Әңгімелер ✍️
Арман болған ағалар
(әңгіме)
— Жазушы болудың жолы қандай?
Есек дәмесінің құшағында қалғандар өз алдына, жазушылыққа жеткендердің ішінде де осы сұрауды бермегені аз шығар. Бұл күнде өзімізге беріліп жүрген осы сұрауды бір кезде біз де бергенбіз. Мұндайда әркімнің пір тұтқан өз жазушысы болады. Менің пір тұтқан жазушым — Сәкен. Жазғандарын жастайымыздан жаттап, басымызға жастанып ескендіктен бе, оған теңгеретініміз болмайтын. Сондықтан хатты соған жазып, жазушы болудың жолын сонан сұрағалы жүр едім, күндерде бір күні Қарағандыға Жұмағали Сәрсеков марқұм бара қалды да, соның бір әңгімесі менің бетімді Сәкеннен қайтарып тастады.
Бұл — бір мың тоғыз жүз отыз бесінші жылдың көктемі еді. Ол кезде мен облыстық «Ленин туы» газетінің Қарағандыдағы меншікті тілшісімін-ді. Шахталарды аралаумен бірге өткізген күндердің бірінде Жұмағалидан сұрағаным жазушылар жайы, әсіресе, Сәкен жайы болды. Себебі оны өте тәкаппар, пан деп еститінмін де, сол пандығынан именетінмін. Жұмағали оның мінезіне мысал етіп қатты айтыс болған бір жиналыстағы сөзін әңгімелеп еді, мен сенер-сенбесімді білмей дал болдым. Өйткені Сәкен ол жиналыста өзін жақтап, жауларына қарсы шапқан бір досын өлтіре соғыпты. Жұмағали оны «қара қылды қақ жарған әділдік» деп бар жан-тәнімен сүйсіне суреттейді. Тіпті сөзінің мән-мәнерін түгел келтіру үшін Сәкен болып ойнап та кетеді. Бірақ оның дәріптеп отырған осы әділдігі қайырымы жоқ қаталдық болып көрінді де, меселімді қайтарып тастады. Өзіме-өзім: «Бұл қалай?» — деген сұрау беремін де ойланамын, ойлаған сайын қызығамын, бірақ қанша қызықсам да шілденің көз қаратпайтын күніне қарай алмағандай беттей алмай қиналамын. Есейе келе ойлап қарасам, Жұмағали Сәкенді дәл тани білген екен. Мен Сәкеннің өзімізге арман болып қалатын қасиеттерінің бірі осы әділдігі екенін ол кезде білмеппін. Кеш сезсем де еш кетпесін деген оймен оның сол досына айтқан үкімін Жұмағалидан естілген, кейін басқалардан анықталған қалпында «Сәлем, Сәкен аға» атты пьесаның өрнегі етіп салған едім, бүгінгі жастарға Сәкеннің табиғатын таныта түсу үшін пьесаның сол көрінісін келтіре кетуді жөн көрдім.
Мүрдем: Шулаңдар! Шулаңдар! «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» — деп, кеше Абай атамыз айтса, бүгін мен айтамын. Ит болып ырылдап, жылан болып ысқырыңдар. Таймасовтың табағы мен табамын кезек жалайтын асыранды ала мысықтар — әдебиеттің бұралқылары, Сәкен аға керуен, сендер сол...
Сәкен: (Мәжіліс басқарушының қолындағы қоңырауды жұлып алып, қаттырақ қағып Мүрдемнің сөзін бөледі) Мұндай сөзді енді қайталар болсаң өзіңді аяғандықтан мімбеден қуамын.
— Дауыстар: Залдан да қуыңыз!
Мүрдем: Кешіріңіз, Сәкен аға, жауды аяған жаралы, жасық сөздер жауға жара сала алмайды.
Сәкен: Мұндай сөз өзіңді ғана жаралайды. (Қоңырауды қаттырақ қаға түрегелді). Айтыстың дүмпуі қатаңдау болғандықтан мәжілісті басқарушымыз мәңгіріп қалды. Сондықтан қоңырауды қолыма алуға мәжбүр болдым, ол үшін ғапу етіңіздер.
I дауыс: Ендігі сөзді маған беріңізші.
II дауыс. Сөз кезегі менікі.
Сәкен: Екеуің екі жақтың айтағысыңдар, сондықтан сөзді алдымен өзім аламын... Осы Алатау аймағындағы ағайындардың не дейтінін білмеймін, біздің Арқа қазақтары көктем жақындап, қар сылқылдап жатқан шақтағы жолдың үстіне іркілген қар суын сары лайсаң дейді. Егер жолдың үстімен шаба қалсаң іркіліп жатқан сол сары лайсаң аттың төрт аяғынан бірдей шашырап, үсті-басыңды бетіңе дейін әйтеуір екпіні жеткен жердің бәрін ластайды. Мені жақтап, мақтаған жаңағы Мүрдемнің сөзі дәл сол сары лайсаңға ұқсайды. Мен де пендемін, сөзімді жақтап, өзімді мақтағанды мен де жақсы көремін. Бірақ достық үшін жанды қиюға болады, ұжданды қиюға болмайды. Соны бәріңіз де ескеріңіздер».
Маған қаталдық болып көрінген Сәкеннің осы сөзі, езін жақтап дұшпандарына қарсы шапқан досына мұндай қатал үкім айтқан әділдікті көрген емеспін, көретін де емеспін. Сондықтан мен оны адам аттарынан басқасын өзгертпестен өз мағынасында, өз мәнерінде келтірдім. Өйткені бұл Сәкенде ғана болатын, Сәкенге ғана жарасатын мінез. Сондықтан да оның сол мінезін осы күні, әсіресе, жазушылардың жиналысы болған сайын қатты сағынасың. Егер Сәкеннің осы ұлы қасиетін өнеге етіп, қанымызға сіңірген болсақ, жалған мақтауларды жаназасыз көміп отырсақ, әдебиетіміз мұнан да биіктер еді-ау деп армандайсың. Амал не, сол арман арман күйінде қалып келеді. Жиналыс сайын күтетінің — Сәкен, көретінің — әредік-әредік кездесіп қалатын Мүрдемдер.
Арман қуып кете бермей сапарымызға қайта оралайық. Сырттай ғашық Сәкенге деген ынтығым осылай тынды. Өз көргендерім: Бейімбет пен Сәбит. Мұның екеуі де Қарағандыға барған-ды. Биағаң кино лентасына бейімдеп жазған «Алтын сандық» атты повесін қалалық комсомол комитетінің секретарь! Жақан Сүлейменов жолдастың кабинетінде он шақты адамға оқып берген-ді. Оның алдында барған Сәкен де «5000» дейтін ұзақ өлеңін редакциядағы жолдастарға оқып бергенде, кездейсоқ кездесіп ішінде болғанмын. Қысқасы, бұл екеуімен аз да болса түс таныстығым бар. Бірақ неге екені белгісіз, қаламым ол екеуінің ешқайсысына тартпады. Ой кездіріп іздегенде, ендігі таңдағаным Ғабит болды. Ғабеңнің «Шұғыласы» сол кезде шыққан еді, өзім көрген өмірді дәл көрсеткендігінен бе, сол шығармасымен ол мені өзіне тартып алды. Ғабең ол кезде «Социалист Қазақстан» газетінің жауапты редакторы болатын. Сәкенге жазбақ болған хатымды енді соған жазып, жазушы болудың жолын енді сонан сұрадым.
Күндерде бір күні Жантасов дейтін бейтаныс жолдастан хат алдым. Сөз әлпетіне қарағанда өзі «Социалистік Қазақстан» газетінде істейтін секілді. Ол хатты Ғабеңнің тапсыруымен жазып отырғанын айтыпты да, маған айт деген сөзін тырнақшаның ішіне алып былай депті: «Өзіңнің ең жақсы білетін өміріңді — сол Қарағандыңды жаз. Жазғаныңды маған жібер, кеңесімді соған қарай отырып берейін», — депті.
Жантасов жолдастың бар жазғаны осы. Бұл кезде мен қарт жұмысшылардың өмірінен «Завал» дейтін повесть жазып жүр едім, оны аяқтамастан Қарағанды қалалық комсомол комитетінің жолдамасы бойынша журналистер институтына келіп қалдым. Бүкіл Алматыда танитын адамым екеу-ақ, оның бірі — былтыр ғана төменнен жоғарылату жолымен көтеріліп келіп, ет комбинатында парторг болып істейтін Шамшуали Мусин деген қарт жұмысшы. Ол екеуміз 9-шахтада бірнеше жыл бірге істеп, бірнеше жыл көрші тұрғанбыз. Екіншісі — «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары Байдабек Әлиманов. Ол Қарағанды облысының орталығы Қызылжар болып тұрған кезде облыстық комсомол комитетінің командировкасымен Қарағандыға барғанда танысқанбыз. Бір ғажабы, ол кездегі жай таныстықтың өзі осы күнгілердің кейбіреулерінің достығынан қымбат болатын.
Шәмшуәли марқұм кең пейілді адам еді, мен соның үйіне келіп түстім. Бірақ пейілі қанша кен болса да, екі бөлмелі үй екі семьяға тарлық етті. Үйі жоқ адамның күйі жоқ, күйі жоқ семьялы адамның оқуы мүмкін емес екен. Соған көзім жетті де, Байдабекті тауып алып, соның демеуімен «Лениншіл жас» газетінің Мұса Дінішев басқаратын мектеп бөлімінің әдеби қызметкері болып орналастым.
Ондағы жолдастардың бәрі де ізгі жандар екен, редакторы Зәреп Төмірбеков, оның орынбасары Байдабек қана емес, бүкіл коллектив мені бауырына тез тартып алды. Коллективтің сүйіспеншілігіне бөленудің қандай бақыт екенін мен тұңғыш рет сонда сездім. Ол кезде тіпті бір екі жылсыз мүмкін емес болып көрінетін үй мәселесі де сол көптің дүмпуімен тез шешілді. Зәреп пен Байдабек бухгалтерді желкесінен, ақша заңын белінен басып отырып редакцияның бір мың сомын шығарды да, Дзержинский көшесіндегі бір ұйғырдың төбесі тесік, есігі жыртық бір бөлме үйін сатып әперді. Төбесі тесік, есігі жыртық болса да бұл үйді мен өмір бойы ұмытар емеспін. Өйткені ол үй -менің тұңғышым Алмажаным туған, «Завалым» мен «Армансыздарым» дүниеге келген құтты мекенім. Жаңағы жақсы жандар мені екі айға жетер жетпестен бөлім бастығы етті. Солардың қамқорының аясында болып «Завалды» да тез аяқтадым. Соның көлемі бір баспа табақтай бір тарауын алып Ғабеңді іздедім.
Ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясы Гоголь көшесі, 41-үйде тұратын. Барсам Ғабеңнің кабинет! жөнделіп жатыр екен. Өзінің осы редакцияда екенін білсем де, қай есікті қағып, қайдан табарымды білмей тур едім. Бәри Мәзитов кездесе кетті. «Қарағанды пролетариаты» газетінің редакторы болып тұрған кезінде мені тілшілікке баулыған осы татар болатын. Бұл — «Араның» жүгін арқасынан кеше ғана түсіріп, арамызда «Бәке» аталып ардақталып жүрген Бәри. Ол «Социалисттік Қазақстан» газетінің баспасөз бөлімін басқарады екен. Жөнімді білгеннен кейін мені ертіп ала жөнелді.
— Жүр, іздеген Ғабитіңді мен тауып берейін.
Бәри бір есікті ашты да рұқсат сұрамастан кіріп бар-ды, оған ілесе мен де кірдім. Үстінде қисық жағалы судыраған ақсары жібек көйлегі бар, шашын сол көйлектің жағасы қисайған жағына қарай қайырған, жас болса да маңқиған бір марқасқа отыр. Қасқа болмаса да мұндай маңдайлы адамды біздің жақ марқасқа дейді. Өзім іздеп келген Ғабит осы марқасқа екен. Бәри оның жұмыс істеп отырғанына қарамастан мені таныстырып, өзінің Жантасов арқылы хат жазғанын айтып еді, «А, сол сеп бе едің», — дегендей бетіме қарады да: «Әкелген ештеңең бар ма?»- — деді. Менің орныма жауапты Бәри берді: «Өзің қалаған Қарағанды жайынан бір ұзақ әңгіме жазған екен, соның бір тарауын саған алып келіпті».
— Қане, — деп, Ғабең әңгімені қолына алды. Аяқ алысымды байқағысы келген болу керек, жарты беттейін ішінен оқып шықты да алдына тастай салды, — келесі бейсенбі күні осы мезгілде кел. Оған дейін оқып шығуға тырысармын, — деді.
Ол басқа сөз айтпастан, жөнімді де сұрамастан, осымен сөз бітті дегендей алдында жатқан «Завалды» алақанымен бір сипады да қала берді, кірген бетте берген сәлемнен басқа тук айтпастан мен кеттім. Бірақ жаңағы бір жұмсақ алақан «жарайсың, бауырым» деп, өз арқамнан қағылып тұрғандай белгісіз бір шаттық билеп алды. Мен есікке беттеген кезде Бәри: «Мені тоса тұр», — деп еді, мен өзімді-өзім тежей алмай сыртқы есіктің басқышына келіп бір-ақ тоқтадым. Көзім Алатауда, сол Алатаудың бар ауасын түгел жұтқым келгендей шаттық кернеген кеудемді онан сайын керіп тұр едім, Бәри келді де:
— Жүр, хатшыға барайық, — деді.
Себебін айтпастан мені қайтадан ерте жөнелді. Оның хатшы дегені кейкі тұмсық қара кісі екен. Бәри оған менің кім екенімді айтып таныстырған болып еді, оны тыңдаған, мені кісі деп елеген хатшы жоқ.
— Мен жаңа Ғабитпен келістім, мына жігітті мен өз қарауыма әдеби қызметкер етіп алатын болдым, бұйрығыңды бүгіннен бастап деп бергейсің.
— Бүгін деп те, ертең деп те берер бұйрығым жоқ, — деп, хатшы жолдас кейкі тұмсығын мүлдем кекитіп жіберді.
— Неге?
— Бар қызметкерлердің өзіне орындық тауып бере алмай жатқанда мұны қайда отырғызбақпын, төбеме ме?
— Есің дұрыс па, сонда газет қызметкерлерінен орындық қымбат болғаны ма? — деп, Бәри даусын көтере бастап еді, анау мүлдем айғайлап кетті.
— Алдымен Алматыда ненің арзан, ненің қымбат екенін біліп алу керек, жолдас Мәзитов, — деп, ол столды бір ұрды да, — бітті, — деді мыңқ етіп.
Келесі бір кездескенде менің ол кейкі тұмсықпен қалай қағысқанымды 40-шы жылы мен туралы жазған бір очеркінде Сейтжан кеңірек кершеулеген еді, сондықтан оның кім екенін де айтпай-ақ қояйын. Екеуі қатты кетіп бара жатқан соң мен Бәриге жақындап барып ақырын жеңінен тарттым да ауызға алып шықтым.
Мен үшін ешкіммен түс шайыспай-ақ қойыңыз, менің қызметім бар. Осы көрсеткен қамқорлығыңызға мың да бір алғыс, — деп едім, ол қоштасқалы қолын ұсынды да:
Бәрібір, дәл мына Қарабайға ерегіскенде сені осында алдырмай қоймаймын, — деп ол қала берді, менің іштей қарсылығым болса да, рақметтен басқасын айтпастан кете бердім.
Айтылған бейсенбі күні, айтылған сағатында барсам, Ғабең де, Бәри де жоқ екен. Мүмкін газетіне басатын болып хатшысына тапсырған шығар деген дәмемен кейкі тұмсық хатшыға барып едім, ол: «Тілші хаттарын тіркейтін қыздан барып сұра», — деп, тұмсығын бір-ақ көтерді. Мен «тілші хаты емес, көркем затты қай қызыңыздан сұрайын», — деп едім, менің бұл сөзіме ол шамданып қалды. Сол екі арада ту сыртымнан Бәридің таныс даусы шықты.
— Амансың ба? Сенің ол әңгімеңді Ғабит бұрнағы күні Ғалиге беріп жатқан-ды, сірә «Әдебиет майданы» журналына жіберді-ау деймін. Анық-қанығын Ғалиден біл.
Ол кезде Ғали де маған аспандағы жұлдыздай бейтаныс еді.
— Оны қайдан табар екенмін?
— Жүр, іздеп көрейік.
Бәри соны айтып бұрылғанша болған жоқ, ұзын коридордың сонау арғы басынан біреу дедектеп келе жатты.
— Әне Ғали.
Бәри соны айтты да өз кабинетіне кіріп кетті, мен қатты екпінмен келе жатқан Ғалиге қарсы жүрдім. Үстінде ашық жағалы көйлегі бар, екі жеңін шынтағынан асыра түріп тастаған, өзім тұрғылас жігіт екен. Желе жортқан жүрісінен асығыс екенін сезсем де қарсы алдынан көлденеңдеп тұра қалдым.
— Сәлеметсіз бе?
— Саған не керек? — деп, ол дүңк етті.
Оның сәлемімді қабыл алған түрі осы, сонысына сай менің жауабым да сәл шәлкестеу шықты.
— Сіз керексіз, — деп, алып жұмысымның л<айын ай¬тып едім, оның өңі бірден жылып, қолымды ұстай алды.
— Онда қолыңды әкел. Ғабиттің тапсыруы бойынша мен оны «Әдебиет майданы» журналына бұрнағы күні өз қолыммен апарып бердім. Оның редакторы Сәкен, әрине ол кісіге сен жолыға алмассың. Қалмақан дейтін орынбасары бар, соған барып жолық, Ғабиттің не дегенін де сол айтар, мен асығыспын, сау бол.
— Ол редакцияны қалай табамын?
— Мына бұрышты айналсаң, төртінші қақпаның маңдайшасына қарасаң бәрін де табасың. Красина көшесі, 41-үй, — деген сөзді жүре айтып, Ғали кете барды. Ол кезде «Социалистік Қазақстан» мен «Жазушылар одағы» тұрған үйдің ауласы іргелес дерліктей жақын екен. Өз газетіне баса салмай өзгеге сырғыта салғаны үшін Ғабеңе іштей қыншыла-қыншыла сол Ғали айтқан қақпаға жеттім. Жазушылардың үйі жер бетіне терезелері ғана көрінетін астыңғы қабатында басшылардың жабық магазині бар жалғыз қабат болса да еңсесі биік, көк төбелі, әдемі үй екен. Сол үйдің терезесінің алдынан өте бергенімде құлағыма бақсының сарыны сап етті. Мен ақырып тұра қалдым. Біздің ауылда Бөлекбай деген бақсы болған еді, мына дауыс соның сарнаған кездегі зарынан бір айнымайды. Мен аң-таңмын. Қайда келдім осы? Адасып кетіп, бақсылардың ойнақ салатын үйіне келген жоқпын ба деген оймен үйдің маңдайшасындағы жазуларға қарап едім, жоқ, адаспаған секілдімін. «Жазушылар одағы», «Әдебиет майданы» журналы, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Қазақстан көркем әдебиет баспасы», «Литфонда», «Архив басқармасы» деген алтын жазулар жарқырап тұр. Бірақ жаңағы бақсының сарыны осы үйдің ішінде. Мен құлағымды сол сарыннан алмастан аулаға кірдім, оңнан солға қарай айналып келіп басқышты өрледім. Әлі бір жан кездескен жоқ. Мен басқышты өрлеген сайын жанағы сарынға жақындап келемін. Кішкене коридорға келіп кірдім. Он. жақта бір шағын есік, қақ маңдайда бір үлкен есік тұр. Жаңағы сарын сол үлкен есіктің ар жағында. Неде болса, сол бақсыны көрейін деген оймен қарсы есікті аштым. Ол жан-жағына кететін бірнеше есігі бар үлкен зал екен. Залдың әр жерінде бірімен-бірі иін тірескен, бірімен-бірі түйіскен он шақты стол тұр, түскі асқа кеткен болу керек, бір столдан басқасының бәрі бос. Тек қара төрдегі кішкентай столда бетін терезеге беріп ала тақиялы біреу өлең оқып отыр. Жаңағы сарын соның сарнауы екен. Ол желке жағынан менің жақындап келе жатқанымды сезсе де сарнауын тоқтатқан жоқ, сол қылығына ерегіскендей мен де оны күтпестен: «Әдебиет майданы» журналының редакциясы қайда екен айтыңызшы», — дедім. Ол өлең оқуын тоқтатпай бірақ, мойнын бұрған жоқ, қолындағы қаламын иығынан асыра кері серпіді де:
— Анау есіктен шық та, сол жақтағы есіктен кір, — деді.
Кейін білдім, бұл өзінін «Пилот сыры» дейтін жаңа поэмасын оқып отырған Жұмағали Саин екен. Мен оның бетіне қарамастан сілтеген есігінен шығып, сол жақтағы аштым. Ол аядай ғана шағын бөлме екен. Екі жағында екі, төрінде бір стол тұр. Столдары бөлмесіне сай төрт бұрыштылау, шағын, «Әдебиет майданы» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясы дегеніміз осы екен. Сол жақтағы столда басы қауғадай біреу отыр, басқа жан жоқ. Бұл қауға бас «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты секретары Ғазиз Оспанов екен. Амандасып жөн сұрасқаннан кейін, мен Қалмақанды сұрап едім, ол ышқырынан сағатын алып қарады да: «Келетін уақыты жақын, кешікпей келіп қалар», — деді. Сағат он екінің кезі еді, сондықтан"оның «келетін уақыты жақын» деген сөзіне түсіне алмай отыр едім, екі қолтығында екі үлкен папкасы бар, көзі жылтиған, мұрты пұштиған, терісі күнге қақталғандай бет сүйегіне жабысып қалған біреу кіріп келді. Оның соңында Биағаң келеді. Есігін Биағаң ашқызып, соған жапқызып келе жатқан мына сіріңке қараның кім екенін біле алмай тандана қарап мен отырмын. Іздеген Қалмақаным осы екенін төрдегі столдың ар жағына барып, қолтығындағы папкаларды сол столдың үстіне сылқ еткізген екпінінен сездім де, аңырып қалдым. Бөлмеде келгендерге арналған екі ғана орындық бар, оның бірі Ғазиз отырған жақта, Қалмақанның столына жақындау тұрған-ды. Мен сонда отырғанмын. Шамамның бар келгені отырған қалпымда шегініп Қалмақаннан алыстап кеттім. Биағаң алыстан бас изеп амандасты да, Қалмақанның ар жағында тұрған орындыққа отыра кетті. Сірә, екеуінің жол-жөнекей басталған бір әңгімесі аяқталмаған секілді. Қалмақан бір папканың бетін ашып жіберіп еді, менің «Завалым» ең үстінде жатыр екен.
— Мына екеуі толған жастардың шатпақтары... Журналға баспайсың деп мені олар, жаман жазасыңдар деп мен оларды жетпіс жеті атадан бермен қарай сыбасамыз, сонда қайсымыздікі көгі? — деп, Биағаңа төрелетеді. Ол кісі тілге бай болғанымен сөзге сараң еді, маңдай шашын ұралап күле қарап отырған қалпын бұзбастан: «Әрине сенікі көн», — деп мырс етті де, онан әрі барған жоқ.
Сөзінің қисынына қарағанда Қалмақан мына қолжазбалардың шек қарнын түгел актарып, бақайшағын түгел шағып шыққан секілді, келтіріп отырған мысалдары тым қисынды. Қалмақан соларды бірінен соң бірін мысқылдап мырс-мырс күледі. Ол күлген сайын менің қаным мұздай түседі. Оны ол сезер емес. Тіпті, бізді елейтін түрі жоқ. «Қап, мынаның ызасын-ай, ә», — деп, іштей кіжінуден әрі бара алмай мен отырмын. Жайыма жүре бермей жазушылықта нем бар еді? «Әй, енді қайтып сендерді көретін болсам көзім шықсын», — деп, өзіме-өзім іштей ант еттім де, Қалмақан жетпіс жеті атаға қайта бір оралған кезде ақырын түрегелдім. Сонда ғана назар аударды.
— Жолдас, сенін менде жұмысың бар ма еді?
Мен жұмысымның бар-жоғын айтпастан бірден қиясқа кештім:
— Бірнешеуі жабыла қалса ергежейлер де бірдеңе істей алар. Осыдан әрі бармастан қош айтысайық, дүниемді өзіме қайтарыңыз.
Екеуіміздің қағысымызды көргісі келмеген болу керек Биағаң: «Менің Ілиясқа жолығатын асығыс жұмысым бар еді», — деп, шыға жөнелді. Енді аямай сайысуға болады. Осындай оймен Қалмақанға жақындай түстім. Менің ызамен айтылып кеткен жаңағы бір сөзіме шамданған болуы керек, оның тар танауы мүлдем қусырылып, көзі мүлдем тікірейіп кетті.
— Сенің бізде қандай дүниең бар еді? — деп, ол сұрлана түсті.
— Сізден алар сыбағасын басқалардан бұрын алып жатқан менің ата-бабам болар, өйткені «шатпағым» басқалардың үстінде жатыр екен, — деп едім, ол:
— Мынау ма? — деп, «Завалды» көтеріп алды.
— Иә.
О, ғажап, жаңа ғана жыланша жиырылып, қас-қабағының әрбір түгі жүрегіме тікендей қадалып тұрған Қалмақаным кенет жадырап сала берді.
— Ойбай, айналайын, кешір, ол топтың ішінде сен жоқсың, — деп ұмтылып барып, өзім жаңағы орныма қалдырып кеткен орындықты столының қасына жақындатып, мені соған отырғызбақ болып еді, жаңағы бір сөздері қанымды қатырып тастаған екен, мен өзімді-өзім ие алмадым. Ол өзінің мені қуантатынына сенімді болу керек, бейтаныс болсам да ескі досыңдай еркін қимылдап иығымнан басып қалып орындыққа сылқ еткізді.
Міне, сенің ата-бабаңа сайлаған сыбағамыз мынандай, тыңдай бер, — деп, әңгімені қолына алды да, оның бірінші бетінің жоғарғы ақ жеріне жазылған бір жазуларды оқи жөнелді.
«Әдебиет майданы» журналының алқасына! Мен жас талант Әлжаппар Әбішев жолдастың мынау ұзақ әңгімесін қызыға оқып шықтым. Тырнақалды шығарманың мұндай пісіп келген түрін өзімнің бірінші көруім. Бір-екі сөзін өзгерткенім болмаса, қалам тигізгенім жоқ. Көлемі үлкен болғандықтан газетке баса алмай сіздерге жіберіп отырмын. Журналдың алдағы санынан қалдырмай, осы қалпында өзгертпей басуларыңызды сұраймын. Журналдың алқа мүшесі — Ғ. Мүсрепов».
— Ғабит ағаң олай десе, Сәкен ағаң былай дейді, — деді Қалмақан шабыттана түсіп, — Сенің бұл әңгімеңді Ғабиттен келген күні өзім оқып шығып, кеше Сәкенге беріп едім, ол да оқып шығыпты. Мен осы келгенде сол Сәкеннен келдім, — деді де, әңгіменің ең ақырында ашық тұрған жарты бетке өз қолымен жазылған бір жазуларды оқи бастады.
— Енді журналдың алқасының атынан жазған біздің тілегімізді тыңда! Жазу менікі, сөзі Сәкендікі. Ол мынандай: «Осы әңгіменің авторы Әлжаппар Әбішев секілді жас талантты тауып бергені үшін Ғабит жолдасқа журналдың алқасы атынан алғыс айтамын. Әлжаппар жолдас әңгімесінің жалғасы мен өзінің адресін журналға тез жіберетін болсын. Сәкен».
Мен іштей қатты қуанып отырмын, бірақ рақымет айтуға аузым барар емес. Тіпті, сөйлесуге де жөнді зауқым болмай, адресімді сұрағанда «Лениншіл жас» дей салдым.
— Онда кім болын істейсің?
— Бұрын әдеби қызметкер едім, бір жетіден бері бөлім бастығымын.
— Онда барғаныңа қанша болды?
— Екі айдай болып қалды.
— Оһо!
Осымен сұраулар да, маған берілген жауап та бітті. «Оһо» деумен ғана тынып Қалмақан қалды, осының бәрі бір алғысқа татитын еді, оны айта алмастан мен кеттім.
Келесі күні «Завалдың» жалғасын апарып Қалмақанның өз қолына тапсырдым, алғыс айтудың ықыласы бұл сапарда да келе қойған жоқ.
Арада бір жеті өткен еді, бір күні Қалмақан телефон соғын, ертең сағат екінің кезінде журнал редакциясына келіп кетуімді сұрады.
Менің не үшін екенін сұрауым күдіктілеу екенін сезген ол:
— Қорықпа, «Завалың» баспаханада теріліп, терілген жағы басылмастан талапайға түсіп жатыр, — деді күле сөйлеп. Сәті енді ғапа келгендей «рақмет» деген сөз аузымнан сонда ғана шықты.
Ертеңінде айтылған сағатында барып едім, Қалмақан әнеукүнгі шатпақшылардың бір-екеуімен әңгімелесіп отыр екен. Обалы қанеки, оларға ақыл-кеңесін қатты болса да жақсы айтын отыр. Олар кетісімен мені өзіне жақынырақ отырғызып алып, қазір осында Сәкеннің келетінін, оның мені журналдың қызметіне алғысы келетіндігін, ол үшін әңгімелеспек ойы барын айта бастап еді, біреудің телефон сылдыры бөліп жіберді. Қалмақан ол адамның сұрауларына дүмбілездеу жауап беріп отыр еді, бір кезде даусы зілдірек шықты.
— Немене, құдай жалғыз мен ғана ғой деймісің? Менен де үлкен Сәкен дейтін құдай бар. Құдай айтса, пайғамбар қыңқ демейді. Сен үшін өміріңде жан баласына қыңқ дегізбеген Сәкенге мен мыңқ та дей алмаймын. Иә, солай, бауырым. Солай болатын түрі бар. Мұнан басқа да күн бар ғой, бір жөні болар... Ол үшін күйінбе!.. Ay, мұнан басқа да күн бар деген сөзге түсінсеңші. Ашық айтсам былай: Сәкен ағай Совнаркомнан бір штат сұрап жүр, егер тие қалса сол орын сенікі... Е, мен қошқар болсам болайын, сен аштан өлген қасқырдың кебін кимей, сау бола тұр.
Соңынан білдім, Қалмақанмен телефонда бұлай қажасқан марқұм Әлихан Сүлейменов екен. Сөздерінен байқалғандай Қалмақан журналға соны алмақшы екен, Сәкен қабылдамапты.
Телефон орнына қойылғанша болған жоқ, есікті таяғымен түртіп ашып, аяғын сәндене басып Сәкен кіріп келді. Суреті болмаса өзін кергенім осы. Осы болса да тани кеттім. Үстінде ақсұр костюмы, соған түстес ақсұр қалпағы, қолында сырлы әдемі таяғы бар. Бәрі де бір өзіне ғана арнап жасалғандай, бәрі де басқаға жараспайтындай көрінеді. Ол кіріп келген кезде төрдегі Қалмақаннан бастап бәрі де ұшып түрегелді. Оларға ілесе мен де тұрдым, бірақ сәлем беріп қол ұсынуға батылым жетпеді. Қайсыбіреулер сәлем де бере алмай бірдеңе деп міңгірлейді, менде ол да жоқ. Екі көзім Сәкенде. Сол сәтте ол менің көзіме жарық жұлдыздан жаралғандай көрінген еді, бір ғажабы сол сезім көкейде мәңгі қалып қойды. Айта кететін бір шындық, ол суреттегісінен сұлу екен. Сонан бері салынған талай суретін көрдім, сұлулығын, әсіресе нұр төгіліп тұрғандай сезілетін бет ажарын жеткізе алған бірде-бір сурет көрген емеспін.
Сен көз қиығын жағалай маңғаздана тастап, басын сәл изеді де, сырлы таяғын серпей ұстап Қалмақанға жақындады. Оның кірпігі ауыр қимылдайтын көзімен еткен ишаратына түсінгендер отыра бастады да түсінбеген мен сияқты бөгделер сол тұрған жерімізде тұрып қалдық. Сәкеннің өзі де отырған жоқ, таяғын жамбасына тірей тұрып Қалмақанға әр түрлі тапсырмалар бере бастады. Екеуінің әңгімесі тез бітті, Сәкен айтарын айтып, берер бұйрығын беріп болғаннан кейін кетуге ыңғай берген кезде Қалмақан иегімен мені нұсқап:
— «Завалдың» авторы мына бала, сіз танысамын деген соң шақырған едім, — деді.
Сәкен бас-аяғыма көзін бір жүгіртіп етті де:
— Ертең сағат екінің кезінде маған кел, — деді. Мен оның бетіне қарай қалдым. Ол қарасымда «Қайда барайын?» деген сұрау тұрғанын сезгендей:
— Үйдің адресін Қалмақан айтар, — деді де, шығып кетті. Ол кетісімен Қалмақан жарты жапырақ қағазға «Карл Маркс көшесі, 97-үй» деген жазуды жазып қолыма берді. Осы екі сөзді Сәкеннің өзі айта салмай, Қалмақанға айтқызғаны ерсілік сияқты. Бірақ сол ерсілік Сәкеннің бойына еркеліктей жарасады екен. Жұрттың көзіне паңдық болып көрінетін осы мінез екенін тұнғыш рет осы арада сездім.
Сәкеннің үйінін адресі жазылған жарты жапырақ қағазды бақыт кілтіндей көріп көшеге сыймай келемін. Кейде өзімді аялап отырған «Лениншіл жастағы» жолдастар елестеп, қиялымды басқа жаққа алып кетеді.
Ол күні түнді дөңбекшумен өткіздім. Көз алдымда Сәкеннің манаты кескіні, құлағымда Жұмағали Сәрсековтың әңгімесі тұр. Бұрынғы естігендерім мен бүгінгі көргендегі сезгендерімді ой таразысына салып қарасам: ол өмірде бардың бәрін өзіндей сұлу болғанын тілейтін адам секілді. Сондықтан оның талғамайтыны жоқ. Ол достық пен жолдастықты да, інілік пен ізгілікті де талғайды, талғамына татымайтындарды таптап жүре береді. Мүмкін оның талғамына «Завалым» татығанымен өзім татымаспын. Тіпті, татыған күнде «Лениншіл жастағы» жолдастарды қайттім? Олардың ыстық құшағын қалай тастап кетпекпін? Осындай сұраулары көп, бірде-бірінің жауабы жоқ ойлармен жатып ұйықтамастан таңды атқыздым да, оразамды ашар-ашпастан жұмысқа бардым. Байқаймын, күндегідей емеспін, әлдебір қылмыс жасап қойғандай жолдастардың ешқайсысының бетіне жөнді қарамаймын. Бұл өз басым бұрын көрмеген «азан». Ойлап қарасам ол азаптан құтылудың бір ғана жолы бар екен, ол — осы орыннан кетпеу. Сол ойға бекініп алып, айтылған сағатында Сәкеннің үйіне бардым. Есік алдында зайыбы Гүлбаһрам жүр екен. Ол Сәкеннің қай кезде кімді қабылдайтынын білетін болу керек, амандық сұрасып кім екенімді білгеннен кейін үйге қарай бастай жөнелді. Гүлбаһрамға еріп ішке кірсем. Сәкен ортадағы үлкен бөлменің төр жағындағы диванда «Сарыжайлауды» тартып отыр екен. Кешегідей емес бойым үйреніп қалыпты, даусым еркіндеу шықты.
— Ассалаумағалейкүм.
— Уағалайкүміс сәлем.
Жүзбе-жүз бірінші кездескенде естіген соны сезім осы күміс сәлем болды. Ол иегімен нұсқап ортадағы ұзын столдың бас жағында тұрған орындықты ұсынды, мен имене басып келіп сол орындыққа отырдым. Ол қалпын өзгерткен жоқ, не ойлап отырғанын кім білсін, екі көзін маған қадап алып домбырасын ақырын шертіп отыр.
Қаһарлы молланың алдында қаймығып отырған шәкірт балаға ұқсап мен отырмын. Бір кезде барып ол үн қатты:
— «Завалың» заводтарды ағылшындар билеп тұрған дәуірді көрсетеді екен. Оның материалын қайдан, қалай алғаныңды айтшы?
Өткендегі тарихымнан, бүгінгі жағдайымнан бір ауыз сұрамастан әңгімені бірден бұлай бастауы ұнаған жоқ, ұнамаса да амал жоқ. Мен оның материалдарын «Спасск», «Қарағанды», «Қызылөспе», «Берікқара», «Самембет» заводтарында істеген қарт жұмысшылардан қалай алғанымды, олардың бұрын кім болып істегенін, қазір қайда не болып істейтіндерін түгел айтып шықтым. Ол өзіне беймәлім «Берікқара» мен «Самембеттің» қай жерде екенін сұрап алды да:
— Жұлын құрттар жеріміздің өкпесін тәуір-ақ тескілеген екен ау, — деді.
Ол өз сұрауын өзі солай түйіп тастады да, жазушы дегеннің нендей сиқыршы екенін айта бастады. «Жазушы» деген — сөз қалаушысы, сөз кестешісі, сөз шебері, сөз зергері, сөз зергері болғанда жай ғана зергер емес — сөз арқылы адамның жан жүйесін, сана-сезімін тәрбиелейтін зергер. Сондықтан да ол «адам жанының инженер!».
Арада бір жыл өткеннен кейін ол кісі менің «Завал» атты тырнақалды жинағыма редактор болып беташар жазған еді, әдебиеттің тіліне мейлінше мән беретін болу керек, өз үйінде айтылған осы сөздерді сол беташарда қайталапты. Жоғарыда келтірілген сөз сол беташардан әдейі алынып отыр.
Ол жазушылықтың қасиетін осылай дәріптеп болғаннан кейін, ендігі сөзін салмақтап алғысы келгендей сәл кідірді де:
— Ал, жан инженері жолдас, жанды тербей алатын бір мықты сөзді тапшы, «Жанды тербей алатын» дегенге көп терлеме. Естіген құлақты елең еткізетін, жүректі өзіне тез тартып алатын сөз болса қанағат. Тек, әлгі, күнде айғайланатын «Ура! Жасасын!» сияқты жаңа сез емес, менің сұрап отырғаным қазақтың төл сөзі.
Ол соны айтты да менің жауабымды күткендей үнсіз отырып қалды. Гүлбаһрам қымыз әкеліп беріп еді, оны көп кідірткен жоқ. Сол қымыздың бір кесесі менің де алдымда тұр. Қанша шелдесем де еркін жұта алмай анда-санда бір ұрттап отырмын.
Мұндай сұрауды күтпегендіктен бе, өмірінде емтихан беріп көрмеген мен үшін бұл ең ауыр сын болды. Әр қиялды бір қуып, әр сөздің ізіне бір түсемін. Бірде-бірі Сәкен түгіл өз талғамыма да татитын емес. Әруақ шақыру есіме түсіп еді, тым ескі көрінді де оған тоқырай алмадым. Бір кезде есіме елдің жау тигенде салатын аттаны сап етті.
— Аттан! — дедім жұлып алғандай.
Сол сөзді тапқаныма қуанып бетіне қарай қалып едім, ол өңінен түк байқатпастан:
— Осыған бір мысал айтшы?! — деді.
Мен найзаның не екенін бала кезімде ауылдасым Исатай дегеннің үйінен көргенмін. Исатайдың әкесі батыр болған деседі, біздер көрген өзі де ер жігіт еді. Сол есіл ер бір жылы мұрнынан қан кететін бір белгісіз ауруға шалдықты. Бір аққанда жарты леген қан ағады, қан азайған кезде шалқасынан жатқызып қояды. Аздан соң қан қайта ағады. Осының не сырқат екенін, нендей емі барын білетін бүкіл елде бір жан жоқ. Оның қарт шешесі, жас әйелі бар еді. Бір күні іңірде әкемнің жұмсауымен халін білгелі барсам, Исатай от басына салынған жер төсектің үстінде шалқасынан сулап жатыр екен. Өзі қызыл шырайлы, сұлу жігіт болатын. Сол қызыл шырайлы өнінде жалғыз тамшы қан қалмай қу шүберекке ұқсап кетіпті. Шешесі маңдайынан, әйелі аяғынан сипап отыр. Мен оның бетіне жөнді қарай алмастан оттың есік жағында отырмын. Бір кезде аулақтағы жылқышының аттап салған айғайы естілді. Омы ести сала бүкіл ауыл ере түрегелді. Сол кезде жанағы қансырап жатқан Исатай «Найзам... Найзам қайда?» деп, босаға жақта сүйеулі тұрған найзасына қарай тұра ұмтылды. Ұстай алған шешесі мен әйеліне бой берместен оттың үстінен аттап өтті де, найзасына жете бере құлап түсті.
Мен осы хикаяны айта келіп:
— Ол кезде біздің ел Тоқа дейтін елмен барымталас бола беретін, жылқыға тиген солар екен, — деп едім, Сәкен мұртынан күле қарап:
— Е, сен Қаракесек екенсің ғой, — деді.
Жер шарын түгел шарласа да, айналып келіп ескі «Қос обаның» түбіне үймелесіп жаялықтарын жаласатын сұмпайылық ол кезде болмайтын. Ол кездің Сәкені тоз-тоз болған тайпалардың ұлы болғанынан бүкіл халықтың құлы болғанды артық көретін. Сондықтан Сәкеңнің Тоқа екенін білетіндер аз. Қазақстанның қай елі болса да оны өзінің Сәкені көретін. Мен оның Тоқа екенін білмейтінімді айтып едім, ол өзінің дағдысына айналған «Соның өзі жақсы» деген мәтелін айтып салды да екінші сұрауына көшіп кетті.
— Мінезі қандай адамды ұнатасың?
— Жақсы мінездінің бәрін де.
— Жақсы мінез деген қандай болады?
Бұл сұрауларда нендей сыр барын, атап айтқанда, менің бойымда жазушылықтың қаншалықты жалыны барын көргісі келіп отырғанын сездім де, жайдақталған сөздерден басқарақ айтқым келіп:
— Залымдығы жоқ, адалдығы мол, — деп едім.
— Ондай адам бола ма? — деп ол домбырасын шертпей тына қалды.
Оның бұл сұрауында нендей мән барын сезгенім жоқ, сондықтан іркілгенім жоқ,
— Неге болмасын?
Оның бір ғажабы ішкі сырын өңінен байқатпайды екен, ендігі сұрауы да күткенімнен басқаша шықты:
— Қазақ «малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы» дейді, сонысы рас па?
— Рас шығар.
— Өзің ондай ары үшін жанын қиған қазақты көрдің бе?
— Өзім көргенім жоқ.
— Көрмесең, рас екенін қайдан білесің?
— Өзіңіз «халық қате айтпайды.» деген едіңіз.
Менің мезеп отырғаным өзінің «Айшасындағы» бір сөзі еді, соны сезді ме, жоқ әлде басқа бір ой келіп килікті ме, әйтеуір, «мен қашан айтқан едім?» деген жоқ, тартып отырған әуенін қайта жалғады да:
— Әкең бар ма? — деді.
— Бар.
— Шешең ше?
— Бар.
— Нағашың ше?
— Нағашым қайтыс болған-ды.
— Қашан?
— Осыдан төрт жыл бұрын.
— Өзгеге ұқсамайтын, өзіңе қатты ұнайтын мінез осы үшеуінің қайсысында бар? Ойланып көрші.
Бұл да менің күтпеген сұрауым, бірақ нағашымның бір оқшау мінезі есіме тез түсті де көп кідіргенім жоқ.
— Нағашымның бір мінезі, — деді.
— Ол қандай мінез?
— Ол өздігінен тиіспейді, тиіскенді аямайтын.
— Аямағанда не істеуші еді?
Мен нағашымның қасқа маңдайынан бастап шойыннан құйғандай көрінетін тұлғасын көз алдыма түгел келтіріп алдым да, бүкіл өміріне ой жібердім. Біздің елде жер үшін қырғын төбелес ертеректе тым жиі болатын. Сондықтан оның жағы жеңбей қоймайды екен. Сондай бір төбелестің үстінде нағашымның сойылы қарсы жақтың бір қартына тиіп кетіпті, жасы үлкенді сыйлау оның жастайынан әдеті екен, егер жастардың бірі үлкендерге тиісе қалса, іздеп барып соған дүре салады екен. Өзі сондай инабатты болғандықтан ба, жаңағы қартқа қолы тигені үшін өзіне-өзі қарғыс айтып, ант етіпті де сол күннен бастап төбелеске бармайтын болыпты. Егер екі ел төбелесе қалса, арашашы ғана болып құр қол барады екен. Сол әдетін өлгенше тастаған жоқ. Бірақ қарсы жақтың сойылы қатеден тисе де оны кешірмейтін, сол өзіне тиген сойылды қалай да тартып алып иесін сұлатпай тынбайтын. Мен өз көзіммен көрген екі төбелесте оның кімдерді қалай ұрып сұлатқанын айтып едім. Ол:
— Нағашыңа тартсаң... — деді де мұндай мінездің жақсы-жаманын айыруды өзіме тастағысы келгендей, әрі барған жоқ. Сұраулары осымен біткенін сездіргісі келгендей домбырасын бір қақты да:
— Сені журналдың жауапты хатшылығына алғымыз келеді, бұған не дейсің? — деді.
Мен мұны дәл қазір күткен жоқ едім. Өйткені анкетасы толтырылмай, өмірбаяны мен арызы жазылмай алынған қызметкерді көрген емеспін. Бір бүйірімде дерт болып байланып «Лениншіл жас» жатыр. Оны қалай айтарымды білмей отырып қалып едім, Сәкен оны басқаша түсініпті.
— Қарсы болмасаң, онда ертеңнен бастап жұмысқа кіріс, не істейтініңді Қалмақан айтар. Менің айтарым: жаман шығармалар журнал бетіне шықпайтын болсын. Ол үшін жазушылардың өзімен көңілдес болсаң да жаман шығармасына көңілшек болма. Бұл сөзді мұнан кейін мен айтпайтын болайын, ұқтың ба?
— Ұқтым, бірақ менің қиналатын бір жағдайым болып тұр, — деп, «Лениншіл жастан» кеткеніме не үшін қиналатынымды айтып шықтым. Менің оларды қимай қиналғаныңды қызыққандай көзін төңкере бір тастады да орнынан тұрып кетті. Телефонға барып біреуді іздей бастады. Іздегені. біздің редактор Зәреп екен, оны таба алмай, өлкелік комсомол комитетінің бірінші секретары Қайсар Төштитовты тауып алды,
— Қайсар, мен ғой, Әликсәлем мен Зәрепті таба алмай отырмын, оның Әлжаппар Әбішев дейтін қызметкерін журналға алмақшы едім, сен Зәрепті тауып алып айтшы, сол жолдасты ертеңнен қалдырмай бізге босатсын. Білемін... Оны да білемін. Сол үшін өзі де қиналуда. Журналдың ең жақын досы жастар екенін әрқашан да есте сақтаңдар. Ол үшін сендер де қиналыңдар. Рақмет.
Ол телефонға бет алған кезде мен орнымнан тұрып, бір қолымды столға сүйеп тұр едім, оның қамқор сөздері жанымды тербетіп жіберген екен, ол бері беттей бере:
— Маған айтарың бар ма? — деді.
— Алғыстан басқа айтарым жоқ, — деген сөзім сәл дірілдеңкіреп шықты.
— Қадамың құтты, қаламың қанатты болсын дегеннен басқа менің де айтарым жоқ, — деп, ол қолын ұсынды, менің қолым оның қолына түңғыш рет осы арада жетті.
Жүрегім ол кезде солай аспандап соқса, бұл күнде: Қайран асыл ағалар, арман болып қаласыңдар-ау, деп, аңсай соғады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter