатқан Сюзаннаның қолындағы фонарь сәулесі ғана жылтырайды.)
Сюзанна (сол құлап жатқан күйі әлсіз үнмен). Қайсар... Қайсар. (Сахна алдында жаралы біреуді сүйрелеп Яльмар мен біреуі кетіп барады.)
Жаралы. Босатыңдар! Босатыңдар! Ол қыз тірі қалды, өлсем де кегімді аламын, жіберіңдер!
Нагель (жетіп келіп жаралыны кеудеден атып салады да). Мен саған ол қызға оқ жұмсама дегенім қайда? (Яльмарға бұрылады). Мынау қираған танкінің бір сынығын мойнына байлаңдар да, өзенге тастаңдар.
Яльмар. Өзіңіз жалғыз қайда барасыз?
Нагель. Сен менің бұйрығымды орындасаң, мен сол жаралы сұлудың бұйрығын орындаймын. (Ол келген жағына Яльмар мен белгісіз біреу әлікті сүйреп кете береді. Сюзанна әлі сол қалпында, күбірлеп жатыр.)
Сюзанна. Қайсар! Құтқар! Қайсар! Қайсар...
Шымылдық.
Екінші сурет
Жер шары жалын Құшағында. Сол лапылдаған жалынның ішінде бомбалар гүрсілдеп, адамзат алуан түрде үн қатады. еститініміз сол баяғы бір үн:
— Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! Құтқарыңдар!
Әлсіз жанған прожектор сәулесі лагерь аймағын бір шарлап өтеді де, ақ киінген біреуге тоқтайды. Ол өзінің аурулар қабылдайтын бөлмесінде біреудің кеудесі түсірілген пленкаға ойлана қарап отырған Қайсар.
Аздан соң теңселе басып, күңірене сөйлеп Ойран келеді.
Ойран. У... У... У... беріңіз маған. Қайсар әке. Жазықсыз елдің қанына боялғанша өз қаныма тұншығып өлейін, операция жасаған болыңыз да, күре тамырды қиып жіберіңіз, не болмаса бір татым у тауып беріңіз... у... Неге үндемейсіз? Әлде немістердің біздей тұтқындардан француздардың етін жейтін жыртқыштар дайындап жатқанын білмейсіз бе? Білмесеңіз — біліңіз, естімесеңіз — естіңіз, біздер енді солай сорлайтын болыппыз. (Алақанын жайып.) Әкеліңіз, өлгенде салар азаңыз сол болсын, әкеліңізші тезірек. (Қайсар үнсіз тұрып барып тумбочканың ішінен бір кішкене шыны әкеліп ұсынады. Ойран оның ұсынған шынысына бір, өзіне бір қарайды.) Бұл не?
Қайсар. He сұрасаң, сол.
Ойран. Сіз мені шынымен-ақ өлтірмексіз бе?
Қайсар. Өзің ше? Өзің өтірік өлмекші ме едің? Қорықпай-ақ қой, мен сенің сұрай келгенің у емес екенін білемін.
Ойран. Енді не?
Қайсар. Не екенін өзіңнен сұрарсың. Мынаны су қоспастан жұтып жіберсең ішің бір жеті ойран болады, онан арғысын кезінде ойласармыз.
Ойран. Ішім бір жеті ойран болса өзімнен не қалады?
Қайсар. Түк те етпейді.
Ойран. Ішімнің ойран болғанынан өзімнің кескіленгенім жақсы. (Шыныны қайтарып береді.)
Қайсар. Кескіленгені қалай.
Ойран. Басқалар секілді біраз күн мен де жатып тынығайын, басқаларға істеген жасырын жақсылығыңызды маған да істеңіз, басқаларға жасап жүрген жалған операцияңызды маған да жасаңыз, бауырыма операция жасаған болып қарынымды жарыңыз да қайтадан тігіп тастаңыз. Кескілену деген сол.
Қайсар. Мен бүгіннен бастап ондай операцияны жасамайтын болдым.
Ойран. Неге? (Үрейленіп.) Немене, немістерге сезікті көрініп қалдыңыз ба?
Қайсар. Ондай қатерден әзір аманмын.
Ойран. Енді неге?
Қайсар. Ендігі жасаған операциямыз өзімізді ауыр өкініште қалдыруы мүмкін.
Ойран. Өкініштің күлі болып кетсем де мен көндім, сезікті болмасаңыз операцияны маған жасай беріңіз.
Қайсар. Қашудың жолы табылып біз кете қалсақ. сен қалып қоясың, сонда да өкінбейсің бе?
Ойран (қуанып). Немене, саңылау бар ма?
Қайсар. Мен бүгіннен бастап Күн сайын екі сағат қаланы аралайтын еркіндік алдым. Бар саңылау сол ғана.
Ойран. Тоқтаңызшы, дәл осыны маған айтпаңызшы.
Қайсар. Неге?
Ойран. Азапқа шыдамай адамшылықтан адаса қалсам, сіздің сол тапқан саңылауыңыз бітеліп қалуы мүмкін, сол себепті бұл жайында маған түк айтпаңыз.
Қайсар. Бері қарашы, сен осыны кімге айтып отырсың?
Ойран. Мен асырамастан қалжырадым. Қалжыраған сайын жаным тәттіленіп барады.
Қайсар. Осыны айтып отырған кім? Ешқандай қасіретке қайыспайтын, ешқандай тағдырға табынбайтын менің қайсар досым Ойран ба? Жоқ әлде... (Есік жақтан біреудің дауысы естіледі.)
Дауыс. Бас дәрігер мырза, сізге қаланың комендантынан бір адам келіп тұр, тезірек қабылдасын дейді.
Ойран. Онда мен кете тұрайын. Сау болыңыз, әсіресе тамұқ отына су сепкен қамқор қанатыңыз сау болсын, қарлығашым. (Шыға жөнеледі.)
Қайсар. Қарлығаш! Өзі жеті-ақ жыл жасайтын қарлығаштың аңызы мәңгі жасап келеді. Неткен бақыт! (Әлденені жаза бастайды, аздан соң Сюзанна келеді.)
Сюзанна. Рұқсат па екен?
Қайсар (таңдана қарап, түре келеді.) Сюзанна, ғажап!
Сюзанна. Атымды ұмытпағаныңызға мыңда бір алғыс.
Қайсар. Мен өзімді ұмытсам да, сізді ұмытпаспын. (Ұмтылып барып, Сюзаннаның қолынан ұстай алады.)
Сюзанна. Менің сізге ғана айтатын сөзімді сіз маған не үшін айтып тұрсыз?
Қайсap. He үшін екенін өзім де білмеймін, ең алғаш лагерьді кезіп жағалай жар салған үніңізді естіген сәттен бастап сіз менің арманыма айналдыңыз.
Сюзанна. Арман деген тым асыл сөз ғой, асылыңызды арзанға сатпаңыз.
Қайсар. Мен саудагер емес едім. (Орын ұсынып.) Өтінемін, отырыңыз.
Сюзанна (көз алмастан отыра бастайды). «Неткен дажал едіңіз» десем ғой, тағы да аңырасыз.
Қайсар. Кешіріңіз, сол бір жұмбақ сөзіңізді ашығырақ айтсаңыз екен.
Сюзанна. Ол сөздің жұмбақ күйінде қалғаны дұрыс болар.
Қайсар. Оны жұмбақ күйінде енді қалдыра алмаспын, алдымен өз жай-күйіңізді айтыңызшы, жараңыз қалай? Әбден айықтыңыз ба?
Сюзанна. Жаңылып қаларсыз «қалай» деген сөзді жақсылап жаттағайсыз.
Қайсар. Сіздің маған арнап әкелген әзіліңіз бар секілді, соны білуіме болар ма?
Сюзанна. Менің сізге арнап әкелген әзілім — өзімді ажалдан алып қалғаныңыз үшін айтар алғысым ғана.
Қайсар. Бұл менің сізден күтпеген сыйын.
Сюзанна. Солай ма, мүмкін сіз сыйласу, сүйісу дегендердің ешқайсысын білмейтін шығарсыз?
Қайсар. Сіздің әке-шешеңізді өлтіріп, өзіңізді ауыр жаралап кеткен француз партизандары менің армандастарым ғой.
Сюзанна. Сіз кеше менің армандасым секілді едіңіз, бүгін қас дұшпаным болғаныңыз қалай?
Қайсар. Армандас деуге дәлеліңіз қандай?
Сюзанна. Дәлелім — сіздің: «Мен тұтқынмын, бірақ сізден бақыттымын. Сіз сол үшін күрсініңіз»,— деген жұмбақ сөзіңіз.
Қайсар. Сізге ол тілегімді айтқан кезде мен ең соңғы, ең асыл арманымның құшағында едім. Сіздің кеудеңізге қадалған оқ менің сол арманыма ажал болып тиген секілді.
Сюзанна (әлденені жаза отырып сөйлейді). Түсінбедім.
Қайсар. Енді оған түсінудің де қажеті болмас.
Сюзанна. Терезеге біреудің көлеңкесі түсіп тұр, сізді аңдыған біреу ме? (Жазған қағазын Қайсарға береді де, қолындағы сумканы нұсқап көрсетеді.) Есік жақтан да тықыр естіледі, мен қоршауға түскендей қалтырап барамын, қараңызшы.
Қайсар (ол берген қағазды аулаққа апарып оқиды). «Мен капитан Нагельдің жұмсауымен келдім, дәлірек айтқанда, мен оның тыңшысы секілдімін. Мына сумканың ішіндегі кішкене аппарат екеуміздің аузымыздан шыққан сөзді жазып алады да, Нагель мырзаның қолына береді, сондықтан немістерге беріле сөйлеңіз, ол үшін менің қазіргі беретін сұрауларыма жалған жауап беріңіз. Сезікті болмас үшін айтарыңызды көп ойланбаңыз. Оқып болысымен қағазды жағып жіберіңіз.
Сюзанна. Көріне ме?
Қайсар. Сізге ғашық біреу секілді, көлеңкесін менің тереземе түсірді де, жоқ болып кетті.
Сюзанна. Онда мен үшін сіз сақтаныңыз.
Қайсаp. Әрқашан да осындай есіркеушім болғайсыз.
Сюзанна (қолындағы сумкасын нұсқай отырып сөйлейді). Есіркеушіңіз ғана емес, құтқарушыңыз да болғым келеді.
Қайсар. Сіз бе мені құтқаратын?
Сюзанна. Ие, менмін.
Қайсар. Неден?
Сюзанна. Немістердің азабынан.
Қайсар. Немістердің азабынан құтылғанда көретін рақатым қандай? Ит-құстың жемі болу ма?
Сюзанна. Лагерьден бір шығып кетсеңіз, мүмкін қаша-қаша еліңізге де жетерсіз.
Қайсар. Жоқ, сүйіктім, мен адам болып туғанмын, адам күйінде өлемін. Ол үшін болашақтың иесіне адал қызмет етемін.
Сюзанна. Сізше, болашақтың иесі кім?
Қайсар. Осы соғыста кім жеңсе, сол.
Сюзанна. Сізше, жеңетін кім? Немістер ме?
Қайсар. Франция мен Россияның аңызы болып, ұрпақтан-ұрпаққа кететін бір керемет бар. Егерде немістердің жеңетініне сенбесем, сол кереметті жасаңыз деп мен сізге жалынар едім ғой.
Сюзанна. Екі бірдей ұлы халықтың аңызы болуға өзім түгілі қиялым да жетпес, сонда да естігім келеді, ол не керемет?
Қайсар. Қажеті болмай қалғандықтан ол кереметті айтудың да қажеті болмас. (Сюзанна түсіндім дегендей белгі береді, бірақ басшы сарында сөйлейді.)
Сюзанна (мырс етіп). Екі елдің аңызына айналған кереметтің қажеті болмаса, менің көмегімнің де қажеті болмас.
Қайсар (ыммен жалына тұрып, басқа сарында сөйлейді.). Иә, көмегіңіздің қажеті жоқ.
Сюзанна. Онда қош айтысайық, қолыңызды әкеліңіз. (Ол соны айта отырып, қолын берместен әлденені жаза бастайды. Қайсар сөйлей береді.)
Қайсap. Cay болыңыз, жараңызда ешқандай қаяу қалмасын, тілекшімін.
Сюзанна. Қаяу қалмауы үшін не істеуім керек? Мұнан бұлай қаттырақ күрсінуім керек пе?
Қайсар. Өте жалынып өтінемін, онан басқа емді қолданбаңыз.
Сюзанна (жазған қағазын Қайсарға береді.) Сіздің ол тілегіңізді өзім үшін орындаймын, қош болыңыз. (Шыға жөнеледі.)
Қайсар (ол қалдырып кеткен қағазды оқиды). «Сіз екі елдің бірдей аңызы болатын адамсыз, сондықтан да мен сізді сүйемін. Тек сол кереметіңізді тезірек көрсем екен», (Ойлана сөйлеп). О, ғажап, бұл не жұмбақ?
Шымылдық.
Үшінші сурет
Жер шары жалын құшағында. Сол лапылдаған жалынсың ішінен бомбалар гүрсілдеп, адамзат алуан тілде күңірене үн қатады.
Еститініміз — сол баяғы бір үн: «Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! Құтқарыңдар!»
Сол гүрсілдеген бомбаның, сол күңіренген елдің үнін баса асқақтап, алыстан бір өктем үн келеді. «Сөйлеп тұрған Москва! Сөйлеп тұрған Москва!»
Өктем үн бірте-бірте жақындай түседі.
Шымылдықтағы жалын бірте-бірте сөніп барып, айлы түннің аспанына айналады.
Сахнадан көреріміз: сол айлы аспанның астында, қалың орман ішіндегі бір шатырдың алдында радио тыңдап отырған генерал Ней ғана.
Аспанда жұлдыздар самсап тұр. Сахнаның оң жақ кенересінен берілген жалғыз сәуле Нейдің бетіне түседі. Ол біресе жақындап, біресе алыстап кетіп тұрған диктордың үнін естуге ынтығуда. Оған
Жоғарғы бас қолбасшының Бұйрығы: Генерал-полковник Поповқа, Генерал-полковник Соколовскийге, Армия генералы Рокосовскийге, Армия генералы Батутинге, Генерал-полковник Коневке!
Бүгін 5 августе Брянск майданының әскерлері Батыс және Орталық майдандары әскерлерінің екі қанаттан көмектесуі арқасында қатты ұрыстардан кейін Орел қаласын алды.
Тағы бүгін Степной және Воронеж майдандарының әскерлері дұшпанның қарсыласуын жеңіп., Белгород қаласын алды... (Сюзаннаны алдына салып Самар келеді. Диктордың дауысы алыстап кетеді.)
Самар. Жолдас генерал! Біздің адамдар жаудың мына бір жансызын лагерьді суретке түсіріп жүрген жерінен ұстап әкелді. (Ней қолымен белгі беріп оны тоқтатады, диктор даусы қайта жақындайды. Самар бар ит аттығымен). Мынау менің Отаным... менің Москвамның үні ғой, Москвамның... (Радиоқабылдағышты құшақтай алып, қайта-қайта сүйеді.)
Диктор. Бүгін, 5 августа 24 сағатта Отанымыздың астанасы — Москвада жүз жиырма зеңбіріктен он екі дүркін артиллерия оғын атып, Орелді және Белгородты азат еткен айбынды әскерлерімізге құрмет көрсетеді.
Орел мен Белгородты азат ету ұрыстарына қатысқан сіздердің басқаруларыңыздағы әскерлердің бәріне шабуыл ұрыстарын өте жақсы жүргізгендері үшін алғыс жариялаймын.
Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығы үшін құрбан болған батырлардың даңқы мәңгі өшпесін!
Неміс оккупанттары құртылсын!
Жоғарғы Бас Қолбасшы Советтер Одағының маршалы И. В. Сталин.
5 август, 1943 жыл.
Оған ілесе Москваның салюті естіледі.
Самаp. Бұл не?
Ней. Бұл — Сталиннің бұйрығы, жеңістің тұңғыш салюті. Бұл — Москвадан алты мың километр алыста, Франция мен Испанияның шекарасында жатқан франция партизандары біздерге де берілген салют. (Сюзаннаға енді ғана бұрылып.) Кешіріңіз, мен сізді ұмытып кетіппін. Сіз кім едіңіз?
Сюзанна. Мен әкесі мен шешесінің кегін қуған жаралы бір жанмын.
Ней. Кегіңіз кім еді?
Сюзанна. Сіздің партизандарда. Оларға көмектескен Жиро мырзадан кегімді неміс достарым алып берді. Партизандарда кеткен кегімді өзім алғалы келіп едім, қапылыста қолға түстім.
Ней. Сондай тұтқынды бір көруге асық едім, бері жақындашы, келші.
Сюзанна (жақындап). Немене, маған әке болайын деп пе едіңіз?
Ней. Әрине. Сенің ендігі әкең де, шешең де менмін. (Самарды нұсқап.) Менің бұл батырымнан ойыңды да, бойыңды да бүркемей-ақ қой. Самар танысыңыздар, бұл менің Сюзанна дейтін ақылды қызым.
Самар (қолын ұсына жақындайды. Сюзанна көзін алысқа жіберіп қолын бермейді). Қызыңыз ақылды болғанымен, асаулау екен.
Сюзанна. Кешіріңіз. Москваның жаңағы бір үні мені де шаттандырып жіберді. Шаттанған кезде сіздей жігіттерді елемейтін әдетім еді.
Самаp. Кешіріңіз, сіздей сұлуларды көрсем, сүліктей қадалатын сырқатым бар еді. Сол дертімнің емі болар ма екен, кесір сөзге толы аузыңыздан бір сүйсем қайтеді?
Сюзанна. Байқаңыз, жағыңыз алақанымды сүйіп жүрмесін.
Ней. Сенің ол сырқатың былтыр емделгені қайда?
Самар. Жолдас генерал! Отанымның жаңағы бір үні мені мастандырып жіберді, сол себепті мен именуді ұмытыңқырап кетіппін. Ол үшін ғафу өтінемін.
Ней. Шаттан, шаттан! Сенің Отаның шаттанса — біз де шаттанамыз. Сенің Отаның жеткен бүгінгі жеңіске ертең біз де жетеміз, солай ма, қызым?
Сюзанна. Мені мұнда алып келген келешектің сол сенімі.
Ней. Қалай, жарадан әбден жазылдың ба?
Сюзанна. Тән жарасы жазылды, енді жан жарасының емін іздеп сізге келдім.
Ней. Тыңдап отырмын.
Сюзанна. Менің сізден тілей келген екі түрлі тілегім бар.
Ней. Қанша болса да қабылдадым.
Сюзанна. Менің әке-шешемнің қалай өлтірілгенін, менің қалай жараланғанымды естіген боларсыз?
Ней. Бәрін де естідім, бәрін де білемін. Сен немістердің әкеңді жазықсыздан жазықсыз не үшін өлтіргенін, оның жаласын біздің партизандарға не үшін жауып жүргенін білесің бе?
Сюзанна. Білемін, халықты сіздерге өшіктіру үшін.
Ней. Оны біле тұра немістерге алдануың қалай?
Сюзанна. Мен алданбаған болармын.
Ней. Әке-шешеңді өлтіруге қатысқан Жиро мырзаның қазір қайда екенін білемісің?
Сюзанна. Білем, қираған танканың сынықтарын мойнына байлап алып, қала іргесіндегі өзеннің түбінде жатыр.
Ней. Отанын сатқан ондай опасыздан туған жердің өзені қалай жиренбеді екен? Сен біреуден естігеніңді айтып тұрған жоқсың ба?
Сюзанна. Мен өз көзіммен көргенді айтып тұрмын.
Ней. Бұл сапар сені өзіңнің көзің де алдапты. Нагельдің бастап барып үйіңе қанды түнді орнатқан бесеудің бірі Жиро екені рас. Бірақ сенің су түбінен көргенің оның өлігі емес.
Сюзанна. Енді кімдікі?
Ней. Ол сенің оғыңнан жараланған неміс солдатының өлігі. Оны жолшыбай атып өлтіріп, суға тастатқан Нагельдің өзі. Ал немістердің сені алдау үшін өтірік өлтірген Жарасы қазір біздің қолда,
Сюзанна. Біздің қолда? Қалай?
Ней. Біздің барлаушылар оны сол қанды жорықтан қайтқан сағатында үйіне жеткізбестен қолға түсірген-ді.
Сюзанна. Бұл бір ғажап екен, сонан бері оны неге тірі ұстап отырсыздар?
Ней. Қаланы жаудан тазартқан күні үкімін халыққа айтқызамыз.
Сюзанна. Сол үкіміңізді орындаушы мен болайын.
Ней. Оны кезінде көрерміз, келген жұмысыңды айт.
Сюзанна. Мен өзімді ажалдан алып қалған бір адамды немістердің азабынан құтқарғым келеді.
Ней. Ол кім?
Сюзанна. Ол — біздің қаланың іргесіндегі лагерьдің дәрігері Қайсар Алтаев дейтін тұтқын.
Ней (күле сөйлеп). Өзі өлім шеңгелінде жатқан ондай адам сені өлімнен қалай құтқарды?
Сюзанна. Маған операция жасап, өкпемдегі оқты суырып алған сол.
Ней. Операция жасаған?
Сюзанна. Иә! Мен оның кім екенін неміс генеральша берген жауабынан, қандай дәрігер екенін сол генералдың маймылына жасаған операциядан көрген едім. Бәрін де тани білген секілдімін.
Ней. Немістер де сені тани бастаған секілді.
Сюзанна. Қалай?
Ней. Орыстың тұтқын дәрігеріне қадалған кезіндегі жастан немістер жүрегіңді де көрген секілді.
Сюзанна. Сіз оны кімнен естідіңіз?
Ней. Бекер ме?
Сюзанна (күрсіне сөйлеп). Бекер емес, жолдас генерал. Ол орыстың Галина дейтін қызын сүйе тұра не үшін атқанын айтқан кезде менің егіліп кеткенім рас.
Ней. Нәзіктің де өзіне сай орны, өзіне тән мезгілі бар емес пе?
Сюзанна. Егер оның өзіне арналған соңғы оғын қызға не үшін жұмсағанын, немістердің қолына кім үшін түскенін естісеңіз, қанды жастың дариясын талай кешкен өзіңіз де егілер едіңіз.
Ней. Мен қартайсам да, қанды жасты қанша кешсем де, жау алдында ондай осал емеспін.
Сюзанна. Иә, осалдық еттім. Бірақ менің көзімдегі жас болып көрінген жүрегімдегі оның оты еді.
Самap. Еһе...
Ней. Тұтқын дәрігер сенің операцияны қалай тап болды?
Сюзанна. Оны шақыртқан өзім. Жау оғынан қансырап жатқан шағымда көзіме тек сол ғана елестеп, тіліме тек соның аты ғана орала берді.
Ней. Қырғызым, сен не дейсің?
Самар. Не дерімді білмей тұрмын-ау, жолдас генерал.
Ней (Сюзаннаға). Ал, сен оны қалай құтқармақсың?
Сюзанна. Оның лагерьден шыққан кезін аңдып жүріп, қағып әкететін өжет адамдар керек.
Ней. Өзі не дейді?
Сюзанна. Мен оны сол операциядан кейін бірақ рет көрдім. Бір көрсем де бірге жасап, бірге өскен жан досымдай сырласып, оның ендігі бар арманы сіздерге бір жету екенін сезген едім...
Ней. Сен сезерсің-ау, ондай арманның кілті сенің қолыңда екенін ол сезді ме?
Сюзанна. Сезуін сезді, бірақ немістердің менің әкем мен шешемнің өлімі жөнінде таратқан жалған лақабы оның үмітіне қаяу салған секілді.
Ней. Сонда қалай, сенің жан сөзің немістердің жалған лақабы гүріл болмады ма?
Сюзанна. Мен оған жан сөзін айта алмадым.
Ней. Неге?
Сюзанна. Менің онымен ашық сөйлесуге мүмкіндігім болмады.
Ней (зілдене түсіп). Барғаныңыз, сөйлескеніңіз рас болса, мүмкіндігіңіз неге болмады?
Сюзанна. Қолымда немістердің тыңшы аппараты тұрды.
Ней (қайта жадырап). Солай ма?
Сюзанна. Қашудың жолдарын кеңесу үшін қайда, қашан кездесетінімізді жазып, қолына беріп кеткен едім, неге екені белгісіз, ол келер жеріне келмеді.
Ней. Өзі тұтқын адам, сен шақырған жерге қалай келеді?
Сюзанна. Оның қаланы екі сағат бойы аралауға еркі бар, киноға бірнеше барғанын көргендер де бар, бір рет би алаңына барғанын өзім де көрдім. Бірақ маңында жүрген немістер көп болғандықтан, оған жақындай алмадым.
Ней. Өз ойың не дейді? Оның бұлай қасарысуын неліктен дейді?
Сюзанна. Меніңше, ол маған сенбейді.
Ней. Өзі ажалдан алып қалған саған сенбегенде, кімге сенеді?
Сюзанна. Оны сендірсе сендіре алатын бір-ақ адам бар.
Ней. Ол кім?
Сюзанна. Сіздің қарауыңызда бір өжет қазақ бар көрінеді. Мен сізден сол қазақты сұрай келдім.
Ней. Менде ешқандай қазақ жоқ.
Самаp. Кешіріңіз, жолдас генерал! Мына қыздың жүрегі үшін сөзіңізді бөлуге мәжбүр болдым. Сіздің қазағыңыз бар.
Ней. Ол кім?
Самар. Ол мен.
Ней. Сен қырғыз емес пе едің?
Самар. Кешіріңіз, жолдас генерал, қырғыз бен қазақ бір халық.
Ней. Екі аты бар халық бола ма екен?
Самар. Болады. Біздер ежелден интернационал елміз, ежелден бір елміз.
Сюзанна. Шынында, сіз Қайсарға қатты ұқсайды екенсіз.
Самар. Қазақ пен қырғыздың ұқсамайтын жері жоқ, оны біліп алғайсыз.
Ней. Сенің қалап келген қазағың осы. Танысып болсаңдар мені тыңдаңдар! (Бір офицер келіп Нейдің құлағына сыбырлады. Ней түре келді.) Мен қазір келемін. (Кетеді. Самар радиоқабылдағышты айналдыра бастайды.)
Сюзанна (бұтаққа ілулі тұрған қомызды алып). Мынау не зат, скрипка ма?
Самар. Менің елімнің скрипкасы да, гитары да, домбырасы да осы, аты қомыз.
Сюзанна. Әдемі екен. Бұл қайдан жүр?
Самар. Өзімнің кеудемде сақталыпты.
Сюзанна. Еліңіздің бір әнін айтып көріңізші?
Самар. Мақұл. (Қобызға қосылып қырғыздың «Айнагүл» әнін айтады.)
Пешенең ғана шолпан жанғандай, Беш үркер ғана шыға қалғандай. Жарқ етіп күлсең қайрылып, Айнагүл-ә, жайқұттан салғандай. Көздерің ғана гәуһар жанғандай. Көңілді ғана тартып алғандай. Жастықтың жұпар гүлісің, Айнагүл-ә, жырласам құмар қанғандай. Телміре қарай күлгенің Таңындай жарық дүниенің. Болашақ үшін күнім деп Айнагүл-ә, бір ғана сенсің сүйгенім,
Сюзанна. Әттең сөзін ұқпадым, әні тамаша екен. Сірә, Айгүл деген қызды сүйген жігіттің әні болар?
Самаp. Сізді мұнша сүйсіндірсе, бұл ән шынында да тамаша екен
Сюзанна. Шығыстан үйренген түңғыш әнім осы болсын, үйретіңізші. Тек Айгүлдің орнына Қайсар деп айтыңыз.
Самар. Самар деп айтсаңыз да келе береді, қане еріңіз. (Екеуі қосылып әндете берген кезде Ней келеді.)
Ней. Қырғызым, қалай,. мұндай жорыққа батылың жете ме?
Самаp. Батырлығым жетпесе де, батылым жетеді, жолдас генерал.
Ней. Онда бұйрықты тыңдаңыздар да, жолға әзірленіңіздер. Мақсаттарың бір ғана дәрігер қазақты құтқару емес, сол арқылы лагерьден қашқысы келгендерді түгел құтқару. Ол үшін көмектесетін адамдар да, керекті машиналар да сол жерден табылады. Сендерді олардың өздері іздеп табады. Сендер тек сол дәрігер арқылы қашқысы келгендерді ұйымдастыра біліңіздер.
Самаp. Тұтқын қазаққа жеткенше өзіміз тұтқын болмас па екенбіз?
Ней. Болмайсыңдар. Сол лагерьдің екі жүздей тұтқыны Микола істейтін көмір шахтасында жұмыс істейді. Миколаның олармен байланысы бар, сен соның көмегімен шахтаға түсесің.
Самар. Шахтаға?
Ней. Миколамен сырлас бір тұтқынды шахта астына қалдырасың да, өзің соның күнімін киіп, басқа тұтқындармен бірге барып лагерьге кіресін. Онда барғаннан кейін ауырған болып дәрігерге жетесің.
Самар. Егер ол дәрігер қазақ емес, немістерге сатылып кеткен мазақ біреу болса не істейміз?
Сюзанна. Өтінемін, ондай сөзді айтпаңыз.
Самар. Маған мұндай күдікті айтқызып тұрған — сіздей қыз үш рет шақырғанда, кеудесінде жаны бола тұра оның бір де бір келмеуі.
Ней. Барлық опасыздардың жазасы біреу. Ол— өлім. Басқа сұрауларың жоқ болса, әзірленіңіздер.
Сюзанна. Маған берер қандай бұйрығыңыз бар.
Ней. Саған керектің бәрі мына сумканың ішінде. Оны өз қолыңнан алғайсың. Мен мас болып ұйықтап қалдым, сол кезде менің меншікті шоферін Самар мұны ұрлап алды да, саған берді. Химияның тергеуіне түсе қалсаңдар керегі болар, мұның бір шетінен сен де ұстағайсың, Самар. (Самар Ней әкеліп стол үстінде тастаған әскери сумканы алып Сюзаннаға ұстатады. Ней сөзін үзбейді.) Бірақ өзін, түсірген суреттерге басқаның қолы тимесін. Самар, саған айтарым: сен Сюзанна алдауына түстің де, сонымен бірге немістерге қаштың. Бұл — қолға түсе қалсаңдар ғана жасайтын айла-шарықтарың. Жолшыбай сенің машинаңды атқылаушылар болады, қанша атқыласа да өздеріңе дарыта қоймас, алайда сақтан. Маған айтарың жоқ па?
Самap. Cay болыңыз, басқа айтарым болмайды.
Ней. Сюзанна, сенің ше?
Сюзанна. Мен аларымды алып болған секілдімін. Мүмкін өзіңіз...
Ней (екеуін де құшақтап). Менің ендігі айтарым: армандастарымыздың бәріне, бәріне сәлем айтыңдар. Жеңістің таны Совет жерінде атып келеді, күткен күніміз енді алыс емес деңдер!
Шымылдық.
ТӨРТІНШІ СУРЕТ
Шымылдықта темір тікенді бұғаумен бұғақталған Батыс Европаның қартасы. Ол қартада европадағы астаналар аты жазылған, бәрі де сол тікенді темір бұғаумен қоршалып матастырылған. Олардың ішінде көзге айқын түсетіні — Париж. Соның оңтүстік жағындағы қиыр шетте шоғырланған қат-қабат темір құрсаудың ішінен біресе Қайсардың біресе Сюзаннаның беті көрінеді.
Перде ашылғанда сахнадан алғаш көреріміз Қайсар. Ол қазір дәрігер түрінде. Әлдекімнің кеудесі түсірілген пленкаға ойлана қарай «Дариғай» әнін аңыратып отыр.
Өңімде ме еді,
Түсімде ме еді,
Көріп ем ғой, бір армандай көзді.
Бір нәзік сәуле,
Күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.
(Музыкамен жарыса немістердің «Хаиль... Хаиль» деген барқылы, иттердің апсылы жан-жақтан, алыстан да, жақыннан да естіледі).
Қайсар (Күрсіне сөйлеп). Есіл, Европа. Өмірге талай данышпандарды берген, Европа! Қайдағы бір қарақшының табанында тапталдың-ау, қорландық-ау!
Немістер мен иттердің арсылы тағы да естіледі Сол бір сұмпайы үнді естігісі келмегендей Қайсар айтып отырған әнін қайта жалғап адырата түседі.
Сапырды дауыл,
Тулады толқын,
Шайқалды шың-құз
Қып-қызыл оттың ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда, дариғай сол қыз?
Аяғының ұшынан баса жылжып Самар келеді. Қайсар оны көріп даусын бәсеңдетеді.
Самар. Үзбеңізші, ағажан. Аңсауға толы жүрегім бомба болып жарылар ма екен, үзбеңізші! Айта түсіңізші, тезірек жалғаңызшы қайтадан.
Қайсар (оған таңдана қадалған күйі, өлеңді аяқтап болады да, сезіктене үн қатады.) Жетім қозыдай зарлаған сен кім едің, жарқыным?
Самар. Мен өзіңіздей бейбақпын, немістердің тұтқыны, тағдырдың тәлкегі, соғыс дейтін тажалдың жемтігімін. Қолыңызды әкеліңіз. (Қол ұсынады.)
Қайсар (қолын бермейді.) Жемтік болсаң, жерленбей мұнда қалай жүрсің?
Самар. Өлілерге көрдің бәрі бір емес пе?
Қайсар (қадала қарап). Мен дәрігер ғана емес, психологпын, оны да ескергейсің.
Самар. Нені ?
Қайсар. Жалған айту өзіңе жазым, соны...
Самар. Жалған дерліктей не айттым?
Қайсар. Немістің тұтқынымын деуің жалған.
Самар. Оны қайдан білдіңіз?
Қайсар. Жүзіңнен көріп отырмын.
Самар. Егер немістің тұтқыны болмасам, Францияның қиыр шетінде не үшін қаңғып жүрмін? Қазақ пен қырғыздың қойын бағып жүрмін бе?
Қайсар. Кім екеніңді өзің айт. Егер жөніңді айтқың келмесе, басқа тарихыңның маған керегі жоқ, сөзі қой да шешін.
Самар. Кейін шешіндірерсіз. Әзірше сырқатымды білегімнен байқаңыз да, менің тұтқынмын дегеніме сенбейтін себебіңізді айтыңыз.
Қайсар. Мен бұл лагерьдегі тұтқындарды түгел танимын, ал сені өмірімде бірде бір көрген емеспін.
Самар. Қырғыз халқының перзенті, қазақ халқының жиені Совет Армиясының сержанты Самар Садақбаев дейтін ініңіз алдыңызда отырған.
Қайсар (жазуға ыңғайланып). Тұтқын номерін, нешінші?
Самар. Мен номерсіз тұтқынмын.
Қайсар. Нөмерсіз қалай?
Самар. Мен тағдырдан басқаның есебінде жоқпын. Сол себепті болғым келсе, гестапоның агенті де бола аламын. Өйткені сіздің бар қылмысыңызды білемін.
Қайсар. Қылмыс жасау үшін де бостандық керек қой, мүмкін сен оны да білерсің?
Самар. Көзіме қараңызшы.
Қайсар. Менің көзім манадан сенің көзіңде.
Самар. Онда жасырмай айтыңызшы, тынықтыру үшін неше тұтқынға өтірік операция жасадыңыз?
Қайсар. Егер оны білсең мен үшін өлімнің біреу-ақ екенін де білерсің?
Самар. Мен оны да білемін. Сондықтан, ажалдың мынадай Құралдарын сізге арнап ала келдім. (Қалтасынан пистолетін, екі балағынан екі граната алып стол үстіне қояды.)
Қайсар. Менің қаным тым ыстық еді, оны ішемін деп күйіп өлерсің, тезірек кетсең қайтеді?
Самар (қаруларын қайта тыға бастайды). Meн Францияның осы өлкедегі партизандарының командирі генерал Нейдің сізге жіберген өкілімін.
Қайсар. Мүмкін, сен бұдан жүз отыз жыл бұрын Наполеонмен бірге біздің Россияға шабуыл жасаған маршал Нейден келген боларсың?
Самар. Менің білетінім — өзімнің генералым.
Қайсар. Өтірікті өлшеусіз ағызады екенсің. Мүмкін, ол генералдың мені қайдан білетінін де айтарсың?
Самар. Оған сіздің кім екеніңізді жеткізген өзіңіздің осы қаладағы бір ғашығыңыз.
Қайсар. Өзім білмейтін ол ғашығымның атын да айтарсың?
Самар (Қайсардың дауысына салып). Сюзанна дейтін сұлу қызды ұмытпаған боларсыз?
Қайсар. Сюзанна? Ол кім?
Самар. Менің айтып отырғаным — өзіңіз операция жасап, ажалдан алып қалған қыз.
Қайсар (сыр білдіргісі келмей). Иә, тағы қандай өтірігің бар?
Самар. Егер осы айтқандарымның бір тамшы өтірігі болса — мені, болмаса — сізді Отанымыздың оғы атсын.
Қайсар. Асықпа, ол оқ атылмай қалмас.
Самар. Сіз анық солай деп ойлайсыз ба?
Қайсар. Ойлап қана қоймаймын, солай болатынына сенемін. Бірақ жат жердің балын жеп тірі жүргеннен, өз елімнің туын татып өлгенді артық көремін. Сол үшін ғана күресемін күресу үшін ғана өмір сүремін, Кешір, бауырым, мен сені ұмытып, өз ойымның жетегімен лағып кетіппін.
Самар. Осы бір лаққан сөзіңіздің өзі жүрегімді елжіретіп жіберді; жалынамын, әлі де лаға түсіңізші.
Қайсар. Мен ондай нәзік жіптің қалай үзілетінін де білемін, соны ескер де, бұл лагерьге қалай келгеніңді, күзетшілердің көзін нендей сиқырмен байлағаныңды айт.
Самар. күзетшілердің көзін байлаған сиқырым: сол Сюзанна дейтін қыздың сізге деген махаббаты.
Қайсар. Ол қыз қайда?
Самар. Осы лагерьдегі тұтқындар жұмыс істейтін шахтаның бер жағында бір кішкене көпір бар. Сол көпірдің шығыс жақ шетінен санағанда жетінші үйде тұратын Микола дейтін жұмысшы бар. Ертең таңертеңгі сағат он бірден қалмай, сол үйге барсаңыз, ол қызды да көресіз, менің не үшін келгенімді кеңірек естисіз.
Қайсар. Ол үйге мен не үшін бармақпын?
Самар. Лагерьдегі тұтқындарды құтқарудың жолын кеңесу үшін.
Қайсар. Құтқаратын кім?
Самар. Біз, француз партизандары, бізге көмектесетін сол қыз бен Микола секілді жүмысшылар. Бұл операцияны басқаратын генерал Нейдің өзі.
Қайсар. Сөзіңнің бәрі рас секілді, бірақ бірде біріне сене алар емеспін.
Самар. Мен тағдыры бірдің жаны да бір деп білемін.
Қайсар. Саған да, өзімді жауыз көретін сол қызға да сенгім келеді, бірақ мынау киімдерің маған сені қой терісін жамылған қасқырға ұқсата береді.
Самар. Бұл — осындағы Төлеу дейтін тұтқынның киімі. Ол менің сізге жетуіме көмектесу үшін киімдерін маған беріп, өзі шахтада жатыр.
Қайсар. Мұның бәрін ұйымдастырып жүрген кім?
Самар. Сол Сюзанна дейтін қыз. Ол өзін ажалдан алып қалған сізді немістердің қорлығынан осылай құтқарғысы келеді.
Қайсар. Сен қайдағы бір бейтаныс қызды қайта-қайта бағыма байлайсың жеңгетайлығыңа қанша алтын алған едің?
Самар. Сіз үшін ол қыздан алар жеңгейтайлығым да, ол қыз үшін сізден алар қалыңмалым да осы лагерьдегі тұтқындар. Сондықтан менің қытығыма тие беруді енді тоқтатыңыз да, ақтық сөзіңізді айтыңыз. Тұтқындардың қашуын ұйымдастырасыз ба, жоқ па?.
Қайсар. Жоқ.
Самар. Неге? (Сырттағы немістердің арқылы мен иттердің арсылы естіледі. Айдалып бара жатқан бір топ тұтқын терезе арсылы көрінеді.)
Қайсар (шұбырғандарды нұсқап). Неге екенін білгің келсе, ана айдалып бара жатқандарға қара! Сиқына қара, жақсылап қара! Олар қашқанда қайда барады? Көбінесе, керсіз далада қалып, ит-құсқа жем болу үшін бе?
Самар. Күткен таңымыз атып келеді, енді адам баласының ешқайсысы ит-құсқа жем болмайды, сіз оны ойлаңыз.
Қайсар. Қайдағы таң?
Самар. Біздің Қызыл Армия бұрнағы күні немістердің ең соңғы шабуылын талқан етті. Сол жеңістің салтанатты құрметіне астанамыз Москва Отанымыздың атынан бір жүз жиырма зеңбіректен он екі дүркін артиллерия оғын атып, тарихта тұңғыш рет салют берді.
Қайсар. Салют! (Сөйлей түре келеді.) Сен мұны кімнен естідің?
Самар. Москваның радиосынан.
Қайсар (Самарды құшақтай алады). Москва! Анық па? (Самар жауап қатқанына болмайды, сырттан немістердің амандасқан дауыстары естіледі. Қайсар сасқалақтап.) Сенің түрің тұтқындардың түріне ұқсамайды, сезік шақырасың, тезірек жоғал!
Самар. Сіз ақтық жауабыңызды айтқанша мен соқыршек бола тұрамын. (Ішін баса безектеп барып тақтаға қулай кетеді.)
Қайсар. Мен өлмесем, белгіленген мерзімдеріңде жетемін. Келіп қалды, ішіңді бас та жөнел. (Самар ішік баса бүкшиіп есікке жеткен кезде қарсы алдынан Нагель мырза келіп кіреді.)
Нагель. Хайль Гитлер!
Қайсар (атып тұрады). Хаиль Гитлер!
Самар. Хайел Гитлер! (Шыға жөнеледі.)
Нагель (жирене қарап). Дәрігер мырза, малғұндардың малдың ауруымен де ауыратыны рас па?
Қайсар. Оны малғұндардың өзінен сұрағаныңыз жөн болар.
Нагель. Сіз малғұн емессіз бе?
Қайсар. Әрине.
Нагель. Егер малғұн болмаса қазақтардың түрі Шыңғысханға неге ұқсас? Әлде шешелеріңіз Шығыстың сол кәрі жыртқышымен көңілдес болған ба? Есіңізде болсын, мен сізді сол Шыңғысханға ұқсас түріңіз үшің жақсы көремін.
Қайсар. Ондай ілтипатыңызға мың да бір рақмет.
Нагель. Сіз менің сенімді малғұным болғандықтан ертең ертемен Тулузаға барасыз.
Қайсар. He үшін?
Нагель. Мүмкін, кеудеңізге темір крест тағылар.
Қайсар. Темір крест? Не үшін?
Нагель. Германияның жеңімпаз армиясына сіңірген адал еңбектеріңіз үшін. Атап айтқанда, менің әкемнің қараса көз тоймайтын сұп-сұлу, сүп-сүйкімді маймылын ажалдан алып қалғаныңыз үшін, әсіресе неміс армиясы үшін теңдесі жоқ еңбек еткен профессор Деми мырзаның қызы Сюзаннаны ажалдан алып қалғаныңыз үшін.
Қайсар. Мұны мазақ үшін де айтуыңыз мүмкін ғой.
Нагель. Бәрі де мүмкін. Сіздің кеудеңізге тағылар темір крестің орнына, онда барғаннан кейін пистолеттің оғы қадалуы да мүмкін.
Қайсар. Оны не үшін дейміз?
Нагель. Менің білерім сол: неміс армиясының капитаны Нагельдің батальоны Франция армиясының генералы Нейдің бандыларын жоюға аттанады, сол жорыққа сіз де қатысасыз.
Қайсар. Әзірмін.
Нагель. Сіз менің меншікті дәрігерім болып барасыз. Егер де менің бұл тілегім қабыл болмай, сіз ол дүниеге кете қалсаңыз, Сюзаннаның әкесі мен шешесіне сәлем айтыңыз. Ол көздің дәрігері емес, барлық француздардың көзі екен. Өзінің халқымен бірге неміс достары біз де көзсіз қалғандай күйініштіміз. Бірақ ол үшін мархабатты марқұмдар қапа болмасын. Біздер, немістер, кекті қайтара білеміз, өйткені кекшілдік біздің ұлттық салтымыз. Ондай ұлттық салтымыздың бұзылғанынан өзінің құрып кеткенін жақсы керетін халықпыз, оны сіз де біліп алғайсыз.
Қайсар. Білемін, капитан мырза.
Нагель. Ол мархаббатты профессор мырза қызы Сюзанна үшін де қапа болмасын. Әке-шешесін өлтірушіні іздеп бүкіл Францияны кезуде. Сол сапардан келісімен, мені оған уақытша үйленеді деңіз.
Қайсар. Уақытша?
Нагель. Иә! Мен мұның бәрін сізге не үшін айтып отырмын. Мақтану үшін бе? Жоқ. Сізді сақтандыру үшін. Өйткені генерал Нейдің бандылары сізді торуда, қолына түссеңіз тауға алып кетіп, етіңізді партизандардың жемі еткелі жүр.
Қайсар. Оларға мен не жазыппын.
Нагель. Жазығыңыз — мұрагері болып қалу үнін профессордың өзін ол дүниеге қоя бердіңіз де, қызын ғана алып қалдыңыз.
Қайсар. Сіздің бұл айтып тұрғаныңыз партизандардың жаласы болар.
Нагель. Әрине, бірақ бұл сұрауды Сюзаннаның өзіне де беріп байқаңыз. Сонда оның кімге көбірек кекті екенін білесіз.
Қайсар. Оны кермесем, сырын қалай байқаймын.
Нагель. Бүгін августың жетісі, он бірі күні маған келесіз де ол қызды көресіз. Оған дейін тұтқындардың қиялын зерттеңіз. Олардың ішінде қашқысы келетіндер бар ма, жоқ па; бар болса, кімдермен байланысты екенін біліңіз. Ол үшін лагерьді көбірек аралап, тұтқындармен көбірек әңгімелесіңіз. Ертең Тулузаға барып келісімен соған кірісіңіз.
Қайсар. Егер қашқысы келетіндер болса, менің ондайларды тоқтатуыма бола ма?
Нагель. Сіз қалай тоқтатасыз?
Қайсар. Француз тілін білетін біреуі жоқ, ең а дыры нан сұрап та ала алмай аштан өлетіндерін айтсам неге тоқтамайды?
Нагель. Маған керегі — қаншасы келетіндердің кімдер екенін білу ғана. Ондайларды табатын сіз, таптайтын менмін. Ол үшін сіз жан салып тіміскілеңіз. (Кете береді.)
Қайсap. Cay болыңыз!
Нагель. Мен cay болу үшін жақсылап тіміскілеңіз. (Кетеді.)
Қайсар (жалғыз, ауыр ойда). Иә, менің басыма қасіреттің тағы да бір бұғауы төніп келеді. (Отыра кетеді.)
Шымылдық
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Бірінші сурет
Миколаның жұпыны ғана үйі. Микола кештен Самар ерсілі-қарсылы теңселіп түнеріп жүр де, Сюзанна терезе алдында алысқа телміре қарап тұр. Екеуі де ауық-ауық Сюзаннаға қарап қояды.
Сюзанна. Қарай-қарай көзім талды. Аңсаумен жарылып кететінмін, еліңіздің бір әнін айтып жіберіңізші.
Самар. Сабыр, қымбаттым, сабыр. Мен ән салсам, оны немістер естіп қалса, үшеуіміздің де ішегіміз ән салатын болар.
Микола. Бұл мырза сондайлық әнші ме?
Сюзанна. Нағыз бұлбұл. (Сағатына шыдамсыздана қарап.) Бірақ бүкіл дүниенің бұлбұлы топталып келіп ән салса да жұбаныш болар емес, мұнша неге кешікті екен? (Қайтадан терезеге барады.)
Микола (Күбірлеп). Әніңіз байламаса, бұл қызды ұстау енді қиын, тек жайырақ.
Самар. Біздің елдің әні болып кеткен сіздің елдің бір әнін айтайын, соны тыңдап көріңіздер.
Микола. Алдын ала рақмет сізге. (Самар баяулатып «Марсельезаны» бастай жөнеледі. Оған Микола мен Сюзанна да келіп қосылады.)
Барамыз достарға мәңгілік,
Қаңғырып аш жүрген тау-таста,
Жауларға қарғысты жаудырып,
Шығамыз ақырғы айқасқа.
Жұмыскер қолыңа ту ал да,
Алға бас, аяма жаныңды.
Қанжарды қаныңа суар да,
Жыландай жанышта жауынды.
Ән аяғы аяқтала берген кезде Сюзанна қайта серпіліп кетеді.
Сюзанна. Өртендім-ау!
Микола. Неге?
Сюзанна. Аңсаудың азабын бұл ән де жеңілдете алмады?
Самар (сағатына қарап). Мерзімді кезінен бір сағат кешікті.
Микола. Тағы да бір сағат күтіңіздер, оған дейін келмесе, күдерді үзіңіздер де, кетіңіздер.
Самap. Тірі болса, оның келмеуі мүмкін емес.
Сюзанна. Мүмкін, ол бір операция жасап бөгелген болар.
Микола. Бәрі де мүмкін. Тек сіздердің сағат екіден қалмай бұл үйде қалуларыңыз мүмкін емес.
Самар. Неге?
Микола. Сағат екіде менің комендантқа баруым керек.
Самар. Сонда менің бірде-бір тұтқынды құтқармастан кеткенім бе?
Микола. Кетпеске амалыңыз жоқ.
Самар. Амалым неге жоқ? Сіз неге мені қайтадан шахтаға түсірмейсіз? Өзіңіз салып берген жолмен лагерьге барып, мен неге оны жайратпаймын?
Сюзанна. Байқаңыз, онан бұрын өзіңіз жайрап қалмаңыз.
Самар. Мені жайрататын кім?
Сюзанна. Мен!
Самар (Күлімсіреп). Не үшін?
Сюзанна. Сіз мені алдадыңыз.
Самар. Егер алдамаған болсам?
Сюзанна. Онда өзіңіз айтқан жаңағы жолмен лагерьге қайта барыңыз да, Қайсардың не өзің не жүрегін әкеліңіз.
Самар. Егер әкеле алмасам?
Сюзанна. Онда өзіңізді де жоқ етіңіз, түсінікті ме?
Самар. Мен түсіндім-ау, онан келер пайда жоқ соған сіз түсінер ме екенсіз?
Сюзанна. Онан келер пайда сол: бұл өмірде өзімнен басқаға сенуге болмайтынын сонда ғана білемін.
Самар. Мүмкін, өзіңізден басқаны сүюге де болмас.
Сюзанна. Болмайды, бірақ неге екенін білмеймін, мен оны кім болса да, тіпті өзімді жауға ұстап беретін опасыз болса да сүйетін секілдімін, (Есік қатты қағылады, ұмтыла берген Сюзаннаны Микола ұстай алады.)
Микола. Тоқтаңыз, бұл немістердің қағысы, тезінен мына бөлмеге кіріңіздер де, подвалға түсіп кетіңіздер.
Самар мен Сюзаннаны ішке жібереді де, өзі сыртқа кетеді. Аздан соң Нагель мен Яльмар үшеуі қайта келеді.
Нагель (Яльмарға әмір етеді.) Сүзіп шық! (Яльмар әр бөлмеге кіріп шығады. Нагель қалта дәптерін алып ішіне қарайды да, Миколаға.) Сіз орыссыз, ә?
Микола. Иә, орыстың бір түрімін,
Нагель. Орыс болсаңыз, мұнда қайдан қаңғып жүрсіз?.. Қашан келген едіңіз?
Микола. Мен жер бетін кезбелер кернеген заманда келіппін. Ол кезде мен екі жасар бала екенмін.
Нагель. Атап айтқанда қайдан, қашан?
Микола. 1912 жылы Россиядан.
Нагель. Қазір кіміңіз бар?
Микола. Әйелім мен өзім ғанамын.
Нагель. Әйеліңізді шақырыңыз.
Микола. Ол жұмыста еді.
Нагель. Жұмыстан қашан келеді?
Микола. Кешкі жетіде. Ол не үшін керек?
Нагель. Ұлы Германияның жеңімпаз армиясының капитаны, қалаңыздың коменданты Нагель мырзаға шындықты айту өзіңіз үшін пайдалы екенін білерсіз.
Микола. Шындықты айту кімге болса да пайдалы екенін білемін.
Нагель. Алдымен сізге бір сұрау. Мысалы, сіздің бір қимас, қымбат затыңызды менің әкеткім келді. Сізге қалай әкеткенім жеңіл? Өзіңіз жоқта ұрлан әкеткенім бе, жоқ әлде көзіңізше тартып әкеткенім жеңіл ме?
Микола. Тартып әкеткеніңіз жеңіл.
Нагель. Егер менің айтып тұрғаным сіздің әйеліңіз болса ше?
Микола. Әйел!
Нагель. Сұрауыма жауап беріңіз!
Микола. Онда мені өлтіріп әкеткеніңіз жеңіл.
Нагель. Орыс қаны майданда аз төгіліп жатқан жоқ, қатындар үшін қан төгу ақылсыздық, сол себепті келісімге келейік.
Микола. Қандай келісім?
Нагель. Менің шешем өліп, әкемнің генерал бола тұра бойдақтықтың қасіретін шеккеніне екі жыл. Сол әкемді Францияның тәтті шарабы жасартып жіберіпті. Мен әкемнің құдайдан тілеп алған жалғыз ұлы болғандықтан, оны бір жас әйелге үйлендіріп, бойдақтықтың қасіретінен құтқармақшы едім, оның бүкіл Франциядан ұнатқаны сіздің әйеліңіз болды. Сондықтан да мен сізге солдаттарымды жұмсамай, құда ретінде өзім келдім.
Микола. Сіздің зор мәртебелі генерал әкеңіз мендей қарапайым жұмысшының әйеліне көрместен қалай ғашық болды екен?
Нагель. Неміс пен француз әйелдерінен әбден зеріккен оның маған тап деп бұйырғаны орыс әйелі. Менің орыстардан тапқаным — сіздің әйеліңіз.
Микола. Мен орыс емес, украинмын ғой?
Нагель. Біздер үшін орыс пен украинаның айырмасы аз. Сіздің әйеліңіз неше жаста?
Микола, Жиырма сегізде.
Нагель. Мен жиырма сегіздегі бір әйеліңіз үшін сізге француздардың он сегіз жасар екі қызын беремін.
Микола (қолын ұсынып). Қолыңызды әкеліңіз. Егер анық он сегіз жаста болса біреуіне де келістім, тек өзімнің қалаған қызымды беріңіз.
Нагель. Келістім. Тіпті, қаласаңыз өзімнің бүкіл франциядан сүйген жалғыз қызым Сюзаннаны да беремін. Сіз оны білуші ме едіңіз?
Микола. Сюзанна! Өмірде естімеген атым.
Нагель. Мүмкін емес. Атақты профессор Демидің қызы Сюзаннаны қалай білмейсіз?
Микола. Профессор! Аллам сақтасын, өмірден әйелсіз өтсем де, көрмегенім профессордың қызы болсын.
Нагель. Неге?
Микола. Әйелі тең болмаса, ол еркектің күні көрмен тең. Сондықтан менің қалайтыным — өзім сияқты жүмысшының қызы.
Нагель. Мақұл.
Микола. Ол үшін менің қыз таңдауыма бір жеті мұрсат беріңіз.
Нагель (кенет өзгеріп). Тоқтаңыз, сіз бұл келісімге неліктен тез көне қалдыңыз! Әлде әйеліңіз сұмпайы бірдеңе ме?
Микола. О, оның көркіне өзіңіз де ғашық боласыз.
Нагель. Енді неліктен? Әлде жұқпалы ауруы бар ма?
Микола. Ауруы бары рас, бірақ жұқпалы емес.
Нагель. Ол нендей ауру?
Микола. Қояншық дейтін ауру. Емдетіп алуға қаражатым болмай жүр еді, байғұс енді жазылатын болды.
Нагель. Кәрі генералға тисе жазыла кететін ол нендей қояншық?
Микола. Әкеңіздің өзі кәрі болғанымен ақшасы қартаймайтын жігіт қой. Ақшаның емдей алмайтын дерті бар ма?!
Нагель. Әйеліңіздің дәрігерлер сарабынан өтуіне екі Күн, өзіңіздің қыз таңдауы қызға бір жеті, келістік пе?
Микола. Оған да келістім.
Нагель, Келісім бекіді, Егер осы келісімді бұзар болсаңыз (пистолетін суырып алып) осы пистолеттің ішіндегі тоғыз оқты түгел жұтасыз.
Микола. Егер әйелімнің жыны ұстап, әкеңізді өлтіріп тастаса оған мен кінәлі емеспін, оған да осы бастан келісейік.
Нагель. Қорықпаңыз, біз немістер өзімізді жазым еткісі келетіндерді алдын ала тани да, таптай да білеміз. Meн сізді суретке түсіріп алайын, отыра қалыңыз. (Суретке түсіре тұрып сөйлейді.) Әкем бүгін Берлинге кетті, сол келгенше сау болыңыз. (Кетеді.)
Микола не дерін білмей аңырған күйі оны есікке дейін шығарып салады. Әлденені айтқысы келсе де айта алмай үйдің ішін кезіп біраз жүреді де Самарлар кірген жаққа барып дауыстайды.
Микола. Келе беріңіздер! (Сюзанна мен Самар келеді.)
Сюзанна. Ол кім?
Микола. Нагельдің өзі.
Сюзанна. Ол не іздеп жүр?
Микола. Менің әйеліме құда түскелі келіпті.
Самар. Құда түскені қалай?
Микола. Менің әйеліме әкесін үйлендірмек.
Самар. Әйеліңіздің төлеуіне өзінің басын беретінін де айтты ма?
Микола. Өзінің басын берер-бермесін білмеймін, француздың екі сұлу қызын бірден беретін болды.
Самар. Е, солай деңіз, күтпеген жерден қос қатынды болдым да қалдым деңіз.
Сюзанна. Тоқтаңыздаршы! Оның мұнда келгендегі мақсаты әкесін үйлендіруден үлкенірек секілді. Сізді суретке түсірген жоқ па?
Микола. Түсірді.
Сюзанна. Мені сұраған жоқ па?
Микола. Сұрай қойған жоқ, бірақ мен қаласам әйелімнің төлеуіне сізді де беретін болып оспақтады,
Сюзанна. Сіз не дедіңіз?
Микола. Не дейін, құшағым әзір дедім.
Сюзанна, Әзілді қойыңыз, мен шын сұрап тұрмын.
Микола. Мен аңқау емес екенмін, сол себепті ғана оның Құрған тұзағынан аман өттім.
Сюзанна. Бәсе. (Миколаның бетінен сүйіп алады.) Бірақ әлі де сақтаныңыз. Оның бұл келісі — сезіктілер тізілетін қара тізімге сіздің де ілінгені кәді көрсетіп тұр.
Микола. Мен де солай ойлаймын, ойлаған сайын сонау қазақтарыңнан қорқа түсемін.
Сюзанна. Неге?
Микола. Меніңше, жаңағылар соның сілтеуімен келді.
Сюзанна. Өтінемін, ондай ойдан аулақ болыңыз. (Есік қоңырауы естіледі.) Міне, келді.
Микола. Тоқтаңыз... Егер менің күдігім дұрыс болса, мына келген сол қазақ... Орындарыңызға барыңыздар! Тез! (Ол сыртқа, Самар мен Сюзанна ішке кетеді. Аздан соң Миколаның даусы естіледі.) Сізге кім керек? (Қайсар мен Микола келеді.)
Қайсар (сөйлей кіреді). Өзіңіз ешкімді күткен жоқ па едіңіз?
Микола. Менің күткенім — гестапоның адамы. Сіз кім едіңіз?
Қайсар. Мен өзінің Россияның іздеген біреу.
Микола. Қайдағы Россия?
Қайсар. Егерде сіз—өз аты Микола, арғы әкесінің аты Данко дейтін жұмысшы болсаңыз, менің іздеген Россиям сізсіз.
Микола. Сіз мен түсінбейтін бірдеңелерді айтып тұрсыз.
Қайсар. Сіздің аты-жөніңіз кім?
Микола. Россиядан адассаңыз да, менің аты-жөнімнен шатаспапсыз.
Қайсар. Сізге бүгін ешкім келген жоқ па?
Микола. Неге келмесін, келеді. Өзімнің болашақ жиенім, әйелімнің болашақ баласы, қаламыздың коменданты, неміс армиясының капитаны Нагель мырзаның келгенін өзіңіз де көрген боларсыз.
Қайсар. Көрдім. Соны көргеннен бері өзімнің іздеп келген достарымның қайсыбірі жеті басты аждаһа болып елестейді. Сонда да оларды көргім келеді. Тағдырдың құлы болған мен сияқты тұтқыннан қорықпаңыз да, айтыңыз, мені күтушілер үйіңізде бар ма, жоқ па?
Микола. Басқаларды білмеймін, жаңағы капитанның бұйрығы бойынша сізді күтіп отырған мен бармын.
Қайсар. Басқалары қайда, соның қолына түсті ме? (Сюзаннаның үзіле шыққан дауысы естіледі.)
Сюзанна. Қайсар!.. Қайсар!.. Құтқар... Құтқар!
Қайсар (сескеніп қалады, бірақ сыр сездірмейді). Бұл не?
Микола. Не екенін естіп тұрған жоқсыз ба? Оның ажалына арашашы болудан қорықсаңыз, өз жаныңызды тез қорғаңыз.
Қайсар. Менің естігенім — өз жүрегіммен бірге соққан жүректің лүпілі ғана, сонда мен жанымды неден қорғамақпын?
Сюзанна (тәлтіректеп келе жатады). Жаныңызды менен қорғаңыз, менен. (Ұмтыла бере тәлтіректей түседі.) Құлап барамын, деміңізбен демеңізші. (Самар көpiнe бере тоқтап, бұларға алыстан күле қарап тұрады.)
Қайсар (ұмтылып келіп қолына қулаған Сюзаннаны көтеріп алады). Мен неткен бақытсыз едім. (Жатқызатын орын іздеп шыр айналады. Сюзанна оның бетін бетімен бір жанайды да, ыршып жерге түседі.)
Сюзанна. Қорықпаңыз, мен ондайлық осал емеспін.
Қайсар (телміре қарап). Өлтіру де, тірілту де қолыңыздан оңай келеді екен, бірақ сақтаныңыз: мен қанша бақытсыз болсам да жалынсыз емеспін.
Самар. Қайран менің нағашыларым-ай, сұлу қыздар көрінсе, көздеріңіз қойды көрген аш қасқырдың көзіне ұқсап кетеді-ау?
Қайсар. Кешір бауырым, үрей шашып, мені есімнен адастырған Горькийдің мына геройы.
Микола. Адам баласы біріне-бірі ажал шашып жатқан мұндай заманда мен құдайдың өзіне де сенбеймін, ол үшін ғафу етіңіз.
Қайсар. Мен нені кешіруді де білмейтін болып барамын.
Микола. Оның қаншалықты дұрыс екенін соғыстан тірі қалғандар ғана айта алады. Өтінемін, отырыңыздар.
Сюзанна (отыра беріп, Қайсардың бетіне үңіле қарайды). Қайсар, осы отырған анық сіз бе?
Қайсар. Бұл назыңыздың ар жағында нендей сұраулар жатқанын білемін, бірақ жауабына уақыт жоқ.
Сюзанна. Соңғы минутыңыз соғып тұрса да, менің шақырған жеріме келмеуіңіздің мәнісін айтарсыз.
Қайсар. Мен сізді мына қан сасыған дүниеге жалғыз қалдырғым келмеді. Өзіммен бірге о дүниеге ала кетуге оғым болмады, со себепті келе алмадым.
Сюзанна. Өзіңізді сүйген қыздың немістерге өлігін ғана сүйгізетін әдетіңізді білемін.
Самар (Миколаға). Махаббаттың мұндай соғысынан сіздің хабарыңыз бар ма?
Микола. Басқасы әзірге қараңғы, тек өз әйеліңді сүю үшін де дүниені атқылау керек екенін сезе бастадым.
Самар. О, бал татыған ұлы дүние! Қайда барсам да уладың-ау жанымды.
Қайсар (сағатына қарсы). Менің лагерьге қайтар шағым жақын, іске кірісейік.
Самар. Іске кіріспес бұрын кеудемізді күдіктен тазартып алайық. Ол үшін сізге бір сұрау. Егер де біздер сізге жаңағы немістерді сіздің сілтеуіңізбен келген жоқ па десек, сіз не дер едіңіз?
Қайсар. Сұрауыңа сұрау. Егерде мен оларды менің сілтеуіммен келді десем, сендер қайтер едіңдер, сенер ме едіңдер? Мысалы, сен сенер ме едің?
Самар. Неге екенін білмеймін, немістердің осы келісі үмітімді улап, сенімімді әлсіретіп кетті. Шынымды айтсам, дәл қазір осы үшеуіңіздің бірде-біріңізге сене алмай отырмын.
Қайсар (Миколаға). Сіз не дейсіз?
Микола. Сондай күдігім болмаса, сізді суық қарсы алар ма едім?
Қайсар (Сюзаннаға). Сіздің де айтарыңыз осы ма?
Сюзанна. Мен өзімнен гөрі сізге көбірек сенемін. Ал, мына екеуіне сізден де көбірек сенемін. Өйткені бұлар Ней сияқты батыр генералдың сенген адамдары. Осының бәрін ескеріңіздер де, күдікті тастаңыздар.
Микола. күдікті тастауға болар, бірақ сендей сұлу қыз төрт шақырғанда бір келмеген дәрігер мырзаның дәл бүгін келе қалуы, ол келетін кезде коменданттың сап ете қалуы мені сескендіре береді.
Қайсар. Қазіргі кезде ең қатты сескену немістер. дің өзінде. Мұның бәрі Шығыстан келе жатқан жеңістің дүмпуі деп білемін де, мен сіздердің ешқайсыңыздан күдіктенбеймін.
Микола. Мына екеуіне сенер-сенбесіңізді білмеймін, маған сенуіңіз мүмкін емес.
Қайсар. Екі түрлі себеппен менің ен сенерім сіз.
Микола. Ол қандай себептер?
Қайсар. Сіз жұмыскерсіз. Мен жұмыскерлерге өзімдей сенетін адаммын. Екіншіден, сіз армия мен халықтың арасындағы дәнекері көрінесіз. Халықтың мұндай зор сеніміне ие болған адамға сенбейтін ақылсыз емеспін. Сондықтан мен лагерьден қашқысы келген қырық жеті тұтқынның тағдырын сіздің қолыңызға бергелі келдім. Мынау солардың төрт дана болып жасалған тізімі. Мұның бірі сізде (әрқайсысына үлестіреді), бірі сізде, мына біреуі сенде болсын, Самар. Ал, мына бір данасын генерал Нейдің өз қолына табыс етіңіздер де, сәлем айтыңыздар. Бұл тізімді өзінің архивіне сақтасын да, соғыс бітісімен Совет Армиясының бас штабына жіберсін.
Самар. Уақыт өтіп барады, ертеңді қоя тұрып, бүгінді ойлассақ қайтеді?
Қайсар. Не үшін, қалай өлгенімізді елімізге жеткізер ертеңіміз жоқ болса, бүгінгі күніміз қор болса да мейлі.
Сюзанна (тізімді қарап шығып). Мынаның ішінде өзіңіз неге жоқсыз?
Қайсар. Мен бұл сапар қашпаймын, сол себепті тізімде жоқпын.
Сюзанна. «Бұл сапар қашпаймын?»
Қайсар. Иә.
Самар. Неге?
Микола. Себебін білуге болар ма?
Қайсар. Менің аурудан жаңада ғана тұрған екі досым бар. Олар бір жетісіз қаша алатын халде емес, мен оларды тастап кете алмаймын.
Самар (ызбарлы). Нағашы! Бұл шүлендіктің аты не?
Қайсар. Бұл сен айтатын сөз емес.
Сюзанна. Өтінемін, сіз әлі де ойланыңыз.
Қайсар. Ойланып та, толғанып та болғанмын.
Сюзанна. Мен не үшін елімнің көзіне азғын болып көрінетін істер істедім? Не үшін мен тауды кезіп, тас кештім? Мен кеудемді кеше партизандардың оғына төсесем, ертең немістердің оғына төсегелі тұрмын, осының бәрі не үшін?
Қайсар. Әке-шешеңіздің кегі үшін.
Сюзанна. Бекер айтасыз, бекер. (Жүріп кетеді.)
Қайсар (Миколаға). Қашудың екінші кезегіндегі біздерді алдағы жексенбі күні сағат таңғы үштің кезінде лагерьдің шахталар жақтағы бұрышынан күтетін болыңыздар.
Микола. Жексенбі... сағат таңғы төрт... Мақұл.
Сюзанна (әлдене бір берік ойға бекініп, кенет өзгереді.) Онда қолыңызды әкеліңіз.
Қайсар. Жүрегімді қоса алыңыз.
Сюзанна. Мұндай жүрек алынбай қалмас. Әзірше сіз бүгінгі қашатындардың бізбен кездесетін мерзімін, жерін айтыңыз.
Қайсар. Мерзімі — ертең түнгі сағат бір, кездесер жеріміз — лагерьдің жел диірмен жақ шетіндегі терең сай. Өз әзірліктеріңіз қандай?
Сюзанна. Әзірлік бүкіл лагерьдегілерді құтқарып әкетуге жетеді, қуғыншылар бола қалса жолын бөгейтін қарулы күшіміз де әзір, тек оларды бізге өзіңіз бастап келесіз.
Қайсар (сөйлей түре келеді). Оған әзірмін.
Сюзанна. Егер бізді алдар болсаңыз, өз анаңыздан да аяушылық күтпеңіз!
Қайсар. Оны біздер сіздерден де жақсырақ білеміз, сау болыңыз. (Жағалай қол алысады.)
Самар. Өзіңіздің тұтқын екеніңізді ұмытпағайсыз!
Қайсар. Мұнымен не айтпақсың?
Самар. Өкініп қалмаңыз дегенім ғой.
Қайсар. Мүмкін жау оғынан өлермін, бірақ өкіне қоймаспын. (Сөйлеп келіп Миколамен қол алысады.)
Қайсap. Cay болыңдар, армандастарым. (Есікке беттейді.)
Сюзанна. Сіз неткен мейірімсіз едіңіз.
Қайсар (жалт бұрылады). Апыр-ай, сіздің осынау бір сиқырлы сөзіңізге енді ғана түсіндім-ау.
Сюзанна. Түсінгеніңізді көре алмай тұрмын-ау.
Екеуі бір-біріне үнсіз қадалып, ақырын жақындап келеді, оларға ілесе шымылдық жылжып жабыла бастайды.
Шымылдық
Неміс коменданты капитан Нагельдің кабинеті.
Сахнада Нагель жалғыз. Ол жаралы жыртқыштай аласұрып үйдің ішін ерсілі-қарсылы сарт-сұрт кезіп жүр.
Нагель. Шығыс. Шығыс. Шығыстан шыққан Күн — мен туғалы қанша түнді жұтса, Шығыс майданы сонша немісті жұтқан секілді. Егер біздің ақсақ генералдың айтқаны келіп, Франциядағы неміс армиясының құпия Шығысқа бөліне қалса, менің гарнизонымның күші де бөлшектенеді. Сонда менің күнім не болмақ? (Орнына отыра бере кнопканы басып қалады. Есіктен Яльмар көрінеді.) Мен әйел даусын естідім. Ол кім?
Яльмар. Кімді аңсай күтсеңіз — сол.
Нагель. Мен күткен әйелді сен неге бөгейсің?
Яльмар. Кешіріңіз, капитан мырза, мен жаңа ғана байқадым, өзі сұлулардың сұлуы екен.
Нагель. Сендей бойдақтарға әйелдердің бәрі сұлу. Сілекейіңді шұбыртпай, жөнел!
Яльмар. Өмір бойы құлыңыз болып өтейін, егер өзіңіздің дәмеңіз болмаса, осы қызды маған қиыңыз.
Нагель (пистолетін қолына ала тұра келеді). Немене? Менің дәмем неге болмайды? Сеніңше, мен еркек емеспін бе?
Яльмар. Кешіріңіз.
Нагель. Мен ақымақ емеспін, мұндай ақылсыздықты ақымақтар ғана кешіреді, жоғал көзімнен! (Яльмар шыға жөнеледі.) Бұл қалай? Тағдыр мені тумастан осылай жазалағанын бұлардың білетін болғаны ма? Бұлар білсе біле берсін, қызтеке екенімді мына келе жатқан қыз білмесе екен. Менің төсектегі ондай дәрменсіздігімді ол өзіне жасалған ибалық, өзіне арналған адал махаббаттың айғағы деп білсе екен. Сонда мен әрі онымен көңілімді аулап, әрі оны жұмысыма баулып, бір оқпен екі қоянды атқан^болар едім. (Сюзанна келеді.)
Нагель (момақан бола қалады). А, келіңіз, келіңіз. Менің есігім сізге күні-түні бірдей ашық.
Сюзанна. Сіз бұрын мұндай емес едіңіз, бір жетінің ішінде қалай тез өзгергенсіз?
Нагель. Сізсіз өткен жеті Күн соғыспен өткен жеті жылдың азабынан жеңіл тиген жоқ.
Сюзанна. Мен мұндай ізгілікті сізден күткен емеспін.
Нагель. Менен бәрін де күткейсіз... Өтінемін, отырыңыз.
Сюзанна. Зұлымдықты да күтейін бе?
Нагель. Мен өз сөзімді қайталамаушы едім.
Сюзанна. Айтқанынан қайтпайтын ерліктің сізде мол екенін білемін. ь
Нагель. Білсеңіз, әкелген олжаңызды алдыма жайып салыңыз.
Сюзанна. Олжалы келгенімді қайдан білдіңіз?
Нагель. Олжасыз келсеңіз, менімен бұлай сөйлесе алмайсыз.
Сюзанна. Солай ма? Өзін-өзі байқамау — менің өтпеген сабағым.
Нагель. Өтпесеңіз енді өтіңіз, бұрын оқымасаңыз енді оқыңыз. Айта беріңіз, қайда барып, қайдан қайттыңыз.
Сюзанна. Менің әкелген олжаларым мыналар ғана. (Сумкасынан бірнеше суреттер мен қартаны алып Нагельдің алдына жая бастайды.)
Нагель. Менің бұлардан көретінім не?
Сюзанна. Сіз бұлардан генерал Ней бастаған партизандардың қайда екенін көресіз.
Нагель. Егер жалған айтсаңыз, жазаның ен ауырын тартасыз.
Сюзанна. Өте ризамын.
Нагель. Менің қолымда сол партизандардың өз ішінен өткен түні келіп түскен мәліметтер бар. Мен бұларды сонымен салыстырамын. Егер әкелгеніңіз соған сай келмейтін алдамшы бірдеңе болып шықса, аямаймын; иманыңызды айтып, өміріңізбен қоштаса беріңіз.
Сюзанна. Егер жалғаны жоқ болса қайтесіз?
Нагель. Қайтетінімді қазір айтамын. (Қалта дәптерін алып бір жерін ашады да, алдында жатқан жаюлы қартамен салыстыра бастайды. Көзін қарта мен дәптерге кезек жүгіртіп, қуана отырып сөйлейді.) Періштем, періштемсіз. Сіз менің Төсегімнің періштесі болуға көп кешікпей жетерсіз, жеткіземін.
Сюзанна. Осындай үлкен олжалармен бірге әкелген күдігім де бар, оны да тыңдаңыз.
Нагель. Күдік? Нендей?
Сюзанна. Қай тарапқа екені белгісіз, ол партизандар басқа жаққа кеткелі жатыр.
Нагель. Кеткелі жатыр? Онда маған мынаның керегі не?
Сюзанна. Олар қазір әзірлік үстінде, қолдағы бар күшті алып тезірек жөнелсеңіз, үлгеруіңіз мүмкін ғой!
Нагель. Мен қолдағы бар күшті алып партизандарға жөнелейін, сонда лагерьді кімге қалдырмақпын. Көшедегі салдақыларға ма?
Сюзанна. Қолына қару берсеңіз, салдақылар сіздің мынау Яльмар сияқты солдаттарыңыздан кем түспес.
Нагель. Сүйіктім, сіз менің солдаттарымды олай қорламаңыз. Парижға ең алдымен кірген менің батальоным болса, соның бірі осы Яльмар екенін сіз біліп алыңыз.
Сюзанна. Соғыссыз берілген қаланы алу мақтан емес-ау?
Нагель. Сүйіктім, сіз бұл сөзіңізбен бір ғана менің жау жүректерімді ғана емес, ұлы Германияның жеңімпаз армиясын түгелдей қорлап отырсыз.
Сюзанна. Кешіріңіз, сіз менің кінәмді ауырлатамын деп, өзіңізді тым жеңілдетіп жібердіңіз,
Нагель. Сіз мұнан былай бұл тақырыпта сөйлемейтін болыңыз.
Сюзанна. Әміріңіздемін, мырзам.
Нагель. Олардың қай бағытқа кеткенін біліп қайтпай, неге асықтыңыз?
Сюзанна. Біріншіден, сіздерді үлгерер деп үміттендім. Екіншіден, бүгін туған күнім еді, соны тойлауға асықтым.
Нагель. Туған күніңіз құтты болсын деу мен үшін аз секілді, рұқсат етсеңіз, үйіңізге барар едім.
Сюзанна. Қуана қарсы алуыма сіз де рұқсат етіңіз.
Нагель. Әкеңіз бен шешеңіздің партизандар қолынан қаза болып, өзіңіздің ауыр жараланғаныңызға бүгін тоқсан күн толды ғой, мүмкін бүгін оны да еске аларсыз?
Сюзанна. Ол екеуінің өлімі есімде мәңгі сақталады.
Нагель. Онда сіз туған күніңіздің тойына өзіңізді ажалдан алып қалған дәрігерді де шақырарсыз. Егер оның келуін қаласаңыз, мен келтіріп беремін.
Сюзанна. Сіз мені олай қорламаңыз.
Нагель. Кешіріңіз, мен түсінбей қалдым. Ол сіздің жан қияр досыңыз ғой?
Сюзанна. Жаралы кезімде солай көрінген еді, қазір азияттардың ешқайсысын көргім келмейді.
Нагель. Онда кешіріңіз.
Сюзанна. Сол бір қанды түн сіздің есіңізде қалай сақталған?
Нагель. Есіңізде ме, құдай екеуіңізден тілейтін жалғыз тілегімді айтқанда сіз не деп едіңіз? «Мен бұл жазды аза тұтумен өткіземін. Азалының жаны жаралы, жаралының сүйері қасірет»,— деген едіңіз ғой. Сонан беpi мен азалы күндеріңізді санаудамын.
Сюзанна. Қасіретімді жаттап алып, жадыңызда сақтағаныңыз үшін бас иемін.
Нагель. Мен сізді қанша сүйсем де, өзімді өзім қара күшке билетпей, иба сақтап келдім. Енді шыдар емеспін. Сондықтан, сіз алғысыңыздан бұрын менің құшағыма қашан. кіретініңізді айтсаңыз екен.
Сюзанна. Асықпаңыз. Туған күніңді тойлауым сол қасірет құшағынан шыға бастағаным болар.
Нагель. Мүмкін, туған күніңіздің тойына мені арнайы шақырарсыз.
Сюзанна. Сізді шақыру тілеместен келерсіз деген үміттемін, тек жалғыз келмеңіз.
Нагель. Мен ақымақ емеспін, сол себепті өзімнен басқаны шақыра алмаспын.
Сюзанна. Мұнда қандай ақылдылық бар?
Нагель. Мен сізден басқаға сенбеймін.
Сюзанна. Өзіңіздің солдаттарыңызға да сенбейсіз бе?
Нагель. Сенбеймін.
Сюзанна. Онда маған қалай сенесіз?
Нагель. Сіз ақылдысыз, мен ақылдылардың бәріне де сенемін.
Сюзанна. Қанша ақылды десеңіз де екі кісілік тойдың қалай жасалатынын білмей отырмын.
Нагель. Онда тоғыз адамға жететін тамақ, он алты адамға жететін арақ әзірлеңіз.
Сюзанна. Қонағыңыздың қиқы-жиқы санына түсінбедім.
Нагель. Кейін бәріне де түсінесіз. Мен өзім білетін қыздардың жетеуін әкелемін, екеуімізбен тоғыз. Арақ шараппен бірге тамақ ішетін сол тоғыз. Ал, арақ қана ішетін тағы бір жетеу бар, олардың кім екенін кезінде көрерсіз.
Сюзанна. Сонда сіз жапа-жалғыз жеті қыздың қоршауына түспексіз бе?
Нагель. Қоршау деген қорқынышты айтпаңыз. Мен сіздің туған күніңіздің құрметі үшін сол жеті қызға жеті солдатымды сыйлаймын.
Сюзанна. Менің үйімде ме?
Нагель. Жоқ.
Сюзанна. Енді қайда?
Нагель. Ол махаббат соғысының Құпиясы. Тойыңыз кешкі тоғыздан ерте басталмасын да, түнгі он екіден ерте аяқталмасын.
Сюзанна. Он екіден! Сіздің бұйрығыңыз бойынша түнгі он бірден кейін көшеде жүруге болмайды ғой?
Нагель. Өз заңым өзіме жүрмейді.
Сюзанна. Қыздар қайтеді?
Нагель. Оларды солдаттарыма өзім үлестіремін.
Сюзанна. Бүгінгі түн, шынында, қызықты түн болғалы тұр екен. Басқа айтарыңыз жоқ болса, мен сол қызықты кештің әзірлігіне кірісейін, кетуге рұқсат етіңіз.
Нагель (оның қолынан ғана сүйеді). Барыңыз, бүгінгі тойға да, ертеңгі жорыққа да әзірленіңіз.
Сюзанна. Жорыққа? Ол нендей жорық?
Нагель. Олардың қайда барып мекендегенін біліп қайту үшін бүгінгі келген жағыңызға ертең қайта кетесіз.
Сюзанна. Капитан мырза! Менің ауыр жарадан жаңа ғана жазылғанымды біле тұра неге аямайсыз? Тым болмаса бір жеті дем алайын, мұрсат беріңіз.
Нагель. Мен сізді аяғандықтан асығамын. Әкеңіз бен шешеңіздің кегін алу үшін асығамын, сіз де асығыңыз.
Сюзанна. Асығамын, кегім үшін бәріне де асығамын.
Нагель. Cay болыңыз!
Сюзанна. Асыға күтемін! (Кетеді.)
Шымылдық
Жетінші сурет
Сахна тас қараңғы. Ауық-ауық ракета атылып, жарқ етеді де, қайта сөнеді. Ракетаның жарығынан көреріміз: тікенекті бұғаумен қоршалған бірнеше барақ, оны күзетіп ерсілі-қарсылы сенделіп жүрген күзетші солдаттар. Көзге анық түсетіні Яльмар. Ол ауық-ауық тың тыңдап, бір ыңқылдап қояды. Мұны аңдап жатқан Микола мен Самар бір көрінеді де, жоқ болады.
Яльмар (тіміскілеп). Мұрным қышиды, капитанның әкелер сыйлығы арақ болғай. (Ойлана сөйлеп). Бірақ оның естен кетпейтін сыйлық деуіне қарағанда арақ емес секілді. Сонда ол не? Көзім көрсе, ойым да жетер еді, не болса да тезірек келсе екен, көрсем екен! (Қалта фонарын жағып сағатына қарайды.) Айтқан мерзіміне бір минут қалды. Қазір ол шеткі күзетке жетті. Мен алтыншымын. Оның маған жетуіне сегіз минут қалды. (Алыстан Нагельдің дауысы еміс-еміс естіледі. Яльмар тың тыңдап қуанады.) Келе жатыр, қышы мұрным, дыши түс! (Аласұрады, Сюзаннаны қолтықтап Нагель келеді. Оларға ілесе қолтықтасып екі қыз келе жатыр.)
Нагель (сөйлей кіреді). О, менің алыбым, бүкіл әлемді жалғыз өзі жалмайтын, Яльмарым! Мен саған жеті қыздың ішіндегі ед жастауын, жеті түрлі шараптың ет қартаңдауын әкелдім. Қабыл ал, Яльмарым, тек күзетте тұрып шараппен сүйісуші болма!
Яльмар. Қызбен ше?
Нагель. Оны өзіңнің нәпсіңнен сұра. (ІІ-қызға қарап). Бикеш, бері жүріңіз! (Сюзаннаны қолтықтаған күйі кетеді. Екі қыздың бірі олардың соңынан ереді.)
Яльмар. Жасасын менің қызтеке капитаным! (Бyтылканың түбінен бір ұрып, аузын ашады да, жұта бастайды.) Уһ, ойлап қарасам, шарапсыз өмірдің өзі де қызтеке екен-ay! (Тағы бір сылқылдатып алады да, қызға ұсынады.) Кел, сүйіктім! Кебірсіген көнің бір жібісін, сенде сілтеп жібер! (Қыз басын шайқайды.) Онда сенің менен төрт ұл, екі қызың болуы үшін! (Түгел ішіп, бутылканы лақтырып жібереді де, оқырана сөйлейді.) Жүр, менің бір түндік қатыным, мына бір сайға таман барып жантаяйық та, жұлдыздарды санайық. (Ол тұмсығын қыздың тамағына тыға, бір қолымен құшақтап сахнаның шетіне жеткен кезде, Микола атылып барып ту сыртынан қанжар салады. Самар қызды сүйрей жөнеледі. Сюзанна мен Нагель қайта оралып келе жатыр.)
Нагель (жан-жағына қарап). Жаңағы сайтандар әлден-ақ сайтандасқан ба?
Сюзанна. Солай секілді.
Нагель. Сайтандар сайтандасып жатқанда, біз неге қарап тұрамыз?
Сюзанна. Сабыр етіңіз, өзіңізді өзіңіз олай аздырмаңыз.
Нагель (оны әзінің бауырына тартып алып). Сізді сүю азғындық болса, мен адамшылықтан мүлдем безермін.
Сюзанна. Солай ма? Онда сүйе қойыңыз... Олай емес, былай сүйіңіз. (Пистолетін Нагельдің кеудесіне қағып тұрып атады, бірақ пистолет от алмайды.)
Нагель (Сюзаннаның шашынан ұстай алып). Мен сіздің осылай сүйетініңізді сезгенмін, тек бүгін күткен емес едім. Қане, тағы да сүйіңізші. (Сюзанна барлық кегімен қайта-қайта атады, үн жоқ. Нагель зымияндана қарап күліп, әз пистолетін суыра бастайды.) Ендігі кезекті маған беріңіз. Бірақ мен немістерге қандай дос екеніңізді білу үшін құрылған қақпанды үні шықпайтын пистолет деп түсінген сіздей ақымақ емеспін.
Сюзанна. Ах, солай ма еді?
Нагель. Солай еді. Сіз алданғаныңызды білмей, мені қағаз оқпен атқылап тұрсыз, сол себепті өмірден үміт үзіңіз де менің қылмысымды айтыңыз. Қане, айтыңыз, мені не үшін аттыңыз?
Сюзанна. Адамдық борышымды өтеу үшін.
Нагель. Онда мен сізді қазір дал-дал ететін жолбарыспын, иманыңызды тезірек айтыңыз. (Сюзаннаның шашынан шалқалата тартып, тістене сөйлейді.)
Самар. (ту сыртынан атылып келіп, Нагельге қанжар салады). Біздің ауылдың жолбарысы осылай атылатын. Бар иманыңды өзің айт. (Құлап түскен Нагельдің қолындағы пистолетті тез жұлып алады да, өзін тебе домалатып жібереді. Мұнан кейінгі сөздердің барлығы сыбырға жақын.)
Сюзанна (Самарды құшақтай алады). Алла-ай, неткен ғажап жансыздар? Неден жаралғансыздар?
Самар. Кейін өзіңіз де біздердей ғажап адам боласыз. Микола қайда?
Сюзанна. Мына қараңдаған сол болар.
Микола (сыбырлай сөйлеп өсер бауырлап келеді). Мына бір тырсылды естідіңдер ме?
Сюзанна. Ол не?
Микола. Ол кескіленіп жатқан бұғаулар, немістердің темір тікенді құрсаулары.
Сюзанна. О, тәңірім...
Микола. Тұтқындар шыға бастады.
Сюзанна (ақырын дауыстайды). Қайсар... Қайсар қайда?
Самар. Мына біреу біздерге қарай еңбектеп келеді.
Сюзанна (сыбырмен). Қайсар!
Қайсар (сөйлей еңбектеп келеді). Мен мұндамын. Мұңдасуға уақыт жоқ, мен әзірлеген қырық жетінің біреуі ауырып қалды. Қалған қырық алтысы міне алдарыңызда жатыр. Мұнда қалған біз бейбақтарды қашан, қай жерден күтетіндеріңізді ұмытпаңыздар, жолдасыңыз болсын... Үзілген үмітімнің шам-шырағы, Сюзанна! Сізбен қоштасудың қандай ауыр екенін жаңа сездім-ау!
Сюзанна (оның қолын кеудесіне басады). Мен оны кеше сезгенмін, бірақ мен сіздей мейірімсіз емеспін. Ойлап қарасам, менің сізбен қоштасуым мүмкін емес екен. Сол себепті кешіріңіз. Самар, қимылдаңыз! (Самар әзі әзірлеген орамалды Қайсардың басына жауып жіберіп, аузын байлайды да, Сюзанна екеуі екі қолтығынан ала жөнеледі.)
Самар. Микола, бастаңыз.
Микола. Ал, кеттік, бауырлар, біріңнен бірің қалмаңдар, арқаннан мықтап ұстаңдар.
Дауыстар. А, Құдай, ақсарбас! Сәт сапар!
Микола. Сезіп қалды, еріңдер маған! (Бәрі асығыс жөнеледі. Атылған ракета, түн қараңғылығын тілгілеген прожекторлар сахнаны жарқыратып жібереді. Иттердің арсылы, немістердің арқылы бірте-бірте жақындай түседі.)
Шымылдық
ЭПИЛОГ
Сахна тас қараңғы. Микола қашқындарды бастап келеді.
Микола (сыбырға жаңын үнмен). Meн мұнда... мұнда... мұнда... Мен саспай сіздер саспаңыздар, мына бір сайға түсіп дем алыңыздар.
Тұтқындар қараңғыны қармай, лек-легімен ағылып өтеді. Микола қақ ортада тұрып қалады. Олар келген жақтан Сюзанна, оған ілесе Қайсарды қолтықтап Самар мен Ойран келе жатыр.
Сюзанна (жан-жағына қарайды да, Миколаның қасына жетіп барады). Межелі жерімізге жетіппіз ғой, осы жерде кездесетін партизандар қайда, машиналар қайда?
Микола. Жайырақ сөйлеңіз.
Сюзанна. Кешіріңіз.
Микола. Межелі жерімізге жеткенімізбен, кездесер кезімізге әлі жарты сағат бар. Мен саспай сіздер саспаңыздар да, дем алыңыздар.
Сюзанна (жүгіре басып келіп, Қайсардың аузы байланған орамалды шешіп алып лақтырады). Сізге емес, өзіне сене алмай ауызыңызды байлатқан менің жүрегім, ол үшін ғафу етіңіз.
Қайсар (жан-жағына тамашалай қарап). Таң... Мынау тамұқ дүниенің таңы бүгін мезгілсіз атқан ба? Көк жиектен шашылған мынау ненің шапағы?
Сюзанна. Ол — тамұқтың таңы болып атқан махаббаттың шапағы болар.
Самар. Қайсар аға, дәл осы сөзі үшін аузынан бір сүйіңізші. Немесе маған рұқсат етіңіз. (Қайсар мен Сюзанна біріне бірі телміре далада.)
Ойран. Өзіңіз, Қайсар әке, өзіңіз сүйіңіз. Тек, біздерді тамсандыра сүйіңіз.
Қайсар. Мен мұндай бұйрықтың құлымын. (Сюзаннаны өзіне тартады.)
Сюзанна. Мен де солаймын, тек аз сабыр етіңіз. Алдымен мынау атып келе жатқан таңымызға тағзым етейік. (Қайсар екеуі қол ұстасқан күйі залға жақындап келіп тізе бүгеді де, бас иеді. Сол кезде алыстан иттердің арсылы естіледі.)
Ойран. Бұл не? (Бәрі де үрейлене қалады.)
Самар. Олар — біздің ізімізге түскен немістер мен иттер, әзірленіңіздер!
Микола. Саспаңыздар. Жауды жарты сағат бөгей алсақ құтыламыз. Мынаны ата білетін кім бар?
Ойран. Мен бармын.
Микола. Ата білсең манадан бері маған неге арттың? Мә, он жеті оғының бірде бірі далаға кетпесін. (Мойнындағы екі автоматтың бірін береді.)
Самар. Үш автомат, екі граната, екі пистолет... Жұмсай білсек жау жолын тосушыға аз қару емес.
Микола. Иә, аз қару емес. Қайсар, Сюзанна, біздер мына үшеуіміз жаудың жолын бөгей тұрайық, сіздер менің Галинам үшеуіңіз тұтқындарды сонау қылтия бастаған айдың астына қарай әкете беріңіздер.
Қайсар. Мен не көрсем де сіздермен бірге көремін. Пистолеттің бірін маған беріңіздер, тез.
Самар. Ағатай-ау, тым болмаса біріміз тірі қалайық та.
Қайсар. Мен тірліктің не екенін білемін, сөзді қой да, әкел жылдам. (Самар пистолеттің бірін береді де, Микола мен Ойранның соңынан кетеді.)
Қайсар. Жауды өз оғымен атқан қандай жақсы. (Пистолеттің оғын алып қайта салады.) Тоғыз екен. Оның жетеуі жауға, қалған екеуі...
Сюзанна. Қалған екеуі маған.
Қайсар. Оны сіз қайтесіз?
Сюзанна. Егер қолға түсердей Күн туса, бірін өзімнің жүрегіме, енді бірін өзімнің ең соңғы арманыма жұмсаймын.
Қайсар. Сюзаннаның көзінен көз алмастан өз пистолетінен екі оқ алып оның пистолетіне салып береді. Екеуінде де үн жоқ. Иттердің арсылы, немістердің барқылы жақындай түсіп, ерсілі-қарсылы жүгірген ұзын көлеңкелер сахнаның әр тұсынан сереңдей бастайды. Кенет атыс басталады. Қайсар мен Сюзанна оларды елейтін емес, екеуі бір-біріне табына телміріп жақындай түседі. Қызу ұрыстың сарыны бірте-бірте жақындай түседі. Жеті метрге жететіндей көрінетін ұзын көлеңкелердің бірі құласа, екіншісі сереңдеп шыға келеді. Сахна сырты атылған жоқ, жарылған гранатаның астында астан-кестен.
Қайсар. Қош менің ең соңғы арманым... ең соңғы махаббатым... ең соңғы үмітім. (Сюзаннаны құшақтай тұрып жан-жағын қорлаған жауды атқылай бастайды.)
Сюзанна. Тоқтаңызшы.., Партизандар келе жатыр, тыңдаңызшы..,
Қайсар. Алданбаңыз, мен бәрін де сезіп тұрмын...
Сюзанна. Иман айтар шақтың жеткенін мен де сезіп тұрмын. Бірақ мен ажалдың өзін мазақ еткім келеді.
Қайсар. Қалай?
Сюзанна. Былай... (Қайсарды құшақтай алады да, сүйе бастайды.) Былай... Былай... Қаным ба оларға керегі? Іше берсін. Жаным ба тамұқтарына салары? Сала берсін. Бәрібір мен сізді осылай сүйе беремін... Сүйе беремін... сүйе беремін... (Немістердің көлеңкелері жан жоқтан қоюланып, бұларды жауып кетеді.)
Қайсар. Олай емес, былай... былай... (Немістерді атқылай тұрып, Сюзаннаны сүйе береді.) Олай емес, былай... былай... былай...
Екеуіне де оқ тиеді. Бірақ бірін-бірі демеп, құламастан теңселіп барып тұрып қалады. Пистолеттен берілген қан түстес сәуле оларды қызыл нұрға малып тұр. Соғыс сарыны бәсең тартады. Құшақтары айқасқан күйде тұрып қалған жаралы жандардың үстіне құйылған қызыл нұр қоюлана түседі.
Музыка қайсар қасіретті баяндайды.
Шымылдық
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter