Ертегілер ✍️
Әнші есек
Жезтаңдай Бұлбұл күнде Есектің қорасының төбесінде отырып алып, ән салатын. Оның әнін тыңдамайтын жан жоқ. Тіпті, табиғат та бір сәт ләззат алатын.
— Мен неге осы әнші болмаймын, — деді Есек. – Құдайға шүкір, дауыс бар. «Баритон» деп жұрттың бәрі мақтап жүрген жоқ па?
Есек әнші болуға мықтап бекінді. Бірден Орманға тартты. Әр ағашқа бір жарнамадан қыстырып шықты. «Өмірде сирек кездесетін әнші Есек. Келіңіздер, көріңіздер».
Концертке аң біткен тайлы-тұяғымен жиналды. Есек дала сахнасына шықты.
— Жаңа ән, — деді ол маңғазданып. – Сөзі де, әні де өзімдікі…
Әннің басталуы мұң екен, аңдар сатыр-сұтыр жан-жаққа қаша жөнелді. Ат шаптырым алаң әп-сәтте қаңырап бос қалды.
— Мәдениеттің иісі мұрнына бармайтын малғұндар өңшең, — деп кейіді Есек әнін аяқтап, жалғыз қалған өзін байқаған соң.
Әйгерім МҰХАМЕДЖАНОВА,
Семей қаласы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter